Айжарық Сұлтанқожа

691

Мен оралмайтын қала

***

Біз түскі асқа отырдық.

Әзілдесіп отырып шәй іштік.

Жайдары мысқыл.

Бір-бірімізге қарап,

Біртүрлі күлгендей едік.

Дастарханға құлап жатқан

Қара қауырсындарды елемегендей...

Құзғындардың дауысын күлкімізбен басқымыз келіп,

Жаңғыра жауап берістік.

 

Қорқыныш біздің үйге жаңадан келді.

Барлығы үнсіз қалған сәтті күтіп

Өзін таныстырғысы келді,

Құрметпен келді...

Біз оған үйреніп кетер ме едік?..

Жанарымызды үміттен босатқан болсақ,

Оның орнына

«Бәрі жақсы болып кетеді» дегендей біз

Қуанышсыз күле бердік.

Менің  де, қант салынған шәйімді

Әдеттен ұзағырақ араластырғанымды

Ешкім байқамайғандай.

Көзің түскен әр нүкте ойға сүйрей жөнелетіні секілді,

Кеңістік те өзінің уақытқа тиесілі екенін ұмытып кетті.

Осылай үрей

Рұқсатын сұрамастан қасымызға келіп,

Біздің шашымызды еркелете тарай бастады.

Оның қара тарағы өлімнің есімін қайталап жатқандай

Самайымыздан сырғи берді...

 

***  

Көбелегім көктемгі

көрмей жүрмін, ерте ме?

Қанатыңа гүл байлап

көктем сырын шерте ме...

Сені тапса?

Сені тапсам, бәрібір

өзгермейді-ау,

ештеңе.

Мүмкін әлде ішімнен

тілермін бе?

Жұғады деп түстері

қос қанатты кестеңе,

Сәуір көңіл күйімнің...

Назарыма түспедің.

Қайда едің?

Күн батқанша, қонар деп,

бақшасына үйімнің

қарап қалдым.

 

***

Күн түсіп тұрды,

даусыңды таңда естідім.

Ас бөлме еді.

Ояндым тағы, кеш бүгін.

Ешқайда бармай

отырғым келді.

Жәй... бекер...

Өзіңмен бірге дастархан беті

шуаққа шомған шәй, секер.

Қыс екен деймін,

түс емес бірақ, қараша.

Үй артындағы

сарғайған баққа

ақ қонса, сондай жарасар.

Еркелеткендей, ескертпей келген тыныштық.

Бекер өткермей, ойлағым келді,

әсемдік жайлы.

тағдыр ма,

әлде өзің бе, маған тым ыстық?

Ойлағым келді, ойламау жайлы

жақсы күндерді

мен оралмайтын қалада,

ақпанда барған жағажайларды

тоңғақ қарттар мен

жалқау мысықтар паналар.

Шағалалар мен көпірлер егер

сағыныш болса,

оған да орын, таң дастарханнан

әлде жанымнан табылар.

Табылар деймін,

оным не тағы?

Суып қалды ма, әлде шәй?

Сен қайда кеттің?

Отыр едің ғой,

қарсымда менің.

Ойлап алдым ба, әлде жәй?

Солай болсын деп,

солай болсын, тек

ендігі сәтке бәрібір,

таң емес енді, түс болып барад,

түс болып барад тағы жыр.

 

***

Маған да.

Сүйікті ме,

әлде, тыңдайтын адам

мейлі мен

«мейлі» дермін.

Саған келдім,

саған қайғымды ұзақ айналып келдім.

Бекер келдім...

Бекер мен жүрегімді айттым

дауыстап.

Сен дауыстап қайталай айттың,

алыстан қоштасқың келіп.

Мейлі,

мейлі мен

мейіріміңнен суынып,

жатсына бердім.

Сүйіміңді аңсай,

астыңа үтірлер төседім.

Астыңа жастықтай қауырсын

ғашықтығымды қалдырып,

мүмкін деп,

жүрегің ауырсын.

 

***

Кезінде велосипедтен көп құлайтынмын.

 

Сол үшін бе,

қазір

кейде, жай

шынтағымдағы жараның

бетіне қатқан қанды

ақырын алып, отырғым келеді.

 

Біткен жараны

тырнап тастағым келсе де,

олай жасамауға сабырым жететін еді.

Асықпай шетінен бастап...

Құдды бір

шынтағыңа өсіп шыққан

қызыл түймедақ гүлін үзіп жатқандай.

 

Сүйеді, сүймейді, сүйеді, сүймейді.

 

Ғашық болу да,

велосипедтен

ебедейсіз

құлап түскенге ұқсай ма?

 

Айжарық Сұлтанқожа

Айжарық Сұлтанқожа – ақын, аудармашы, драматург. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Сүлеймен Демирел атындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. «телеграмма қабылдап алыңызшы» атты өлеңдер жинағының авторы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon