Нурбек Нуржанулы

190

Жел ұшырған хабарламалар

Әскердегі соңғы күнімде аяулы Алматы мені қалай жылы қарсы алатынын, өрік гүлінің шешек ашып жымия қарайтынын, ал үйдегі жалғыз шешемнің құшағын аша, жылап қауышатынын көз алдыма елестетіп, сол күнді тағатсыздана күттім. Соны ойласам толқып, көзіме парлап жас келе қалатын. Міне, теміржол вокзалында тұрып та сол қиял бейнесі тағы көз алдыма келе қалмасы бар ма! Алайда көктемгі Алматы мені гүлді құшағымен қарсы ала қоймады. Бұлыңғыр аспаны мен суық та ызғарлы ауасы, бозамық таңы шерлі жанымның жарасына тұз сепкендей, жүрегім сыздап қоя берді. Әскердегі жолдастарым секілді мені ешбір дос-жаранның күтіп алмағаны  өкінішті. Оған кінәлі өзім. Бала күннен саяқ өсіп, ешкіммен іш ашып сырлас, дос бола алмағанымнан болар. Өзіме өзім бауыр басып, өз ойларымды қасымнан бір елі айырмаған мен пақыр, енді неге өзгелердің мені құрақ ұшып қарсы алғанын күтуім керек. Автобусқа отыра салысымен бала күннен таныс көшелер мен ғимараттарға көзім тоймай қайта-қайта қараймын. Бүр ашқан ағаш жапырақтары, гүлдеген жеміс ағаштары, айқұш-ұйқыш жолдарда өтіп бара жатқан көпшіліктің қарасы, бәрі де көзіме оттай басылады. Аялдамадан түскен соң жаяулатып үйіме қарай аяңдап келе жатқанымда қабырғаларға, шам бағаналарына ілінген түр-түрлі жарнамалар мен жақындарын іздеген хабарландыруларды да көзім шалды. Маған сол сәт әсер еткені суреті қоса ілінген мына бір хабарландыру болды:

«Алматы қ. Шаляпин мен Алтынсарин қиылысында кішкентай марғау жоғалып кетті. (10-шағын ауд. үй 15Б). Түсі: қара-ақ. Лақап аты: Мамық. Көрген-білгендер болса хабар берулеріңізді өтінемін. Тел нөмірім:...», деп сарғыш бір жапырақ қағаз бағанаға ілініп тұр. Осы хабарландыруды оқи сала неге екенін қайдам айналама әлгі Мамықты іздегендей қарағыштай беріппін. Кім білсін сол марғауды тауып, біреуге пайдам тиіп жатса әлгі кеудемдегі сыздаған бейтаныс сезімім тарқайтын іспетті. Ит жетектеп, мысық құшақтаған көбіне орыстардың қолына қарай берем. Біреуі болмаса бірі Мамық шығар деп үміттенген түрім. Ал көше бойын сыпырып жүрген қарияға ойсыз ұзақ қарап тұрдым. Бүкір белін әзер көтергенімен қоймай қоларбасына толтыра салған қоқысты сүйрелеп кішкене ауланы айналсоқтап жүрді де қойды. Әр подьездің алдына орналасқан орындықтар шетіндегі қоқыс жәшіктердегі қоқысты қара целофанға сала бастады. Ақыр аяғы қоларба ауыр болды ма, әлде шалдың белі ауырды ма, не керек сүйрелеп келіп басын бүкжитіп қоларбаға сүйеніп тұрды да қалды. Бұндайда қарап тұруды ұят көрдім бе, бәлкім, бала күннен бергі болмысыма сіңіп қалған тәрбие ме, не керек қарияның қасына жүгіріп келдім.

— Ата, әкеліңіз, қайда апару керек, мен апарайын, — дедім қарттың қоларбасының жиегінен ұстап, нұрсыз, кепкен қарашығына қарағыштап. Ол қуанудың орнына, мен күткен жылы сөз бен алғыс айтпастан:

— Керек емес, деді суық қана. Сәл аялдап қайта сүйрелеуге көшті.

— Әкелсеңізші енді, көмектесейін,  дедім оның не себепті бас тартқанына дал болған пішінмен.

Ол бетіме «сөз ұқпайтын қандай баласың» дегендей бажырая қарады. Қырсыққан кейіппен белі ауырғанына қарамастан қоларбасын сүйретіп мықшыңдап, қисалаңдай жүре берді. Мен ары қарай орнымнан не қозғалып, не тұра берерімді білмеген күйі қарияның соңынан қарап қалдым. Ғимараттың ауласындағы орындыққа бел жазып алайын деген оймен отыра кеттім. Қабырғаларын шырмауық торлаған бес қабатты үй бет аузын сақал-мұрт қаулап өскен әлгі қарияға қатты ұқсайды. Әрі қарттың нұрсыз жанары іспетті болған терезелерге Алматының бұлыңғыр аспаны шағылып тұр. Құдды анау аспаннан емес, мына бір әйнектерден қызыл жолақты бұлттар көшіп бара жатқандай. Аспанның бір шеті сынып осы бір ғимараттармен біте-қайнасқан іспетті, ал мына сынық аспан бөлшегіндей жақтаулы терезелер мені ішіне жұтып қоярдай төнетіні несі?! Жоқ, олай ойлағаным бекер. Бұлтты жарып күн шыққаны іспетті, терезе пердесін ысырып бейтаныс бикеш сыртқа көңілсіз қарады да, «Бұл жақта да қызық жоқ» дегендей демде торлы пердені кері қайта ысырды. Күнді орап алған бұлттай перде артында сұлу бикеш ғайып болды. Жарқ еткен тәтті сезім жанды да қайта сөнді. Көзім есікке ілінген хабарламаларға тағы бір мәрте түсті. Қайда қарасаң да аяғыңды алып жүргісіз жал-жұлт еткен жарнамалар; «Билайнмен бірге өмірің жарқын болсын» дей ме, «Алма-тв, 4G», «Танысайық, Алена», «Ағылшын тілі курсы», «Дос іздеймін, хабарласыңыздар» т.б. толып жатыр. Арасында алғашқы көргеніммен сарындас тағы бір жарнама ұшырасты: «Итіме іздеу саламын. Аты: Эва. Қоңыр түсті, такса тұқымдас. Жасы 1-де. Табуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Сыйақы 150 000 тг. Тел. нөм...» Мысық пен итін жоғалтып оларға іздеу салған жандарға қарап әлемде мейірімді жандардың бар екеніне қуанып қаласың. Базбір ақын, «Мысықты сипаған жаннан зұлымдық шығады дейтінге сенбеймін» дегеніндей, мен де мына қоғамда мынандай адамдар барында жақсылықтан үміт үзуге болмайтынын ұғынам.

Үйіме жақындап қалдым. Көңілім толқып, жүрегім атқақтап аузымнан шығып кетердей. Бес қабатты үйдің екінші қабатындағы шие ағашының гүлді бұтағы сүйенген анау бір терезенің ар жағында менің сан жылғы естеліктерім мен балалығым қалған. Әрі жолға қарай беріп жалғызын күте-күте жанары талған, өзі түгілі уақытты шаршатқан анам және бар. Есік алдына келіп подьездге кіре бермекші едім, мен әскерге кетпестен алдын газеттен бас алмай серуен құрып жүретін Арощенко ағай содан бері үздіксіз газет оқып келгендей әсер қалдырып қасымнан өтіп бара жатты. Менің оған қарап тұрғанымды түйсігімен сезсе керек басын көтеріп мен жақа қарады да, таныса керек жүзіне күлкі үйірілді.

— Әй, батыр, сен қайдан жүрсің?

— Әскерден, ол үсті-басыма иланбағандай нанымсыз тінте қарап шықты, әлі сол караванды парақтап жүрсіз бе? Әлде сөзжұмбақпен басыңыз қатып жатыр ма?

— Жоқ-ә, мақала оқып, баяғы бітпейтін саясат қой.

— Е-е-е.

Ол сонда да жүзіме күдіктене қарауын тоқтатқан жоқ. Онымен ары қарай әңгімем өрби қоймасын түсіндім де басымды изеп, «көріскенше», деп бұрылып кеттім. Подьезге ене беріп Арощенка ағайға тағы бір мәрте зер салмақшы боп артыма бұрылғанымда қара ағаштан басқа кісі қарасы көрінбеді. Қызық, жер жұтып қойды ма деп ойладым да келесі подьездің ашық есігіне қарап, үйіне кіріп үлгерген екен деп топшыладым.

Ғимараттың екінші қабатындағы пәтеріме кіргенімде көзіме таныс заттар жылы ұшырап, әрқайсысы өз халінде амандасып жатқандай болды. Бірақ, есікті ашқан шешем мені көргенде көзінде жалт етіп жанған бір ұшқын ұзаққа бармай сөнді де қойды. Мені бауырына басып құшақтаған соң, ары қарай мен күткендей қарым-қатынас жасалмады. Өмірде адам қиялмен болмағанды болады деп ниет қып, көз алдына елесін суреттеп алып, соңында ойдағыдай болмаса, ішкі күйзеліске ұшырайтынын байқадым. Аяқ-киімімді шешпестен анам хал-жағдайымды сұрап бара жатып, жиналмаған төсегіне қайта қисая кетті. 

— Ойбай, басым-ай, сынып бара жатыр!

— Анажан, сізді сағындым...

— Мен де құлыным. Бар, анау газ үстіндегі қазанда тамақ пісіп тұр. Ал да іше бер, менің шамам болатын емес, деді де сол қолымен ас бөлмені нұсқап, ал оң қолымен маңдайын басып жатып қалды.

Сонша жылдан соң бұлай суық қарсы алуы басының сақинасынан деп топшыладым да өз сезімдерімді тізгіндеп, ренжуге қанша жерден жол бермесем де іштей нала боп тұрғаным жатын бөлмеге қарағыштай бергенімнен-ақ білінер еді. Жуынып-шайынып, сонсоң жалғыз отырып тамақ іштім. Анам ұйықтап кетсе керек, пыс-пыс еткен қорыл әнтек естіледі. Терезе алдындағы кәрі теректің жас бүрі үмітіме «оян» дегендей ым қағады. Тал ар жағындағы көліктердің үздіксіз қозғалысын бақылап отыра бердім. Ол қозғалыс мені талай өткен шақ кезеңдерін еске түсіріп, ертіп алып барғандай. Сол суық та, жылы естеліктер өмір атты кішігірм альбомымды құрап тұрғандай. Көзімді қай жақа аударсам да сол бір бұлыңғыр суреттер көз алдымнан кетпей қара орамалын бұлғап тұрып алғандай болды.

Мен ол кезде 10 жасар бала едім. Ішімде сан мың ойлар сайрап жатса да, сөйлеуге келгенде тұтығып қаламын. Ойымды ашық жеткізе алмайтын халде едім. Ол аздай басымның сопақтығы тағы бар. Мені көрген сыныптастарым басыма қарап «жат планеталық» деп мазақ қылатын. Арқама костюміме бормен боқтық сөз жазып, сия төгіп, кейде батпақ жағып кететін. Үйге барғанша бұны аңғармайтын маған қайтар жолда көрген балалар сықылықтап күліп, әжуалайтын. Және біздің мектептің қатал мұғалімдері де мені көрсе болды ұрсуға сақадай сай дайын боп әм жеккөріп тұратын. Бұған себеп – менің баяу қозғалып, ойымды еркін жеткізе алмай бір орыннан тапжылмай отыратын халім болатын. Ал үйде әкем ішіп ап келіп, анамды көк-ала қойдай қып сабап алатын да, артынан қалған азды-көпті ашуын маған төгіп, ұрып, тепкілейтін. Осылай бар ашуы тарқағанда барып ұйқыға енетін. Анам әкем үйге араққа масайып яки сау боп келсе де тілімен шағып, жүйкесіне тиген сайын, мәміле ұрысқа икемделе беретін. Ондайда мен  тіземді құшақтап, бір бұрышта құлағымды жауып бүкшиіп отырып қалатынмын. Бұл соғыс үш, төрт сағатсыз таусылмайды. Расымен де мен ес білгелі анам мен әкемнің  таусылмас дүрдараздығын көріп өстім. Кім біледі, тіпті, мен шақалақ күнімде де әкем мен анам қолдарына мені ұстап тұрып талай жаға жыртысып, айтысқан шығар, сонда сәби күйімше жүрегім дірдектеп қорыққан да болармын. Әкем жатып ішер маскүнемге, ал анам шағымшыл сөзуарға айналып, күннен күнге ашу оты асқынып бара жатты. Бір күні әкем бізді тастап біржолата кетіп қалды. Одан кейін біз оны ешқашан көрген емеспіз. Бірілері оны Алматының үлкен базарында қоларба сүйреп жүр десе, тағы бірілері қайыршы боп кеткен деседі. Ол жайында ұзын құлақтан соңғы бір естігенім қысқы аязда көшеде қаңғыбас иттей не өлі, не тірісі белгісіз, қар көмген жол шетінде жатыр депті. Біздің шаңырақтың бір қабырғасы құлап кеткендей болса да күйбең тірлікті жалғастыра бердік. Кейінгі өмірімде де опа көрдім деп айта алмаймын. Қоғамға сол қалпы сіңісе алмадым. Көпшілк ортада жүруге әлі күнге қорқамын. Сұхбаттасушымның алдында өзімді торда қалған құстай сезінемін. Маған өзіммен өзім жүрген әлдеқайда ыңғайлырақ. Ал анам күннен күнге шөгіп бара жатқандай. Қоғамға сыя алмағаным үшін бірде анам: «Езсің, етің өлі. Әкең түгілі сенен де жақсылық көрген емеспін», деп кінәлайтын. Ол сыныптастарыммен, көрші балалармен, таныстарының ұлдарымен салыстырып, өзімнің расымен де түкке тұрғысыз, ешкім екендігіме иландыратын. Мен, міне, осылай қалыптастым.

Осының барлығы терезе ар жағында болғандай, құдды бір теледидар қарап отырғандай көз алдыма өткен шақ суреттері бояла берді. Осылай тапжылмай отырған күйімде, кенет көз алдымда – орман, орман ішінде адасып жүрген өзімді көрдім. Қарағай қабыршығын тырмалап, жүгіріп бара жатқан тиінді өмірдің бір мәні секілді ұстауға ұмтыламын. Қанша ұмтылсам да ұстататын емес. Тырбанып барып ағаш басына, одан ыршып екінші бір қарағайдың әлсіз бұтағына секіре кетті. Солай көзден ғайып болды. Ал содан кейін ну орман ішіндегі тал-теректерге қарамастан сансыз көліктердің ағылып келе жатқанын көрдім. Қашуға ұмтылған мен, сол көліктер арасында қалып кеткенімді сезіп, жүрегім қысыла бастады. Ол аздай аяқ астымнан сарқырап өзен ағып бара жатты, құлап кетердей, тәлтіректеп барып орныма қайта тұрдым. Бейтаныс кісілер елестеп, мені итеріп, қағып-соғып бара жатты. 

Мен отырған асүйдегі терезе алдындағы жолдан әр түрлі бейне-көріністер, яғни: орман, өзен, жол ортасында тұрған өзім, бәрі – бір демде ғайып боп, шын келбетіне ене қалды. Терезеге қарап отырған мен – өз ойларымның жетегіне еріп кеткенім соншалық, тіпті, қайда отырғанымды бір сәтке саралайын дегендей жан-жағыма қарайлай бастадым. Көзіме бала күннен таныс табаны қарайып-күйген, бетіне өрік кескінделген шәйнек ұшырағанда ғана барып өз үйімде отырғанымды байқадым.

Енді түскі асты дастарханға қойып, тамақтана бермекші едім, қайдан келіп, қалай тап болғаны белгісіз еңгезердей бірнеше жігіт қолымды қайырып, жұлқи көтеріп алды да сүйрей жөнелді. Қолымнан келгенше қарсыласып бағып жатырмын. Үйге ұры түсті деп ойлап үлгердім. Оларға жан даусым шыға айқайлап жатырмын.

— Жіберіңдер мені, мен солдатпын. Босатыңдар! Босатпай көріңдер көздеріңе көк шыбын үймелетем, — деймін әлгілердің бедірейген, ым-шымсыз суық жүзіне қарап. Мен емес, нағыз әскерден өткен солар тақылеттес.

— Сізді палатаңызға қайта апарумыз керек, деді арасындағы мауыздай бірі қатулы қабағын түйіп.

— Қайдағы палата, біле білсең өз үйімде отырмын. Анам болса анау бөлмеде жатыр. Мама-а-а, ма-ма-а-а-а? Мыналарға бірдеңе деші? дедім кіреберістен шығып бара жатып, жатын бөлмеге басымды бұрып. Қарасам бір орыс, арықша келген әйел маған үрейлене жатын бөлменің есігінен сығалап қарап тұр. Анықтап қарасам ешқандайда жатын бөлме емес, бір зәулім ғимараттың ішіндеміз. Жан-жағыма қарасам ары-бері жүрген бейтаныс адамдар мен үй жиһаздары тізілген белгісіз бір нысан. Әлгі ас бөлмем деп отырғаным сол ғимараттың ішіндегі сатылымда тұрған ас үй жиһазы екен. Дастархан үстіне сән үшін бірнеше кесе мен біздің шәйнекке ұқсас, жаңа бір шәйнек тұр. Анамның жатын бөлмесі дегенім екінші бір бұрышта тұрған жатын бөлмесінің сатылымдағы төсек, шифонер, шкафтары көрінеді.

— Төсекте жаңа ғана анам жатқан, мұнда үйім болған, бәрі қайда кетті? деймін қасымдағыларға таңырқап.

Олар менің бұл сөзіме құлақ еттері үйреніп қалғандай немқұрайлы тыңдады да мені көтерген күйі желе жөнелді. Жедел жәрдем көлігіне жеткенімізде, жас медбике менің басымды, қан қысымымды, жүрегімді тыңдап, тілімді шығартып, не керек әйтеуір тексеріп жатты. Сол сәтте медбике отырған орындықтың шетінде жатқан бірнеше газеттер мен парақтардағы хабарламадан таныс бейнені аңғарып қалдым. Анықтап қарасам әкеме қатты ұқсайды;

«Каблуков көшесінің бойында орналасқан психикалық сауықтыру (жындыхана) орталығынан 17 наурыз күні қашып шыққан Сейдахмет Керімбековке іздеу саламыз. Психикалық ауытқуы бар 47 жасар ер азамат 26 жылдан бері, емдеуден өтіп келеді. Аяқ асты емдеу орталығынан қашып шығып, үшті-күйлі жоғалып кетті. Көріп-естігендер болса мына нөмірге хабарлассын. Нөмір...»

— Қарындас, менің әкем тірі екен ғой? Оны таптыңыздар ма?

Ол маған «жынды» дегендей жақтырмай көз тастады да, білегімдегі білеудей қан тамырыма укол салуға қолымды ыңғайлай бастады. Осы сәт маған шағылысып тұрған жедел жәрдем көлігінің артқы терезесіне көз тастағаным сол әкемнің бейнесін тағы көрдім. Анықтап қарасам терезеге шағылысып тұрған таныс келбет. Басымды қозғалтып ары-бері қозғалсам менімен бірге ол да қозғалады. Әкем мені сонша жылдан соң мазақ қылып тұр ма дегендей қолымды бір сілтеп едім, ол да қолын бір сілтеді. Терезедегі сол бейненің қасындағы медбикені және байқадым. Оның қозғалысы, мақтаға спирт құйып әкемнің тамырын ысқылағаны, қасымда тұрған медбикенің қимыл-әрекетінен аумайды. Бұл ойдың мәніне жетіп болмай жатып әлгі мауыздай-мауыздай жігіттердің костюм-шалбар киген әлдекімге есеп беріп жатқанын құлағым шалып қалды:

— Біз психикалық ауытқуы бар Сейдахмет Керімбековті таңертеңнен бері аңдып оның ауру деңгейін анықтауда түр-түрлі қылықтарына куәгер болдық. Ол ең алдымен қала ішін аралап, темір жол вокзалында жүрді. Автобусқа отырып, осыдан 30 жыл бұрын тұрған үй маңынан түсті. Үйіне барар жолдың тратуарында орналасқан  бағаналардағы хабарламаларға қайта-қайта әлдене іздегендей көз тастап жүрген болды. Өзі туралы хабарламаны сол жерден көріп әлдебір қайла ойлап табатын шығар деп едік. Жоқ, ол түк те жасамады. Я байқамады, немесе мән бермеді. Сонсоң өзі осыдан 26 жыл бұрын тұрған үйі ауласын аралап жүрді. Әлдебір аула сыпырушы қарияға көмектескісі келді. Кейін ағаш бұтағына жел ұшырған, не болмаса әлдекім іліп кеткен газетке қарап, әлгі ағашпен бе, әлде өз-өзімен бе сөйлесіп біраз  тұрды. Шын мәнінде не ойлағанын құдай біледі. Бірақ үйіне кірген жоқ. Бір қыз бұрынғы үйі терезесінен бұған қарағыштап еді, бұл мән берместен, онда көп тұрақтамай кетіп қалды. Сонда біз бұны сәл де болсын оңалып қалған деп ойладық. Бірақ, кейін Ақсай сауда үйіне кіріп-шығып өзімен өзі күбірлесіп, ол жерде аз-кем аялдады да, қала шетіндегі орман ішін аралап, табиғатқа тамсанғандай серуен құрды. Ол жақтан шығып, көшеде ағылып жатқан көліктердің арасына қойып кетті. Не жаяу жүргінші белгісі де жоқ. Өз өзін өлтіргісі келді ме деп оны құтқару үшін жүгіріп бара жаттық. Ол жол ортасында көліктегі жүргізушілердің бақырып-шақырғанын, дабыл қаққанын аңғармастан қақшиып тұра берді. Біз жете бергенде жол жиегіне шығып, Grand park сауда орталығына қарай аяңдап, ішіне енді. Кейін асүй жиһаздарының біріне жайғасып, өз ойына сүңгіп, үнсіз-қамсыз отырды да қойды. Алдындағы сән үшін қойылған шәйнекке көз салып, жан-жағына ренжігендей болады. Ақыры, оның оңалмағанын, тіпті ауруы асқынып кеткенін топшылаған біз оны сол жерде шап беріп ұстап алдық. Іс барысында ол ешкімге зиянын тигізбеді. Жұмыс сәтті өтті. Тек, оны біз көтеріп алып бара жатқанымызда, ол: «Мама, мама? Мыналарға бірдеңе деші?» — деп жиһаздарға қарап айқайлағанын естідік. Сондағысы анасы тірі деп ойласа керек. Және санасы әлі сол 20 жасында қалып қойған. Науқас өзінің шын мәнісінде 47 жаста екенін білмейді.  

— Иә, маскүнем әкесі өмірден өткен соң, анасы екеуі қиын қыстау жылдарды бастарынан өткерген. Кейін бұл әскерде жүрген жылдары анасы өмірден өткен болатын. Бала күннен көрген психикалық аурулар, жүректе қалған жарасы мен ата-анасының өліммен қауышуы бұның бұндай күйге душар болуына әкелді. Асылы, көрші көршінің халін білмейтін, адам адамға өгей болған мына қоғам әумесерлерді өздері қалыптастырып жатқанын өздері білмейді. Жындыхана сіз бен бізге толып ақыр аяғы бұ қаланы жындалар жайлап алмасына кім кепіл. Өзің көріп тұрсың орталығымызға адам сиятын емес. Жарайды... деп ол терең күрсінді де басын бұрып маған қарағыштады. Сонда оның кекілі мен сол көзін ғана байқадым. Әйтеуір, жанарынан бір жылылық еседі, ендеше, медбике қарап болған болса психикалық сауықтыру орталығына апарыңдар, деп бұйрық берді толық жүзі жедел жәрдем көлігінің есігінен көрінбеген белігісіз мырза. Мен осының бәрін естіп тұрсам да ұқпаған пішінмен оларға қарағыштай бердім. Ойым сан-саққа бөлінді; «Олар сонда мені жынды деп ойлағаны ма. Тапқан екен әулекіні. Мен жынды емеспін. Мен әскерден бүгін ғана келдім. Үйге қашан жібереді, анам болса, ол күтіп қалды. Оған ертерек әкемнің тірі екенін, әрі отбасына қайта оралатынын айтып, сүйінші сұрауым керек. Бір күнде болған қос қуанышты көріп оның бақыттан басы айналатын шығар. Мына әпенділерден қалай да құтылу керек. Адамдарға не болған өзі, сау жүрген адамға өзді өзінен соқтығысып. Айналамыз есерсоқ жындыларға толып барады.  Мен емес нағыз жынды осылар. Не де болса мені біреумен шатастырып алған болса керек. Мені қайда апара жатыр? Жаңа ғана айтып еді, ұмытып қалғанымды-ай, ә! Ештеме етпес, бәрібір қашып шығамын. Аяулы анам, әскерден келе жатқан балаңызды екі жыл күттіңіз, енді сәл ғана шыдаңыз, алып-ұшып жетемін», деп ойлап отырып жүріп бара жатқан жедел жәрдем көлігінің алдыңғы айнасындағы өзіме қарап тұрған әкем бейнесіне көз салып бара жаттым. 

Нурбек Нуржанулы

Нурбек Нуржанулы родился 29 мая 1995 года в селе Акермен Меркенского района Жамбылской области. Окончил факультет журналистики КазНУ им. Аль-Фараби и магистратуру университета Ардахан (Турция). Финалист литературной премии Qalamdas, посвященной памяти Ольги Марковой, в номинации «Проза».

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon