Алтыншаш Курманаева

185

Театр құбыжығы

Өткенге өкінудің еш пайдасы да жоқ. Бірақ мені өткен емес, жаралы жүрегімдегі кекшіл сезім өртейді. «Театр құбыжығы» атанған сәтім мандайыма жазылған қарғыс таңбадай болды. Бұл таңбаны кімдер һәм қашан қойды дейсіздер ме? Сіздер! Менің «Театр құбыжығы» болуым тек сіздердің айыптарыңыз! Естеріңізде жоқ па? Ал мен сіздердің естеріңізге түсірейін...

Сол жылы сарша тамыздың жалпақ кезі. Анам дүниеге шекесі торсықтай егіздерді алып келді. Алайда олардың егіз екенін жалғыз әкем білуге тиіс еді. Түнгі үш жарымда емхана дәрігері әкеме жалғыз сәбиді ұстатты. Бұл кезде туған анам ес-түссіз палатада жатқан болатын. Әкем «Сәбидің сыңары қайда?» деп бас дәрігерден сұраса, әлгі дәрігер басын  төмен түсіріп, кешірім сұрайды. Ызаға булыққан әкем дәрігерге сұрақты адуындап қойып, желкесінен жұдырықтап ұстай жөнеледі. Сонда дәрігер әкемнің қаһарынан, анамның уайымынан қорқып, медбикеге баланы алып келуін көзбен бұйырады. Егіздің сыңарын бауырына басқан медбике дәрігер мен әкемнің жаңына адымдап келеді де, сәбиді жыламсырап көрсетеді. Бас дәрігер әкеме баланы бермес бұрын сабырлы да салмақты үнмен:

– Мырза, өзіңізді қолға алыңыз! – дейді де әкемнің жауабын күтеді.

Ұсқынсыз балапанды қолына алған әкем өз-өзіне біраз келе алмай, бас дәрігерге баланы қайтарып береді. Әке мен баланың қауышу сәтінің қайғылы аяқталатының сезген дәрігер баланы медбикеге табыстап, басқа палатаға апаруын өтінеді де әкемді тыныштандырмақ болады. Табиғатынан қатал әкемнің мінезі оған жіби қоймайды. Ол егіздің сыңарының ұсқынсыз екенін көргенде, одан лезде құтылуға асығады. Дәрігер әкемнің өтініші бойынша, менің анама: «Егіздің сыңары өлді», –  деп жеткізеді. Анам қос сәбидің дауысын естігендігін әкем мен дәрігерге айтып, қанша ақталса-дағы, олар жомарт анамның сөзіне құлақ аспайды... Сымбатты ағам анам мен әкемнің шексіз махаббатына ие болып, отбасының бақыты мен базарына айналады. Ұсқынсыз іні дүниеге алғаш келген сәтінен қоғамнан шеттетіледі. Бейшара ұсқынсыз баланың тағдыры тар жол, тайғақ кешулерге толы болады. Оны «қоғамның жазасынан» құтқарар жалғыз адамдар –  асырап алған отбасысы еді.

Өмір деген қызық қой? Ұсқынсыз болғаны аздай, жарық дүниенің мазағын көруге міндеттісің. Бағыма орай, мен бұның бірін де көрмедім. Себебі, мені өгей анам мен әкем өз қамқорлықтарына алып, қатыгез адамдардың санасыз әркеттерінен құтқарып қалды. Олар маған білім мен тәрбие беріп, қоғаммен бірге өмір сүруге мүмкіндік сыйлады. Жарты бетімді жапқан бетперде алтын әкемнің шеберлігінен туған. «Басқа балалар менімен ойнамай қояды» деп әкем жарғақ құлағы жастыққа тиместен, түннің бір уағына дейін ағаштан бетберде жасап берді. Осылайша, Гастон Лерудің «Опера елесіндей» мен ғажайып ақ бетпердеге ие болдым.  

Жиырма бірінші ғасырда дүниеге келіп, «жиырма бірінші ғасырдың құбыжығы» болу қалай екен дейсіздер ме?! Ғажап! Ғажап екен! Сұрықсыз түрдің пайдаға асыруға болатынын мен енді түсінгендеймін. Ұсқынсыз дидарымның арқасында адамдардың ішкі жан дүниесін оқуға үйрендім. Көшеде кезіктірген бейтаныстардың жан алқабаның картинасын мен бірден сеземін де, көремін... «Дүниеге келбетсіз бала келсе, қоғам оларға арқаларын қояды. Сымбатты бала әрқашан қоғамның көркі», – деп жырлайды санасы тайыз біреулер! Тіпті, ішкі дүниесі сұрықсыз болса да, қоғам оларды сүйеді» –  дегенді естідіңіздер ме? Мен естідім! Өгей анам да, әкем де естіді. Шарасыздықтан үндемеді. Бастықтарға қалай қарсы шықсын? Адамды сыртқы келбетіне қарап сынауға болмайды ғой. Ажарсыз екен деп, адамды қоғамнан алшақтату дұрыс па? Айтыңыздаршы?! Бұл  –  адамдыққа жатады ма?

Ұсқынсыз баланың тағдыры ұзын пойызға мініп, тұманды жолға тартты. Пойыз өз жолаушысын жақынына табыстайды емес пе? Менің тағдырлық пойызым бөтен жандардың қолына өтті... Қаным бір болмағанымен, жүрегім олар үшін жаратылғандай еді. Театр әртісінің үйінде ұл бала келуге тиіс болатын. Әлсіз әйелдің денсаулығы баланы жарық дүниеге аман әкелуге жарамады. Әйелінің ендігі сынаққа төзе алмасын сезген күйеуі ұсқынсыз баланы, яки, мені асырап алуға бірден келісті. Анам жатқан палатаның қарама-қарсы бөлімінде менің өгей әкем қайғыдан қан жұтып отырды. Бас дәрігер әлсіз өгей  анама мені ұстатты да, өлі сәбиді туған анама дәлел ретінде көрсетті. Өгей анам кеңпейіл жан еді. Қанша сұрықсыз болсам да, ол – анама еш әсер етпеді. Мені жылы құшағына басып:

– Қараңыздаршы! Менің ұлым қандай сұлу! Қандай сымбатты! – деді.

Өгей әкемнің көзін жас жуып жіберді. Мен ұсқынсыз ғана емес, мейірімді анамның туған баласы емес едім... Осылайша, маңдайым алғаш сәби шағымда тау мен тасқа тиді. Бірақ бұл – тағдырымның ауыр болатындығын білдірмейтін. Сәби өзінің болашағының жарқын болатындығына сенді. Өгей ата-анасы да іштей үміттенді.

Жылдар өтіп, айлар өзендей ақты. Келбетсіз сәби ержетіп, он үш жасқа толды. Театрдың жоғары қабатынан анасы мен әкесінің қойылымын қарап, өзін шексіз бақытты сезінді. Залда отырған адамдардан оқшау болса да, жәудір көзін жұмып, олардың арасында қойылымды тамашалап отырғандай көз алдына елестетті. Бірақ... Бірақ қысқа бақыттың ұзын болмасын кім білген? «Ол жерде не істеп тұрсың?» – деп бейтаныс біреу баланың желкесіне жармасты. Бүйкүнә бала шыңғыра жаздап, қойылымға кедергі келтірмес үшін өзін әрен тежеді. Бөгде кісі баланы сүйреп, төменгі қабатқа әкелді. Жоғары қабатқа шығып, қойылым көргендігін ауыр қылмысқа теңеп, баланы ұрмақшы болғанда: «Жоқ! Олай істеуші болмаңыз!» - деген бір кішкентай қыздың зілді дауысы естілді.  Жұдырықтың қақпанына іліккен әлсіз де сұрықсыз бала көрікті қызды көріп, шағын бақытқа қайта кенелгендей болды. Ақ аққудай аққұба, көмір қара шашты, таңқурай ерінді, кірпігі ұзынша, тал шыбық, он үштер шамасындағы қыз нәзік қолдарымен баланы бөгде кісіден тартып алып, адуынды да кекті жүзбен бөгде мырзаға қарап:

– Егер, оны ұруды тоқтатпасаңыз, мен сіздің атыңызға шағым түсіремін. Менің кім екенімді ұмытпаңыз! Әкемді шақырғанымды қалайсыз ба? – деді.

– Ханым, мені кешіріңіз! – деп бөгде мырзаның айтқаны сол еді әлгі қыз бота көзін қылыштай өткірлеп:

– Менен емес, мына баладан кешірім сұраңыз! – деді нық дауыспен.

– Бала? Бала дейсіз бе? – деп шошқадай тырқылдады мырза.

– Енді кім? – деді қыз сұрлана түсіп.

– «Театр құбыжығы» деңіз. Театр құбыжығы! – деп томпақ танауымен қоса күлді бөгде ер адам.

– Бұл театрда бір-ақ құбыжық бар. Және де ол сіз! – деп айқайлады қыз. Қыздың дауысы жаңғырықтай бүткіл театрды шыр айналып шықты.

Қыздың ащы айғайын естіп, театр директоры олардың жанына жетіп келді. Ол бұнда не болып жатқандығын сұрады. Қыз болған жайды үтір-нүктесіне дейін тәптіштеп айтып берді. Әлгі ер адам сөгіс естіп қана қоймай, жұмыстан қуылды. Бозбала қыздың жүзіне қарап ішінен:

– Үміттің сергелдең қақпанына түсіп, қорқынышқа арқа сүйей отырып, мен сенің бархыттай нәзік қолынды сұраймын! – деді.

Жалғасы бар...

 

Алтыншаш Курманаева

Алтыншаш Курманаева — Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология бөлімінің 3 курс студенті.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon