Айгерім Нұрмағамбетова

826

Өзге ғаламшарлық пен достарының шытырман оқиғалары

Ғажайып шар

Оқу жылы енді аяқталған еді. Балалар жазғы демалысты асыға күтті. Себебі әкелері армандаған «жылжымалы үй» сатып алды. Яғни, саяхаттауға арналған көлік енді үйдің алдында тұр. Балалар арқа сөмкелерін жинап, дайындағанына біраз болды. Бала деген шыдамсыз келеді, иә? Осы жазда әкесі мен анасы еңбек демалысын алып, жаз бойы Көкшетау өңірін аралап, балаларға туған жерімен таныстырмақшы еді.

Ғасыр саяхатын күтіп жүрген осындай сабырсыз бір күні 10 жасар Махмуд, 8 жасар Зере мен 4 жасар Мансұр уақыт өтсін деп, үй жақтағы орманға серундеуге шықты. Мамырдың соңғы күндері әлі қатты ысыған жоқ еді. Балалар ағаш тамырларын зерттеп, жәндіктерді тамашалап жүрді. Әрине көргендерін смартфонға суретке түсіріп, тик-токқа видео салып үлгерді.

Кенет айнала тастай қараңғы болды. Күннің сонша тез батуы мүмкін емес еді. Балалар қорқып кетті. Махмуд бауырларын шақырып, сабырлық сақтауға тырысты. Бірақ ол да іштей қатты үрейленді:

 Тез маған келіңдер! Қорықпаңдар!

Құлақтарын жаратындай қатты дыбыс естілді. Балалар құлақтарын жауап, жерге жата қалды. Дыбыс жоғалып, анадай жерде бірдеңе жарқ етті де, қараңғылық сейілді. Балалар түк түсінбей бір-бірлеріне қарап тұрды. Кішкентай Мансұр:

  Аға, үйге кетейікші!- деп көз жасына ерік берді.

  Қазір барамыз, жылама.

  Уау! Мынау не! Зеренің таңқалған дауысы ұлдардың назарын өзіне бұрды. Ол ағаштың жанындағы кішірек көк шарға қарап тұрды. Шар ауыр сияқты, себебі түскен орны ойылып кетіпті. Бірақ үлкен емес. Шар мыңдаған кристалдардан құралғандай жарқ-жұрқ етеді. Биіктігі Махмудтың бойынан аласа.  Шардан біртүрлі дыбыстар шығып тұрды.

  Жүр, жанына барайық! Зере қызығушылығын баса алмай тұрды. Ол өзі сондай қайсар, батыл қыз болатын. Ал Махмуд үйдің үлкені болғасын, бауырлары үшін жауапкершілік сезініп, оны тоқтатуға тырысты:

Барма! Тұр орнында! Тыныш! Анажан айтып еді ғой, бірдеңе болса хабарласыңдар деп. Мен телефон соғам, - деді де телефонды қалтасынан алып шықты. Анасының номерін теріп еді, телефоннан қысқа дыбыс шықты да өшті. Байланыс жоқ.

Жоқ, күте тұр, хабарлапашы! Олар сосын келіп бізді алып кетеді. Біз мына шардың не екенін білмей қаламыз ғой. Өтінем, аға, хабарласпашы! Не екенін көрейік! Егер қауіп сезсек, бірден телефон шаламыз! – Зере келісім жүргізудің, айтқанын істеткізудің шебері еді. Ағасы «жарайды» деген белгі бергендей, көзін бір төңкерді де:

Байланыс онсыз да жоқ. Мынау шардың кесірінен болар. Мен өзім жақындаймын! Сен Мансұрдың жанында тұр! – деп, аяқтың ұшымен ақырын басты. Қатты қорқып тұрғанын білдірмеуге тырысты. Бір жағынан қорқыныш, екінші жағынан қызығушылық, сонымен қатар «ата-анам білсе, қапаланады» деген ой кішкентай ержүрек ағаны қатты мазалады. Осындай ойлармен дірілдеген қолын шарға соза бергенде, тарс еткен дыбыс естіліп, шардан түтін шыға бастады. Балалар айқайлап жіберді. Махмуд қарындасы мен інісін кері тарта бастады. Сол жердегі ағаш тамырының түбіне жасырынып қалды. Тыныштық орнағанда қызығушылық жеңіп, балалар ақырын не боп жатқанын көруге тырысты.

Міне ғажап!

Тш!

Аға, бұл кім? Ол не?  

 

 

Бұл кім? Ол не?

 Аға, бұл кім? Ол не?

 Білмеймін... Тшшш...

 Мама! Мен қорқам!

Балалардың көздері шарадай. Олар ғажайып көрініске куә. Өз көздеріне өздері сенбей, тыныс ала алмай тұр. Шардың қақпағы ашылып, ішінен бойы 4 жасар Мансұрдай, жасыл түсті, көзі үлкен, құлағы антенна сияқты, екі саусағы ұзынша келген біреу шықты. Ол айналаны бір шолып, балалар тығылып тұрған жерге көзін тоқтатты. Белгісіз бір тілде тез-тез дыбыстар шығара бастап, анық қазақшалап:

Мен сендерді көріп тұрмын! Сәлем, Жер тұрғындары! Менің атым 121418. Мен Макемаке ғаламшарынан келдім. Кел, қорықпа, танысайық!  деді.

Балалар бір-біріне таңдана қарады. Өз көздері мен құлақтарына сенбеді. Мансұр шыдай алмай өкіріп жылап жіберді. Махмуд:

Бұл мүмкін емес. Бұл Әділет шығар, бізге пранк жасап тұрған. Әділет, бұл сенсің! Мен білем! Бетпердені шеш!

Аға, Әділет болса, бойы ұзындау болар еді ғой... деп Зере күмәнданып үлкен тамырдың ар жағынан басын шығарды.

Жасыл жаратылыс балаларға қарай қадам басты. Балалар шыңғырып, бір-бірінің қолдарынан ұстап, қаша жөнелді. Жасыл жаратылыс та соңдарынан қалар емес.

Мен доспын! Тоқтаңдар!

Балалар да қашып шаршады ма, қызығушылық басым болды ма, әйтеуір тоқтап, артқа қарады.

Сен адам болмасаң, біздің тілді қайдан білесің? – деді Махмуд. Ал Зере мен Мансұр ағасынын артына тығылып тұрды.

Біз ғаламшарларды аралайтын зерттеушіміз. Біздің нәсіл қай ғаламшарға барса да, солардың тілін бір сәтте меңгеріп алады.  

Сен қауіпті емессің бе?

Жоқ. Мен зорлық жасамаймын. Бұл біздің жаратылысымызға қарсы. Біз – зерттеушіміз.

Сен бұнда қалай, қайтіп келдің?

Мен өз тобыммен бірге Сириус ғаламшарына бара жатқан едім. Менің көлігім істен шығып, мен Жерге құлап түстім. Менің көлігіме қанатты бірдеңе соғылды. Мен оның не нәрсе екенін сканерлеуге үлгермедім. Содан ұшатын шарым, Жерге түсті.

Аласа бойлы жасыл өзге ғаламшарлық шын айтып тұрған сияқты. Балалар әлі де жанына жолар емес. Қауіптенеді. Бірнеше секундқа тыныштық орнады. Кенет телефон шырылдады. Балалар селк етті. Қоңырау шалып жатқан балалардың анасы екен.

  Иә, анажан, бәрі жақсы... Қазір келеміз. Ормандамыз... Махмуд қобалжуын басуға тырысып, асығыс жауап берді.

  Зере, келші бері. Әңгіме бар, - деп ол бауырларын оңашаға алып кетті.

Енді мынаны не істейміз?

Видеоға түсіріп, тик-токка салайық, миллион қаралым жинаймыз! Зеренің көзі жайнап кетті. Махмудқа бұл идея аса ұнамады. Ол жуырда адамдардың сирек кездесетін жануарларды қалай жоқ қылғаны туралы видео қараған еді. Бұл ғажайып қонақ туралы жұрт білсе, оған тыныштық болмайтынын білді де, шешімін айтты:

Жоқ! Оны жария етуге болмайды. Біз оны жасырып қоямыз. Ешкімге көрсетпейміз.

Ту-у-уф... Миллион қаралымым-ай, шіркін... Ал Мансұр ше? Ол айтып қояды ғой?

Мансұр кішкентай, оған ешкім сенбейді. Мультиктен көргенін айтып жатыр дей саламыз....

Үлкендер өтірік айтқанымызды білсе... Зере бұл жаңалықты жасырғысы келмеді.

Айтамыз. Бірақ қазір емес…

Балалар өзге ғаламшарлыққа бұрылды. Ол көбелекпен ойнап тұр екен. Сыртынан қарағанда жаңа жылдық костюм киіп алған балаға ұқсайды. Әлде бала ма? Бірақ сөйлеген сөзі 4 жасар  балаға ұқсамайды.

Эээ, атың кім еді? Номір...

121418.

Иә, 1214... саған жасырыну керек. Адамдар сені көрсе, тыныш қалдырмас. Білесің бе?

Өкінішке қарай, білемін. Біз зерттеу жұмыстарымен бірнеше рет Жерге келіп қонаған едік. Бірақ адам нәсілі бізден қорқып, шабуыл жасады. Адамдар басқа ғаламшарлықтарға еш ұқсамайды. Бір жағынан сондай мейірімді, бір жағынан қатігез. Түк түсінбедім. Сондықтан біздің басшымыз Жерге экспедицияларды 1000 жыл бұрын тоқтатқан болатын.

121418, сен өз көлігіңде қала аласың ба? Ертең бір шешімін табуға тырысамыз.

Иә, қала аламын. Ұшатын шарды жөндеуге тырысамын.

Жақсы. Ендеше біз шарды ағаш бұтақтарымен жасырып қоямыз.

Балалар шарды ағаш бұтақтарымен, жапырақтармен, топырақпен жасырып қойды да, үйлеріне оралды.

Үйге келіп, ешкімге тіс жармады. Мансұр ұшатын шар, өзге ғаламшарлық туралы айтып, ата-анасын біраз күлдіртіп, ерте ұйықтап қалды. Зере мен Махмуд біразға дейін үнсіз болды.

  Аға, ұйықтап жатсың ба? Зере ақырын басып кіріп келді.

Жоқ әлі...

Біздің көргеніміз түс емес пе? деді Зере күмәндана.

Бірдей түс көрмейтін шығармыз, Зере?!

  Білмеймін ғой... Шынымен өзге ғаламшардан келді ме, қалай ойлайсың?

Мүмкін... Аллах Тағала 18 мың ғаламды жаратты дейді ғой. Біз бізден басқа тағы кімдер бар екенін білмейміз...

Тезірек таң атса екен, оны қайта көргім келеді.

Мен де...

 

 

Жасик

Зере көзін аша сала, ұлдардың бөлмесіне асықты. Есікті ақырын ашып еді, ноутбуктың пернелеріне басқан дыбыстарды естіді. Махмуд оянып алыпты. Төсекте отырып, экраннан бірдеңе оқып жатыр.

Аға, ерте тұрыпсың ғой. Не істеп отырсың?

Қайырлы таң! Мен кешегі өзге ғаламшарлықтың айтқаны рас па, соны қарап жатырмын. Тыңдашы, Макемаке ғаламшары шынымен бар екен. Ғалымдар оны 2005 жылы ашыпты. Ол кішкентай планетарлардың қатарына жатады. Сфера сияқты дейді. Бірақ алыс орналасқандықтан, әрі жылжымалы болғандықтан аз зерттелген. Уау! Ғажап! Зере, біз әлем ғылымында болмаған бір жаңалықтың куәгеріміз!

Тез-тез жиналып, таңғы асымызды ішейік. Ормадағы түн қалай өтті екен? Ал бұл біздің түсіміз боп шығып, орманда ешкім болмаса ше? – Зере әлі де өз-өзіне сенімсіз еді.

Балалар таңғы аста әркім өз ойларына шомып отырды. Мүмкін шынымен бұл бала санасын алдаған қиял шығар. Олар бір-бірінін айтқанына сеніп, ортақ бір ертегі әлемін ойдан құрастырған болар...

Зере, кеттік! Махмуд орнынан тез тұрып, есікке қарай жүгірді.

Балам, қайда асықтың? Түк жемедің ғой? анасы не болып жатқанын түсінбеді.

Махмуд аяқ киімін киіп жатып:

Қазір келеміз... Зере, болшы...

Туф, енді демалыста мына балаларды үйде ұстай алмайсың... деп анасы бұндай қылыққа разы емес екенін білдірді.

Ағасы мен қарындасы орманға қарай жүгірді. Кешегі жағдай түс пе, әлде шынайы ма соны білудің бір-ақ жолы болды – сол орынға қайта бару.

Бұл түс емес! Шар орнында! Зере қуаныштан айқайлап жіберді.

Тшш, біреу естіп қоймасың!- Махмуд жан-жағына қарады да, Біреу-міреу көріп қояр, деді.

Шардың есігін ақырын ашып, ішіне қарады. Өзге ғаламшарлық бір құрылғыны қопарып отыр екен. Бұл ұшатын шардың моторы болар. Балаларды көрді де белгісіз тілде былдырлап, қазақша сәлемдесті:

Сәлем, достар! Мен сендерді күттім. Бағыт көрсететін құрылғым істен шығыпты. Соны қарап жатыр едім.

Өзге ғаламшарлық шардан шығып, жасыл шөпке отыра қалды.

Мен сендерді қалай атаймын?

Менің атым Махмуд!

Ал мен Зеремін!

  М-Махмуд, З-Зере. Ал тағы бір Махмуд қайда?

  Қандай Махмуд? Сені біреу көрді ме?

  Сендердің жанында болған кішкентай Махмудты айтамын.

Балалар күліп жіберді.

  А-а-а... Ол Махмуд емес, ол Мансұр ғой, біздің бауырымыз. Оны үйде тастап кеттік.

Сендердің атауларын қызық екен, бәрін есте сақтау қиын шығар. Бізде бәріміздің атауымыз 1214 басталады да, тек соңғы сандары бөлек болады.

121418, біз де саған ыңғайлы ат қойсақ қалай болады? Санмен шақырған біртүрлі екен...

Жарайды, қандай атау?

Майкл?

Жоқ!

Жасик?

Неге Жасик?

Себебі сен жасыл түстісің, саған «Жасик» деген жарасатын сияқты.

Ж-Жасик... Жақсы, мен Жасикпін.

Балалар жаңа достарын ортаға алып, оның келген жағы туралы, нәсілі жайлы сұрады. Жасиктің ғаламшары кішкентай болғандықтан, жеңіл. Содан ұшатын жұлдыздар мен астероидтар оны орнынан қозғап жібереді. Оның нәсілі басқа ғаламшарларды зерттеумен айналысады. Олардың ақпаратты жинап, сақтайтын арнайы құрылғылары бар. Олар дәннен пайда болады екен. Бақша сияқты үлкен алаңда макемакелықтар алғашында дән болып, сосын арнайы капсулада өседі дейді. Бірден бәрін біліп жаратылады. Олар ештеңемен қоректенбейді, ұйықтамайды да. Міне ғажап!

  Балалар ауыздарын ашып, аң-таң болып отырғанда телефон шырылдады. Үйдегілер іздеп жатыр. Олар жаңа досының жанында уақытты да ұмытып кетті. Үйге түстенуге барып, қайта келетін айтты.  Осылай  адам сенгісіз достық пайда бола басталды.

 

 

Маңызды шешім

Жаз басталғалы орманға келушілер көбейді. Жасикті де, оның ұшатын шарын да орманда қалдыру енді қауіпті. Себебі адамдар Жасикті ұстап, оны зертханаға апарады, шарды бөлшектеп қопарады. Жасикке маза бермей, оны мұражайға, не хайуанаттар бағына апаруы мүмкін еді. Балалар бұл туралы кинодан білетін. Кино ойдан құрастырған болса да, адамдардың әрекеті белгілі еді.

  Сонымен Махмуд пен Зере Жасикті үйге әкелуге ұйғарды. Түскі тамақтарын ішіп, олар сыртқа асықты.

Мен де барамын! Мансұр аяқ киімін киіп алып, дайын тұр екен. Балалар орманға қарай беттеді. Махмуд:

Мансұр, сен жылама, тыныш жүр. Қазір біз мультик көреміз. Бірақ ол мультфильмде біз де боламыз, деп інісін алдауға тырысты. Бірақ 4-жасар Мансұр осал емес:

Аға, мультик тек теледидарда болады. Өтірік айтуға болмайды! Біз көк шардың жанына бара жатырмыз ғой, деді.

Махмуд пен Зере бір-біріне қарады да, күліп жіберді. Олар Жасикті ересектерден барынша қорғауға бекінді. Сондықтан кішкентай Мансұрды қиял әлеміне сендіруге тырысты. Бұл іс қалай болады екен?

Өзге ғаламшарлық бос уақытын не шарды жөндеуге, не айналаны тануға пайдаланады. Ол балалардың келе жатқанын анадай жақтан көрді де, екі саусақты қолын жоғары көтерді:

Мына орманның ауасы өте жұмсақ, маған ұнады, деді.

Иә, біздің Көкшетаудың ауасы жанға дауа,  дертке шипа дейді үлкендер. Себебі бұл табиғаты таза жер, Махмуд терең тыныс алып, үлкендер сияқты айналаға шабыттана көз тастады.

Таза деп айта алмаймын, Жасик шардың ар жағындағы бір төбе қоқысты көрсетті. Кешеден бері қаншама артық зат тауып, жинап қойдым. Шарды жөндеуге жарап қала ма деп бірдеңе іздеуге тырыстым. Бірақ айнала сусынның құтысына, целлофан, қағазға толы екен.

Адам қолданғанын қайдан білесің? Зере өзге ғаламшарлыққа сынай қарады.

Біз сендер сияқты мектепте оқымаймыз, көп ақпаратты туа сала беріледі. Бірақ айналадағы галактиканы зерттейміз. Әр ғаламшардың тарихын, сол жерді мекендейтін нәсіл туралы көп айтылады. Жерде адамдардың қалай өмір сүретіндігі жайлы жалпы хабардармын. Бұл жануарлардың қалдығы емес...

Жарайды, қоқысты қоя тұрайық. Біз сені үйге апарамыз. Бірақ сен ересектерге көрінбеуін керек. Сені өз бөмеме тығып қоямын, деді Махмуд. Бұл ой Зереге ұнамады:

Аға! Біз былай келіспеп едік. Сен оны менің бөлмеме жасырамыз дедің ғой!

Зере, қойшы. Қазір сөз таластыратын кез емес. Үйге барып алайық, көреміз.

Жоқ! Сен маған оны ТикТокка түсіруге рұқсат бермедің. Менің бөлмемде болмаса, мен үйдегілерге айтып қоямын, деп бопсалады.

Жарайды! ағасы көзбен атты да, Жасикке бұрылды:

Жасик, мынау шарды біз анау шұңқырға тығып, үстін осы қоқыспен жауып қояйық. Сонда ешкім бұнын не екенін байқамайды. Мен саған Мансұрдың киімін алып келдім. Осыны киіп, біздің үйге барамыз.

Киім? Ол не? Не үшін керек?

Мынау біздің киіміміз. Біз оны киеміз, кірлегенде, ауыстырамыз.

А-а-а, мен ойлап қоямын кеше басқа түсті болып еді ғой деп.

Жасик, сен адамдар туралы бәрін білемін деп едің? Зере тағы күмәнданып қалды.

Иә, жалпы мәлімет бар. Адам Жер тұрғыны. Ол жұмбақ жаратылыс. Адам Жер ресурстарын тек өздерінің көптеген қажеттіліктері үшін қолданады. Бірақ адамның өмір сүру салтын мен аса білмеймін. Басшымыз бұл жайында айтқан жиналыстарға мен бармаған едім. Себебі Жерге ешқашан бармаймын деп ойладым.

Сонымен Балалар Мансұрдың киімін өзге ғаламшарлыққа кигізді. Дәл бір балақайға айналды.

Қалай, ыңғайлы ма?

Иә...

Сен кәдімгі баладан ажырата алмастай болдың! Тамаша! Кеттік.

Күн қызарып баттып бара жатты. Төрт сұлба қырдан түсіп, қала шетіндегі үйлер жаққа беттеді. Олар ертең тағы қандай шытырман оқиғаға тап болатынын айтып күліп келеді.

 

 

Енді не істейміз?

Демалыс күні еді. Жасикті тығу оңай болмады, себебі ересектер үйде, әрі қонақ шақырыпты. Балалар өз қонағын бөлмеде қалдырып, анасына дайындалуға көмектесіп жүр еді. Бір уақытта анасының шыңғырған дауысы естілді. Отағасы мен балалар дауысқа жүгіріп барды. Аналары Зеренің шкафын екі қолмен жауып, арқасымен тіреп тұр. Оның қорқып тұрғаны белгілі еді. Махмуд пен Зере бір-біріне қарап қалды.

Не болды? Неге айқайладың? әкелері не болғанын түсінуге тырысты.

Білмеймін.. Бұл қуыршақ емес.. Бұл робот емес... Шкафта бірдеңе бар... – аналары Жасикті тауып алған екен.

Кәне былай тұршы! әкесі қолына түскен сырыпғышты ұстап, шкафтың есігін ақырын ашты.

Астапыралла... Бұл не? ол таңданысын жасыра алмады.

Сәлем, достар! Мен өзгеғаламшарлық... Жасик сөзін аяқтағысы келіп еді, ересектер балаша шыңғырып, шкафтың есігін жауып қойды.

Терең тыныс алайық! Бәрі жақсы... әкесі сабырға келуге тырысты, балалар бөлмеден шығыңдар. Мында бір белгсіз жануар кіріп кетіпті, оны дереу шығару керек.

Әкесі, бұл нәрсе жануарға мүлде ұқсамайды...

Әке, анажан... Махмуд жағдайды ушықтырмай, бар батылдығымен бәрін ашып айтуға дайын.

Бұл Жасик, ол өзге ғаламшарлық. Ол Макемаке ғаламшарынан келді. Оның ұшатын шары бұзылып, ол жерге түсіп кетті. Біз оны тауып алдық, ол біздікі! Махмуд ауызын ашуға үлгергенше, Зере тоқтамай бәрін жайып салды.

Не?! Сандырақтамаңдар! Қайдағы жоқты айтпаңдар! Сендер мультфильм көп көріп қойған сияқтысыңдар! Қой, мынау вай-файды өшіре салу керек... анасы бұл әңгімеге сенбеді.

Махмуд  бір сәттің ішінде шкафтың жанына барып, есігін ашып, Жасикті шығарып алды. Ата-анасы ауызын ашып отыра қалды. Махмуд:

Қорықпаңыз! Ол зиясыз! Ол өте мейірімді! Мен бәрін түсіндіремін! деп асыға сөйледі.

Сәлем, достар! Менің шын атым 121418, бірақ балалар мені Жасик деп атады. Мен Макемаке ғаламшарынан келдім – деген ғаламшарлықтың айтқаны ересектерді есеңгіретті. Үлкендер біресе балаларға, біресе «қонаққа» қарап, екеуі бір уақытта:

Ас үйге жіріңдер! Сөйлесеміз! деп салқын үн қатты да, шығып кетті.

Сен мында отыра тұр, қазір келеміз, деп, ата-ансының соңынан ерді.

Ас үйде дөңгелек үстелдің басында жиналғандар бірнеше секунд үнсіз отырды. Әкелері тыныштықты бұзып:

Не болып жатқанын маған кім түсіндіргісі келеді?

Әке, шын сөзім. Біз оны тауып алдық. Ол басқа планетадан келді. Оның ұшатын шары бұзылып қалды.

Жасикті адамдарға көрсетуге болмайды. Адамдар оны зертханаға қамап, жаман нәрселер жасайды. Сондықтан біз оны үйге әкеп жасырып қойдық. Ол ұшатын шарын жөндегесін қайта ұшып кетеді.

Бұл әңгіменің шын екенін сезген ересектер біраз ойланып қалды. Әкесі

Жарайды, бұл шындық дейік... бірақ бұл мүмкін емес... Бұл адам сенгісіз жағдай ғой... енді не істейміз?

Аа-х, қонақтар... Қонақ келетін уақыт боп қалды... Енді не істейміз? анасы да не істерін білмей екі қолмен басын ұстады.

Жарайды. Болар іс болды. Жа... ананы бөлмеден шығарушы болмаңдар! Қонақ тарағасын не істейтінімізді шешеміз! Ал сен екеуің енді шығу, телефон дегенді біразға дейін ұмытыңдар! – деп әкесі қатал ескерту жасап, балаларды бөлмесіне жіберді.

Махмуд пен Зере бұл жазаға бұрынғыдай еш қапаланбады. Қайта қуанды деуге болады. Себебі олардың өмірі енді телефонсыз-ақ та қызық – оларда Жасик бар...

 

 

Жаңа отбасы мүшесі

Таңертең балалар асқа үндемей келіп отырды. Ата-анасының қабағын бағып, олардың шешімін күтті. Олар Жасикті зертханаға апарса, балалар не істейтінін ойластырып, бас қатырды. Үйден қашып кетсек қалай болады деген ой да болды.

Үстел басында тыныштық орнады. Әркім алдындағы астан алып, артық дыбыс шығармады. Ыдыстарды жинап болғанда, әкесі:

Ал енді бізге басынан бастап бәрін айтып беріңдер, деді балаларға қарап.

Махмуд пен Зере орманға барып, шардың жерге қонғаны туралы, бәрін-бәрін айтып берді.

Өзге ғаламшарлық әзірге бізде қалады, әкесі шешім шығарды. Бұл кезде балалар іштегі қуанышын шығара алмай, жарылайын деп әзер отырды.

Біз оны ешкімге көрсетпейміз. Шарын жөндеуге көмектесіп, тезірек келген жағына жібереміз. Бұл біздің жанұялық құпиямыз болады, ал енді өз бөлмелеріне барыңдар! әкелері қатал болып көрінгісі келді.

Балалар секіріп, әкесі мен анасын құшақтап, бақыттан шыр көбелек айналып, бөлмелеріне жүгіріп кетті.

Ересектер неге осындай шешім қабылдады? Себебі шынымен де, өзге ғаламшарлықтың Жерге келіп қонуы адамдардың арасында сенсация болушы еді. Оны зерттейміз деп, не істейтіндері белгісіз. Әрі отбасыны да сұрақтың астына алып, әрі-бері шақыртып, тыныштықты бұзады. Сондықтан ата-анасы    қонақты жасырған әлдеқайда тиімді деп, оның үйде қалуына рұқсат берді.

Осылай тағы бір апта өтті. Жазғы демалыстың басталғаны қандай жақсы. Балалар жаңа досына бауыр басқаны сонша, телефондарын да, басқа достарын да ұмытты. Жасиктің басқа ғаламшарлар, галактика жайлы әңгімелеріне тоймай, түнге дейін отыратын.  Оны Жердегі өмірмен таныстырып, тұрмысқа баулитын.

Аналары болса, әлі де үйрене алмай, Жасиктен алыс жүруді таңдады. Ал әкелері болса, шарын жөндеуге қуана-қуана көмектесетін.

Жасикке Мансұрдың киімін кигізіп, көзіне көзілдірік тағып, бетпердемен бетін жауып, орманға бірге баратын. Біреу сұраса, демалысқа келген туысым дейтін.

Мансұр ойнайтын дос тапқанына тіпті риза. Себебі Жасик неше түрлі дыбыстар шығарып, Мансұрды күлдіртетін.

Бірақ балаларды мазалайтын бір ой бар. Ол - жақындап келе жатқан саяхат. Барлығы бірге жолға шығып кетсе, Жасик не болады? Шар әлі жөнделмеді. Ол кіммен қалады?

 

 

Жоғалып кетті!

Жасикпен танысқалы бері, балалар үйден шығуын қойды. Қаланы аралауға да сұранбайды. Себебі жаңа достарын үйде қалдырып, өздері қыдыруды қаламайтын. Бір күні олар ата-анасын саябаққа баруын өтінді. Жасикті де бірге ала баруға көндірді. Күн сейсенбі. Ауа райы жаңбырдан кейінгі қоңыр салқын. Кешке таман 2 ересек, 4 бала қала саябағына келді. Балалардың біреуі кепка, көзілдірік пен бетперде таққан, басында капюшоны бар.  Әрине бұл Жасик еді.

Балалардың қуанышында шек болмады. Махмуд пен Зере Жасикке көрікті жерлерді көрсетіп, атракционге мініп, қала туралы білгендерін жарыса әңгімеледі. Ата-анасы болса, балаларды сырттай бақылап, олардың өздеріне қатты назар аудармауын қадағалады.

Тәтті мақта дүнгіршегіне жақындағанда, анасы:

Мансұр, тәтті мақта әперейін бе? деп сұрады. Бірақ Мансұр жандарында жоқ еді.

Мансұр?! Мансұр қайда? ата-анасы жан-жаққа қарап, Мансұрды шақыра бастады. Бала жоқ.

Сендер Жасикті алып, көлікке барыңдар! деді әкесі балаларға.

Әке, біз де іздейміз! деді Махмуд.

Жоқ! Жасикті біреу көріп қалуы мүмкін! Тез!

Балалар көлікке жақындағанда, Махмуд Зере мен Жасикті отырғызды да:

Зере, шықпай тыныш отырыңдар! Мен Мансұрды іздеймін! деп кетіп қалды. Зере қорқып жылап жіберді. Жасик оның қолынан алып, тыныштандыруға тырысты.

Бір уақытта дыбыс ұлғайтқыштан хабарлама берілді:

4 жасар Мансұрдың ата-анасы, саябақ әкімшілігіне келіңіз! Мансұрдың ата-анасы, саябақ әкімшілігіне тез жетіңіз!

Ата-анасы да, Махмуд да айтылған жерге қарай жүгірді. Келсе, Мансұр полиция қызметкерінің қолында жылап тұр екен. Қатты шошып кеткен сірә. Анасы жылап, баланы құшақтай бастады. Ол оның аман-есен табылғанына қуанып, бір жағынан 20 минут таба алмай жанталасқандағы туған сезімдеріне ерік берді.

Әкесі полиция қызметкерінен мән-жайды сұрады. Барлығы айналар бөлмесінен шыққанда, Мансұр, тоботтар киімін киген аниматорларды көріп, солардың соныңан еріп кетіп қалған екен. Олар дүнгіршекке кіріп кеткенде, Мансұр ата-анасын іздей бастады. Жанында таныс ешкім болмағасын, полиция қызметкеріне барыпты. Атын, жасын ғана айта алған.

Бұл оқиға әйтеуір сәтті аяқталып, барлығы үйге келгенде Зере Мансұрды құшақтап:

Сені полиция ағай тауып алып, бізге қайтарып бергені қандай керемет! деді.

Полицияны мен өзім таптым! деді Мансұр.

Қалай?

Әке мен анажан «біз қасында болмағанда, форма киген адамнан көмек сұра» дейтін еді. Полиция ағайларды көріп, осы айтқандары есіме түсіп кетті де, «полиция! Құтқар!» деп айғаладым, деді мәз болып.

Жарайсың, батырым! Жыласаң да, біздің айтқанымызды ұмытпапсың! Не деген батыл едің! – ата-анасы Мансұрды арқасынан қағып, құшақтады.

Бұл күні үйдің адамдары Жасикке қатты уайымдап, өз баласын назардан тыс қалдырды. Бірақ Жасикті киіндіргесін, сырттай балаға қатты ұқсады. Оған ешкім көңіл бөлмеді. Жағдай сәтті аяқталды. Сонда да балаларға қауіпсіздік ережелері тағы қайталанып айтылды:

Ата-наның жанынан алысқа кетпеу.

Бөтен адамдармен сөйлеспеу, артынан ермеу.

Жоғалып кетсең, адам көп жерге барып немесе форма киген қызметкерлерден көмек сұрау.

Біреу артыңнан қуса, «Көмектесіңдер! Өрт!» деп айқайлау.

Бүгінгі күн өте ұзақ болды. Балалар бастан өткірген жағдайларды іштей қорытып, әркім өз бөлмесінде үнсіз жатты.

 

 

Көптен күткен күн

Балалар кеш оянды. Демалыс болғасын, әрі түнде жұлдыздарды тамашалағаннан кейін ұйықылары қансын деп, ата-анасы ерте оятпаған. Бірақ балалардың қашан тұратынын тағатсыздана күтіп жүрді. Себебі бәрінің көптен күткен, қалаған күні жақындап қалды.

Тал түс болды, құлындарым! Ояндыңдар-ау!

Қайырлы таң!

Балалар жуынатын бөлмеге әдеттегідей «мен біріншілеп» таласып кірді. Мансұр өз кішкентайлығын, әрі әпкесі мен ағасының сөз таластырып тұрғанан пайдаланып бірінші боп тіс щеткасын алып алды. Беті-қолын сүртпей, су-су боп үстел басында отыра кетті. Анасы Мансұрдың қолына сүлгі ұстатты.

Балалар әдеттегідей көрген түстерін айтып, күліп отырды. Ата-анасы таңғы астарын ішіп алса да, балаларын тыңдау үшін жандарына жайғасты.

Балалар, сендерге айтар жаңалығымыз бар, деді әкесі жұмбақтай сөйлеп.

Саяхатқа шығамыз! балалар бір дауыспен айқайлап, орнынан тұрып секіре бастады.

Иә! Сендерге тосынсый жасаймыз десек, бәрін біліп алыпсыңдар ғой, деді анасы.

Әрине! Біз бұл мезетті күн санап күтіп жүр едік! Тіпті шабаданым да дайын, Зере мақтана сөйледі.

Бір кезде Махмуд әлденеңі есіне түсіргендей қатып қалды да, көңіл күйі түсіп кетті. Ол Жасикті ойлап тұрды. Отбасымен бірге саяхатқа шықса, Жасик кіммен қалады? Оны біреуге тапсыруға болмайды. Ал жалғыз өзін қалдыру да тым қауіпті.

Махмуд бұл ойын ата-анасына айтты. Олар болса:

Түк уайымдамаңдар, достарың бізбен бірге шығады! деп балаларды қуантты.

Ересектер үшін бұл шешім оңай болмады. Сонда да, олар бар жауапкершілікті сезініп, өзге ғаламшарлықты бірге алып шығуға бел буды. Балалардың да жаңа достарына қалай бауыр басқанын байқады әрине.

Махмуд пен Зере бұл жаңалықты Жасикке айту үшін жертөлеге жүгірді. Жасик жертөлені иемденіп алған. Отағасы жертөленің терезесін кең, ішін жылы, құрғақ етіп салдыртқан болатын. Жоспар бойынша бұл жерде спорттық құрылғылар тұру керек. Бірақ әзірге артық заттар тұратын қоймаға, ал енді өзге ғаламшарлықтың зертханасына айналды.

Бұл жаңалықты естіген Жасик те қатты қуанды. Ол да балалармен бірге айналып секіре бастады. Себебі Жасик саяхаттағанды, жаңа аймақтармен танысуды қатты жақсы көретін. Жасик отбасының арнайы үлкен көлік дайындағанын, ішінде тамақ пісіретін, жуынатын бөлмелері бар, жататын орындармен жабдықталғанын көрген болатын. Ол адамдардың сондай ойлап тапқыш екендігін мақтап, бағалаған болатын.

Сондай-ақ Жасик адамдардан қуану,  мұңаю сияқты эмоцияларын шығаруды үйренді. Өзіне тән болмаса да, достары үшін маңызды екенін түсінді. Әрі бұл оған да қатты ұнайтын.

Сонымен үй іші армандаған алғашқы саяхатқа дайындық қызу басталды. Әкелері дөңгелекті «баспананы» тексеріп, қажет құрал-жабдықтарын әзірледі. Анасы ыдыс-аяқ, төсек-орын, дәрі-дәрмек сияқты керек-жарақтарын түгендеп жүр. Балалар болса өз шабадандарына киетін киім, ойынайтын ойыншық пен оқитын кітаптарын сыйдырып әлек.

Кешке қарай анасы балалардың жүктерін бір тексеріп шығайын деді. Зеренің шабаданы көйлек пен жеңіл аяқ киімге толы.

Зере, қызым, біз тауға шығамыз, кешке маса қаптап кетеді. Спортық киімің мен кроссовкиің қайда?

Мен тоңбаймын, әрі маса шақпас үшін жақпамай аламыз ғой, деді Зере киімдерін қайта сұрыптағысы келмегенін білдіріп.

Қызым, біздің  ауа-райын білесің ғой, өте ауыспалы. Сондықтан киімің де соған сай болуы керек. Кел, жаным, ерінбей бірге дайындайық.

Зере анасын тыңдап, киюге ыңғайлы, үтікті іздемейтін, әмбепап киімін дайындады.

Жарайсың, ақылды қызым менің, анасы Зеренің маңдайынан сүйді.

Ертең балаларды қызыққа толы сапар күткелі тұр.

 

 

Сапар оң болсын!

Барлығы күнмен бірге оянып, қобалжып тұр. Ереже бойынша балалардың қалта телефондары мен планшеттері аналарының сөмкесіне тапсырылды. Бұл балалардың жол бойы жан-жақты танып, қызықтап, әкелері мен аналарының әңгімесін тыңдау үшін жасалған шара. Бірақ Жасик пайда болғалы, балалар шынымен де гаджетке суи бастаған сияқты. Себебі бір күндері басқа күніне ұқсамайтын қызықты өтіп жатты.

Сәрсенбі күні еді. Аспан шайдай ашық. Маусымның таңғы самалы балғын шөпті әлсін-әлсін қимылдатып қояды. Көкшетау-Щучинск тас жолымен үлкен аппақ төрт доңғалақты үй зуылдап келе жатыр. Ішінен ән айтқан дауыстар естіліп тұр. Жасик терезеден айналаға таңырқай қарап отыр. Ол ылғи ұшатын шарымен ғана саяхаттап үйренген. Бүгін міне алғашқы рет Жер деген ғаламшарында көлікпен жолға шықты. Ол бұрын адам нәсілінен қатты қорқушы еді. адамдардан дос табамын деп ойламаған Жасик енді міне бір отбасы мүшесіне айналғандай....    

Жасиктің жарытылысы өте ерекше еді. Балалармен бірге болғанда, ол бала сияқты ойнап, күлдіріп, неше түрлі қызық дыбыстар шығарып, балаларды ойнататын. Ал ересектермен түрлі күрделі конструкиялар, экология жайды терең ойларымен бөліседі. Жасик – бұл отбасы үшін жұмбақ болса да, жақын жанға айналды.

Осылай әндетіп, күліп-ойнап Бурабайға да жетті. Балалар терезеге жабысып алған. Ми даланың ортасындағы тау шоғыры оазис сияқты көрінеді. Сондай әдемі тылсым көрініс. Көкшіл тартқан таулар, айнадай жарқыраған көл, аспанға бойлай өскен қарағай ағаштары...

Көл жағасына жақын арнайы жерге орналасып болған соң. Балалар аяқ киімдерін шешіп, судың қандай екенін тексеруге жүгіріп кетті.

Тек басына кепкасы, көзінде көзілдірігі бар біреуі ғана сәл алыстан тамашалап тұр. Ол Жасик еді. Сырт көзге кәдімгі бала, ал шынында өзге ғаламшарлық.

 

 

Бурабай аңыздары

Таңғажайып Бурабай табиғаты көз төймайтын көрініске ие. Бұл әдемілік өзге ғаламшарлық түгілі адамды да таң қалдырады. Бурабай – жазық далада орналасқан Қазақстан Швейцариясы. Таулардың арасында жасырынған бұндай әдемілік келген туристерді баурап алады.

Бурабайға қыдырып келудің бір себебі балаларға өз туған жерінің табиғаты мен оның тарихы, аңыз-дастанымен таныстыру еді. Балалар да Жасиктің алдында өз білімдерін көрсетіп, бұндай әсем табиғаты бар жерде тұратындығын мақтанумен әлек.

Жасик, сендерде осындай көл бар ма?

Ал таулар ше?

Сендердің табиғаттарың қандай? деп өзгеғаламшарлықты сұрақтың астына алды.

Жоқ, бізде көл де, тау да жоқ. Макемаке ғаламшары біркелкі, оның топырағы қатты да, жұмсақ та емес. Біз суды қажет етпейміз. Бірақ біздің топырағымыз жердегі қарға ұқсайды. Бізде өте салқын, адам біздің планетада тұра алмайтын еді. Ғаламшарымыз – қызыл, кейде қызғылт түске боялады. Күннен алыс болғасын қараңғылау. Бірақ Макемаке көшпенді екенін ескерсек, біз де галактиканың ғажайып көрінісіне куә боламыз. Әрине ол жақтағы көрініс мүлде басқаша... Жасик аспанға қарап, ұзақ ойланып кетті. Махмуд оның өз үйін сағынғанын білді.

Түскі астан кейін отбасы толық серуенге шықты. Сыртынан қарағанда Жасик кәдімгі бала сияқты еді. Бірақ жаздың ыстығында капюшоны бар күрте, шалбар мен маска кигені ерсі көрініп, кейбір адамдардың назарына ілікті.

Бұл бала ыстықтаған шығар? деп бір апай Жасикке аянышты көбен қарады.

Жоқ! Бәрі дұрыс, күнге аллергиясы бар, деп анасы қысқа қайырды да, балаларды әрі қарай алып кетті.

Жасик, мына тауға қарашы, неге ұқсайды? Махмуд бір тауға көрсетті.

Білмеймін, тауға ұқсайды, Жасик түк түсінбей қарап тұрды.

Бұл Жеке батыр! Ол ұйықтап жатыр.

Батыр? Жасик те, Зере мен Мансұр да тауға тесіле қарап, Махмудтың қай жерінен батыр көргенін түсінбей тұрды. Осы кезде әкелері Жеке батыр туралы аңыз айтып береді: Жеке Батыр арқа елінде тұрған, Кенесары ханның сеніміне ие болған батыр. Шын аты Толабай, бірақ шабуылда жеке өзі шығып, орыс әскеріне ұмтылғандықтан Жеке батыр деп аталып кеткен. Бір кездері елге жау келіп, қанды шайқас болады. Сол кезде Жеке батыр соңында жалғыз өзі дұшпанға қарсы тұрып, ақыр аяғында күндей күркіреп айғай салады: «Өткізбеймін еліме!.. Тау боп жатам жолыңа!» дейді де, екі таудың арасындағы кең асу аңғарға көлденең түсіп сұлап жата кетеді. Жауды өткізбей, елін аман сақтап калады. Сөйтіп, тауға айналып, мәңгі қалады. Дулығасы басында, қалың қасты, қыр мұрынды, ерінде, қаба сақалы төсін жапқан… Ұшар биігі 836 метрге тең…

Міне ғажап... Зере таңқалысын жасыра алмады. Балалар тауға үңіліп қарай берді.

Бұл тыныштықты күннің күркірегені бұзды. Ауа райы күрт өзгеріп, жел көтіріліп, қара бұлттар үйіріле бастады.

Отбасы мүшелері көліктен біраз алыстаған еді. Әрі 2 сағат бұрын күн ыстық болғасын, қолшатыр алып шығу ешкімнің ойына кірмеген.

Балалар, судан алыс тұрыңдар! Найзағай ойнағанда судан дереу шығу керек, себебі найзағай суға түсуі мүмкін. Анау тұрған дүнгіршекке барып, желдің басылғанын күтейік.

Әке, күннің күркірегені өте қорқынышты екен, Зере аспанға үрейлене қарады.

Қазір адамдар жай тартқыш құрылғыларды ойлап тауып, солардың арқасында найзағайдың тиюі азайды. Сонда да қауіпсіздік шараларын ескерген жөн. Әсіресе бөлек өскен ағашқа жай түсудің қауіпі жоғары. Сондықтан ағаш адамды құтқара алмайды. Айналада тығылатын еш жер таппаған жағдайда, бір ойық шұңқырға тізенді құшақтап, басынды тығып отыра тұру керек дейді.

Бәрі дүнгіршікке кіріп үлгеріп еді, жаңбыр жауып кетті. Дүнгіршекте шай мен бәліштер сатылады екен. Әрі бұрышта 2-3 үстел бар. Балалар жайғасып, шай алдырып, терезеден желдің өз күшін қалай көрсетіп жатқанына қарап, Жеке батырдың өмірде қандай алып денелі болғандығын талқылап отырды.

 

 

Тылсым табиғат

Келесі күндері балалар Бурабай жайлы әңгімелерді тыңдап, жергілікті мұражайларға барып, өз білімдерін толықтырды. Мұражайда Бурабайдың атауы туралы өте қызықты әңгіме айтылды. 

Көгілдір таулар мен кәусар сулы көлдер өлкесін сан түрлі аңдар мен құстар мекендейді. Ертеде солардың ішінде жаратылысы ерекше бура болған екен. Тұлғасы зор әрі сұлу. Шудасы бұйралана бұрқыраған, әрі аппақ қардай. Өзі үнемі жалғыз жүреді. Мекені – Көкшетаудың қапталындағы қалың орман. Су ішетін көлі біреу-ақ Көкшенің түстік іргесінде шалқыған Күміскөл.

Ақбураның қасиеті де ерекше. Жасанған жау келерін, иә немесе ақ сүйек жұт, әйтпесе елбасына ауыртпалық әкелер басқадай жаманшылық боларын күні бұрын сезеді. Күндей күркіреп, шабынып, тыныштық білмей кетеді. Боздаған дауысы бір тынбастан маңайдағы елді аралап, жүйітки жортып шығады. Ақбураның ол хабарын алған ел ерте бастан қамданып, сақтық  жасайды. Ол мекен еткен аймақты Бурабай деп, су ішетін күміс көлді  Бурабай көлі деп атап кетеді.

Жылдардан жылдар өтеді. Ел ішінен бір қаныбалақ қарақшы шығады. Қасына өзіндей кілең сотқарларды ертіп жүріп, елдің тыныштығын кетіреді. Аңдар мен  құстарды қынадай қырады. Оның сол бұзықтығын білген Ақбура қарақшы келе жатқанда жолындағы аңдар мен құстарды сақтандыра боздап жортып жүйіткиді. Сол үшін оған әлгі қанішер қатты өшігеді.  Бірде Ақбура қалың орманды қақ жарып қарсы алдынан шыға келеді. Қарақшы жалма жан сауыт бұзар сұр жебені сары садаққа сала сап, дәл төстен көздеп, адырнаны шір тартып жібереді. Ысқыра зулаған сұр жебе Ақбураның кеудесін көктеп өтіп, артқы өркешінен шыға тоқтайды. Қаны саулап, жаны қинала сүйретіліп, өзі мекен еткен қалыңға әрең әрең  жетеді. Құбылаға басын бере шөгіп жатады да, көз жұмады. Киелі жануар сол күйі биіктігі 690 метрге тең тауға айналып, мәңгіге қалады.  Артқы өркешке жетіп шыққан зор жебе де сол күйі сойдиып, қияннан көзге шалынып әлі тұр.

Оқжетпес тауына қатысты да түрлі аңыз бар. Біреу – Оқжетпес деген мықты батыр болған десе, екіншісі қалмақ қызы тауға шығып, оғы тауға жеткен батырға тұрмысқа шығамын деген екен. Бір қазақ батырының оғы жетсе де, қыз жанын қиып көлге құлаған. Сол жерде Жұмбақтас пайда болған деседі.

Өзге ғаламшарлықтың жерге келіп қонуын өз көзімен көрген балалар, бұл аңыз әңгіменің де түбі шындық екеніне күмән келтірмеді.

Мұражайдан шығып, барлығы Жұмбақтасқа қайықпен баруға бел буды. Қайық жалдап, құтқарғыш арнайы күртеше киіп, жайғасты. Жағадан алыстаған кезде Махмуд «Ай!» деп қолын ұстап қалды. Саусағын қайықтың бір теміріне байқамай кесіп алыпты.

Саяхатқа шығудың бір ережесі алғашқы көмек көрсететуге арналған дәрі-дәрмекті бірге алып жүру. Анасы арқа сөмкесінен дәке мен заладандыратын сұйықтық алып шығып, лезде саусақтағы жараны таңып тастады. Махмуд «керек емес, ештеңе етпейді» деп жігіттік батылдықты көрсетуге тырысып еді, анасы:

Балам, сенің ауырғанға шыдайтыныңды білмін. Бірақ қандай жара болмасын оған бей-жай қарамай, бірден әрекет еткен жөн. Су болса сумен жуып жіберіп, залалсыздандыратын сұйықтықпен микробтарды өлтіріп, қажет болса йод жағу керек. Себебі кішкентай жара үлкен мәселе туындатуы мүмкін. Адам өз денсаулығына барынша жауапкершілікпен қарап, түрлі жағдайлардың алдын алып, кепек кезде бірден жедел көмек көрсетуі абзал.

Құтқару күртешесін де сол үшін киеміз бе? Яғни, жүзе білсек те, сақтануымыз керек, солай ма? Зере қызғылт күртешелердің не үшін қажет екенін енді түсінді.

Иә, қызым, себебі әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан алдын ала қолдан келер шараны қолданған өзімізге жақсы.

Осылай қайық Жұмбақтасқа да жетті. Адамдар қайықтан түсіп, көл ортасындағы тауға мініп көріп жатты. Тауға жазылған жазулар тылсым көріністі бұзып тұр. Кейбір адамдар білімсіздіктен тасқа бояумен өз аттарын жазып, естелік қалдырыпты. Бірақ бұл нағыз мәдениетсіздік. Біз табиғатымызды аяламасақ, келер ұрпаққа не күйде жететінін кім білсін.

 

 

Қоштасу

Маусымның соңғы ыстық бір күнінде, Бурабайдағы саяхат енді қызып жатқанда отағасы жедел түрде жұмысқа шақырту алды. Демалысты үзіп, қалаға қайту керек. Балалардың салы суға кетті. Бірақ әкелері шаруаны шешіп, Зерендіге барамыз деп уәде етті.

Қалаға келгенде, Жасик те жертөледегі көк шарының жөндеу жұмысына кірісіп кетті. Махмуд пен Зере әкесінің кейбір құрал-саймандарын әкеп, көмектесіп тұрды.

Бір уақытта шардың басқару панелі іске қосылды. Жасик барлық құрылғыларды тескеріп, дыбыс белгісін беретін құрылғыны өз толқынына келтіре бастады. Ана жақтан дыбыстар естілгенде Жасиктің көздері жайнап кетті. Ол біреумен байланысқа шықты.

Бұл оқиғаға куә болған балалар, ақырын ғана шығып кетіп, өз бөлмелеріне барды. Көңіл күйлері түсіп, терезеден аспанға қарап отырғанда ата-анасы балалардың жағдайын білуге кіріп келгенін де естімеді.

Ұлым, қызым, көңіл-күйлерің түсіп кетіпті. Бәрі дұрыс па?

Жоқ, анажан, дұрыс емес... Жасик бізді тастап кетпекші... деді Махмуд ақырын дауыспен. Ол қатты қобалжып, жылауға шақ түр еді. Зере болса, көз жасына ерік беріп:

Жасиктің шары іске қосылды... Бәрі бітті... Ол үйіне қайтады... Бізді тастап кетеді...- деп жылай бастады.

Зеретайым, күндердің бір күні бұл жағдайдың болатынын, Жасик мәңгі бізбен қалмайтынын білмедің бе? Оның да өз үйі, жанұясы бар. Ол өз ғаламшарына оралуы тиіс, деп әкесі жұбатуға тырысты.

Әке, анажан, шардың бір тетігін бұзып тастасақ ше? Сонда Жасик бізбен тағы қалушы еді? Зере досын қимай, оны қалдырудың амалын іздей бастады.

Зере, жаным, Жасикке бауыр басып қалғандарынды білемін. Онымен тіл табысып, ажырамас дос болдыңдар, солай ма?

Иә-ә-ә...

Досыңның көлігін бұзып, оның үйіне оралуына кедергі келтіру достыққа жата ма, қалай ойлайсың?

Жо-о-о-оқ...

Дұрыс. Ақылыңнан айналайын, шынайы дос жақсы көрген адамға тек жақсылық тілейді.

Осы уақытта бөлмеге Жасик кіріп келді. Ол барлық киімді шешіп, алғаш келген күні қандай болды, сол кейіпте алдарында тұрды.

Макемаке ғаламшарының саяхатшылары Жерге жақын келіп тұр. Олар мені іздеген екен. Мен шарымды жөндедім, енді жолға шығамын, достар! деп шынайы қуанышын жасыра алмады. Балалардың жылағанын көріп, ұзын саусақтарымен көз жастарын сүртті де:

Біз мәңгі дос болып қаламыз. Сендер маған көп нәрсе үйреттіңдер. Мен сендерді жақсы көріп кеттім, сағынатын боламын, деді.

Отбасы мүшесіне айналған өзге ғаламшарлық адами қасиеттерден жұрдай емес екенін көрсетті. Бәрі құшақтасып, кезектесіп жылы тілектерін айтты. Балалар ең жақсы көретін ойыншық, заттарын, бірге түскен фотосуреттерін сыйлады.

Түн. Ай ерекше жарық. Тыныштық. Бір отбасы ғана ұйқысыз. Олар қаланың терең ұйқыға кеткенін күтіп отыр. Қоштасу мезеті сондай ауыр болатынын балалар бұдан бұрын сезбеп еді.

Жасик шарына отырып, терезесінен қол бұлғады. Шар жерден көтерліп, зу етіп аспанға ұшты да жарқ етіп, жоқ болды.

Төменде 5 сұлба басын көкке қараған бойда әлі біраз тұрды. Бұл жазғы демалыс отбасы мүшелерінің әрқайсының жүрегінде ерекше орын алды.

Айгерім Нұрмағамбетова

Айгерім Нұрмағамбетова — жазушы, педагог, блогер. Ш.Уәлиханов атындағы университетінің филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдаған. 2010 жылы Фариза Оңғарсынованың 70-жылдығына арналған мүшәйра қатысушысы Әңгімесі «Тұмар» журналына жарияланған. Өлеңдері «Ақмола облысының жастар антологиясына» енген. Qalamdas әдеби сыйлығының лауреаты «Балалар әдебиеті» аталымында.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon