Дактиль
Данила Тоқтасынова
Ауылдан кеткелі бақандай алты жыл болыпты. Атам қайтқан соң, қара шаңырақты қимай-қимай сатып, елордаға көшіп кеткенбіз. Жұмыс та сонда, інімнің оқуы да сонда, жалпы, болашақ та сонда ғой деген үмітпен. «Сатпа, өзім отырам», — дейтін әкем де жоқ. Ол атамнан бұрын кеткен. Парталас сыныптасым үйлену тойын жасап, кел деп қоймаған соң, жұмыстан демалыс алып, ұшаққа отырып келе жатырмын. Оның үстіне туып өскен жерді көріп, топырағына аунап, мауқымды басайыншы дедім.
Тараз әуежайына қонған соң, ауылға апаратын таксистер тұратын тұраққа келдім. Бұл жақта кешелі бері жаңбыр толастамай, жердің миы шығып жатыр екен. Ауылға қарай отырған көліктің жүргізуші ағамдардың көршісі Сәбит аға болып шықты. Жол бойы әдетіне салып, ананы-мынаны сұрап отырды. «Жасың нешеге келген еді? Артық шығын жоқ па?» деген ауыл жақтың дағдылы сұрағын да қойды арасында. «Артық шығын» деп отырғаны тұрмысқа қашан шығасың дегені. — «Әзірге жоқ», — деп жымиып қойдым.
Той кешкі жетіде, ал сағат енді бес болып жатыр. Міне, үйлердің төбелері көрініп қалды, сол кезде ғана менің мұнда тұратын үйім жоқ екені, барар жерім жоқ екені есіме түсті. Туыстарымның үйіне сонша жылдан соң құр қол барғаным дұрыс болмас, ал сыныптастарыммен қазір бұрынғыдай арқа-жарқа болып араласпаймыз, аяқасты жетіп барғаным біртүрлі ғой. Сөйтіп, отырғанымда қызыл шатыр көзіме оттай басылды. Ауылға кіре бергенде шетте жалғыз өзі салтанат құрып тұрған зәулім, қызыл кірпішпен қаланған екі қабатты үй бар. Онда бұрын кітапханада істеген Әсия апа мен Асан ата тұратын. Кітапхананың жарамсыз кітаптары, жабылған ескі кітапханадан қалған кітаптар бар, Асан атаның өзі жинаған кітаптары бар екі қабаттың қабырғалары тола сөре-сөре болып тұратын. Қыздар болып талай осы үйге кітап алуға келетінбіз, Әсия апай шайсыз жібермейтін.
— Осында тоқтаңызшы, — дедім.
Қай үйге баратыным Сәбит ағаға қызық болса да, қолқалап сұрағанды ұят көрді-ау. Оны қызыл үйге бұрылғанша көлік біраз уақыт орнынан қозғалмай тұрғанынан білдім. Үйге жетіп, дарбазада орнатылған қоңырауды басып, қақпа ашылғанша малмандай су болдым. Жазғы ақжауын төбемізден құдды бір шлангымен суғарып жатқандай, бір сәт толастауды білмейді. Іштегі үй иесі мені кіргізуге асығар емес, әр жерде жиналған шалшық суды шылп-шылп еткізіп басып келе жатқан аяқ дыбысын естіп тұрмын. Қақпаны мен күткен адамдар емес, үлкен қара қолшатыр ұстаған бір жігіт ашты.
— Асан ата мен Әсия апаға келген ем... ым... ішке кірсем бола ма? — дедім аптығып.
Жігіт суға түскен күшіктей дірдектеп әрі жауыннан көзін аша алмай сығырайып, бар бояуы жуылып кеткен маған сынай қарап алды да, қолшатырын ұсынды. Ішке кірген соң ғана:
— Ол кісілер қазір мұнда емес, — деді.
Менің кіреберісте тұрып қалғаныма ол да ыңғайсызданып тұрғанын білсем де, жаңбыр тоқтағанша қала тұруға рұқсат сұрадым. Үй қожайыны аяғындағы үйге киетін кебісін сүйретіп, еріне басып, өзіме таныс, кезінде талай шай үстінде әңгіме-дүкен құратын қонақ бөлмеге ертіп апарды. Жеті қат көктен құлап жатқан тамшылар шатырға, терезеге, әр нәрсеге соғылып, барабанның ырғағындай мың құбыла, екеуіміздің арамыздағы тыныштықты әлдилейді.
— Сіз апа мен атаға кім боласыз?
— Олар қашан келеді?
Бір мезетте сұрақтар саңқ етті. Мына жерге келгеніме өкіне бастадым. Ұят болса да, әкемнің ағасының үйіне бара беруім керек пе еді?
— Бұрын кітап оқуға көп келетін едім. Осы ауылда тұрғанмын... бұрын мектеп оқып жүргенде. Жай, ауылдасымын. Амандасуға кіріп едім. Олар қашан келеді? — сұрауын сұрап алып кітаптарға, есікке, жігіттің футболкасындағы суретке қарап, қолымдағы сөмкенің бауын мыжып ұстап, өзімді бір ебедейсіз сезініп кеттім.
Жігіт болса, керісінше, таңданғаннан дөңгелектеніп кеткен көздері мені тесіп жіберердей тура қарайды. Бұрқыраған қою қара шаштарына ұзын саусақтарын жіберіп, бір әдеміше маңғаздана қылық жасап тұрып:
— Олар қайтыс болған. Осы күзде апаның жылы болады. Атаға үш жыл.
Айтқан сөздерін қорыта алмай біраз тұрдым. Жаңа мұнда емес деп айтпақшы болғаны, сонда осы ма?
— Көз атысып ойнағанды ұнатасыз-ау деймін, — енді оның жанары нұрланып сала берді. Күлгенде сол жақ бетінде шұңғыл пайда болады екен.
Жауап бермедім. Баяғыдай ескерткіш боп тұра бердім.
— Шай қойып, құрғақ киім берейін. Отыра тұрыңыз. Атам мен апам өлген соң, шетінен бәрі қалаға көшті, — бұрыннан танысым сияқты сөйлеп жатып, ас үйге барып шәйнекке су құйып, газға қойып жатыр.
Бөлмедегі Асан ата мен Әсия апайдың жаңа үйленгендегі ақ-қара жарты қабырғаны алған суретіне қараған сайын мына үйдің мен үшін қандай ыстық болғаны есіме түсіп, санамдағы естеліктер қайта тірілгендей болды. Даңғарадай үй бос болған соң, жігіттің қоңыр даусы жаңғырып, даңғырлап естіледі:
— Өлді деп айтты демеңіз. Өлім деген көпір сияқты. Екі әлемді жалғап тұрады...
Кейде не айтып жатқаны дұрыс естілмейді. Арғы түпкір бөлмеге кіріп кетті де, қолына бірнеше киім ұстап қайта келді:
— Менікінен басқа беретін киім жоқ, апамдікін таратып жібергенбіз. Бола беретін шығар?
Өзінің киімдері ғана тұр. Демек, мұнда жалғыз тұратын болғаны ғой! Жалғыз тұратын, танымайтын, есімін де білмейтін жігіттің үйіне келген не деген есі ауысқанмын-ей? Құдай сақтасын, бірақ бір нәрсе болса, бұл үй ауылдың шетінде, айқайымды ешкім естімейді ғой. Күн де қасақана ерте қараңғыланып қалды.
— Есіміңіз кім? — дедім ол сөйлеп бітті-ау дегенде.
Марғұлан екен. Осы жыл универді бітіреді. Диплом жұмысын жазуға ауылға келген екен. Кіші екен ғой. Көңілім мүлдем түсіп кетті. Тоқтаңдар! Мен осы қорқып отырмын ба, әлде оны ұнатып отырмын ба? Өзім де шатасып кеттім. Екі сезім араласып, зебраның жолағындай алма-кезек ауысады. Бірақ ішімдегі осы бір сүйкімді жаратылыс кімді ренжіте қояр дейсің деген дауыс басымырақ секілді.
Киімімді ауыстырып, пакеттегі тойға киетін көйлегімді де, су киімдерімді де есіктерге іліп-іліп қойдым. Марғұланға тойға келгенімді, ешкімім болмай осында соғайын дегенімді де айтып қойдым. Оның ойын түсініксіз жеткізетініне, өзіне кең тұратын футболкасындағы Тотороның суретіне, ұйпа-тұйпа шашына, әр сөзің мен қимылыңды қалт жібермей бақылайтын қылығына, жымиғанда ғана жылт етіп көрінетін бет шұңғылына, мені желіктіріп тұрған болмысына басым кетті. Өзімді қайтадан көрінгенге ғашық бола беретін оқушы қыз сияқты сезініп кеттім. Бұлай ғашық болмағалы қай заман. Соңғы рет университетте бір даяшыны қатты ұнатып қалып едім. Өзімді оған деген сезімім барын зорлап айтқыза алмай қойдым да, кешігіп қалдым... Махаббат деген бұлттар қоюланып, аспан бұзылғанда ғана күтпеген жерден жарқ ететін найзағай тәрізді. Кейде жарқылдың жылдам болғаны сонша, от ұшқынын көріп те үлгермейсің. Міне, қазір де сезім ұшқынының найзағайдың аспанды түйрегендей, жүрегімді жаншығанын кеш байқап отырмын.
Түнерген аспан, дымқыл жер, сұр ауыл, бозарған үйлер. Нөсер жауын жер бетін баяу қалыпқа түсіргендей. Уақыт өтпесе деймін, секундтар жылжымаса, минуттар сырғымаса, сағаттың тілі қозғалмаса екен деймін, осында тағы да ұзағырақ қалсам екен деймін, жаңбыр тоқтамаса екен деймін.
— Сіз тойға дайындалмайсыз ба? Боянып... таранып?
— Аөа, ия. Үлгерем ғой. Асықпасам да болады. Мен жылдам боянам. Оған қоса той әдетте кеш басталады ғой...
— Жақсы екенсіз, жылдам дайындалатын болсаңыз. Менің әйелім ақ таңнан қара кешке дейін дайындалады.
— ӘЙЕЛІМ? — даусым қатты шығып кетсе керек, Марғұлан ішіп отырған шайына қақалып қалды. — Сіз үйленгенсіз бе?
— Айтпадым ба?
— Айтпадыңыз.
Есіктің құлаққа түрпідей тиетін қоңырауы біреудің келіп тұрғанын хабарлады.
— Міне, өзі де келді. Бұл да қалаға барып келіп оқиды.
— Ақымақ! — дедім жылап жіберуге аз қалып. — Қазір ол не ойлайды, мені көрсе?
— Не ойлайтынын ойлап неғыламыз? Өзінен сұрай саламыз...
Ішке сүйкімді, бірақ анау айтқан әдемі емес, Марғұландікіндей үлкен қара қолшатыр ұстаған кішкене қыз кірді. Марғұлан жас баладай жүгіріп барып, қызды құшақтай қойды. Оған әйелі әбден үйреніп кеткен болуы керек, ол да мәз болып, құшақтады. Үйреніп кетпеген мен ғана. Бағана Марғұлан есік ашқанда, немесе мен іздеп келгендердің бұл өмірде жоқ екенін айтқанда, немесе жалғыз тұрады деп ойлап қалғанда аңтарылып қалай тұрдым, дәл қазір де қайтадан сол «ескерткішке» айналдым.
Марғұланның әйелі де өзі сияқты болса керек. Күйеуінің киімін киіп, өз киімдерін есіктерге жайып қойған, өзі жоқта оңашада шай ішіп отырған маған ашуланған да жоқ. Жағдайдың мән-жайына қаныққан соң:
— Көлікті жөндетуге бергенбіз ғой. Әйтпесе Марғұлан өзі апарып тастайтын еді. Қай тойханада болады? Ауылдың таксилерін шақыртып берейін ба? — деді.
Бірінші рет тұрмыс құрған әйелге қызығып қараған шығармын. Бірінші рет өзгенің өмірін қызғанып, «неткен бақыттысыңдар!» — деп дауыстап жылағым келді. Неге менің сезімдерім найзағайдың жарқылындай от шашып, қас қағым сәтте дүниемді төңкереді де, жоқ болады екен?
Данила Тоқтасынова — жазушы әрі сыншы. 21 жаста, Жамбыл облысында тұрады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тамамдаған. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Әдеби сын» аталымында.