Дактиль
Еркеайым Әлиасқар
Сегізінші ғаламшар. Сексен сегізінші жылдың алғашқы күндері. Әдеттегідей ерте тұрған Гүлбегім өз қызметіне кірісіп-ақ кеткен. Құбылнаманың бағыты «0-ді» көрсетпейінше Түйметемірмен бірге барлық түймешіктерді іске қосатын. Артынша гүлзардағы барлық гүлдерді суғарып, қауызын ашқанын күтетін.
— О-о-о, әне, бәрінен биіктеуінің қылтиғанын қарашы. Үнемі жақсылық жасауға асығып жүретін Елман секілді көңілі де, түсі де ақ, — деген Гүлбегімнің дауысы тым ерекше шықты. Сыңғырлай күлгені сол еді, тау етегіндегі сылдырлаған бұлақтар жамырай қосыла кетті:
— Біздің әлем — ең әдемі әлем...
Шынымен де, бұл сегізінші ғаламшар тұрғындары арасында алауыздық, жауыздық, алаяқтық, дұшпандық еш болмаған-ды. Көңілдері мен өмірлері гүл күлтесіне қатты ұқсайтын. Тәртіп сақшылары өз жұмыстарын түсбағдармен дәл келтірмейтін я кешіктіретін болса, тұрғындардың да бойынан өзгерістер байқалатын. Күн сәулесінің жетінші шуағы жерге тарай бастағанда гүл қауызын есік секілді кере сыртқа шығатын. Бәрі көңілді әрі бәрі күлімдей:
— Ғажап! Керемет! Күн қандай тамаша басталды!!!
Осы сөздерді қайталаған сайын сиқыры артып, бармақтай ғана болғандар лезде алып денелілерге айнала кететін. Сосын барып қана әрқайсысы өз жұмыстарына кірісетін. Бітімгер ешқандай дау шықпауын қадағалап, бейбітшілік орнатуға ат салыса айналасын қуанышқа бөлейтін. Білерменнің білмейтіні тіпті жоқ: қандай жаңа нәрсе болмасын игеруге тырысып, кітап оқудан еш жалықпайтын. Өзгелермен кездесе кетсе, білімге құштарлықтарын оятуға жанын салатыны бар. Қиялгер болса, армандаудың хас шебері еді. Онымен бірер минут тілдескендер өз қиялын өңінде көргендей күй кешетін. Сондай-ақ, Додагер, Елман, Сөзсардар, Қоршындар мен Сарғаскер өз істеріне асқан ұқыптылықпен қарайтын.
Шуақты күндердің бірі. Құлпырған адонистердің сол жағында жарық түспейтін қараңғы бір көше бар. Тұрғындарға белгісіз аймақ та осы. Ешкім бас сұқпайтын құжатханадан үлкен қара жәшік Орталық алаңға жіберілген еді. Ішінде үлкен әріптермен мынадай хат жазылыпты:
«Құрметті «Сегізінші ғаламшар» тұрғындары! «Он екі құрлық бірлестігінің» мақұлдамасына сай «Алтыншы иеліктен» Зауалгер, Дуайпат, Далбақайды осында жіберіп отырмыз. «Есімнамадағы» өлшемшарттарға сәйкес барлық құқықтары қорғалуын сұраймыз!»
Қызыл түске боялған аймақ жөнінде қауіп тез таралып жатты:
— Дабыл қағамыз! «Ғаламдық жылынуға» ұшырағандар тізіміне «Сегізінші ғаламшар» қосылды. Мұндағы жағдай тіпті қиын. Берекесі мен бірлігі келіскен мекеннің бүгінгі көрінісін барлауға жаңа жасақ та құрылды...
Оқиға былай болған: «Он екі құрлық бірлестігінен» Зауалгермен ілесе жаңа қоныс тепкендер арам пиғылдарын іске асыруда барынша тырысып баққан еді. Алғашқыда бәрімен тез тіл табысып, достасқан сыңай танытты. Олардың бар құпияларына қанық болды. Араз қылып, ортаға от салғандары сондай тіпті Бітімгер де ешнәрсе жасай алмады.
Аһ ұрғандар көбейе түсті. Гүлдер қауызын ашқанда оятқан Күн сәулесіне, қызметін атқарып жүрген Гүлбегім мен Түйметемірге ашулана шекесі тырысып, бұлқан-талқан болып оянатындарды, өз ісіне шалалықпен қарап, өзгелермен күндесетіндерді, жалқау, жауапкершілігі жоқтарды, өтірік айтатындарды көрген Зауалгер бастаған топ алақандарын сарт-сұрт соғып қуанатын. Дуайпат дөрекілікке үйретіп, көргенсіздігімен бәрін басып озса, екінші көмекшісі Далбақай әркімге бір өтірік сөз таратумен күнін өткізетін. Бәрін басқарып отырған Зауалгердің ниеті де, өзі де қара. Тіпті ол орналасқан гүл өзгенің бойындағы нәрін, құнарлылығын тартып алатын улы өсімдік. Гүлбегім күтім жасамаса да, өзгелермен қатар сыртқа шығатын. Алайда бойлары зұлымдықтарымен өлшенгендіктен, бармақтай күйінде қала берді.
Осындай алапестей таралған зұлымдық бірінен соң бірін жайпай бастады. Ашық түсті күлтелі гүлдерден гөрі күңгірт түстілер басым бола бастағанымен қатар айналаны арамшөптер жайлай бастаған-ды. Тұрғындардың біраз бөлігі кішкентай қалыпта қалды да, ғаламшар жұмысы бәсеңдеді.
Осылайша күн артынан тағы бір күн өтті. Елман шыдамай кетсе керек, жылдамдата жүре Орталық алаңға келді. Күзетте тұрған Сарғаскердің жанына барып:
— Құрудың аз алдында тұрмыз. Рухани құлдырап барамыз. Біз күткен күн осы ма еді?! Біз берген тәрбие, көрсеткен үлгі қайда қалды?! Ардақтайтын құндылықтарымыз тасада, бәрі ойына келгенін жасап жатыр.
— Құрметті Елман, болған оқиғаларға біз де куәміз. Шешімі жоқ екенін өзіңіз де біле тұра... — дей бергенде араға Білермен қосылды:
— Қызғылт түсті «Құпия қоржын» кітабына назар аударсақ, бұл мәселенің шешімі бар. Осыған дейін мұндай жағдай болмаған, алайда «Өлмесгүлден» емдік дәрі жасап, оны өзгелерге берсек, жағдай өзгерер...
— «Өлмесгүл» дейді, тағы «Құпия қоржынды» айтып тұрсың ба? Ха-ха! — Зауалгердің күлкісі алқапқа тарала түсті. – Қай ғасыр, қай заман, бұл кітаптың көмегі тиеді деп ойлаған сені «білгішпек Білермен» кім атайды?! — көзінің қиығымен бір қарады да, мысқылдай күле қағып-соғып өтіп кетті. Қызарақтай жан жағына қараған Білерменнің жанарында «кімге сенесіңдер?» деген сауал жатты. Жолдасының көрген-білгеніне сеніммен қарайтын Елман дауысын қаттырақ шығарып:
— Мен Білерменге сенемін! Қане, бізге жол көрсет. «Өлмесгүлді» табамыз.
— Әрине! – деген дауыс жаңғыра шықты. Артынша:
— Ымм, бірақ ол қауіп пен қатерге толы... Жолда қандай қиындықтар кездесерін тіпті білмеймін...
Айтқанынан қайтпайтын Елманды ешкім көндіре алмады, жанына Білерменді алып, таң атысымен жолға шығуға бекінді.
Өз ырғағынан жаңылмай Гүлбегім мен Түйметемір жұмысқа кірісті. Ал кезегін асыға күтіп отырған Елман мен Білермен гүл күлтесінен шыға салып «Жетіжұлдыз» бағытымен жаңа сапарға аттанды. Кешегі жиналыстан соң «Құпия қоржынды» ақтара карта тауып алған еді. Сол бойынша Мәңгітас аралынан «Өлмесгүлді» табулары керек.
— Сонымен, сенің айтқаның бойынша «Шаттық үштігінің» соңғы нүктесінде орналасуы керек қой, иә?
— Иә, оған жету оңай болмайын деп тұр. Тағы мына кітапта «адал ниет, жомарт көңіл, ақ жүрек, тек осылар бола алады шын тірек» деп жазылыпты, – деді де, сұқ саусағымен кітапты нұсқады.
— Не болса да, қалай болса да, «Ғаламдық жылынуды» жеңейік! Қара ниеттілердің сазайын берейік, – деген Елманның дауысы қатты шықты...
Жасыл кеңістік ақ түске бояла бастады. Айнала аппақ. Қыбыр еткен тірі жан көрінбейді. Әр жүрген сайын ғырт-ғырт еткен қар дыбысы естіледі. Сезіктене ақырын аяғының ұшымен жүрген екеуі айналасын жіті бақылап келеді. Мұндай ақ ұлпа қарды бірінші рет көрулері. Тоңа бастаған Білермен:
— Осы жерлерде құпия есік болуы керек еді. Мен білсем, бұл тұс «Мұзбел» деп аталады.
— Айнала тым тыныш. Күдікті деп ойламайсың ба? — дегені сол еді құлдырай төмен сырғанай бастады. Қатты жылдамдықпен жоғарыдан түскен екеуі қап-қараңғы әрі сұп-суық жерге топ ете қалды.
— Біз қайда келдік? Неге ешнәрсе көрінбейді? — дегендері сол еді, айналасына қызыл түсті сәулесін шашқан бойы ұзын, сәл роботқа ұқсайтын, бірақ көзінде бір жарқылы бар біреу кіріп келді.
— Мұзды өлкенің жаңа тұрғындары ма? Көптен бері аяқ баспаған мекенге не айдап әкелді сендерді? — деген сәтте қызыл түсті көзі тесіп жіберердей жарқ ете қалды.
— Іім, біз... «Өлмесгүл»... сосын «ғаламдық жылыну»...
— Бұл мекенге кірген адам кері шықпайды... — дей бергенде сөзге Елман араласты:
— Ғафу өтінемін, сөзіңізді бөліп жіберсем. Алайда, біз шынымен жойылудың аз алдында тұрмыз. Біз ардақтайтын құндылықтардың құны жоғалды. Тұрғындар жамандыққа бет бұра бастады.
— Тұрғын, құндылық, жылыну — мені бірде біреуі қызықтырып тұрған жоқ. Осында қаласыңдар да, өмір бойына маған бағынатын боласыңдар. Мен осы шаһардың жалғыз билеушісімін, аа, жоқ, бүкіл әлем менің қармағымда! Хе-хе! Бүкіл әлем!
Осылай қатты күлген оның дауысынан қар көшкіні басталып кетті. Айналадағы қарлардың бәрі қозғалуда. Әлгі үшеуі қаша бастады. Жарықтан жылдам болғандықтан ба әлде үнемі «рақмет», «жақсы» деген сөздері жиі қайталағаннан ба, күнде күлімдей тұрғаннан да болар, Елман мен Білермен әп-сәтте тысқа шығып үлгерді. Ал өзін бар әлемнің билеушісімін деп есептеген Аязтай еш жерден көрінбейді.
— Қап, іште қалып қойды ма? Құтқарайық! — деп келіскен екеуі қанша қиын болса да, Аязтайды қар құрсауынан шығарып алады. Суықтан қызарды ма екен әлде ұялғаннан, біраз үнсіздіктен соң Аязтай сөз бастады:
— Кешірім өтінемін! Бастарыңды бәйгеге тігіп, мені өлімнен құтқарып қалғандарыңа алғыстымын! Сосын.. сосын менікі дұрыс емес болғанын түсініп отырмын. Неге сонша салқынқанды болып кеткенмін?! Менің достарым, халқым менің суық мінезіме шыдамай мені тастап кеткен екен ғой, – дей бергенде, заһар шашып тұрған қызыл көздері көк түске боялды да, жас аға бастады.
Білермен ойланып тұрып:
— «Жүректі жылылық ордасы» деп бекер айтпайды ғой. Жүрек бар жақсыға бастау болады. Қатыгездік бойды билесе, жүрек шамының әлсіреуінен.
— Сендерге жолды айтайын. Қазір Мұзтаудан өтсеңдер, көк түске боялған қақпаны көресіңдер, іздегендерің сол жақта шығар...
Қол алысып қоштасқан олар бір-біріне «мәңгілік қардай аппақ, таза, мейірімділікті» тіледі.
— Естідің бе?
— Нені?
— Біреу ән айтып жатыр ғой деймін, уілдеген дыбыстар шығып жатыр, — деп өзара күбірлесе сөйлескен Елман мен Білерменнің көңілдері көтеріңкі еді. Мұзбелдегі оқиғаларды күлімдей еске алып, Аязтайдың айтуымен басқа жерге келген де еді.
Айнала тым қызық. Сегізінші ғаламшар сияқты емес, бәрі сұр түске боялғандай.
— Картаға қарасам, бұл жер «Желқуар» деп аталады. Егер сөйлейтін кітапқа сенсек, бұл аймақта көптен бері «түрлі түстен» бейхабар. Оның себебі, ашық түстерді өзінен өзі жоғалып кеткен. Сондықтан да, ешкім тұрмайтын өлі мекенге айналған.
— Өкінішті екен. Енді біз келесі есікті табуымыз керек.
Айналаны шолып өткен екеуі тек жалғыз ағашты байқады. Жанына барып қараса, әлгі ағаш сөйлей жөнеледі:
— Сегізінші ғаламшар тұрғындарысыңдар ғой иә? Мен білсем, өзін тым ақылды санайтын Білермен және әліне қарамай бәріне көмектесіп жүретін Елман, — деп екеуін тамырлары адырайып, бір жапырағы жоқ бұтағымен нұсқайды.
— Армысыз?!
— Сәлеметсіз бе?! — деп жамыраса амандасқан екеуіне таңдана қарап қалған болса керек, біраз уақыт үнсіздік орнады. Өлі тыныштықты Елман бұзды:
— Әлемдеріңіз көңілсіз сұр түсті болғанымен, сіздің осында болғаныңызға қуанып тұрмыз. Бізге жол көрсетіп жібере аласыз ба?
Тағы да әжімдене бастаған ағаштың жүзінен әлдебір мұң байқалғандай болды, тағы да үнсіз қалды.
— Сіз білмейтін боларсыз, сонда да рақмет сізге! — дей бергенде әлгі ағаштың бір жапырағының түсі жасыл түске бояла кетті. Бәрі таңғалса да, сөз бастап сұраудан ұялып, үнсіз тұрған еді. Кенет ағаш әңгімесін бастап кетті:
— Негізінде менің есімім Жанағаш. Бұл жер бұрын ондай сұрықсыз емес еді. Керісінше әдемілікке толы болатын. Мен осы мекенде жүрек қызметін атқарамын. Құрдымға кетер алдында тұрғындар кілт өзгеріп, мінездері құбыла бастады. Ауыздарынан жақсы сөз шықпауға айналды. Күн өткен сайын әрбір түс өзінің маңыздылығын жоя бастады. Аз ғана мерзім ішінде бәрі сұрға боялды. Ал сендердің бірер ауыз жақсы ниеттерің менің бойымдағы нәрімді қайтарғандай болды. Өзімді жақсы сезінгенім сондай – жапырақтарым қайта қалпына келді. Қандай керемет сезім!
— Мәселенің бәрі ниетте екен ғой...
— Қараңыздар, әне, аспан көк түсін қайтарыпты.
— Бұлттар да ақшыл көйлегін киіп алғандай...
— Сендерге рақмет, Сегізінші ғаламшар тұрғындары!
— Жол көрсетіп жібере аласыз ба? біз Мәңгітасты іздеп жүр едік, — деп Елман іске кірісті.
— Мәңгітас?
— Иә, иә. Біз сол жерден «Өлмесгүлді» табуымыз керек.
— «Өлмесгүл»? — Жанағаштың дауысы таңдана шықты.
— Бұрын естімеп пе едіңіз?
— Ондай мекен жайлы сендерден алғаш естуім... Көмектесе алмағаным қандай өкінішті!
— Жарайды, ештеңе етпес. Бір амалын табармыз, — деп мұңая артқа қайтуға бел байлады.
Сегізінші ғаламшар қақпасының жанына келгенде:
— Әттеген-ай! Дым бітіре алмай келе жатқанымызды қарашы! – деп Елман жанындағы досына қарады. Білермен де айтарға сөз таппай, «Құпия қоржынды» қайта ашып оқи бастайды. Кенеттен:
— Таптым! Алақай!
— Нені таптың?
— Жұмбақтың жауабын. «Өлмесгүлдің» не екенін...
— Шын ба? Шын ба? — деп өз құлағына өзі сенбей қуаныштан көзінен жасы ыршып шыққан Елман:
— Әйтеуір, таптық... Айтшы онда, Мәңгітас қайда екен?
— Біздің жүрегімізде.
— Ол қалай? Қазір бәрін түсіндіремін. Ол үшін алдымен ішке кірейік.
Екеуі қақпаны айқара ашып, ішке кіреді. Жағдай әлдеқайда нашарлап кеткен. Бәрін Орталық алаңға жинап, Білермен сөзін былай бастайды:
Жүрегіміз — біздің Мәңгітасымыз. Ал жүрегіміз құндылықтармен толтырылса, «Өлмесгүліміз» жоғалмайды. Естеріңізде ме, біз әр таң сайын «рақмет» айтып, күлімдеп жүріп, бір-бірімізге жылы сөйлейтінбіз. Үнемі жақсылық жасауға асығатынбыз, әрдайым адамгершілік сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатынбыз. Адалдық біз үшін бірінші орында еді. Ал қазір, не өзгерді?
Бір Сарғаскер орнынан жылдам тұрып:
— Бәріміз өзгердік. Маған дөрекілік танытса, мен неге танытпауым керек? Маған ешкім көмектеспе, мен көмектесіп әуре болғаным дұрыс емес қой, – дегенде басқа тұрғындардың бәрі жамырап қостай кетті.
— Бір керемет сөз оқыдық. Бұл сөздер барлық сұрағымызға жауап бола алады: «адал ниет, жомарт көңіл, ақ жүрек, тек осылар бола алады шын тірек». Сіз қандай болсаңыз, айналаңыз да соған икемделеді. Мәңгітасымыз тек «Өлмесгүлден» тұрсыншы...
Өз істеріне өкінген Зауалгер бастаған топ бәрінен кешірім сұрап, жүректегі ең жақсы құндылықтарды өлтірмеуге уәде беріпті...
— Сіздермен бірге «Он екі құрлық» радиосы. Бүгінгі жаңалықтарда «Сегізінші ғаламшар» тұрғындарының жетістіктерін бірге еститін боламыз...
Еркеайым Әлиасқар — 1999 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Шырғанақ ауылында дүниеге келген. Мамандығы — филолог. Оқушы кезінен аудандық, облыстық, қалалық, республикалық байқауларға қатысқан. Түрлі басылымдарға әңгіме мен мақалалары жарық көрген. 2019 жылы «Астана кітап» баспасының ұйымдастыруымен өткізілген Республикалық «Жас қаламгер» атты студенттер арасындағы балаларға арналған әңгіме жазу сайысының аймақтық кезеңіне қатысқаны үшін І дәрежелі дипломмен марапатталған. 2021 жылы жазушы Сайын Мұратбековтың 85 жылдығына орай өткізілген «Жусан иісі» Республикалық әдеби байқауында әсерлі әңгіме жазып, «Арнайы жүлдеге» ие болған. Мақсаты — қазақ әдебиетінің дамуына, қазақ тілінің мәртебесінің жоғары болуына өзіндік үлес қосу әрі балалар мен жасөспірімдерге арналған, әлем оқитындай қазақтың «Хәрри Потерін» жазу. Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Балалар әдебиеті» аталымында.