Өмірзақ Бағдат

398

Айдаһар жүрек

Кіріспе

Ертеде өткені рас па, әлде жалған ба, белгісіз бір замандарда көз жеткен көкжиектің барлығын айдаһарлар мекендеген деседі. Аспан әлемін өз қаһарымен дүркіреткен айдаһарлардан Жер бетінде алып ешнәрсе болмапты. Көз көргеннің бәрін қалтырататын бұл жануарлар өздерін әлем патшасы санайтын. Бірақ оған негіз де жоқ емесі айқын.

Аспан айдаһарлары өз әлемдерінде бір-бірімен жарыса ұшып жүрді. Тау айдаһарлары болса таудан тауға секіріп Жерді дүр сілкіндіруде. Ал Су айдаһарлары – су асты әлемін басқарады. Бір әлемді үш жақтан демеп тұрған бұл айдаһарлар осы күнге дейін тыныш өмір сүре алмаған еді. Бір-бірімен басы қосылмай, жер бетінде қырғын жасап, қырылысатын да жүретін. Әр қайсысы өз басына бір патша сайлап өз еркімен кеткен. Бірақ бүгін ерекше күн. Жан жақтан айдаһарлар ағылып жатты. Көкке су толқындары көтеріліп сонымен бірге су айдаһарлары жүзіп келеді. Ал көктен болса, аспан айдаһарлары қанаттарын жайып құлдилай құлауда. Тау айдаһарлары болса, тау басынан секіре-секіре, бір секіргенде бір күндік жолды еңсеріп келеді. Барлығының басы бір жерге жиналуда.

Бұл жерден шеткерірек жерде орналасқан батылдар мекені болатын. Өздері кішкентай болса да өте батыл ергежейлілер осы орманды мекендейтін. Қай жерде болмасын ергежейлілер өз күндерін көріп жүретін. Ормандағы аң-құстарға барынша жәрдемдесетін. Алып айдаһарлардың бір жерге басы қосыла жиналып жатқанын олар да байқады. Алыстан бақылап тұр еді. Осы уақытқа дейін көзбен көрсе де қолмен жете алмай жүрген айдаһарлары бұлардың алдына келді. Олар орман шетіне жиналып болып жатқан нәрсеге тасадан бақылады. Жиналғандардың көптігі соншалықты қиыры көрінбейді. Кенет орта ашылып үш жақтан үш айдаһар жақындады. Бәрінен де ерекше көзге түсіп тұрған ол үшеуінің кейпі басқа айдаһарлардан өзгешелеу еді.

Тау айдаһарлары жақтан бәріне белгілі патша Жігер шықты. Оның патшалығын білдіретін қақ шекесінде алмаз мүйізі бар еді. Жарқыраған ол асыл тас, тау-тасты қопаратын. Ал аспан әлемінен Қайрат патша шықты. Оның саусақтарында Мәрмәр тырнақтары жалтырайды. Қанатын бір сілкігенде боран туғызатын бұл асыл тастар аспан айдаһарларының қазынасы еді. Су патшалығынан ортаға Жүрек патшайым шықты. Шекесінде су патшалығын өзіне қарататын мәрмәрі көздің жауын алады. Үш жақта өз қазыналарын қолына алып ортаға тастады.

Ол жақта не болып жатқанын айдаһарлардан бөлек ергежейлілер де түсінді. Бүгін бүкіл әлемнің өзгеретін күні. Себебі бүкіл айдаһарлардың басын қосып бейбіт өмірді бастайтын айдаһарлар патшасы дүниеге келеді.

 

Ергежейлілер мекені

Арада жүздеген жылдар өтті. Уақыт өзгерді, әлем өзгерді. Кезінде бүкіл жер бетін өздерінің дауысымен ғана үрейге бөлеген айдаһарлардың ізі де қалмады. Біреулер олардың күмістей жылтыраған қабыршағы бар десе, екіншілер, жоқ түрлі түсті дес еді. Үшіншілер екі тараппен де келіспейді. Бірі олардың қанаттары кең болған десе, екіншісі кішкентай болған дейді, ал үшіншілер мүлдем болмаған деп те айтады. Бірақ не керек, бұл сөз таластардың еш мәні жоқ еді. Себебі оны білу енді қиынға соғады. Алайда кім біледі, мүмкін бұл сұрақтың жауаптары табылып-ақ қалар?

Қазіргі күнде батылдар мекені кеңінен жайылып, алып орман болған. Ағаштар бір-бірімен жарыса өскен бұл орманның бір қиырынан екінші қиыры көрінбейді. Орман ішінде әртүрлі жануарлар мекендейді, қояннан бастап бұғы мен бұланға дейін. Әр жануар бұл алып орманның бір шетінен өз орнын тапты десек те болады. Жануарлар мұнда жайлы өмір сүреді, себебі, оларға көмектесетін жер асты тұрғындары бар.

Жануарлар ауырса олар дәрі әкеліп береді, қарны ашса тамақ табуға жәрдемдеседі. Ал олардың қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын олардың өзінен басқа ешкім де білмейді.

Сол жасыл түске боялған аңдар мекенінің ішінде көзден тасада тылсым бір орын бар. Жан-жағы тастармен бекітіліп, ағаштармен қоршалған жерде жер астына кіретін үңгір орналасқан болатын. Бұл үңгірдің нақты орналасқан жерін жерасты тұрғындары ғана біледі. Кіре берісі сырт көзге мүлдем байқалмайды да, көзден таса орналасқан болатын. Қараңғы үңгір ішіне енген кезде өзгеше көріністі байқауға болады. Ішкі жақ беті жарқырап тұрады, көз жауын аларлық. Сол жарқыраған жаққа тереңінен бойлай берсеңіз, алдыңыздан мүлдем басқа бейне көресіз.

Жарық қоңыздармен жарықтандырылған қараңғы жер астында мүлдем өмір сүру қиын емес. Жарық қоңыздардың көптігі сонша бұл жердің қараңғы жерасты екенін де байқамайсың. Бұл кішігірім мекеннің аты Кішікент. Кішікентте жерасты тұрғындары мекендейді. Олар кішкентай ғана ергежейлілер. Кішікент кішкене ғана қалашық болғанымен  іште ергежейлілердің өмірі қызу жүріп жатты. Кішікент кемпірқосақтың жеті түсіне боялғандай еді. Қызылды жасылды үйлердің арасында тура солай киінген ергежейлілер өз жұмыстарын істеп жүрді. Барлығы – алты түс бар. Біріншісі қызылдар, олар жауынгерлер. Кішікенттің қорғаушылары мен тыныштық сақтаушылары. Қызыл киімдерді барлығы құрметтейді. Себебі табиғатынан өте қорқақ келетін ергежейлілердің мекеніне кіретін қақпаны да солар күзетеді. Екіншісі жасылдар, олар бақташылар. Жасылдар осы мекенде өсетін әрбір гүлді қадағалайды, оларға суын құйып, жемісін тереді. Үшіншісі сарылар. Олар ұсталар. Сарылардың қолдарынан келмейтін ешқандай зат жоқ. Ағашты жіптей иіреді. Төртіншісі мен бесіншісі ақтар мен көктер. Бұл екеуі аулада мүлдем жұмыс істемей, демалатындар. Яғни қарттар мен жас балалар. Қарттар ақ кисе, жас балалар көк киеді. Ең соңғысы қара киімді батылдар. Қорқақ ергежейлілер өз індерінің сыртына шығуға қорқады. Алайда, сыртқа шығып жануарларға жәрдем қылу керек. Міне осы қызметті батылдар атқарады.

Дәл қазір түскі уақыт болатын, барлығы өз үйінде түскі асын ішіп жатты. Тек бір қызыл көшеде жүгіріп үйіне асығып келеді. Оған қарама-қарсы жасыл киімді келе жатты. Екеуі бірін-біріне қол бұлғады.

Сәлем, үйіңе қайтпайсың ба? Түскі демалыс емес пе қазір?  деп сұрақ қойды қызыл киімді жасылға қарай.

Иә, бірақ мен бүгін сахна жақтағы гүлдерге су құйуым керек еді, ұмытып кетіппін. Қазір құйып қоймасам, кешке дейін солып қалады, деді жасыл ақтала. Қызыл басын изеді.

Иә, суарып қой, «орман патшасы» күні жақындап келеді, барлық гүлдер жайнап тұруы керек, деді қызыл шабыттана. Екеуі қоштасып, екі тарапқа қарай кетті.

Кішікенттің ортасында екі ғимарат бас көтерген: бірі алтын қоңырау, екіншісі абыздар үйі. Қызыл ергежейлі абыздар үйіне бара жатыр еді. Бүгінгі күні болған жайттарды баяндауы қажет. Ол өз міндетін атқаруға асығып, көзден ғайып болды.

Барлық ергежейлілер өз үйлерінде отырғанымен кішкентай ғана көк киім киген ергежейлі Асыл есігінің алдында жоғары қарап жатты. Ол іштей былай деді: «сыртта түнесең қандай болады екен, аспан әдемі болып көрінетін шығар. Ал мұнда тек қана жарқырауық қоңыздарды ғана көре аласың.» Барлық дерлік ергежейлілер Асылдың бұл ойын естісе бірдей жауап қатар еді.

Жоғарыда қауіпті, онда айдаһарлар мекендейді, сені ұстап алса біттің дей бер, дейді кейбіреулері

Ол жақта бұғы, қоян секілді қауіпсіз жануарлар болса да, барлық аңдарға сене беруге болмайды, деп те жатады кейбір қызыл киімділер. Асылдың анасы сол қара киімділердің бірі еді. Ол үйде түскі ас істеп жатты.

Балам, келе ғой. Тамақ дайын, деген анасының үні шықты. Асыл орнынан тұрып ішке кірді.

Қазір анашым, бара жатырмын, деді Асыл жалқаулана. Асыл биыл он төртке толады. Ол күнге әлі 2 апта бар. Сол күн келгенде Асыл ересек атанады. Үстіне мына көк киімнен басқа түстегі киімді таңдайды. Ергежейлілер еліне көк киімділерді ешкім тыңдай бермейді, олардың сөзіне назар аудара бермейді десек те болады. Алайда үстіңе басқа киім кисең, сенің ойың ескеріле бастайды. Бірақ Асыл өзінің қандай киім киетінін ойлап жүрді. Асылдың анасы оның қара киім киіп, батылдардан болғанын қалайтын. Алайда, Асыл сыртта жүруді ұнатқанымен де, ол тыныш қана жұмыс істегісі келетін, «мүмкін жасыл киермін» деп ойлайтын.

  Асыл тамақ жайылған дастарқан басына отырып, қолына қасығын алды. Осы кезде анасы да орнына отырып асын іше бастады. Асылдың ойы сан-саққа кетті.

Анашым, мен қандай түс таңдасам болады?  деді бала ойлана.

Көрерсің балам. Мүмкін қара таңдарсың, батылдардың қатарында жүретін боласың. Осыған дейін менімен сыртқа да шықтың, анасы Асылға жақындай сөйледі, мұндағы ергежейлілер жоғарыда айдаһар бар деп ойлайды. Бірақ біз екеуміз олардың жоқ екенін білеміз ғой, иә?  деп Асыл басын изеді. Ары қарай не істеуге болады, ойына ешнәрсе кіріп шығатын емес. Осылай отырып ол тамағын да жөндеп ішпеді.

Асыл қолынан келгенше анасына үй шаруасына жәрдемдесетін. Бүгінде анасы өз шаруаларымен қолы босамай жатқанда Асыл үйді жинастырып жүрген болатын. Кіреберіс бөлмеде анасының қара киімі ілініп тұрды. Жай уақыттарда анасы үстіне жеңіл киінетін, қара киіммен жүру өте ыңғайсыз. Асыл алдында тұрған қара киімге көзін салды, Асылдың дене бітімі анасыныкіндей ірілеу болмаса да, айтарлықтай кішкентай да емес еді. Алдында тұрған қара түсті мата Асылдың көзінше бір ерекше рөл ойнайтын секілді, себебі Асыл бұл адамның Ергежейлілер мекеніне тигізер пайдасын жақсы білетін. Сондықтан да ол бұл түсті таңдағысы келмейді, өзінің бұл жауапкершілікті көтере алатынына күмәнданатын. Ал шындығына келер болсақ Асыл қара түс болғысы келетін. Осы сәтте Асылдың ойын анасы бұзды.

Балам, үстел үстінде, қоңыр құтыда бал тұр. Соны абыздарға апарып берші, деп анасы баласының назарын өзіне аударды. Асыл болса «бал» деген сөзді ести сала сілекейі шұбыра бастады. Балды алу өте қиынға соғады, себебі аралар ергежейлілерге бал бергісі келмейді, берген күннің өзінде тек өте маңызды заттар қажет кезде ғана. Сол себепті де бал ергежейлілер арасында ең бағалы заттардың бірі боп есептеледі.

Жарайды анашым, деп Асыл басын изеді де, асханаға барып құтыны алды.

Абыздардың үйіне баратын жолда Асыл қолына бал салынған құтыны ұстап бара жатты. Сыртта ешкім жоқ секілді, бұл уақытта барлығы үйлерінде демалатын еді. Құтының сыртында кішкене бал тамшысы тамған екен, Асыл оны өзінің кішкентай саусағымен сүртіп алып, аузына салып жіберді. «Неткен дәмді!»

Асыл ары қарай жүріп ергежейлілер мекенінің қақ ортасында орналасқан абыздардың үйіне жетті. Бұл ауылдағы ең үлкен ғимарат болатын. Бұл жерде ауылдың ең ардақты ақсақалдары, құрметті ергежейлілер, он абыз тұрады. Асыл үйдің ішіне кірді. Алдынан Жігер абыз қарсы алды. Үстіне сүттей ақ киім киген абыз Асылға қарап:

О-о, біздің кішкентай батырымыз келіп қалыпты ғой. Қайдан келдің? Кімді іздедің? деп бірден сұрақтың астына алды. Асыл бірінші сәлемін берді де, артынша, қолындағы құтысын көрсетіп:

Жігер ата-анам мына балды беріп жіберді, деді. Жігер абыз қуанып кетті. Балды расында алу өте қиын екенін олар да біледі.

Жарайсың балам. Анаңа рақметімді айтып бар. Жарайма? деді күлімсірей.

Әрине, деп Асыл да жымиды. Жігер абыз Асылды жібермеді. Жүр менімен, мен саған бір қызық көрсетейін, деді. Абыздың мұндай қылығын күтпеген Асыл, таңдана артынан ере берді.

Анаң қалай? деді Жігер ата. Жәй ғана жүргісі келмей, әңгіме болсын деген ойы еді.

Жақсы, бүгін анам аюмен жолықты. Олар өте алып болады екен, деді Асыл анасымен мақтана. Жігер ақсақал басын изеді.

Керемет, анаң сондай батыл адам. Сен де бүгін анаңмен шықтың ба?

Жоқ, бүгін таңертең қоңыраудың дауысын естімедім. Сілем қатып ұйықтап қалыппын. Себебі кеше анам екеуміз бүкіл орманның құстарын аралап, бүкіл талдарға өрмелеп шықтым..- Асыл өзінің басынан өткен оқиғаларды параққа тізгендей етіп Жігер ақсақалға айтып келе жатты, ал өмірден көп көргені бар ақсақал болса жай ғана басын изеп тыңдап келе жатты. Осылай келе жатқанда дәліздің соңынан бір ағаш есік көрінді. Есіктің сыртындағы ою өрнектер Асылдың көзіне ерекше көрінді.

Ата, бұл есік қайда апарады?  деді таңдана.

Қазір көресің, деп Жігер ақсақал қысқа ғана жауап қайырды. Екеуі бірге есікті ашып ішке енді.

— Бұл бөлменің бар екенін абыздардан басқа ешкім білмейді. Мен сенің абыз болғаныңды қалаймын, сол үшін саған көрсетіп отырмын, Асыл өзіне қойылған ауыр жауапкершілікті сезінді. Бөлменің ішіне кіргенде Асыл жан-жағынан ағаштың тамырларынан басқа ешнәрсе көрмеді. Алайда бұл тамырлар жай ағаш тамырлары емес секілді. Кенет барлығы қозғала бір жаққа қарай жол аша бастады. Ақыр соңында қақ алдарынан айдай жарқыраған көгілдір тас шықты. Асылдың көзі жайнап кетті. Тасты қолымен ұстап көргісі келді.

Бұл батылдар тасы. Бұл тасты күннің көзіне шығаруға болмайды, олай болса ол шағылып, жоқ болып кетеді. Бұл тастың күннен таса бұл жерде тұрғанына жүздеген жылдар болды. Алайда, әлі күнге дейін бұл тасты игілігіне жаратар ешкім табылмады. Бұл тас кімге бағынса, сол ергежейлілерді азат етеді деген аян бар, деп ақсақал түсіндірме беріп өтті, алайда Асылдың назарының барлығы таста болатын. Ол жаймен қолын тасқа қарай созды. Өз әңгімесімен өзі әлек болып отырған Жігер ақсақал баланың ойлаған ісін байқамады. Тек алдындағы баланың қолы тасқа тигенде ғана қолын итеріп жіберді.

 Тарт қолыңды!  деді бұйыра. Асыл да есін жиып қолын бірден кері тартты.

Кешіріңіз, ата!

Ешнәрсе етпес, ақсақал қайта өзінің байсалды қалпына келіп. — Келген жолыңды білесің бе?  деді.

Иә, деген жауап ұзақ күттірмеді.

Олай болса кері қайта бер, мен артыңнан барамын. Мені үйдің сыртында күт, деді абыз Асылға. Асыл сыртқа шығып кеткеннен кейін Жігер абыз тасқа көзін салды. Өзгеріс көзіне бірден байқалды. Жаңа ғана көгілдір түспен жанып тұрған тас, енді жасыл түске боялған екен. Жігер абыз бұл тасты көріп жүргеніне қырық бес жылдан асқан екен. Өзінің оны осы Асылдай кезінде тасты алғаш көргенінен бері онда ешқандай да өзгеріс болмаған.

Бұл мүмкін емес! — деді ол дауыстап. Тасты қолына алған сәтте тас қайта көгілдір түске боялды. Және қайтып басқа қалыпқа ауыспады. Не де болса ендігісін Жігер Абыз бұл тылсым құбылыстың сырын ұғуға тырысты. Бірақ оған бір ой маза бермеді. «Неге Асыл келген кезде?»  деді ішінен.

Бұл сұрақтың жауабын бір ғана жерден табуға болады. Абыздардың жабық кітапханасынан. Кішікенттің қақ астында кеңінен етек жайып орналасқан бұл кітапхананың бар екенін абыздардан басқа ешкім білмейді.

Шаң басқан есіктер шиқылдай ашылып, ішке шамның жарығы енді. Есіктің маңдайшасында «ергежейлілердің тылсым кітапханасы» деп жазулы тұрды. Жігер абыз есікті артынан жауып, сөрелерді ақтарып, бір кітапты іздеп кетті.

Абыздардың үйінің сыртында Асыл Жігер ақсақалды күтіп тұрған болатын. Алайда абыз кешіге бастады. Асыл не істерін білмей бір бұрышта тұрған тасты алып алысырақта тұрған ағашқа қарай атты. Өкінішке қарай тимеді. Асыл өзінің кішкентай аяғымен жерді тепті. Осылайша ол Жігер ақсақалды күтіп отырғанына біраз уақыт өтті. Кенет артынан Мерей көрінді. Мерей Асылдың жан досы болатын, екеуі жасты болса да, ол Асылдың жанында кішкентай болып көрінетін.

  Асыл!  Асыл дауысқа жалт қарады.

  Қалайсың, Мерей? ол досының жанына жүгіріп барды.  Не істеп жүрсің мұнда?

  Сенің іздеп келдім. Үйіңе барып едім Арай әпке осында кеткеніңіді айтты. Сен оданда менімен жүр, бір қызық көрсетемін, бұл сөз Асылды қызықтыра бастады.

  Мен мұнда Жігер абызды күтіп тұр едім.

  Өй қоя берші, балды берген шығарсың бастысы, кеттік жүр,   ол досының бұл сөздерінен кейін тұра алмай артынан еріп кетті.

Өмірзақ Бағдат

Өмірзақ Бағдат Лесханұлы — 2002 жылы Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, «Қазақ тілі және әдебиеті пән мұғалімі» мамандығының студенті.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon