Светлана Познякова

430

Әңгімелер

Тролльдерге жем болма

Әңгімелерді қазақ тіліне тәржімалаған Жаңылай Базарбай

Бір күні Даник Шаффл биін үйреніп жүргені туралы роликті ТикТокқа жариялады. Ол би әдемі болғандықтан, әрі өзі оны жақсы билейтіндіктен,  бұған дейін де бірнеше ролик жүктеген еді. Достары да лезде лайк басып, «Жарайсың!», «УАУ», «Керемет!» деген пікір жазды. Кенет «фууу, кетші, менің үлкен әжем сенен жақсы билейді» дегенді оқыды!

Бэтмен деген біреу жазыпты. Аватарында маскадағы мультфильм кейіпкері.

Ұнамаса, көрме, деп жауап берді Даник.

Ол енді «Бэтмен» мазаламайды деп ойлады, бірақ, олай болмады. Ол Даниктің үн қатқанын күтіп тұрғандай, лезде жауап жазды.

Не болды, сайқымазақ, әзілді түсінбейсің бе? Көргім келеді, көремін де!

«Бэтмен» ашулы кейіптегі эмодзилерді жіберіп, жағымсыз пікірді қарша боратты. Неткен оңбаған еді! Ол Даниктің басқа роликтеріне жаман пікір жазып үлгеріпті. Бөлмесін келеке ғып, одан Даниктің киім киісіне тиісіп, тіпті, шаш үлгісін де сынап тастапты.

Балақай әзілге айналдырып, әлгіні тоқтатуға тырысты. Бірақ, Бэтмен одан сайын желігіп, мазақтап, дөрекілікке басты. Даник қайтерін білмей, қынжылды. «Бэтмен» неге бұлай істейді?

Себебі, ол — арамза,тролль, деген біреудің дауысы естілді.

Даник қорқып та, таңқалып та үлгермеді, смартфонынан қанаты мен жал-құйрығы аппақ, өзі кішкентай жирен құлын ыршып түсті.

— Ол  тролль, деп қайталады құлыншақ, ал, мен Интернет-тұлпармын, есімім — Свайп. Менің ата-бабам қанатты Пегас, желдей ұшқыр Сивка-Бурка және дана тұлпар Шалқұйрық. Арғы аталарым аңыз-ертегілерде өмір сүрген, ал, мен виртуалды өрісте жайылып, балаларды қауіптен қорғаймын. Тролльдер қауіпті, сондықтан, мен саған көмекке келдім.

Құлыншақтың сүп-сүйкімді болғаны сонша, Даник оған бірден сенді. Үлкендер болса, біресе көзін уқалап, біресе үсті-басын шымшып, «түсім бе, әлде өңім бе» деп, көргеніне сене алмайды. Ал, балалар ненің жалған, ненің шын екенін бірден түсінеді, кішкентай интернет-тұлпардың да шын екенін біліп қояды.

Сонда жаңағы «Бэтмен» тролль ме?

Иә. Бірақ, ол тау сияқты алып, зұлым, ақымақ құбыжық түріндегі ертегілік тролль емес. Интернет-тролль ол да адам. Залым, озбыр. Басқалардың ашуына тиіп, жылатқанды жаны сүйеді. Ондай адамдар чаттарда немесе комментарий-пікір алмасқанда, әр мәселені дауға айналдырып, адамдарды ұрыстырудың шебері. Тролльдер де вампирлер сияқты, адамдардың қорқыныш, ашу-ыза, дәрменсіздік сияқты эмоцияларымен, әлсіздігімен қоректенеді. Егер сен олардың мазағы мен дөрекі сөздеріне жауап берсең, керісінше, «тролльдерге жем боласың», яғни, оларға күш бересің.

Сонда олармен қалай күресуге болады?

Біз, ең алдымен, тролльді «бан»-ға жібереміз.

Свайп айтып тұрды, ал, Даник орындады. Ол «Бэтменнің» парақшасына кіріп, жоғарғы оң жақ бұрыштағы үш нүктені шерткен еді, экранға «Блоктау» деген жазу шықты. Соны басамыз, сосын «ок» дегенді басамыз. Бітті! «Бэтмен» бұдан былай Даниктің парақшасына кіре алмайды, роликтерін көре алмайды, ештеңе жаза алмайды.

Бірақ, бұл тролль басқа балаларға да осылай жасаса ше? Ендеше оның жолын кесу керек! Интернет-тұлпар балақайға сайт әкімшілігіне тролль туралы хабарлап, оның аккаунтына шағым жасау керектігін түсіндірді. Бұны TikTok, Like және «ВКонтакте»  яғни, кез-келген әлеуметтік желіде жасауға болады. Даник солай етті де. Сондай-ақ, Свайп Даникке достарын да ескертіп қоюға кеңес берді. Егер олардың парақшасында «Бэтмен» немесе басқа да тролль пайда болса, олармен сөйлеспестен, бірден банға жіберіп, дереу қолдау қызметіне шағымдануы керек.

Даник өз парақшасына қайта кіргенде, «Бэтменнің» барлық пікірі өшіп кеткенін көрді. Есесіне қаншама досы қолдау көрсеткен!

Иә, «Досы көпті жау алмайды», — деп жымиды Свайп. - Сондықтан әлеуметтік желілерде өзің танитын, сенімді адамдарды ғана дос болуға шақырып, олардың достығын қабылдау өте маңызды. Егер бейтаныс адам дос болуға ұсыныс жасаса, алдымен оның аккаунтын тексеру керек: ол не жазады, қандай видеолар жариялайды, пікірлерге қалай жауап береді... соны білу керек.

Түсіндім, деді Даник басын изеп. Рақмет, интернет-тұлпар! Сен маған көп көмектестің. Енді мен де саған жақсылық жасай аламын ба?

Жасағанда қандай! деді де, қанатты пырақ ауада қалықтап билей жөнелді. Шаффл билеуді үйретші, бұл би маған өте қатты ұнайды.

 

Қаушті видео-тур 

Бір күні Гуля есімді қыз танымал блогер болғысы келеді. Қалай? Оп-оңай! Бейнебаян-видеоны Like немесе Tik-Tok-қа жүктеп, жүз мың қаралым мен көптеген лүпіл жинау керек. Ол үшін не түсірсе екен? Гуля жан-жағына қарап тұрды да, өз бөлмесіне видео-тур жасамақ болды. Өзі ұнататын қызғылт түсті әдемі көйлегін киіп, тырнағын ашық түсті жып-жылтыр лакпен бояп, таранып-сыланып, телефонының «Видео» деген батырмасын шертті.

Бәріңе сәлем! Мен қазір сендерге сүйікті бөлмемді, сүйкімді ойыншықтарымды, сүйіп оқитын кітаптарымды және, тіптіііі... ең үлкен құпиямды ашамын, яғни, шкафтағы киімдерімді көрсетемін…

Гуля жақсы көретін тәтесі өзіне Паддингтон қонжығын сыйлағанын, оны сонау Лондоннан әкелгенін әңгімеледі. «Көліктер» мультфильмінің автокөліктерінен тұратын коллекциясын көрсетті. Иә, қыздарға да көліктер ұнайды! Одан кейін терезе алдындағы қуыршақтарын түсірді. Сосын киім салатын шкафтың есігін ашып жіберіп, шкаф ішін, айнадағы өзін түсірді. Тіпті, төсегінің астына үңіліп: «мүмкін, төсек астында мекендейтін құбыжықты да көріп қалармыз» деді. Бір өкініштісі бөлме өте кішкентай еді, видео-тур тез аяқталып қалды. Ал, Гуля саяхатшы-блогер рөліне енді ғана кірісіп еді. Демек, турды әрі қарай жалғастырып, бүкіл пәтерді түсіру керек. Үйде жалғыз қалғаны мұндай жақсы болар ма? Шығармашылығына ешкім кедергі келтірмейді.

«Мынау әкем мен анамның жатын бөлмесі. Бұл жер онша қызық емес, есесіне — анамның үш айналы үлкен сөресі бар, ал, оның астындағы үстелдің миллион тартпасы косметикаға толы: небір құты-сауыт, боянатын заттар. Ал, айнаның артында жасырын тартпалар да бар, міне, көрдіңдер ме? Тек анам оларды кілттеп қояды. Мүмкін онда қазына бар шығар?!»

Гуля жатын бөлмеден шығып, «кабинет» деп аталатын бөлмеге кірді. Ондағы сөрелерде кітап көп екен, ал үстелде екі үлкен мониторлы компьютер тұр. Бірақ, Гуля компьютерді қоспады, бәрібір оған пароль қойылған еді, есесіне үстелдің тартпасын ашты. Ол жерден де қызықты ештеңе таппады. Әкесінің жеке куәлігі, әлдебір банк карталары... Гуля камераның алдында ең әдемі карточканы айналдырып көрді де, оны тартпаға қайта лақтыра салды. Одан кейін қонақ бөлмеге кіріп, бірден қабырғадағы картинаға қарай бет алды. Әкесі айтқан: бұл картина Боинг ұшағының қанатынанда қымбат тұрады! Қымбат болғанда, қанша тұратынын Гуля білмейді, бірақ, картина оған қатты ұнайды. Онда ескі қаладағы бір көше бейнеленген, ал, ондағы адамдар–ауладағы адамдарға ұқсайды.

Тур тамаша өтті. Гуляның қызып кеткені сондай, ерінбей, аулаға шығып, үйдің терезелерін, одан кейін анасының көлігін түсірді. Неге екені, әкесі оны «Жук», яғни, «Қоңыз»деп атайды, мүмкін көліктің түсі тоқсары, өзі үлкен қанқызына ұқсағандықтан шығар. Тек қоңыздікіндей қап-қара дақтары жоқ еді.

Енді нағыз шығармашылық жұмыс қалды. Гуля кабинеттегі биік орындыққа жайғасып, нағыз режиссер сияқты монтажға кірісті. Музыкамен әртүрлі эффект қосты. Қызықты алты ролик шықты. Ал, жетіншісінде жақынарада Ыстықкөл барып, сол жақтан видео түсіретінін айтады. «Әкем мен анам осы сенбіде сол жаққа бір аптаға барамыз деп уәде берді» деді Гуля. «Енді көп лайк жинаймын, қаралым саны да артады, ал, жаңа жазылушылар, тіпті, кезекке тұратын болды» деп ойлады ол.

Гуля алғашқы видеосын жариялауға оқталғаны сол еді, кенет біреу: «Тоқта!» деп айғай салды. Сол сәтте монитордың бірі өзінен-өзі қосылып кетті. Гуля өз көзіне өзі сенбеді, экранның фонындағы суретке жан бітіп, көк шалғын ақырын қозғала бастады. Самал желмен баяу тербелген шөптің иісі бөлме ішінде аңқып кеткендей болды. Ал, экранның дәл ортасында кішкентай нүкте пайда болды да, ол қатты жылдамдықпен үлкейе түсті. Бұл – жирен құлыншақ қой! Ұшып келеді! УАУ, қанаты да бар екен! Сол сәтте қанатты пырақ монитордан атып шықты да, кішкентай қыздың қолындағы телефонды құйрығымен қағып жіберді.

Ей! Бұның не? Сен... қалай? Сен кімсің?

Гуля таңырқап, құлыншаққа қадала қарап қалды. Ал ашулы пырақ ақ қанатын жинап жатып:

Мен интернет-тұлпармын, есімім Свайп. Менің ата-бабам қанатты Пегас, құстай ұшқыр ат Сивка-Бурка және дана тұлпар Шалқұйрық. Арғы аталарым аңыздар мен ертегілерде өмір сүрді, ал мен виртуал әлемде жүріп, балаларды интернеттегі қауіптен қорғаймын.⠀

Қандай қауіп?

Міне, қара!

Пырақ екінші мониторды қанатымен түртіп еді, Гуля экраннан кепкасын баса киген екі адамды көрді, олар үйге қарай кележатып, көліктің қасына кілт тоқтады да, терезесінен сығалай бастады. Міне, олар үйдің кіре берісінде жүр. Бір кезде Гуля аяқ сыбдырын естігендей болды. Кенет есіктің қоңырауы соғылды. Үн жоқ. Біреу қоңырау түймесін қайта-қайта баса берді. Бір кезде қоңырау үні өшті де, енді біреу құлыпқа кілт салып, сықырлатып бұрай бастағандай болды. Мәссаған, бейтаныс ағалар үйге кірмекші ме?! Гуляның үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей болды, кішкентай қыз тыпыршып, жасырынатын жер іздеп, бөлме ішінде ары-беріжүгірді.

Қорықпа, бұл шынайы өмір емес, экранда ғана болып жатыр. Мен тек роликтеріңді әлеуметтік желіге салғаныңда не болатынын көрсеттім, - деген пырақ қанатын қағып, бөлменің бұрышына тығылған қыздың қасына барды да, иығына басын қойып, қанатымен құшақтады.

Мен ештеңе түсінбедім, -деді Гуля мұңайыпа. — Мен тек қызықты ролик жасадым, ал, бұл ағалар қайдан жүр?

Себебі әлеуметтік желілердегі сенің роликтеріңді достарың ғана емес, кез-келген адам көре алады. Оның ішінде пәтерге түсетін ұрыларда бар. Олар бейқам адамдардың өз үйіндегі бағалы заттарды көрсететін видеоларын аңдып отырады. Тіпті, іздеудің де қажеті жоқ: келіңіз де. алыңыз. Сен, тіпті,оларға қолайлы уақытты да айтып бердің:  «біз бір апта бойы Ыстықкөлде боламыз!» деп. Одан соң, әкеңнің құжаттары мен банк карточкаларын түгел көрсеттің. Картадағы барлық ақшаны оп-оңай шешіп алуға болатынын білесің бе? Ал,әкеңнің мойнына үлкен сомадағы несие немесе қарыз іліп қоюы мүмкін.

Гуля экранға қарап, олардың Ыстық көлдегі демалыстан күнге күйіп, риза боп қайтып келе жатқанын көрді. Қараса, анасының көлігінің орны бос, сол сәтте анасының хәлі нашарлап кетті. Ал әкесі дереу полицияға қоңырау шалды.Үйге кіріп еді, бөлме іші астаң-кестең, заттар еденде шашылып жатыр, қонақ бөлмедегі картина да, анасының әшекейлері де, әкесінің ноутбугы да жоқ. Әкесі есеңгіреп қалды, ал, Гуля өзінің бөлмесіне қарай жүгірді, оныңда барлық көйлегі, футболка, худиін шкафтан лақтырып тастапты. Қонжығының іші ақтарылып жатыр.

Жоқ, мен бұлай болғанын қаламаймын, керек емес! деп жылады Гуля.

Жылама! Егер түсірген видео-турыңды әлеуметтік желіге жариялағаныңда, осындай жағдай болуы мүмкін еді. Бірақ,сен роликті жүктеп үлгермедің ғой?

Қолы дірілдеген Гуля дереу Like-тағы аккаунтын ашты. Уф! Жоқ екен! Роликтер тек телефонда ғана.

Оларды өшіріп тастағаның дұрыс болар, деп кеңес берді Свайп. Сенің телефоның кімнің қолына түсетінін білмейсің ғой? Немесе оған екі сатылы қауіпсіздік жүйесін орнатып қой.

Гуля роликтерді өшіріп, себетті де тазалап үлгерді. Интернет-тұлпар басын изеп, жылағаннан көзі қызарып тұрған Гуляға зер сала қарап тұрып, мынадай ұсыныс жасады:

Ерекше видео түсіріп, қаралым санын көбейтіп, көп лайк жинағың келе ме?

Одан жаман ештеңе болмай ма?

Керісінше, тек жақсы болады. Кел, сенің достарыңа кибер қауіпсіздік туралы бірге айтып берейік!

Гуля «киберқауіпсіздік» деген күрделі сөзді айта алар ма екем деп қорқақтап еді, сосын барып есіне түсті: оны еш мүдірмей айтатын жирентұлпар бар ғой! Көз алдыңызға елестетіңіздерші: кішкентай қыз бен сондай ақылды, сөйлейтін, ғажайып қанатты пырақ екеуі бірге ролик түсіреді!

Гуля шашын жөндеп, жымиды да, телефонындағы «Видео/Бейне» деген батырманы басты.

 

 

Дисклеймер

Медиа сауаттылыққа үйрететін ертегілер АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы, Америка халқының көмегі арқасында жазылды.

USAID агенттігінің қаржылық қолдауымен Internews ұйымы жүзеге асыратын MediaCAMP - Орталық Азия бағдарламасы аясында әзірленді.

«CreateNow», «Психология-Бизнес-Медиа» Ассоциациясы және «Критмыш Party» сыни ойлау дағдысын шыңдау арт-жобасы олардың мазмұнына тікелей жауапты (олардың мазмұны USAID немесе АҚШ үкіметінің пікіріне сай келмеуі мүмкін).

Светлана Познякова

Светлана Познякова — автор прозы, преподаватель, тренер курсов креативного письма. Пишет на русском языке. Сказки и рассказы публиковались в альманахе «LiterraNova», в юбилейном сборнике ОЛША «Дорога без конца», издавались казахстанским издательством «Аруна», российским издательством «Издание книг». Участница Almaty Writing Residency 2022 г.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon