Бақытгүл Сәрмекова

726

Мөлдір

Кейіпкердің алдында өзімді кінәлі сезінетін кездер де болады.Себебі олардың да жүрегі бар, жүрегі ауырады...

 

Арада көп жыл өткенде сыныптастар болып ауылда бас қосқанбыз. Ойдағы-қырдағыны түгендей келе Мөлдірге де кезек келді. «Қырда қой бағады. Бес жүз қойы, бір баласы, бір байы бар. Қойлары егіз табады, үздік шопан деген атағы бар»,– деді қылжақбас құрдастардың бірі.

Қарабайыр тірліктен тым алшақтап, қалалық болып кеткенімді сездіргім келіп, жасанды кірпіктерімді маңғаздана қағып-қағып: «Қай Мөлдір?»,– дедім. Менің Мөлдірді ұмытып қалуым ауылдағы құрдастардың алдында беделімді, бағамды көтеріп тастардай жорта білмегенсідім.

Білемін ғой Мөлдірді. Малшының қызы. Әке-шешесі ауылға қоныс аударған кезде тұратын үйлері болмағандықтан, біздің сарайды бір қой беріп, уақытша жалдап алған. Басын қозғаса, бұйра шашы серіппедей бір созылып, бір жиналып тұратын қара қыз біздің үйге жүгіріп келіп, мамаларыммен амандасып жатты. «Біздің үйде тұрып жатсыңдар» деген үстемдік ой патшалық құрып, назар аудармауға тырыстым.

Аты Мөлдір екен, туылған кезінде-ақ көзінің әдемілігі, мөлдірлігі байқалып тұрған соң, атын солай қойған шығар деп ойладым ішімнен. Қайқиған кірпігі қолымдағы қуыршақтыкінен де әдемі. Сығыр көздерімнің қиығымен қызғана қарадым.

«Менің қызыммен құрдас екенсіңдер, бірге ойнайсыңдар» деген мамамның сөзін іле-шала: «Көбейту кестесін білесің бе? Тоғызды беске көбейткенде неше болады?» дедім тақылдап. Бұйра шаштары дір-дір етіп, басын шайқады. «Білімі нашарлармен ойнамаймын» дедім де, қолым жеткен жердегі қалың кітаптың біреуін ортасынан аша сала дауыстап оқуға кірістім. ​Жаңа таныс қыздың алдында бір артықшылығымды көрсетуге тырысып жатырмын. Ол маған қызыға қарап тұрды.

Шаруақор екен, таңертең ерте тұрып су тасиды, кілем қағады, жүгіріп келіп біздің үйдің егініндегі арамшөптерді жұлуға көмектеседі. Ал мен көлеңкеде жатып алып, кітап оқимын.

Қыркүйекте ол мен оқитын сыныпқа барды. Ән сабағында мұрнының үсті тершіп тұрып, ұяла қызарақтап ән айтты. Дауысы керемет, бәрі үндеместен тыңдады. Мұғалім өте сезімтал адам еді, көзі жасаурап Мөлдірдің шашынан сипады. Мөлдір біздің сарайда тұрады, сондықтан ол маған бағынышты, менен асып түсуіне болмайды. «Ағай, оның шашында бит бар, кеше көрдім» деп саңқ етіп, ән әуелеген сынып ішіндегі тыныштықты бұзып жібердім. Ертесіне кешке қарай есік алдындағы сәкіде мамасы Мөлдірдің басынан сірке сығып отырды.

Мөлдір менің меншігімдегі жанды қуыршақ сияқты. Үйге су тасу, бұзау қамау сияқты жеңіл жұмыстарға Мөлдірді жұмсап жіберемін. Қарсылық танытпастан, бұйра шашын серпіп, құлдыраңдап жүгіреді. Сыныпта оның басқа қыздармен ойнағанын көрсем, екі күн сөйлеспеймін.

Арада уақыт өте өздері үй салды да, қоныс тойын жасап көшті. Енді Мөлдірге сөзім жүрмейтінін ойлап, көңілім іштей пәс болып қалды. Кешке қарай бұзау айдап келе жатсам, Мөлдір біздің қораның есігін ашып күтіп тұр екен. Бұзаулардың тұсауларын шешуге де көмектесті. «Ертең концертте ән айтамын»,–деді. «Айтпайсың» дедім көзімді алартып.

​Ертеңгі күні әдемілеп өрілген шашына шашылған жылтыр лак күнге шағылысып, ақ туфлиімен желпіне кетіп бара жатқан Мөлдірді көрдім де, концертке бармадым.

Мөлдірлер жазғы демалыста мал бағуға жайлауға кетті. Қыркүйекте мектепке келмеді. Көп кешікпей, көрші әйелдің мамама айтып жатқан әңгімесін естіп қалдым: «Тойқожаның әйелі қызын ертіп алып, аудандағы перзентханада жүр. Жөн сұрасам ештеме айтпады. Санитаркалардан біліп алдым, қызын малшылардың көмекші жігіті зорлаған екен, аяғы ауыр көрінеді. Баланы алдыртпақшы екен». Мамамның көзі алақандай болып маған қарады, мен түсінбеген адамдай кітап оқып отыра бердім. Көз алдымда әріптер тым-тырақай қашып, ойым ойды-қырды қуып жатыр. Ұрлана оқып жүріп, «Мың бір түннің» екі томын тауысқан сұммын ғой, еркек пен әйелдің жақындығы, бала туу дегендерді тым жақсы түсініп тұрмын.

Мөлдірге келген кесапат менің қуанышыма, аздап қорқынышыма айналды. Кекіл тарап, мұрын сүртіп есейіп қалған сыныптастарыма да соңғы жаңалықты таратып үлгердім. Қыздар жағы қорықты, ұлдар болса жұмбақ жымиып, таңданысты.

Екінші тоқсан басталысымен Мөлдір сабаққа келді. Шашының бұйрасы жазылып, әлсіз толқынданып қалғандай, көзі де көптен сүртілмей жылтырынан айырылған айнадай - бұрынғыша мөлдіремейді.

Сыртынан айтылатын сыпсың сөздерден, әр қимылын тергеп қарайтын көздерден шаршап жүргеніне түнде шарбағын баққан ересек жігіттер қосылды. Аудандық байқауға қатыстырамын деп, ән сабағының ағайы да қосымша сабаққа шақырып, біраз әуреледі.

Мөлдір тоғызыншы сыныпты бітіріп, мектептен шығып кетті.

«Ә, тоғызыншы сыныптан кейін мектептен шығып кеткен Мөлдірді айтасыңдар ма?» дедім құрдастардың әңгімесіне қайтадан ортақтасып.

Ол дәл қазір маңдайына қолын тоса көзін көлегейлеп, мөп-мөлдір қарашықтарына батып бара жатқан күннің қып-қызыл шуағы шағылысып  қой күтіп тұр ма екен?!.

Бақытгүл Сәрмекова

Бақытгүл Сәрмекова – Атырау облысында туған. 2018 жылғы «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты. «Кейіпкер» әңгімелер жинағының авторы. Әдеби аудармашы – Миргүл Қалидің ағылшын тіліне аударған «To hell with poet’s» (Ақындары құрысын) әңгімелер топтамасы АҚШ-тың «Pen America-2022» әдеби грантын жеңіп алды.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon