Абай Қомар

438

Апперкот

Кіріспе

        Өмірімде мұндай бақытты бастан кешірмеген шығармын. Қазір менің спорттық данқымды ауыл тұрмақ, бүкіл ел біліп отыр. Жаңа ғана «Хабар» арнасынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген «АППЕРКОТ» атты қысқаметражды көркем фильмін көрсетті. Фильм ауыл балаларын кикбоксингтен облыстық, республикалық деңгейге жеткізген жас маман, менің бапкерім Қомар Абай жайлы. Әйтсе де, менің спорттағы жолымды негізге ала отырып түсірген. Сенбесеңіздер «Хабар» арнасының YouTube каналынан іздеп тауып, көрсеңіздер болады.

       «Ақан, жарайсың!», «Алар асуларың көп болсын!», «Чемпион бол!» деген тәтті тілектер қатары Whatsapp желісіне толассыз келуде. Қап, әттеген-ай, дәл осындай үлкен жетістігімді мектебім мақтан етіп, мерейімді өсірер шақтың короновирус індетінің өршіп тұрған кезімен тұспа-тұс келіп қалғаны-ай! Әйтпегенде мектеп директоры жиналыс жасап, бізді ортаға шығарып, басқа оқушыларға үлгі етер еді ғой. Директорымыз өз сөзін әдеттегідей  орысша бастап: «Дорогие мои! Сегодня у нас большое событие. Наших учеников, спортсменов показали на большом экране. Это первый очередь заслуга их учителей», – деп біздің сынып жетекшімізді ортаға шақырып, бір құшақ гүл сыйлап, ол кісіге ерекше құрмет көрсетер еді. Иә, біздің апай оған әбден лайық жан! Себебі сабақ үлгерімі жағынан да, тәртіп жағынан да біз үшін талай рет сөз естіп, ескерту алғанымен, қашан да жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүретін «Ұстаз» атты ұлы есімді ұлықтап жүрген жаны таза, жүрегі кең, абзал жан! Артынша мектеп директоры жақсы тәрбие бергендері үшін деп ата-аналарымыздың атына жазылған «Алғыс хатты» табыстап, әрқайсымызға ұстатар еді. Кезек маған келгенде: «Ой, Аканчик, ты у нас большой молодец! Знаешь, теперь ты гордость нашей школы!»,-деп мақтар еді. Сосын фотоаппаратын қолына ұстап жүрген программист жас ағайға: «Ну-ка, Акана лично сфотографируйте и повестье его фото на стенд «Гордость нашей школы»,–деп барлығының көзінше менің мәртебемді көтеріп қояр еді.

Осы қошеметтің бәрін сырттан бақылап тұрған мектеп инспекторы да:

— Негізі осы баланың ешқандай бұзықтығы жоқ. Тәп-тәуір бала екенін ішім сезіп жүретін, — деп іштей ойға қалар еді.

Артынша ол да маған жақындап:

— Жарайсың Ақан! Қарашы, бұрын қандай тентек едің? Спорттағы тәртібін мен еңбегің арқылы елге танымал болып қалдың, деп ол да мені бір мақтап қояр еді. Мен болсам, өз кезегімде:

— Иә, әрине, лейтенант мырза! Тентектік кімнің басынан өтпейді? Еркек кіндіктің бәріне тентектеу болған жарасады ғой!, – деп сөзімді Мұхтар атамның өлең жолдарымен қуаттай түсер едім:

— Бәлкім жаға жыртылуы,

Дей көрме оны тентектік,

Тентектік болып көрінеді,

Кейде нағыз еркектік!

        Еһ, қиялға ерік берсем осы. Ойыма өмірде болмаса да, болғанын жан-жүрегіммен қалайтын тәтті қиялдың құшағында қалатыным бар. Ал егер құр қиялды қойып, шындыққа тура қарасақ, менің басымнан сан рет сотқарлық, талай рет тентектік өткен. Тіпті мені мектептен шығарып, интернатқа ауыстырмақшы болған.

        Өмір деген қандай қызық, ә? Бір-ақ күнде танымал болып шыға келдім. Бүгін танымал болдым екен деп, келіп жатқан құттықтауларға масаттанып кетпей, қолыма қалам алуымның басты мақсатын айтайын. Фильм түсіруден аз да болса хабары бар көрермендер қысқаметражды фильмнің уақытына автор ойының әр сәтін қалыс қалдырмай қамтудың мүмкін емес екендігін жақсы біледі. Сондықтан болған жайттарды егжей-тегжейлі қамти отырып, айна қатесіз көрсетуді өзім қолға алуды жөн көрдім.

І

«Иттің баласы, тоқта!» деп артымнан қуып келе жатқан қуғыншыға ұстатпай қашып келемін. Қабаған төбет иттен қашқан сәттерің болған шығар. Бірақ артымда қуып  келе жатқан төбет ит емес, менің сыныптасым Ернаттың әкесі Аюбай еді. «Әркімге өз үйі қорған» дегендей, бесқабатты үйдің кіреберісіне зыр етіп кіріп кеттім. Қырсыққанда күнде көтеріліп жүрген табалдырықтар төртінші қабатқа жеткізер емес. «Дәл қазір Аюбайды бағытынан адастыруым қажет»,- деген оймен үйіме кіргендей болып есікті қақтым да, бірден бесінші қабатқа көтіріліп, үйдің шатырына шығып кеттім. Аюбай үйдің есігін ашпасымды біледі де, есікті қағып-қағып, амалы қалмаған соң сабасына түсіп, қайтады. Бейне бір, тілі салақтап, күні бойы жүгірген тамағынан айырылған төбет ит секілді.  Не керек, ойлағаным іске аспай қалды. Үйге күнде жұмысынан кеш келетін анам бүгін ерте келіп қойыпты. Енді міне, мен үшін тағы да сөз естуге тура келіп тұр.

— Балаңыз бетімен  кеткен, тәрбиеден жұрдай. Не істегенін білесіз бе?!

— Сәлеметсіз бе! Не істепті?

— Мәшинемді бүлдірді, мәшинемді. Төлейсіз! Сотқа беремін! Қайда өзі? Аяқ-қолын сындырамын!

— Аяқ-қолын сындыртып қарап отыратындай, баламды балшықтан жасап алған жоқпын. Абайлап сөйлеңіз!

Жарайсыз, анашым! Мұндай бәлеқорлармен осылай сөйлесу керек! Әрине, бұл бар болғаны менің ішкі ойым ғана еді...

— Бәрібір төлетемін! Балаңызға қараңыз! Қарай алмасаңыз, тәрбиелейтін еркек табыңыз! – деп тайып тұрды. Бұл сөздер анамның жанына батты-ау деймін, артық ештеңе демей, үнсіз қалды.

Қайран әкем! Сіз тірі болсаңыз, Аюбайлар азуын батырмақ тұрмақ, маңайымызға жақындамас та еді ғой. Менің кінәлі емес екеніме сенер едіңіз. Себебі бірінші болып тиіскен Аюбайдың баласы Ернат. Мені көшедегі балалардың көзінше «Ақан, Ақан – Тарақан»,- деп мазақ қылған. Осы неге менімен қатарлас балалар өз бетімен тыныш жүргендерді мазақ қылуға, кемсітуге, жанын жаралауға жандары құмар? Мазақ қылғаннан гөрі мақтап, қорлап жүргенше қолдап жүрсе несі кетеді?! Бұл жолы буырқанып тұрған намысымды ішіме бұғып қала алмадым. Жүгіріп барып ендігі мазақ қылмайтындай етіп, көкесін танытқан едім. Шамалыдан соң, әкесі Аюбай жетіп келіп мені жұрттың көзінше «Жетесіз!» деп кемсітті емес пе?!

 «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген осы шығар. Ернаттың қанша қылықтарын елемей жүргендегі ұстамдылығымды бір рет өзімді қорғағандағы іс-әрекетім жуып кетті. Оны ескерген ешкім жоқ. Осы айтатындарын айтып, бүлдіретіндерін бүлдіріп алып, әке-шешелерінің артына тығылатын балаларды түсінбеймін. «Қолмен істегенді мойынмен көтеру» деген ұғым бар  ғой. Жарайды, Ернаттың әкесіне барып айтқанын, «балалағы» деп түсінейік, ал әкесі Аюбайдың ісін қалай түсінеміз? «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей-ақ, мән-жайды білмей тұрып, көрсетіп кеткен өнері осы. Неге бұлай жасайды?

Әке, мен Аюбайдың бұл әрекетін құптай алмадым. Сондықтан кеш бата оған қарсы соққы жасауға бел будым. «Жауды жеңу үшін жанды жерінен соққы жасау керек» деген тәмсілді ұрандатып, Аюбайдың жанындай жақсы көретін «АУДИ» мәшинесін сырып, дөңгелегін жарып кеттім. Міне, Аюбайдың мені қуалап келіп, анамды жерден алып, жерге салғандағы себебі сол еді.

ІІ

Үйге аяқ басқым келіп түрған жоқ. Соңғы рет Сырым деген баламен болған оқиға да анамды қатты ренжіткенім бар еді. Ол кезде де менің жазығым болған жоқ. Көлде шомылып жүрген едік. Сырым «күресейік» деп шақырды. Ол менімен қатарлас күші көп шымыр бала. Алғашында сәл жүрексінген едім, бірақ қоршап тұрған балалардың көзінше есемді жібермеуім керек деген табло жарқ ете қалды. Әдетте мұндайда күреспеймін десең, сені қорқақ деп мазақ қылатын болады. Яғни, бойыңнан жігіттік мінез және рух табылмаса, сені көшеде ешкім сыйламайтын болады. Бұл көше заңы.

Шеңберлеп қоршап тұрған балалардың ортасына Сырым екеуміз күресуге шықтық. Мен қол алысуға қолымды создым. Балуандар жарыста күресер алдын бір-бірімен қол алысатынын теледидардан көргенмін. Бірақ ол бірден қолымнан шап етіп ұстай алды. Екеуміздің жұлқыласуымыз басталып кетті. Әйтеуір ол мені итеріп әлек, бір-екі рет шеңбердің сыртына шығарып та тастады. Шегіншектеп жүргенім болмайды. Өзін бір қақпанға түсіруім керек деген оймен бар күшімді жинап, аяқтан шалу әдісін қолданып, жерге басымен бірақ қададым. Оған басында мән бермеген едік. «Басым-ай, басым!»,  деп жылап жібергенде ғана тоқтаусыз ағып жатқан қып-қызыл қанды қолымен тоқтатуға тырысқан аянышты Сырымға назарымыз ауды. Сырым абайсызда жердегі кішкентай тасқа басымен түскен екен.

Бұл түсіне білгенге абайсызда болған оқиға. Мен оның басын әдейі жарайын деп, сол бір тасқа әкеліп жыққан жоқпын ғой. Бірақ мұны кімге дәлелдейсің?! Бала болсаң осы, дұрыс істесең де, теріс істесең де кінәлі сенсің. Сол оқиғадан мені Сырымның анасы жайымда қалдырмасы бесенеден белгілі. Баласының басының жарылғанын менен көріп, маған арызданып полиция бөлімшесіне барған екен. Әйтеуір, тағы да менің анам шырылдап алдарына барып, өлердегі сөзін айтып, кешірім сұрап, үлкен бәленің алдын алып қалған. Бірақ полициядағылар: «Егер тағы қайталанатын болса, баланызды интернатқа берген дұрыс», деп кесіп айтқан.

Қой, бұлай тұра бергенім болмас. Не де болса, көретінімді үйге кіріп көрейін деп табалдырықтан аттадым. Сырт киімімді шешіп, төргі бөлмеге қарай өте бергенімде, ас бөлмеде анамның  көзіне жас алып отырғанын байқап қалдым. Жүрегім беймәлім күйге еніп, жасаған қылықтарымның барлығы көз алдыма келді. Анамның мен үшін жылап отырғаны намысыма тиді. Сол көріністен кейін жоғарыда тілге тиек еткен «көше заңы», «өзіңді сыйлату», «жігіттік ұрыс-төбелес» секілді түкке тұрғысыз нәрселердің соңынан жүріп, мен үшін шынайы жанашыр жалғыз жанның, өмірдегі баға жетпес құндылығымның көңіліне кірбің түсіріп жүргенімді қалайша байқамағанмын?! Шіркін, Гарри Поттер секілді «Сиқырлы таяқшам» болса ғой. Уақытты артқа шегіндіріп, бәрін орнына қойдырар едім. Иә, мені мазақ қылған Ернаттан да, мені кемсіткен әкесі Аюбайдан да өш алмас едім. Менің келгенімді байқап қалып:

— Балам-ау, келдің ба?! деп көздің жасын көрсеткісі келмей, тез сүрте қойды да, дастархан үстіне тамақ қоя бастады.

 Қолыңды  жуып келе ғой, тамағымызды ішейік, балам!

— Қазір, анашым. Міне, келемін.

Анам шәй беріп отырып, бүгінгі әңгімені жәймен қозғады.

— Балам, үйге әлгі Аюбай келіп, «қырамын-жоямын», деп кетті. Маған не бүлдіргенінді айтқың келмей ме?!

— Анашым, шын айтамын, өздері бірінші бастаған, дедім де, барлығын бастан аяқ айтып бердім. Анашым сөзімді бөлмей, аяғына дейін тыңдап болып, біразға дейін үндемей отырды.

— Сен маған әкеңнен қалған аманатсың! Егер сен дұрыс жолыңды таппай мені ренжітсең, аналық батамды беріп, разылығымды шын жүректен айту  маған өте қиынға соғады. Осыны есіңде сақта, балам! – деп кесіп айтты. Сол сәттен бастап «бұдан былай біреуден кек алуды мақсат етпеймін. Өздері келіп шүйліксе де, олардың деңгейіне түсіп, анамның көңіліне қаяу түсірмеймін» деген тоқтамға келдім.

ІІІ

Кешегі кешкі астан соң ерте ұйықтап қалдым. Анам мені таңертең ертесімен ұйқыдан тұрғызып, бір жерге баруымыз керектігін айтты. Мен үнсіз жинала бастадым. Сыртқы қабырғалары түсейін деп тұрған екі қабатты ғимарат есігінің жақтаушасында үлкен әріптермен «СПОРТ ЗАЛ» деп жазылып тұрған ескі ғимаратқа келдік. Жақында кентімізде «Кикбокс» үйірмесі ашылып, біраз балалар қазір осында бокстасып жүр дегенді естіген едім. Анам екеуміз боксты үйрететін бапкерге жолықтық.

— Сәлеметсіз бе? Баламды спорт үйірмесіне жазайын деп едім.

— Төртінші...  Жүр, сен мына жерге отыра тұр.     

— Түсінбедім, неге «төртінші»?!

— Бүгін бокс үйірмесіне келіп жазылған төртінші бала.

— Бұл менің жалғыз балам еді. Өскен сайын есерсоқ болып бара жатыр,- деп анам болған жайтты еш жасырмастан айтып берді.

— Жақсы, сіз уайымдамаңыз! Қалдырып жүре берініз. Бәрі жақсы болады! – деп бапкер сенімді түрде жауап қайтарды.

— Рахмет. Сау болыңыз!  деп анам мені тастады да қайтып кетті. Анам кеткен соң ағайдың назары бірден маған ауды:

— Ауыстыратын киімдерің болса, анау бөлмеде ауыстыруыңа болады,  деп шеткі бөлмені нұсқады.

Киім ауыстыратын бөлме тар және тердің күлімсі исі аңқып тұр. Оның үстіне тасқараңғы екен. Бұл жерге өз еркіммен келмеген соң, әрине, бірден үйге қайтқым келді. Бірақ кешегі анамның қабағын мұң шалып отырғандағы көрініс артқа шегінер жолдың жоқтығын еске салды.

Киімді ауыстырған соң, сапқа тұрдым. Бізге қарама-қарсы ортада жалғыз тұрған бокс бапкеріне енді ғана назар аудара бастадым. Бойы сұңғақ, жауырыны қақпақтай, иықтары тоқпақтай! Үстіне ата-бабаларымыздан қалған  батырлар киімін кигізсе, сақтардың сарқытындай батыр тұлғалы кісі бола қалайын деп тұр екен. Үстінде «Қазақстан» деген жазуы бар көк сары спорттық киімі бар. Ол көп созбай, әңгіменің Әлқиссасын былай бастады:

— Сендер бұл  жерге әр түрлі себеппен келдіңдер. Мүмкін араларыңда өз еркімен келмеген жігіттердің болуы да ғажап емес. Бірақ, менің айтарым: өмірде әрқашан өздеріне мүмкіндік беріп көріңдер! Мүмкін, осы жаттығу залында алған білімдерің мен тәрбиелерің, өмірдегі үлкен шешімді дұрыс қабылдауға өзіндік септігін тигізіп қалар. Сондықтан, бүгін жаттығуға аяғына дейін қатысыңдар. Егер құлшыныстарың болмаса, ертеңнен бастап жаттығу залына келмесеңдер де болады. Яғни, іштегі «желанияларың» болмаса,-деп соңғы сөзін орыс тілінде қосып қойды. Бұнысын бізге күрделірендірмей, өз тілімізде түсіндіруге тырысқаны деп ұқтым.

       Мына бапкер мықты сөйлегенімен қоймай, жаттығуда да мықты қинайды екен. Жаңағы сөздерін неге айтқанын алғашқы жаттығулардан-ақ түсіне бастағандаймын. Еһ, екі сағат бойы бір орында жүгіру, отырып тұру, бокстың жаттығуларын ауада ұрып жасау... Айта берсең, өте көп. Жаттығу тәсілдері мүлде бөлек.

Жаттығу аяқталып, залдан шыққаннан кейінгі бар ойым: «енді бұл жерді желкемнің шұқыры көрсін»,-деген сөзге саяды. Аяқтарым өзіме бағынбайды. Бейне бір мас адамның жүрісі секілді талтаң-талтаң етіп келемін. Шешемді көңдіремін қайтсем де деген оймен арпалысып келе жатқанда,  үйге қалай келгенімді де аңғармаппын.

ІV

Ойбууу, барлық денем ауырып жатқанын-ай! Құдды бір, жасаған бұзықтықтарымның бәрін жинап алып, жазасын күні-түні ұрғылап бергендей күй кешіп жатырмын. Бұрын соңды бұлшық еттерім дәл бұлай ауырған емес. Кикбокс бапкері де алғаш келген балаға аяушылық жасаса болады ғой. Мұншалықты қиын жаттығулармен  қинағаны несі?! Енді міне, төсегімнен тұрып қозғалайын десем, денемнің бәрі ауырады. Біздің жаттығудан да бөлек, айналысатын шаруаларымыз бар ғой. Осы бір ауыр ойларды ойлап жатып, көзім ілініп кетті. Кенет:

— Ақанжан, тұра ғой. Ұйқыңнан тұрсаңшы, балам. Мына жатысың дұрыс емес.

— Шаршап  жатырмын, әке!

— Сен сондай әлсіз бе едің? Қане, тұра ғой!

— Шамам жоқ, әке!

— Мені сағынбаған екенсің ғой.  Онда мен кеттім.

— Жо-жоқ! Кетпе, әке! деп бар күшіммен көзімді ашып қалғанымда, әкем менің қолымнан ұстап биік таудың етегінде тұрғанын көрдім.

— Балам, анау тауды  көрдің бе?!

— Иә, әке!

— Мен бала күнімде осы тауға күнде шығатын едім. Ал сен шыға  аласың ба?! Әке, тым биік қой. Шығу үшін үлкен күш керек.

— Балам, үлкен күшті сырттан іздеме. Мына жерден ізде! деп жүрек тұсын көрсетті. Бүгін сенің спортқа барып, алғашқы қиындық көргеннен-ақ, әлсіздік танытып, енді спортқа бармаймын дегеніңді білемін. Есіңде сақта, жеңістің тәтті дәмін тек төзімділер ғана тата алады. Нағыз мықтыны, анықтау үшін алдыңнан үнемі кедергілер кездеседі. Балам, кикбоксыңды жалғастыр, бұл жолда сені үлкен жетістік күтіп тұр!

— Жақсы, әке! Сеніміңізді қалай да болсын ақтаймын! Кенет алыстан «Ақанжан» деген анамның үні естілді.

— Кеттік  әке, анама барайық. Бізді шақырып тұр.

— Жоқ, балам. Мен сендерді осы бір таудың шыңында күтетін боламын. Балам, міндетті түрде осы биікке шығатын бол!– деп қолымен тауды тағы бір нұсқап, мені қатты құшақтады. Шіркін, әкемнің исін қатты сағынып қалыппын. Құшағынан шыққым келмейді.

— Ананды көп күттірмей, бара ғой балам!

— Жақсы әке! деп анам тұрған жаққа қарай жүгіріп, анамның құшағына кіргенім сол еді. Түсім екен. Айналама қарасам, анам маған:

— Тұра ғой, Ақанжан! Түс болды. Сабағыңа кешігесің деп ұйқымнан оятып тұр.

Апырым-ай, маған не болды? Өң мен түстің арасындағы мең-зең хәлде жатырмын. Анама қарап:

Сіз білесіз бе, мен әкемді түсімде көрдім. Анашым, әкем біздің қасымызда секілді.

— Балам, мен де әкеңді қатты сағындым. Оған деген сағынышымның жұбанышы тек өзің ғана! Сен бірнәрсеге ұрынсаң, мен оны көтере алмаймын! Сен маған әкеңнің аманатысың,-деп қатты құшақтап, анам көзінің жасына ерік берді.

V

Мен жаттығу залына бойым үйреніп, бапкердің тапсырмаларын орындауға жауапкершілікпен қарап, ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, бейімделе бастадым. Тіпті өзіме жаттығу жадынамасын жасап алдым. Ол бірнеше бөліктен тұрады:

БІРІНШІ: жаттығу залына аяқ басарда не үшін, қандай мақсатпен келдім деп санамды сілкілеп тұру. Бұл менің жігерлі болуыма, басқа балалар секілді спортты тастап кетпеуіме мүмкіндік береді.

ЕКІНШІ: егер менің қолымнан келмей жатса, түңілмеуім керек! Тек бос уақытымда көбірек жаттығу жасап, спортзалда үйренгенімді қайталай беруім керек. «Қайталау білімнің анасы» деген сөзге амал етемін. Бұл мені басқа балалардан ерекшелей түседі.

ҮШІНШІ: менің мақсатым атақты чемпион болу. Ол үшін мықты бапкер керек! Сондықтан бапкердің көзіне түсуім керек! Ол үшін жаттығу басталар алдында жарты сағат бұрын ерте келу керек және жаттығу аяқталған соң, тағы жарты сағат қалып, берген жаттығуларын екі есе жасаймын деп шештім.

ТӨРТІНШІ: жеңімпаздардың жеңісті жолын көрсететін спорттық жанрдағы фильмдерді көбірек көруім керек! Бұл менің мақсатқа жетудегі құлшынысымды арттырады.

Бүгін жаттығудан соң, үйге қарай Аделямен бірге қайттым. Ол қыз бізбен бірге кикбоксқа қатысады. Өте мінезді қыз. Екеумізді ортақтастырған спортқа деген қызығушылық және еңбекқорлық. Мақсатқа жету жолында жаныңда қайратыңа күш қосып отыратын осындай жақын досыңның болуы да үлкен бақыт! Жаттығуларды үнемі бір-бірімізден қалыспай жасаймыз. Кейде ұзақ қашықтыққа жүгіргенде екеуміз бір-бірімізбен жарыса кетеміз. Әңгімені өте ерекше әсер алған, жақында көрген фильмнен бастадым.

— Аделя, осы сен «Мэри Ком» деген кино көрдің бе?!

— Жоқ, көрмедім. Не жайлы?

— Боксшы қыз жайлы. Жәй боксшы емес, бокстан әлемнің 6 дүркін жеңімпазы, ЛондонОлимпиадасының қола жүлдегері. Миллиард халқы бар Үндістан мемлекетінің Манипур штатының, алақандай Кангатхеи ауылынан шыққан екен.

— Сен оны қайдан көрдің?!

— «Ютубтан» көрдім. Саған «сілтемесін» жіберейін бе?!

— Иә, жақсы болар еді. Мен де сондай чемпион болғым келеді.

— Сенің одан асып түсеріңе еш күмәнім жоқ. Бапкер сені үнемі мақтап жүреді ғой.

— Бапкердің мақтау сөзі маған аздық етеді.

— Аделя, сен дәл Мэри секілді болдың ғой?!

— А-а, солай ма?!

— Иә, ол да өзің секілді алғанынан қайтпайтын табанды болған. Біз ғой, бапкер жәй мақтай қалса, сол мақтауға семіріп кетеміз. Ал сенің бойыңда ерекше қасиет бар. Нағыз чемпионға сай қасиет!

— Рақмет, Ақан! Сен маған жаңағы киноның сілтемесін жіберуді ұмытпа иә?! Жақсы, мектепте кездесеміз ғой!

— Жақсы Аделя. Көріскенше!

Мен онымен қоштаса бергенім сол еді, Аделяны үйінің алдында өте сыпайы киінген, қолында үлкен қонжық ойыншығы бар бейтаныс адам күтіп тұрғанын байқап қалдым.  Ол Аделяның алдынан шығып:

— Аделя, қызым! Қалайсың ботам?!

— Бәрі жақсы. Не үшін келдің?

— Білесің бе, мен соңғы кезде сені қатты сағынып жүрмін. Айтпақшы мынау саған,- деп Аделяға қолындағы үлкен қонжық ойыншықты ұстатты.

— Маған сізден ештеңе керек емес!

— Аделя, бәрі осылай болғаны үшін кешірші мені, өтінемін! Иә, менің бөлек отбасым бар. Бірақ сен менің қызымсың ғой. Мен сенің үлкен қалада тұрып, жақсы оқығаныңды, жақсы жағдайда өмір сүргеніңді қалаймын. Мені түсінші.

— Енді бізді мазаламай-ақ қой. Қайдан келдің, сонда кет! деп Аделя әңгімені шорт кесіп, үйіне кіріп кетті. .

    «Өзіне де сол керек»,- дедім мен Аделяның әкесінің кеткен жолына қарап. Осы мен шаңырақ көтеріп, бала тапқызып кейін отбасын тастап кете беретін әкелерді түсінбеймін. «Сүйемін» деп үйленген екенсің, онда әйеліңнен басқа ешкімге басыңды бұра алмайтындай сүю керек қой. Баламды барым деп бағаласаң, одан жырақтамаудың жолын іздеу керек емес пе?.. Мысалы, менің әкем бұл өмірде жоқ. Шіркін, қасымда болса ғой деп қиялдап жататыным өтірік емес. Бұл сезімді әкесі жоқтар ғана түсінеді. Иә, кейде қартайған шалдар да, «әкемді сағындым», әкемнің осы бір өсиетінің арқасы ғой, адам болғаным»,-деп еске алып, сағыныштан сарғайып жүреді. Бұл мысалдардың жанында қыз баланың әкесіз өсуі тіпті қиын. Қазір Аделя әкесіне ашуланғанымен, үйде жылап отырған шығар. Ол да әкесін сағынады ғой. Қыз бала үшін әкенің орны бөлек. Дәл қазір Аделяны барып жұбатқым келді.

VI

Балалық шақ болашақ. Бар болмысыңның бастауы, іргетасыңның алтын ұйытқысы деседі. Таң атса кеш батқанын, кеш батса, таң атқанын байқамай қаласың. Әйтеуір, зулап өтіп жатқан уақыт. Алға қойған мақсатымыздың ең асқағы мектептегі білімді бойға сіңіріп, нәтижесінде жақсы баға алсақ, соған масаттанып, сонымен ғана шектеліп жүрміз. Ал сол білімді нендей мақсатта алып жүрміз? Қайда қолданбақшымыз? Елге, қоғамға, ортаға қалай пайдам тиеді? Ол жайлы ойланып көрдік пе? Әйтеуір, барлық уақытымыз осы мектепте өтіп жатыр. Кейде ойлаймын, осы білім саласының жоғарыдағы басшылары мектептің үздік оқушыларына, мектептің білім дәрежесін көтеріп жүргендері үшін,  «Қазақстанның еңбек сіңірген оқушысы» деген атақ бергені дұрыс шығар деп. Әйтпесе, обал-ақ, барлық балалық шақтың қызық дәуренінен құр қалып жүрміз. Өзім мектептің үздік оқушыларының бірі болған соң, сөз арасында айтып отырғаным ғой.

Зымырап өтіп жатқан қайран балалық шақ, бал дәуренім-ай! Міне, арада бір жыл уақыттың қалай өткенін де аңғармай қалдым. Көп нәрселерге өзгеріс енді. Ал «Апперкот» фильмінде арада бес жыл уақыт өтті деп көрсетіледі. Бұл да түсірілім тобының, көрермендерге әсерлі етіп көрсету үшін қабылдаған шешімі болар деп ойлаймын.

Иә, бір жылғы уақытта Шашубай кентінің абыройы спорт саласы бойынша асқақтап келеді. Кикбоксингтен бірқатар облыстық, республикалық чемпиондар шықты. Ал менің ауыз толтырып айтарлықтай спорттық нәтижем әлі жоқ. Бапкерім осы уақытқа дейін мені байрақты жарыстарға қоспады. Соған қарағанда әлі де дайындығым нашар болып, бапкерімнің сеніміне кіре алмадым ғой деймін.

Жақында менен үлкен Қуанышбек Асылжан А.И. Апачинскийді еске алатын бокстан республикалық турнирдің күміс жүлдегері атанды. Мен секілді жас буын біле жүргені дұрыс шығар, А.И. Апачинский бокстан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы, тұңғыш Олимпиада чемпионы болған Василий Жировтың жеке бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол турнир Балқаш қаласында өткен соң бәріміз қолдауға бардық. Асылжан үш күн бойы қарсылас шақ келтірмеді. Бұл нағыз «сенсация» десе де болады. Алақандай ғана ауылдың баласы, сонымен қатар кикбоксшы бола тұра бокстан республикалық турнирда «Мен» дейтін боксшыларды жеңуі расымен де біздің ауыл үшін үлкен абырой еді. Тек финалдық  жекпе-жекте ұпай санымен Асылжанның қарсыласы басым түсті. Асылжанның жетістігі әлі жарысқа шығып көрмеген маған ерекше жігер сыйлады. Тезірек жарысқа шығуыма құлшындыра түсті.

Менің спорттағы кумирім бокстың аңызы болған, аса ауыр салмақта қарсылас шақ келтірмеген, соққысы темірдей қатты және ауыр болғандықтан  «Темір Тайсон» деген лақап атқа ие болған Майк Тайсон. Менің басқа елдің чемпионына еліктегенімді қатты сөкпеңдер. Бүкіл елдің назарын өзіне аударған чемпионның жақсы жағын үлгі тұтсам, оның ешқандай сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Негізі Тайсон екеуміздің ұқсастығымыз бар. Ол да әкесіз өскен. Бала кезінде тентектің тентегі болған. Ол аяқ баспаған полиция бөлімшелері жоқ деседі. Сол тентектігіне жаза ретінде оны бокс үйірмесіне жазған екен. Содан бастап, мен ғаламтордан Майк Тайсонды іздей бастадым. Оның рингте қарсыласын қалың ұйқыға жіберіп жатқандағы соққысы бар суретін шығарып алып, өз бөлмемнің қабырғасына іліп қойдым. Тіпті Тайсонның жекпе-жектерін көрмесем, жаттығуға құлшынысым болмайтын деңгейге дейін жеттім.

VIІ

Күнделікті жаттығу аяқталған сәт еді. Бапкер бәрімізді сапқа тұрғызып, сөзін бастады:

— Алда бізді облыстық жарыс күтіп тұр. Қарағандыға жол жүреміз. Ертеңнен бастап жаттығу қатаң «режимде» болады.

— Ағай, қазір де босаң емес қой деді Мұқан өз күшіне сенімді болып.

— Одан да қатаң болады. Үлкен спортта көрінгің келе ме? Онда осы жарыстан бастағандарың жөн! Бізден 10 бала қатысады.

— Ағай кімдер барады? деп Аделя сұрады.

— Құрамаға кімнің кіретіні өздеріңе байланысты. Ертеңнен бастап қалаға барып, спарринг жасаймыз. Басқа да жаттығулар жасатып, іріктейтін боламын, деп бапкер бәрімізге жұмбақтап, жалпылама сөйледі.

Қалаға барып, спаррингтік кездесу жасадық. Алғашқы болып спаррингке Шашубайлықтардан мен шықтым. Рингте іс-қимылыммен бейімделе алмай, қарсыласымнан ұтылдым.

Спаррингтік жекпе-жектер әлі аяқталған жоқ еді. Балалар ринг төңірегінде жайғасқан күйі улап-шулап, тамашалап қарауда. Мен болсам, басқалардан оқшауланып отырмын. Көзім спаррингтік жекпе-жектерде болса да, көңілім басқада. Әлгіндегі жеңілісім ішімді күйдіріп отыр. «Осыншама әлсіз болар ма едім?» деген ойлар ойымды тұмандатып, сенімділігімді жоя бастады. Бапкерім жаныма келіп:

— Спаррингте жеңілсең де, жарыста жеңілме! Ертең тағы реванш жасаймыз. Қалай жеңу керектігін айтатын боламын – деп қолдауын білдірді. Бойыма ерекше сенімділік берген бапкердің сөзінен күш алып:

— Ағай, жаттығудағы дайындықта қаншалықты жүгіріп, қаншалықты қап түйгіштегенмен, өзіңе есе жібермейтін әріптесімен бір кездескенге татымайды екен. Өзіңнің осал тұсыңды соққы тигенде ғана байқайды екенсің. Мені еңдігі дайындықта аямаңызшы! Мен бәріне шыдаймын! Мен чемпион болғым келеді! деп өтінішімді айттым.

Бапкерім менің осы жекпе-жекте өзіме көп нәрсе түйгенімді түсінді ғой деймін. Маған күлімдеген жүзімен бас бармағын көрсетті.

Бапкеріміз дайындықты Балқаш көлінің жағасында күнге күйдірініп, тас лақтыртып, суға малшылатып жаттықтыруға көшті. Шой балғамен трактордың дөңгелегін ұрғызып, қолдың соққыларын назардан тыс қалдырмады. Аяқтардың соққыларында назардан қалдырмай, көл жағадағы құмда жүгіртті. Бұл да аяқтың төзімді болуына көмектесетін бірден-бір жаттығу.

Соңғы дайындықтардың бірі еді. Бапкер бәрімізді ортаға алып:

— Мен сендердің жеке қасиеттеріңді, мүмкіндіктеріңді ескере отырып, қолдан оңай келе қоймайтын тапсырмалар мен ауыр жаттығулар арқылы сынақтан өткізе отырып, тексеріп алдым. Негізі, естеріңде болсын, спортшы осындай жан аяусыз жаттығулар болмаса, төбесі көкке бір елі жетпей қалған бақытты сәттерді сезіне алмайды. Егер жастық жігерлеріңді найзағайдың отынындай қамшылай алсаңдар, ешкімнің алдында ешқашан да қор болмайсыңдар! деді. Бапкердің бұл отты сөздері бәрімізді ерекше толқытып жіберді. Артынша, бірден жарысқа баратындардың тізімін айта бастады. Осы бір сәт маған баяу өтіп жатқан секілді көрінді. «Менің атымды айтар ма екен?» ,«мен барады ма екенмін?» деген сан алуан сұрақтар сананы торлады. Бапкерім неге бүгін асықпай айтқыш болып қалған, не болса да қинамай тезірек айтса екен деп қоямын ішімнен. Бапкер 9 баланың атын айтты. Міне, ең соңғы баратын баланың кезегі келді. Бапкердің жүзі маған қарады да, «Ақан» деді. Сол сәт менің ерекше қуанышты сәтім болды.

VIII

Біз кешкісін Балқаш Қарағанды поезына отырдық. Менің орным қапталда орналасқан орын екен. Маған вагон терезесінен сырттағы болып жатқан құбылыстар көрініп тұр. Міне, менімен жарысқа бара жатқан достарымның ата-аналары вокзалға келіп, жолға шығарып салып жатыр. Ал менің анам жұмыстан босай алмады. Бір жағынан ол да жақсы болды. Бекер әуреленбейтін болды. 

Әне, Аделяның анасы қызын қатты құшақтап, жібергісі де келмейді. Өзінің қолымен пісірген дәмділерін ұстатып, «жолда достарыңмен бөлісерсің» деп айтуда. Ал Мұқанды әкесі «Жалғызым!», «Құлыным!», деп ерекше еркелетіп тұр. Себебі Мұқан анасынан ерте айрылған еді. Осының бәрінен шеттеу жерде бапкер тұр. Жүзінен «осы балаларды аман-есен ата-аналарына әкелсем» деген қобалжу сезіледі.

Жарысқа баратын спортшының жол жүруі де бір азап екенін спортта жүргендер түсінеді. Поездағы жататын орын үйіңдегі төсекке жетпейді. Плацкарт іші қапырық. Жарық та әлсін-әлсін түседі. Вагон ішінде жылап жатқан нәрестені жұбатып отырған ананың уайым шеккен жүзі. Ал еркектер тарапынан істейтін іс, ойлайтын ой болмаған соң, әйтеуір ауыздарын қимылдатып, әр нәрсені бір қозғап мағынасыз әңгімені өрбітіп отырғандарын байқайсың. Бірде «үкімет ақшаның бәрін жейді. Әйтпегенде баяғыда бәріміз джип мініп жүретін едік» деп сөздерін саясатқа сермесе, енді бірде, картаны ермек қылады. Ұтысқа ойнап отырған болар. Шамасы ұтылған адам ақша беретін шарттары бар секілді.

 Мен теміржол қатынастарын реттейтін басқарушыларға біздің құқымызды ескеріп, балаларға арналған жеке вагон ұсынса деймін. Себебі біз жақсылықтан гөрі, жамандықты тез қабылдайтын жандармыз. Карта ойнап, үкіметті жамандайтын ортада жол жүргенше, жеке вагонда жол жүрген жақсы. Жеке вагонымыз болса қандай тамаша болар еді. Вагон ішінде жеке кітапханасы бар, сонымен қатар шахмат, дойбы ойындарының тақтасы болса, тіптен керемет!

Қайта-қайта аунақшып жата алмадым. Ұйқым келмеген соң, шәй ішкім келді. Әттең, бапкер бәрімізге «диета» қойып тастаған. Ертең таңертең салмақ өлшеу рәсімі, соған дейін шыдау керекпіз. Осындайда уақыттың өтпей қоятыны  тағы бар.

Түн. Поезд «Ағадыр» станциясына тоқтады. Жүктерін алып кірген бірнеше кісілермен ілесіп немересін ерткен егде жастағы әжей де кірді. Немересі ұйқысын аша алмай жүр. Әжесі барлар қандай бақытты. Осындай бақыт менің басыма бұйырмаған екен! Кенет мені біреу түрткен болды.

— Неге ұйықтамай жатсың, Ақан?! деп бапкерім маған төбемнен төніп тұр екен.

— Ұйықтай алар емеспін. 

— Бұл  үйден алғаш алысқа шыққандықтан ғой. Анаң да ұйықтамай жатқан болар.

 Қалай сонда?

— Қазір, сені ойлап уайымдап, ұйықтай алмай жатқан болар. Негізі аналарымыз өте уайымшыл келеді. Бірақ сол уайымын сейілтетін, көңілін тыныштандыратын тәсіл бар екен.

— Ол қандай тәсіл, ағай?

— Сендер болашақта жақсы жолды ұстанып, ел үшін пайдасын тигізер азамат болып қалыптассаңдар, сонда жұрт «мынау нағыз жігіт екен», «мынаны қандай ана тәрбиелеген» десе, сол бата олардың жүрегін тыныштандырады екен ғой. Ол тәсіл анаңа «Рақмет!» деген сөзді естірту екен. Қазір спорттық жарыстарда ел намысын көтеріп келген жеңімпаздың ең бірінші ата-анасынан сұхбат алады. Неге екенін білесің бе?!

— Жоқ, білмедім.

— Себебі ол сұхбат жұрттың сұранысынан жасалынады. Жұрт алыптың да  анадан туатынын жақсы біледі. Содан ғой, бірден «Кімнің баласы екен?»,-деп улап-шулап қоя беретіні. Менің де «өмірім қалай өтіп жатыр?», «немен өтіп жатыр?», «анамның көңілін марқайтатын, жүзіне қуаныш сыйлайтын жолда жүрмін бе?» деп анамды ойлап, ұйықтай алмайтын сәттерім бар. Иә, бапкердің көзінен іштей бір өкініші бар екені байқалды. Әрине, оны сыртқа шығарып айтқысы келмейді.

Анашым, міне, балаң алғаш рет алысқа сапар шегіп отыр. Менсіз жалғызсырап қалатын болдың ғой. Менсіз өткен бес күнің бес айдай өтетін шығар. Анашым, балаңа да ауылдың намысын көтеретін мүмкіндік беріліп отыр. Мен сіз үшін бұл мүмкіндікті жіберіп алмауым қажет. Ауылдың бәрі «осындай намысты ұл тәрбиелегенің үшін рақмет»,- деп айтып жүретіндей деңгейге дейін мәртебеңізді көтеруге тырысамын.

ІХ

Жарыс болатын жерге келдік. Ғимараттың маңдайшасында «Н.Әбдіров атындағы спорт сарайы» деп жазылып тұр. Шіркін, осындай зәулім спорт сарайы бізде де болса ғой деген қиял да ойымды шырмап алды. Ғимаратқа қарама-қарсы сол кісінің ескерткіш мүсіні тұр екен. Шыны керек, ойға шомып кеттім. Менің де чемпиондардың чемпионы болғанда, осылай ескерткіш қылып құрметтейді ме екен?! Ол үшін осы жарыстан бастап, қалай да болмасын жеңіске жетуім керек!

Маған ортада керулі тұрған төрт бұрышты ринг - әлемнің төрт бұрышы секілді көрінді. Әлемге құлаш сермегің келсе, алдымен осы төрт бұрышты еркіңе бағындырып көр деп тұрғандай. Жарыста алғашқы рет жекпе–жекке шығар алдындағы қобалжуды барлығы бастан өткерген шығар. Осындай кезде жігер беретін жанның табылуының өзі үлкен бақыт деп білемін. Рингке шығуыма шамалы қалғанда менің қол–аяғым дірілдеп, «жеңіліп қаламын-ау» деген күдік  санамды торуылдап маза таптырар емес. Алда 5 жұп бар. Қыздырыну жаттығуларын орындағаннан кейін, бапкерім қасыма келіп,  арнайы жаттығулар жасадық. Бас төреші «Келесі жұп дайындалсын!» деген нұсқау берді. Менің кезегім... Бапкерім менің қобалжығанымды  байқады–ау деймін. Кенет бокс қолғабымды кигізер алдында:

— Жұдырығыңды көрсет, — деді.

Мен жұдырығымды түйдім. Жұдырығымды қолына алып, оттай жанарымен келесі сөздерді жеткізді:

— Мына  жұдырық менікі деп ойлама! Бұл жұдырық туған жеріңнің, саған үміт артып отырған бүтіндей бір ауданның жұдырығы деп ойла! Осы жұдырықтың соққысы қандай ауыр, жойқын болатынын көрсет!

Сол сәтте мен сөзбен айтып жеткізе алмайтын күйді бастан кештім.  Тұла бойымнан тау қопарардай алапат күшті сезінгендей болдым. Осы отты сөздің арқасында мен финалдық жекпе-жекке дейін үш қарсыласымды үш күн бойы ұпай санымен жеңіп, жарыстың төртінші күніне ақтық сынға жолдама алдым.

       Жекпе-жек өткізген әр күнім бір апта секілді өтті. Мысалға, бүгінгі қарсыласыңды жеңгендегі қуанышың ұзаққа бармайды. Себебі ертеңгі жекпе-жегім қалай болады екен? Қандай қарсыласпен кездеседі екенмін? Осы бір уайымдарды түнімен ойлап, ұйықтай да алмайсың. Осындайда сені қолдайтын, жаныңнан табылатын бапкерің және достарыңның болғаны қандай жақсы!

Жарыстың соңғы күні. Рингте финалдық жекпе-жектер өтіп жатыр. Жанкүйерлердің тамашалап қарайтын дағдылы орнында адам көп. Мен рингке жақындап келе жатқанда «Ақан, қорықпа!», «Соңғы жекпе-жегіңде аянып қалма!», «Чемпион болатын бол!» деп қолдау көрсетіп жатқан достарымды көрдім. Рингтің келесі бұрышынан менің қарсыласымның да қарасы көріне бастады.

— Бека!

— Ох, ол қазір көрсетеді!

— Бека, «Демидрол»!

— Бекер «Демидрол» деп атанып жүрген жоқ, қазір қарсыласын ұйықтатады!

— Иә, біздің Бека көп жекпе-жектерін нокаутпен ұйықтатып жүр ғой. Қазір де қиын соға қоймас! деп жанкүйерлер жақ шулап қоя берді.

Рингтегі төреші ортаға шақырып:

— Ақтық айқасқа жетулеріңмен! Ережені сақтаңдар! Менің командамды мұқият тыңдап отырыңдар! Қол алысыңдар! Бұрыштарыңа барыңдар! деп бізді өз бұрышымызға нұсқады. Рингті қоршаған үш төрешіге «дайынсыздар ма?»  деп, әрқайсына бір қарап өтті де, бас төрешіге бұрылды.

— I раунд! Тайм! Файт! – деп жекпе-жекті бастап жіберді.

Менің қарсыласым алғашқы раундтан-ақ басымдылықты өзіне алғысы келіп, соққыларды боратты.

— Ой, бәрекелді, Бека!

— Әне, көрдің бе оны?!

— Ол сондай, мықты! десіп жанкүйерлер әлгіден бекер делебесі қозып, шуласып кетті.

Бапкер маған финалдағы қарсыласым жергілікті кикбоксшы екенін және кемшіліктер мен артықшылықтарын алдын-ала айтқан болатын. Сондықтан бұл жекпе-жекке бапкермен бірге тактикалық жоспар құрғанбыз. Мен қазір сол жоспар бойынша әрекет етудемін. Яғни бірінші раундта мен қарсыласыма шабуыл жасауына көп мүмкіндіктер беріп, екінші нөмірлі позицияны ұстанып, қарсыласымды шаршатуым керек. Қарсыласымның соққылары мен ойлағаннан да өте жойқын және көз ілеспес жылдам екен. 

Рингтегі төреші «Тоқта!» деді. Бұл бірінші раунд аяқталды деген белгі еді. Үзіліс уақытында бапкерім маған «Жарайсың! Енді екінші раундтағы жоспар бойынша әрекет ет!» деп менің демалып алуыма жағдай жасап, орамалмен жылдам-жылдам желдетті. Ринг төрешісі:

— Екінші раунд! Тайм! Файт,  деп әдеттегі белгісін берді. Бұл раундта мен өзім шабуылға көше бастадым. Аяғымның бір-екі соққысы дәл тиді. Бұл кішкене болсын маған сенімділік берді. Жан берісіп, жан алысқан жекпе–жек деуге әбден келеді. Қарсыласым да беріскісі келмейді. Гүрзідей соққылар кезек –кезек алмасып, екінші раундты аяқтадық.

Үзіліс уақытында бапкерім «Ақан, жеңісті қолдан берме!», «Соңғы раундта аянып қалма!», «Мен саған сенемін!» деген жігерлі сөздерін жеткізіп-ақ жатыр. Ал мен шаршағанымды сезіп отырмын. Тынысым тарылып, екі өкпем өше бастағанын сезіп тұрмын. Ринг төрешісі ортаға шақырды. Үшінші раунд басталғанын көрсетіп, бас төрешіге белгі берді.

Соңғы раундта белсенділігіміз алғашқы раундтағыдай емес, бәсеңдеу болды. Себебі мен де, қарсыласым да шаршадық. Мен шаршағанымнан, босаңси бастадым. Міне, сол сәтте қарсыласымның оң соққысын жіберіп алып, есеңгіреп аяқтағы тепе-теңдікті жоғалтып алдым. Ринг төрешісі бірден нокдаундқа түскен боксшыға ашылатын есепті жүргізуде: 1, 2, 3.... Егер 10-ға дейін, екі аяққа нық тұрып, дайын екенімді сендірмесем, ринг төрешісі жекпе-жекті аяқтап, жеңісті қарсыласқа беруі мүмкін екенін білсем де, жекпе-жекті жалғастыру үшін әл қалмады...

Сол сәтте жанкүйерлердің арасынан әкемнің бейнесін көргендей болдым. Маған «Биік шыңға шығамын деген уәдең қайда?!» деп көңілі қалып тұрғандай. Әкем менің әлсіздігімді көрмеу керек. Уәдемде тұратынымды, жеңісті жігеріммен жұлып алатынымды көру керек деп өз-өзімді қайрап төрешінің  7 деген санағында «дайын» екенімді білдірдім. Төреші маған бір қарады да, сосын мені бұрышыма жіберді. Кішкене мұрнымнан қан кеткен екен. Бапкерім орамалмен бір сүртті де:

— Ақан, сен таңғажайыпқа сенесің бе? Қазір саған төбеден әкең қарап, үлкен үміт артып отыр! Ол сенің жеңгеніңді қалайды! Қане, әкең үшін, анаң үшін, ауылынның артқан үміті үшін қарсыласынның тас-талқанын шығар! Қарсыласың қазір саған жүгіретін болады, сол сәтте қашқақтап оған мүмкіндік бер де, сәті келді дегенде оң қолмен астынан күтіп ал! Апперкот соққысын ұр! деп маған  кеңес беріп үлгерді. Бапкердің қасында секундант болып жүрген Аделя да:

— Жекпе-жек аяқталуына он бес секунд уақыт қана қалды. Өзіңнің «Коронный соққыңды» жаса! деп соңғы сөздерін айтып қалды.

Мен бапкерімнің айтқанын айна қатесіз істедім. Өзіме атылып келе жатқан қарсыласымды оң колмен «апперкот» соққысымен күтіп алдым. Міне, «Демидрол» дейтін қарсыласымның өзін қалың ұйқыға кетірдім.

Сол кездегі жарыстан түйгенім: дәл уақытында айтылған жігерлі сөз - жеңіске бастайды екен. Иә, бапкерімнің жігерлі сөзі болмаса, мен жеңісті қолдан беріп қояр едім.

Гонг соғылды. Жекпе–жек аяқталды. Ринг төрешісі менің қолымды көтерді. Сол сәттегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес!

Әке, міне, ұлың облыс чемпионы болды. Сен айтқан биік шыңның кішкентай төмпешігін бағындырды. Шіркін, осы жеңісімді сіз көргенде ғой. Осы бір қуанышты сәтімде қасымда болсаңыз ғой. Мен сізді қатты сағындым, әке!

Менің жарыстағы жеңісім біреулерге кездейсоқ болуы мүмкін. Бірақ мен талай рет бөлмемдегі қабырғада жабыстырылып тұрған Тайсонның «апперкот» соққымен қарсыласын ұрып құлатып жатқандағы бейнесін өзім ұрғандай елестетіп жататынмын. Бүгін түнде таңғажайып нәрсе болады. Мен түнде қиял-ғажайып жерге тап боламын. Олар мені өзгертеді де, ертең «Супер чемпион» болып шығамын деп тәтті қиялға беріліп қанша рет қалғып кеткенім есімде жоқ. Қанша рет қиял әлемімде жүздеген көрермен қарап отыратын бокс стадионына барып қайттым десеңші!..

Солай армандаудан жалықпайтынмын.  Енді міне сол асқақ арманымның кішкентай бір бөлігі орындалды емес пе?! Мен осыған сенген едім. Осы сәттің боларын анық білдім!

ХІ

Мен жарыста алған әсерімді іште сақтай алмай, «Сенім жұдырығы» деген мақала жазып, оны «Тоқырауын тынысы» атты аудандық газетке бердім. Газет редакциясы менің бұл шығармамды өте жақсы бағалады. Негізі «Қазақстан Жазушылар одағы» секілді өзіміздің «Балалардың Жазушылар одағы» болса жақсы болар еді. Одақтың төрағалары өзіміз қатарлас, жеткіншектер болса, әйтпесе үлкендер біздің жазған шығармамыз түгілі, кейде айтқан сөздеріміздің өзін түсінбей жатады ғой. Сол «Балалардың Жазушылар одағы» біздей жас қаламгерлердің еңбектерін бағалап, қаламақы беріп талпындырып отырса керемет болар еді.

Менің мақаламды оқыған бапкерім өте қатты қуанған еді. Маған:

— Ақанжан, мына бір қойын дәптерді саған беремін. Бұл менің осы ауылға келіп, бапкерлік еткен күннен бастап жазылған есебім. Бұл енді сенікі! Қалағаныңша пайдалан! Сенің жазушылық қабілетің зор, жас жеткіншектерге жігер беретін жігерлі әңгімелерің әлі де көп деген сенімдемін, – деп қолыма ұстатқан еді.

Сол сәттен бастап бапкерім жайлы көп ойлана бастадым. Бапкер дегеніміз «Спортшының екінші әкесі», «Мотиваторы», «Спорттағы жеңісінің кілті» дегеннің бәрі ғаламтордан алынған әдемі сөз дерсіздер. Дегенмен, осы сөздер менің бапкеріме дәл келетінін айтқым келеді.

Бапкерімнің қойын дәптерінде ауылымыздың түрлі оқиғалары, түрлі тағдырлардың өмір жолы сайрап жатыр. Мұны екінші бөлімде жариялау керек деп есептеймін. Ендеше екінші бөлімде кездескенше, оқырман достарым!

Абай Қомар

Абай Қомар — тұрғылықты жері: Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы. Шашубай кенті Қызметі: Қарағанды облыстық Ақтоғай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, кикбоксингтен біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы. Жастар жылына орай «Үздік Жас Маман — 2019» республикалық байқауының жеңімпазы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Хабар» арнасының республикалық телевизиялық байқауының жеңімпазы. Хабар арнасы түсірген «Апперкот» қысқаметражды фильмінің идея авторы. Түрлі облыстық және республикалық шығармашылық байқаулардың жеңімпазы. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Балалар әдебиеті» аталымында.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon