Жәнібек Әлікен

227

Абайлаңыз, ескерткіш!

Пьеса

Қатынасушылар:

Бәзіл

Абай

 

Бірінші көрініс.

Ол шықты да жан-жағына бір қарап, тастың түбіне рахаттанып тұрып дәрет сындырды. Телефоны шырылдады. Екінші қолымен телефонын алды.

БӘЗІЛ. Аха. Аха. Жо-жоқ, керегі жоқ. Басына шайнап жақсын. Аха. Тура солай деп айт. Аха. Мен Абая –Ленина жақта болам. Аха.

Қалтасынан темекісін алып шықты, қораптағы ең соңғысы екен, бос қорапты умаждап лақтыра салды. Жерге бір түкірді де скамейкаға отыра кетті.

БӘЗІЛ. Қашан адам болар екенбіз?! Бұл дүние не боп кетті, әкең... Осы елде есі дұрыс, дені сау біреу қалды ма екен? Әй, біздің қазақ адам болмайды!

Төбеден күркіреген бір дауыс.

АБАЙ. Не көрінді? Не жетпейді?

Бәзіл жан-жағына алақтап.

БӘЗІЛ. Бұл кім? Бұл кім?

АБАЙ. Бұл қазаққа не жетпейді? Осында тұрып күні бойы қарап тұрам. Үш қатарлы даңғыл жолға сыймай, бірін-бірі түтіп жіберердей, бірін-бірі алакөзімен атып, тісін қайрап, әке –шешесінен түгін қалдырмай боқтап жүрген өңкей машина мінген қазақтар! Екі қазақ екі машинада бір –бірін жеккөріп бара жатады. Кең байтақ далаға сыймай өтетін болдыңдар ғой.

БӘЗІЛ. Абай ата?

Ескерткіштің арт жағынан Абай шығады.

БӘЗІЛ (сасқалақтап). Ас-саламтсызба-ғалейкүм... (қолын созады.)

АБАЙ (қолын алмай). Сигеннен кейін қол жуу керек.

Бәзіл аспанға бір, бұған бір қарайды. Ескерткіш орнында жоқ.

БӘЗІЛ. Сіз, сіз, сіз кімсіз?

АБАЙ. Мен Абаямын.

БӘЗІЛ. Мүлде есі кетіп. Абая –правда?

АБАЙ. Жоқ. Просто Абая.

БӘЗІЛ. Неге Абая?

АБАЙ. Білмеймін ғой. Бәрің солай дейсіңдер. Міне, мынадан-ақ сұрайық. Мен қайда тұрмын?

БӨТЕН КІСІ.Абая-Ленинадасыз.

АБАЙ. Әне. Абай деп ешқайсың айтпайсыңдар. Абая, Абая, Абая.

БӘЗІЛ. Ал сіз...сіз өліп қалдыңыз емес пе? Баяғыда... Аллау әкпәр!

АБАЙ. Сендер тірі тұрып мені өлтіресіңдер ме?

БӘЗІЛ. Әрине, сізді ұмытпай, құрметтеп, есімізден шығармай...

АБАЙА... Рас, рас. Естеріңнен бір шығармайсыңдар. Тіршілігімде бар өнерлеріңді сап, басыма әңгіртаяқ ойнатып, бір-біріңді иттей түтіп жеп едіңдер. Өліп құтылам ба деп едім, сендерден құтылу қайда? Әр қалаға ескерткішімді тұрғызып қойып, «міне көрдіңдер ме?» дегендей, сол баяғы өнерлеріңді қайта көрсетіп жатсыңдар. «Міне, көрдің бе? Біз қандай дәрежеге жеттік, бұған не айтасың?» дегендей өршеленесіңдер ғой, жарықтықтар-оу. Сөзім жоқ! Қол шапалақтап. Браво! Браво! Баяғыда, менің тірі кезімде, кішкене жақсырақ екен, қайта. Ол кезде қатындардың басында кимешек, қыздардың етегі төмен болатын. Кәзіргінің қатындары байларына бай болды, елге би болды, бетіне қарап сөйлеу мүмкін емес.

Ол заманда, менің баяғы тірірек кезімде, бәріміз бір тілде сөйлеуші едік.

Өз жеріңде отырып, өзгенің тілінде сөйлеген қиын екен. Бастарыңнан не өтпеді, сорлы қазақ? Бәрін көріп тұрдым. Сендермен бірге мен де мың өлдім, мың тірілдім. Тілеуіңді тіледім. Енді міне, бодандықтан басың азат болғалы отыз жылдың жүзі болды, өзгенің тілінде сөйлейтін екі буын ұрпақ өсіріп келе жатсыңдар. Не көрінді?

​Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың...

БӘЗІЛ. Абай ата, неге ұрса бересіз осы бізді, қазақты. Ана бір жылы, 150 жылдығыңызды жасадық, биыл міне 175 жылдығыңызды жасағалы жатырмыз. 5 жылдан кейін 180 жылдығыңызды жасаймыз, бұйыртса.

АБАЙ. Әй, айналайындар. Сонша ысырап қып сол тойды өткізбей-ақ қойыңдаршы. Тіпті өлеңдерімді жаттап, қарасөздерімді зерттеп, диссертацияларын қорғап, құлаш-құлаш мақалаларыңды да жазбай-ақ қойыңдаршы. Не керегі бар оның, егер бір жолына амал етпесеңдер, сылдырған әдемі сөз тіркестері ғана деп ойласаңдар, мән мағынасына ой жүгіртіп қарамасаңдар. Құр даңғаза не керек? Сонша жаһанды дүрліктірмей-ақ, сендерден жалынып сұраймын, егер шынымен мені сыйлағыш болсаңдар, тек мынаны ғана өтінейін, мен айтқан 5 асыл іс пен 5 дұшпанды бәрің жатқа білесіңдер ғой, соған амал етіңдерші, амал етіңдерші! Менің ана өзіме ұқсамайтын суретімді жер әлемге жапсыра  бергенше «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген бір ауыз сөзімді шекелеріңе кетпестей етіп жапсырып алыңдаршы.

​Бес асыл істі айтып берші.

БӘЗІЛ. Екінші класта жаттадық қой. Әлі санамда сайрап тұр. Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба.

АБАЙ. Жә, жарайды. Ғылым таппай-ақ мақтанып жүрсіңдер ғой жер жаһанға. Бес асыл істі ғана айтып берші.

БӘЗІЛ (күбірлеп өлеңді басынан  айтып). А, иә, казір айтам. Өсек, өтірік мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.

АБАЙ. Сеніңше осылар бес асыл іс, иә?

БӘЗІЛ. Иә! (Ыржиып.) Енді өзіңіз солай деп жазыпсыз ғой.

АБАЙ. Ммм. Солай дегін. Сонда сен осы өлеңнен не түсіндің?

БӘЗІЛ. Енді, жақсы тақпақ қой. Екінші класта жаттадық қой.

АБАЙ. Тақпақ де.

БӘЗІЛ. Екінші класта осыны жаттап 5 алғам. Балаларға арналған күшті тақпақ қой. Бәрі біледі. Кез келгенінен сұрасаңыз айтып береді. Жазғандарыңыздың ішіндегі ең оңай жатталатыны осы тақпақ әйтеуір.

АБАЙ (күрсініп). Не түсіндің, осы тақпақтан?

БӘЗІЛ. Енді сіз «жаман болма, жақсы бол» деп жатырсыз ғой, балаларға. Мақтаншақ болма, жақсы оқы деп жатсыз. Жақсы, күшті айтқансыз. Қатырып айтқансыз. Маған ұнайды.

АБАЙ. Саған ұнаса бопты, әйтеуір. Сонда жаңағы «өсек, өтірік, мақтаншақты  бес асыл іс» деппін бе?

БӘЗІЛ. Иә. Солай деп жазылған.

АБАЙ. Бәлкім ойланарсың.

БӘЗІЛ (ойланып, күбірлеп). Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз.

Жамандық көрсең нәфрәтлі,

Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

АБАЙ. Жә, жә. Бір бастасаң, тоқтамай кетеді екенсің, судыратып.

​Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым.

БӘЗІЛ. Ойлап қой!

АБАЙ. Ол ұйқас үшін алынған, өлеңнің ырғағы жаңылмасын деп.

БӘЗІЛ. Ааа, бәсе.

АБАЙ. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым!

​Талаптарың бар, құдайға шүкір, еңбек жоқ! Еңбек еткілерің келмейді, жатып ештеңе істемей тез байысам, байып алған соң ештеңе істемей, шетелде демалып жатсам. Бар армандарың осы!

​Терең ой. Бәрің ойшылсыңдар, философсыңдар, тереңнен толғанып сөз сапырғанда Аристотель бетер қалсын, ал бұл өмірдің жалған екені, бәрің бұл өмірге қонақ екендеріңді, осы өмірде бір-біріңді бет көрместей боп тартысып жүрген дүниелеріңді О дүниеге арқалап алып кете алмайтындарыңды түсінбесеңдер қай жері терең ой оның?

​Қанағат – әу бастан жоқ. Қанағат деп айтып жүргендерің кер жалқаудың бетпердесі мен сылтауы ғана. Шөп басын сындырмай керіліп жатып, осы «барға қанағат» деген қанағаттарың ол қанағат емес. Мен бұл қанағатты айтқан жоқпын. Мені де, өздеріңді де, Құдайды алдамаңдар өйтіп. Менің айтқан қанағатым, ерінбей еңбек етіп тапқан байлығыңды он екі мүшең амандығын қанағат етіп, бөліс ана жоқ жітіктермен. Пысықтығыңды ашкөздікке ұластырма. Ашкөздіктің арғы шеті сараңдық пен тоғышарлық. Халқың кедейліктен көз ашпай жатқанда, миллиардттарды астыңа басып отырғандарың осы қанағаттың жоқтығы!

​Рақым. Рақымдарың азайып бара жатыр. Беттерің жылтырап «обал бопты, байғұс –ай» деп демде теріс айналуларың ол рақым емес. Шынайылықпен уақыт қиып садақа жасап, қалтадан ақша, қорадан мал садақа ғып қайраткерлікпен рақым жасап жүрген адамды көріп тұрған жоқпын. Рақым көрген адамның рақмет айтып жүргенін көрген жоқпын. «Жасаса ақшасы көптігінен, өзінің Қияметі үшін жасапты да» деп шірейсіңдер. Адамға алғыс айтпағанның Аллаға шүкірі жоқ. Рақым байдан да, кедейден де болуы керек.

​Бес дұшпанды айтшы.

БӘЗІЛ. Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз

АБАЙ. Иә. Жаңағы бес асыл істің ең құрыса бірлі жарымы бойларыңда бар екен, оған да тәубе. Ал енді күллі қазақ ел болып, осы бес дұшпанға таланып, жеңіліп бітетін болдыңдар ғой. Халық бір күнде жойылмайды. Ол ұзаққа созылатын құбылыс. Жойылардың алдында халық азады. Халық қалай азады, осы бес дұшпаны бойында болып, онымен күреспегенде азады. Мен мұны қазақ аза бастағанда жүз жиырма жыл бұрын айтып кеткем. Ең құрымаса біреуін жеңсеңдер етті.

​Өсек. Баяғыда үй-үйді аралап айтушы едіңдер, енді мына қолдарыңда телефон деген жақсы болды. Төсекте жатып-ақ әлемнің өсегін айтып жатасыңдар.

​Өтірік. Өтірікпен бүкіл ел боп, мемлекет боп айналысасыңдар. Ауыл ауданға өтірік есеп береді, «бәленбай жер игеріліп, бәленбай тұқым алыныды. Ойбай, бізде бәрі керемет» деп. Аудан ол өтірікке өз өтірігін қосып облысқа есеп береді. Облыс республикаға өтірік есебін береді. Республика патшаңа өтірік есебін береді. Патшаң халыққа өтірік есебін береді. Бәрі өтірік екенін бәрің білесіңдер, бірақ мойындағыларың келмейді. Өтірікті жаратып бәйгеге  қосушы да өздерің, қиқулап дем беруші де өздерің. Кез келгеніңнің бес сөзіңнің үшеуі өтірік.

​Мақтаншақ. Құдай –ау, Құдай. Мақтануды қатырасыңдар енді. Баладан бетер мақтанғанда мына жақта тас мүсін боп тұрған менің бетімнің оты шығады. Мақтанатын түгі жоқ «ең сорлы» деген қазағыңның өзі «қанша ішсем де құспаймын» деп мақтанады. Өмірде түк бітірмеген бейбағың ата-бабасымен мақтанады. Ата –бабаларыңмен мақтанғалы отыз жыл болды, содан бірдеңе өнді ме? Кигенің қытайдың киімі, мінгенің немістің көлігі, жегенің түріктің тамағы, не ашқан жаңалығың жоқ, не өркениетке қосқан үлесің жоқ, неменеңе мақтанасың, сорлы қазақ?

​Еріншек. Еріншектіктен - еренсіздік, еренсіздіктен - надандық, надандықтан - қорлық туады. Осы еріншектігіңнен қор болып жүрген жоқсыңдар ма?!

​Бекер мал шашпақ. Бұл енді мақтаншақтық пен бекер мал шашпақтан алдарыңа жан түсірмеген ел болдыңдар ғой. Бір кездері мені де түртпектеген, «әкең Құнанбайға алты алаштың басын қосып ас бере қоймадың» деп. Жер бетін мекендеген мемлекеттер болашақ ұрпақтары үшін өз шекараларын қайта қарастырып, бір –бірінен асып түсу ниетімен ғылым-біліммен жарысып, отарба ойлап тауып, түрлі қару-жарақ ойлап тауып жанталасып жатқан кезде, орыс-орманның аузына жұтылып бара жатып ат жарыстырып, балуан күрестіріп, ахахаулап ақын айтыстырып, қиқулап жүргеннен артық  надандық бола қоймас, сірә да. Тіпті ешқашан ұпайы түгел болмаған қазақтың дәл сол кезде ұпайы түгелденіп тұрса да бәленбай  жүз мал сойып өткізбес ем сол асты. Ысырап деген Құдайдың сүймеген қылығы сол болмақ. Одан да сол малды жастардың біліміне жұмсайын. Ғылым мен білімге ұмтылған кісі болса алдына салып берейін. «Айбыны алты алашқа мәшһүр болған Құнанбайдың басына төбесі көк тіреген күмбез салайық» деп ағайын жанымды жеді. Салғаным жоқ. «Абай орыс боп кетіпті» деген әңгіме содан шықты. Сол күмбезге кеткен малды айналадағы жетім-жесір, кедей-кепшікке таратып берейін одан да, нағыз мұсылманшылық деген сол емес пе! Ал сендер ше? Мен жүз жиырма жыл айтып, зарлап-қақсап кеткеннен бері түк өзгермегенсіңдер. Жер бетін мекендеген халықтар адам өмірін жақсарту үшін бар тапқан таянғанын ғылым мен білімге салып, адамзат үшін неше түрлі игіліктер ойлап тауып жатыр, ал біздің қазақ сол баяғы анадан асырып ас беру, мынадан асырып той жасау, молаларың тұрып жатқан үйлеріңнен әлденеше есе жақсы, әңгімелерің құдалық пен киіттің айналасы. Ұят емес пе? Ұялмайсыңдар ма?

Дүйім халық өстіп бекер мал шашпақтың алды боп тұрғанда сендерді басқарып отырған үкіметің қайда барсын. Қаржыны бекер шашудан әлемде бірінші орын алатын шығар. Халқының игілігінен басқаға шашуға тым құмар.

Жұртта бейіл

Билікте мейір де жоқ

Аңдыстырған екеуін Құдайым-ай!

Осы бес дұшпанның бетін қайтармасаңдар қалай ел болмақсыңдар?

Менің тойымды өткізбей-ақ, осы мынау айтқан екінші кластағыларға арналған тақпағымның төрт жолына амал қылыңдаршы. Басқа ештеңе сұрамаймын.

БӘЗІЛ. Әйтеуір қазаққа ұрса бересіз, ұрса бересіз. Мен сіздің қара сөздеріңізді оқығам. Қазақты «чморить» еткеннен басқа ештеңе көрмедім. Соңғы жағын ұйғырша жазып кеткенсіз бе, онша түсінбедім. Қазақтың бір рухын көтеретін бірдеңе жазбадыңыз ба? «Қазақтың ең мықты жазушысы ғой» деп сіздің кітабыңызды шет тілдеріне аударады. Олар қазақты сіз арқылы таниды. Сосын ойлайды ғой бізді, шынымен чмо екен деп. Не деген тупой халық деп. Орысты мақтайсыз кеп, мақтайсыз кеп.

АБАЙ. Орысты мақтаған жерім жоқ. Жала жаппа!

БӘЗІЛ. Білмеймін, менің көршім бар. Нұртас деген. Тек орысша сөйлейді. Баласын орыс мектебіне береді. Неге өйтесің десем, Абай орысша үйреніңдер деп айтқан дейді.

АБАЙ. Әй, менің сөзім құранның сөзі емес қой. Сөйлесек, сол кездегі ситуацияға қарай сөйледік. Құдайдың сөзі  деген құранның кей аяттарының өзі ситуацияға байланысты түсіп, кейін үкімдерін жойған жерлері де бар ғой. Мен айтсам, орыс сол кезде қазақты мал құрлы көрмей езіп бара жатқан соң, тілін үйренсең тең дәрежеде сөйлеп басындырмайсың, сол үшін үйрен деп айттым. Одан арысы орыс тілін білсең, ар шетінде сол заманның ілімін үйренесің деп айттым. Орысты мақтамадым да, даттамадым да. Мақтайын десең, қай қылығын айтпақсың, даттайын десең ілімі мен әдебиетін, өнерін қайда қоясың? Ақыр оқығыш екенсіңдер, көздеріңмен емес, миларыңмен оқыңдаршы менің сөздерімді. Қазақты чмо жасайсың дейсің, чмо болмасаң орыстан неге жеңілдің? Мықты болсаң жеңбедің бе, жаулап алмадың ба? Сібірден бастап Қапқазға дейін бұтыңа басып отырмадың ба?  Жеңілгенің өтірік пе? 1860 жылы Ұзынағашта 20 мың әскермен 800 орыстан жеңілгеніңді қайда қоясың? Неге жеңілдің?

​Біріншіден, ауызбіршілігің жоқ, ру руға бөлініп бір-біріңді аңдып, өз түбіңе өзің жеттің.

Екіншіден, ғылымы мен өнеріне ілесе алмадың.

Күллі әлем мылтық пен зеңбірекпен, отарбамен жүргенде атқа мініп садақ тартып, найза ұстап жүрдің. Тарихта мұндай масқара үндістер мен қазақтардың ғана басынан өткен шығар. Мен осыған қазақ ретінде намыстандым. Ызаландым. Айналамды оятпақ болдым, дабыл қақтым, «ау, қалып барамыз, елдердің артында қалдық, қор болдық» деп. Әу деген бір пенде болсайшы. Сен оған қалай ел болуды айтып отырсаң, ол келесі рудың қалай сазайын тарттырудың жоспарын айтып отырады. Сен оған ұрпақты қалай ғылым-білімге құштар қылудың жолын айтып отырсаң, ол саған баласының барымтасын айтып мақтанып отырады. Ең бастысы мен көрген алыс-жақын қазақтың барлығының «Алаштың аты озғанша, ағайынның тайы озсын» деген ниетінен түңілдім. Мінеки, одан бері бір ғасыр өтті, біздің қазақ ел-жұрттың соңында әлі салпақтап келеді. Ең құрығанда сонысын мойындаса игі еді, алға ұмтылса игі еді, жооқ! Көкірек деген алақаптай, тіл деген сала құлаш. Ұрандатып жүргені «Қазақ болып тумағанда нетер ем, бұл жалғаннан бақытсыз боп өтер ем» Қазақ боп тумағанына бақытсыз боп, қайғырып, қан жұтып жүрген бір де бір пендені көрмедім бұл Жер шарында.

БӘЗІЛ. Енді , қазақ жұрттың соңында дегеніңізге онша келісе алмаймын. Қараңыз, олимпиададан ылғи алғашқы жиырмалыққа кіреміз. Біздің боксерларды әлем таниды. Генадий Головкинді бүкіл әлем мойындайды. Одан кейін де қаншама қазақ алғашқы раундта-ақ қарсыласын нокаутқа жіберіп жүр.

АБАЙ. Баяғы сөзім сөз. Біріншіден, надан ел қуанбасқа қуанады. Екіншіден, «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық». Жер бетінде Бразилия деген ел бар. Футболдан 5 дүркін әлем чемпионы. Содан сол елге бір пайда түсті ме? Баяғы кедейшілік - сол кедейшілік. Көшеден қолыңдағыны жұлып кететін ұры-қарының елі. Не ғылымы, не басқасы дамымады. Швейцария деген мемлекет бар, ешқашан футболдан ия, болмаса жаңағы, сен айтқан, бокстан, басқа да спорт түрлерінен алдыға түсіп көрмеген. Бірақ ол ел, ғылым-білімін дамытты. Нәтежесінде барлық адам сол елде тұрғысы келеді, біздікілер де қашса, сол жаққа безетіні тегін емес. Қарапайым қол сағатымен-ақ әлемді жаулап алды. Теңізге шығатын жолы жоқ. Бірақ ең бай мемлекет. Озсаң ғылыммен оз! Қолөнермен оз! Қаншама қазақтың баласы физика, математика, химия секілді түрлі ғылым саласынан әлемдік додаларда оза шауып жүлде алып жүр. Оларды білмейсіңдер де, қолдамайсыңдар да. Ал енді кітап бетін ашпаған, ақылының бәрі жұдырығында, біреуің барып біреуді бір ұрып құлатса, бөрінің көтіндей шулап соны ұлттың қаһарманы жасап, жұлдызға айналдырасыңдар. Бұдан кейін қалай оңасыңдар, қалай ел боласыңдар. Жалпы шариғатта біреудің бетінен ұруға тиым салынған. Ал ұрыпты. Соған бола ел болып есің шығып қуану қаншалықты естілікке жатады? Одан да жаңағы ғылымға көңіл қойған баланы жұлдыз жасасаңдар етті. Сол бала ертең-ақ еліңді етектен өрге сүйрейтін азамат болмас па еді? Осы уақытқа дейін ине шығаратын зауытың жоқ, неменеңе жетісіп күлесің, неменеңе мәз боласың? Дәрігерлер мен мұғалімдерді қайыр тілетіп жібердің, еліңнің ертеңі не болмақ. Ертең құдай оның бетін ары қылсын, еліңде оба жайылса елдің амандығын алып қалатын дәрігерлер ме жоқ жаңағы жарқыраған спортшылар мен қаптаған әнші құшнаштар ма?

​Осының бәрін білместікпен жасайсыңдар ма, жоқ әлде маған ерегісіп жасайсыңдар ма? Мені мыңыншы рет, миллионыншы рет өлтіргеннен сендерге не пайда?

БӘЗІЛ. Осының бәріне кінәлі біреу-ақ! (саусағымен жоғарыны нұсқап) Ұрлау, тонау, жеу, сату! Басқа ештеңе істеген жоқ! Дым істеген жоқ! Елім, жерім деп тұрған (жоғарыны нұсқап) біреуі жоқ. Бәрін Қытайға сатты.

АБАЙ. Ниеттеріңе қарай басшы береді. Өздерің қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар. Мынау менің Отаным, мынау менің мемлекетім деп тұрған халықты да көріп тұрған жоқпын. Сен отырып ап билікті сынайсың, ананы сынайсың, сенен басқаның бәрі жаман, бәрі кәкәй, фейсбукте Құдай –ау кәдімгідей, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген қайраткерсің, ал сенің істеген тірлігің (жоғарыны нұсқап) аналардан жаман ғой. Дәретханаңды огородыңнан ағып өтетін кішкене өзеншенің үстіне апарып орналастырдың. Сөйтіп мәселеңді шештің. Ал ол өзеншенің қаладан шыға беретін маңында балалар жазда шомылатынын көріп жүрдің. Алғаш үйленген жылы отбасылық жатаханада тұрған кезде бүкіл қоқысыңды екі жыл бойы терезеден лақтырғаныңды айтпай-ақ қояйын, ал мына тірлігіңнен артық жауыздық бар ма? Өзеннің үстіне әжетхана салған үйіңді сатып, Талғарға көшіп бардың, ауладағы ескі сарай мен ескі моншаны бұзып, бүкіл қоқсығыңды Талғар өзенінің бойындағы жарбаққа итере салдың. Ет дүкенін ашып, ауылдан мал алып, сойып саттың. Сойған малыңның ішек қарнын түгел жаңағы жарқабаққа лақтырып отырдың, исі бүкіл Талғарды сасытты. Қоқысқа ақша төлесең жұтап қалардай, үйіңнің бүкіл қоқсығын пакетке салып ап, Алматыға кетіп бара жатқанда жол-жөнекей терезеден лақтырып отырдың, Отан деген сенің сегіз соты жерің ғана ма сонда? Жаз болса болды, туған жеріңе барып қызыл мия деген сирек кездесетін шөптің тамырын алып Қытайға саттың. Ал ол шөп тамырымен жұлынған соң, қайтадан өспейтінін біле тұра істедің.  Мойынқұмға барып, киікті қынадай қырып, мүйізін кесіп қытай асырдың. Орманшы досыңның мұртын майлап, қыс бойы аулыңның жанындағы Қаратауға орыстарды апарып, бүкіл аңын атқызасың. Сөйтіп бүкіл маралын тауыстың. Сол ауылда сендерге «қой» деген бір пенде болсашы. Оларға дә бәрібір. Іленің бойындағы бүкіл сексеуілді отап, тауысқан сен емес пе едің? Олардың бәрін тауысып болған соң Алматының құзар басындағы шыңдардағы қар барысына көзің түсті. Сен өтпейтін тесік болсашы. Атуға болмайды деп қызыл кітапқа енген  қар барысын, бір емес үшеуін атып, терісін Қытайға өткіздің. Қайта аналар (төбені нұсқап) адам екен, тек мұнайды сатып отыр, сен және сен сияқтылар сол жаққа барса бүкіл Қазақстанды сатып жіберейін деп тұрсыңдар ғой, ойланбай. Ал сен сияқтылар көөөп қой, көөөп! Ал дәл қазір жоспарлап отырғаныңды айтып берсем.

БӘЗІЛ. Жетер! Жетер!

АБАЙ. Өз бастарыңның иттіктерін бір үкіметке жауып әбден жаман үйренгенсіңдер. Ата-бабаңнан аманатқа қалған осы бір мемлекетке бәрің жауапты емессіңдер ме? Неге жақсылықтарың өз бастарыңнан артылмайтын осыншама қара ниет боп кеттіңдер?

БӘЗІЛ. Жетті!

Абайды тоқпақтап ұра жөнеледі. Найзағай жарқылдайды. Жарық сөнеді.

Аспаннан күркіреген дауыс.

ДАУЫС. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!

 

СОҢЫ.
Жәнібек Әлікен

Жәнібек Әлікен — драматург. «Ұлағатты ұрпақ» қорының жетекшісі. Еліміздің әр өңіріндегі театрларда қойылып жүрген «Құпия», «Үнсіздік», «Сиқырлы терезе» т.б. пьесаларының авторы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon