Оралбек Өтеғұлов

320

Универсалка

2019 жылдың 9 маусымы. Жексенбі. Қазақстан өз тарихында екінші президентін сайлап жатыр. Содан да болар, аты жиі ауысатын қалада сақтық шаралары күшейтіліп, атқамінерлер әбіргерге түсуде.

Бүгін де күн әдеттегідей басталды. Адамдардың бір бөлігі дауыс беру үшін сайлау бөлімшелеріне қарай ағылса, енді бір бөлігі «нәтижесі белгілі» сайлаудан үміттерін үзіп, қолды бір сілтеген. Дегенмен де, басқа сайлаулармен салыстырғанда осы жолы халықтың белсенділігі әжептәуір жоғары.

Осыдан бірнеше күн бұрын Қарағандыда оппозициялық кандидатты жақтайтын жергілікті белсендіні өз үйінің ауласында атып өлтіріп кетіпті. Шарқ ұрып әділдік іздеген адал азаматтың өлімі қоғамда біраз шу туғызды. Бірақ көп ұзамай басылып қалды.

Саяси бәсекелестік қызып, қым-қуыт тіршіліктің қазаны қайнап жатқан тұста саясатпен бас қатырмайтын екі қыз өздерінің күнделікті жұмыстарымен айналысып жатты. Бұл екеуі уақытша атауға ие бас қаланың сол жағалауында, жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен өз тірліктеріне қажетті орынды жалдап алған.

Нақтырақ айтқанда бірінші қабатта орналасқан коммерциялық аумақтан бір кәсіпкер дәріхана ашқан. Қыздардың бірі осы дәріханада сатушы болып жұмыс істейді.

Дәріхананың есігі тура ортасында орналасқан. Ішке кіріп оңға бұрылсаңыз да, солға бұрылсаңыз да, дәріхана витриналарына кезігесіз. Екі дәріхана да бір адамға тиесілі болғанымен, екі жақта екі касса бар. Екі жақта да екі-екі қыздан, төрт сатушы сізге қызмет көрсетеді. Шамасы, бұл дәріханаға келушілердің ұзын-сонар кезегін болғызбау үшін әдейі осылай жасалса керек.

Бір мекемедегі екі дәріхананының ортасын бөліп тұрған бір кішкентай бөлме бар. Бөлменің есігі сыртқа шығатын есікке қарама қарсы орналасқан. Көшеден ешқайда бұрылмай тура осы бөлмеге кіре салуға болады. Алайда бөлменің есігін әлдебір дәрінің жарнамасы бейнеленген үлкен баннермен көлегейлеп қойған. Үштаған тұғырға орнатылған баннердің көлемі есіктің көлемімен шамалас. Соның арқасында екі дәріхананың ортасында есік бар екені мұқият қармасаңыз байқалмайды да. Ол аз десеңіз, есіктің сыртында «Служебное помещение посторонним вход запрещен. Private room»деген екі тілде жазылған тақтайша да ілінген. Сырттан келген кез-келген адам бұл бөлмеде не болып жатқанын сезбейді де. Ал ішінде біздің кейіпкеріміз еш алаңсыз өз жұмысын атқара береді...

Медициналық университеттің студенті, шамамен 24-25 жастағы орта бойлы, толықша денелі, дөңгелек жүзді бойжеткен осы бөлмеде таңертеңнен кешке дейін келушілерге қызметтің бірнеше түрін көрсетеді. Ал оның дәріханада сатушы болып істейтін құрбысы оған клиент тарту ісімен шұғылданады.

Көлемі шамамен 2х2 шаршы метр болатын аядай бөлменің қақ ортасында массаж жасайтын кушетка орналасқан. Екі жақтағы екі қабырғасында медициналық құрал-жабдықтарға толы темір полкалар. Тура ауруханалардағы егу бөлмесі тәрізді. Бөлмеге кірген бойда бір қадам аттап оңға бұрылсаңыз, тағы бір тар қуысқа тап боласыз. Ол жерде дәретхана мен душ орналасқан. Душ деген негізінде аты ғана. Дәретхананың дәл қасында су шашатын жай ғана себелек және жуынған лас су ағып кететін кішкене ғана тесік бар, тас еденде. Пластик терезеге қондыратын сеткадан жасанды есік те жасап қойған. Әлбетте дәретханада жарық жоқ, бөлменің жарығы да өте әлсіз. Әлсіз болса да, есікке керілген сетканың маса өткізбес тар тесіктерінен өткен әлсіз сәулелер қуыстағы бөлмені алакөлеңке қылуға жетеді. Бөлме жартылай қараңғы, әрі қапырық. Соған қарамастан бұл бөлмеден клиент үзілмейді.

Бұл жерге келетін клиенттер де әртүрлі. Осы маңайда тұратын 2-3 әжей екпе салдырып, кейде тамырларына дәрі құйғызуға келсе, орта жастағы ер адамдар көбіне хиджама жасатуға, жастар жағы массаж бен қосымша қызметтер алуға келеді. Әрбір келген клиентті кассада тұрған құрбысы күтіп алып, кезектерін реттеп отырады. Бөлме бос болмаса жаңадан келген адамның сәл күте тұруын өтінеді.

Дәріхананың күту аймағында бірнеше жұмсақ кресло бар. Су беретін диспенсер мен ақша алатын банкомат та бар, бұл жерде. Бөлмеге клиенттерді кіргізіп-шығарар кезде баннерді сәл жылжытады да, есікті ашады. Клиент ішке кіріп, есік жабылған кезде сыртта қалған құрбысы баннерді қайтадан жылжытып орнына қояды.

Бөлмедегі қызмет көрсетуші қыздың шын есімі – Әмина. Бірақ ол өз клиенттеріне ешқашан да шын атын айтқан емес. Өзін үнемі Айым, Айка, Айко деген сияқты «А» әрпінен басталатын қыздардың атымен таныстырады. Клиенттерге ақшаны әлдебір ер адамның «Каспи голдына» аудартады. Күйеуі ме, досы ма, әлде бастығы ма, ол жағы да белгісіз. Ол туралы бізге белгілі нақты ақпарат – медициналық университетте, мемлекеттік грант негізінде оқитыны ғана. Қандай мамандықта оқитыны да белгісіз. Тағы бір белгілі жайт – ақша табуды шебер меңгеріп алғаны. Келушілерді үнемі жылы шыраймен қарсы алып, күлімдеп шығарып салады. Клиенттің көңілінен шығуы үшін қолыннан келгенін аянып қалмайды. Сондықтан да болар, бұл жерге бір келген адам екінші рет те келгісі келіп тұрады.

Сыңғырлаған күлкісі мен ботадай мөлдіреген көздерінің алдында еркек атаулының бәрі дәрменсіз. Тілі майда, сөзі жұмсақ. Кез-келген адамның іші-бауырына кіріп кетеді. Сөйлеу мәнеріне қарап оңтүстіктен екенін бірден аңғаруға болады. Кейбір клиенттер қай жақтансың деп сұраса, «Алматыданмын» деп жауап береді. Соған қарағанда Алматының емес, Шымкент немесе Түркістан облысының қызы болуы керек.

Неге екені білмеймін, Астанада жүрген Шымкент жақтың қыздары жігітпен танысқанда өздерін Алматыданмын деп таныстырады. Бұл жаққа келген соң, басында бір-екі ай қазақша сөйлеп жүреді де, содан соң орыс тілді болып көріну үшін орысшаға көшеді. Қай жерде қандай қате жіберіп тұрғандарын өздері де түсінбейді. Әйтеуір, орысша сөздерді қолданғандарына риза өздері. Мейілінше көбірек қолданып қалуға тырысады. Біздің кейіпкеріміздің портреті де осындай сипаттамалардан алыс емес.

Негізінен бұл жерге клиенттер хиджама мен массаж жасату үшін келеді. Көпшілігі интернеттегі хабарландырулар бойынша хабарласады. Телефонға жауап беретін дәріханада тұрған құрбысы. Астанадағы массажистердің көбі жыныстық қызмет көрсетпейді. Дегенмен де көрсететіндері де табылып қалады, арасында. Дәріханадағы құпия бөлмеге де осындай қызмет алу үшін күніне әртүрлі жастағы бірді-екілі еркек кіндікті келеді. Барлық қызмет бір кушетканың үстінде атқарылады. Санитариялық талаптарға көңіл бөліп жатқан да ешкім жоқ. Әйтеуір күнде таңертең бөлменің еденін өзі жуып алады, хлорлы сумен.

Бүгінгі күн бөлменің еденін жуумен басталды. Сағат тоғызға таман тамырына дәрі құйдыруға кешегі әжей келді. Кеше бір күн дәрі қойған. Бүгін екінші күні. Ертең тағы бір рет келеді. Осыдан соң жасқа толмаған баласын массажға алып келетін Айзада деген келіншек бар. Осылай күнделікті тірлік жалғаса береді. Бүгін жексенбі болғандықтан клиенттер әдеттегіден көбірек келеді.

Түскі сағат үшке дейін кейіпкеріміз он адамды қабылдады: 4 массаж, 4 хиджама, 1 екпе салу және 1 система қою. Осы аралықта Каспи банктегі шотына шамамен жүз мың теңгедей ақша түсті.

Сағат түскі 15.00-ге таман он бірінші клиент хабарласты. Он бірінші клиентіміз 25-26-лар шамасындағы жас жігіт. Оған жыныстық қызмет керек екен. Сағат үштен 5 минут кеткенде құпия бөлменің есігі жабылды да, екі жарым сағатқа созылған айқас басталып кетті...

Сағат кешкі жетіге таман бөлменің есігі ашылып, әуелі клиент шықты, араға бес минут салып, универсалкамыз да шықты. Оның бүгінгі қызметі мұнымен бітпейді. Бөліменің есігін жауып, кілтін кассада тұрған құрбысына берді де, сыртында қызыл бұқаның суреті бейнеленген «Red Bull» энергетикалық сусының босаған екі қалбырын қоқыс себетіне тастай салды да, асығыс шығып кетті.

Осы үйдің үстінгі қабатында орналасқан жалдамалы пәтеріне барып, тезірек душ қабылдап, жеңіл-желпі боянып, сәнді көйлегін киіп шығамын дегенше, өзін алып кетуі тиіс көлік те келді. Рөлде отырған таныс музыкант жігіт. Ол оған бүгін үш тойдың бар екенін жеткізді. Жолда көлікті әлдебір азық-түлік дүкенінің алдына тоқтатып, өзіне тағы бір «Red Bull» алып алды да, қайтадан көлікке отырып, той болатын мейрамханаға қарай тартып кетті.

Бірінен соң бірі, үш тойда ән салып, үйіне түнгі он екіден кете келді. Келген соң, жуынып-шайынып алып төсегіне жатты да, ұялы телефонын қолына алып, күні бойы келген хат-хабарларды бірінен соң бірін оқи бастады. Бұл кезде Қазақстанның көптеген қалаларында адамдар митингке шығып, күштік құрылым өкілдері оларды күшпен ұстаған видеолары желіде таралып кеткен. Бір танысы уатсап арқылы жіберген сондай видеолардың бір-екеуін көріп алған соң, универсалкамыз фэйзбукке кірді. Ол жерде де саяси талқылаулар қызу жүріп жатыр екен. Бірнешеуіне көз жүгіртіп шықты да, «Альхамдулилях еліміз тыныш болсын!» деген бір ауыз жазба қалдырып шығып кетті. Осыдан соң күнделікті әдетінше құлағына құлаққабын киіп, күнде тыңдап жүрген уағыздарына қосты да, ұйқыға кетті. Ертең оны тағы да бүгінгідей жұмыстар күтіп тұр...

 

Оралбек Өтеғұлов

Оралбек Өтеғұлов – Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Өңірлік Мемлекеттік университетінің «шетел тілдері» факультетін және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетінің магистратурасын «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар магистрі. Ағылшын және француз тілдерінің маманы. Әңгімелері «Qalamger.kz» порталында және «Үркер» журналында жарық көрген. Қазіргі таңда университетте ағылшын тілінен сабақ береді.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon