Ольга Малышева

367

Дилфизо мен Донада

Орыс тілінен аударған Алишер Рахат

 

Қатынасушылар:

Дилфизо

Киматшох

Донада

Кеннет

 

Көктем. Дилфизо

Бадам кеш гүлдеді. Наурыздың соңына таман. Оның иісі қолқаны қапса да, сондай тәтті еді, тіптен ішуге болатындай. Дилфизо тұрмысқа шығатын күні бадам дәл солай аңқып тұрған еді.

Дилфизо. Бұл өте ауыр жұмыс. Күн-түнімен аяғыңнан тік тұрып істейсің. Ары-бері шапқылайсың да жүресің. Бітпейді. Негізі мұндай жұмысты жалғыз істемейді. Бірақ мен үйреніп қалдым.

Донада. Жаныңда мен бармын ғой. Кел, көмектесейін.

Дилфизо. Жарайды. Бірақ мен өзім істеп үйреніп қалғанмын.

Донада. Мен де жалғыз істеуге үйреніп қалыппын.

Дилфизо. Есесіне, бәрі біткенде кеудеңді қуаныш кернейді. Балалардың да, қарттардың да... Шаршағаныңды да сезбей қаласың. Жақсы дәстүр ғой. Барлық дәстүр жақсы. Үлкен әжем солай істеген, әжем де, анам да, енді мен де істеп жүрмін.

Донада. Мен әжемді көре алмадым. Әйтеуір, мамамнан ол кісінің сұлу әрі әділ болғанын естігенмін. Мамамның інісін өмірге әкелерде қайтыс болыпты.

Дилфизо. Әже деген – ол әкеңнің анасы. Әжем бар, атам, әкем, анам, әкемнің бауырлары және олардың әрқайсының әйелдері, олардың балалары бар бәріміз бірге тұрдық. Үйіміз үлкен еді.

Донада. Біздің де үйіміз үлкен болды. Сосын көк шалғын жеріміз болды. Көктемде бәрі көгеріп, құлпырып кетуші еді. Тек үйден алыс кетуге болмайтын.

Дилфизо. Қазір ғой, ешкім қалмағаны. Біреуі қайтыс болды, біреуі көшіп кетті.

Донада. Соғыстың кесірінен бе?

Дилфизо. Алдымен соғыстың зардабынан. Сосын жоқшылықтың кесірінен. Соғыс пен жоқшылық қашанда қатар жүреді ғой. Соғыстан жоқшылық туады, жоқшылықтан соғыс шығады.

Донада. Бай болу үшін соғысады.

Дилфизо. Өзімен өзі болу үшін соғысады. Шаршадың ба? Әкел, мен араластырайын.

Донада. Жоқ, мен үйреніп қалдым. Дәмі қандай екенін айтшы.

Дилфизо. Қандай көңіл-күймен жасағаныңа байланысты кейде тәтті, кейде ащы болады.

Донада. Тәтті болсыншы!

Дилфизо. Болсын. Солай тілесең, болады.

Донада. Ал сен қандай тілек тілейтін едің?

Дилфизо. Бәрі аман-есен болсын деп. Дастархан жайнап тұрса екен деп. Соғыс болмасын деп. Әр түрлі.

Донада. Жақсы тілек екен. Мен де сондай тілек тілеймін.

Дилфизо. Мен мұғалім боламын деп ойлайтынмын. Барлық қыздар өскенде мұғалім немесе дәрігер болуды армандайтын. Анамды ешкім тыңдамай қойғанда, “мен сияқты болмас үшін, оқы!” деп айтатын. Менің өмірім жақсы болуы тиіс деп...

Әкем жанында болмаған соң, оған қиын болды. Қорғаны жоқ еді. Әжем өте қатал болатын. Кенже келінін көп жұмсайтын және анамды ешкім аямайтын. Бүкіл қара жұмысты титықтап жүріп өзі істеді. Бірақ ләм-мим деп аузын ашқан емес. Көнбіс, сабырлы жан еді. Мамама жаным ашитын. Әкемнің кетіп қалғанына қатты өкпелегенмін.

Әжем айтқандай, әкемнің жай үйден кетіп қалмағанын, оны өлтіріп кеткенін он жасқа толғанда бірақ білдім. Соғыс кезінде. Жоқ, ол соғысқа қатыспаған. Жай қалаға барғанда көшеде атып тастаған. Абайсызда ма, қасақана ма, білмеймін.

Соғыс туралы ештеңе есімде жоқ, ол кезде кішкентаймын, оның үстіне біз жақта тыныш болды. Әйтеуір, арасында мамам қалай қиын болғанын, қандай қорқынышты болғанын айтып беретін. Қашан басталғаны да, қашан бітері де белгісіз қан майдан адамдарды түсініксіз бір үрейде ұстаған. Бір білерім, қарнымыз аша беретін.

Мектепте соғыс жайлы айтпайтын. Бейне бір тезірек ұмытқылары келердей. Бірақ білемін ғой, бәріміздің басымыздан қандай нәубет өткенін, қалай төзгендерін, соғыс болмауын тілейтіндерін... Әлі күнге төзіп келеді. Ия, біз бай емеспіз, аса намысшыл да емеспіз. Алайда бәрі жақсы. Өйткені бейбіт өмір.

Бәлкім, әкем тірі болғанда, мен мұғалім болар ма едім... Мүмкін қалаға барып жұмыс істер ме едім, кім білсін.

Мен он беске толғанда, әпкемді әкемнің қарындасының баласына тұрмысқа бермекші болды. Қалың малын беріп, тойға дайындалып жатқан. Тойға бірнеше апта қалғанда әпкем дәрігерге барып, қаралады. Сонда дәрігер әпкеме “бала туа алмайсың” деп айтыпты. Өйткені біздің әкеміз бен шешеміз немере ағалы-қарындасты екен. Өте жақын.

Тойды болдырмай, қалың малды қайтаруға туысқандарымның жағдайлары келмеген соң, тұрмысқа мені бермек болды. Әпкемнің орнына. Ал мен тұрмысқа шыққым келген жоқ. Мұғалім болғым келген. Бірақ амал нешік.

Сөйтіп әпкемнің ақ көйлегін кидім. Жоқ, әпкемдікі емес, маған арнайы тігіп берді. Әпкем тойға келген жоқ. Ол жалпы үйден шықпайтын болды. Өкінгеннен бе, ұялғаннан ба...

Мен де ыңғайсызданатынмын. Себебі бар болғаны он бестемін, ал ол жиырма үште. Кәдімгі үлкен жігіт. Бала күнімнен көріп өссем де, ол маған жат еді. Бірақ солай қалыптасып қалған: тұрмысқа алысқа бермейді, бәрі сол өз ішінде, бір үлкен отбасы болып жүруі керек деп ойлайтын. Бәрібір ертелі-кеш тұрмыс құратынымды, келін боп түскен үйде мені ешкім ренжітпейтінін, әйтеуір көзалдында жүретінімді айтып, мамам жұбатқан. Бірақ әжем оны талай ренжіткенін көріп өстім ғой.

Бөтен үйде қалай өмір сүремін деп қорықтым. Дегенмен бірте-бірте күйеуімді де, оның отбасын да жақсы көріп кеттім. Ол ұрмайтын, көп жұмыс істейтін, жақсы еді. Қайынатам күйеуіме менің медсестраға оқып алғаным дұрыс екенін, кейін оларды қарайтын бір дәрігер керек екенін айтты. Мен оқу оқитыныма қуанып, енді барам деп жүргенде, аяғым ауыр болып қалды.

Тұңғышымыз шетінеп кетті. Сосын бес жыл бойы көтере алмай жүрдім. Дәрігерге оқымасам да, екеуміз ағалы-қарындасты туысқан болғандықтан бала көтере алмай жүргенімді білетінмін. Жиырма екі жасымда екі егіз қызды дүниеге әкелдім. Сосын бір жылдан кейін Киматты тудым. Ол өзі кіп-кішкентай, аурушаң болып дүниеге келді. Шүкір. Оң аяғы осындай болып қалды. Ақсақ. Бірақ мұқият қарамасаң, онша байқалмайды. Ең бастысы өмірге ат ұстар келді. Артыңда қалар тұяқ. Мұрагер. 

 

Көктем. Донада.

Жаңғақтал ерте, наурыздың соңында гүлдеді. Оның бүрі құрт сияқты, мұрныңа тиіп кетсе қытығың келеді. Бүрлерінің иісі балғын, жап-жасыл, қолқаны қаппайды. Донада тұрмысқа шығарда жаңғақтал осылай аңқып тұрған еді.

 

Донада. Бұл жұмыс қиын. Күні-түні тыным таппайсың. Бір уақыт отыруға да мұршаң болмайды. Күнде солай: ары-бері. Қолың талып кетеді. Бірақ мен үйреніп қалғанмын.

Дилфизо. Мен де істей аламын. Кел көмектесейін.

Донада. Мейлі. Бірақ мен бәрін өзім істеп үйреніп қалғанмын.

Дилфизо. Мен де.

Донада. Есесіне, бәрі біткенде кеудеңді қуаныш кернейді. Балалардың да, қарттардың да... Шаршағаныңды да сезбей қаласың. Жақсы дәстүр ғой. Барлық дәстүр жақсы.

Дилфизо. Сосын?

Донада. Жұдырығыңды түйесің де, суға саласың. Жұп-жұмыр болғанша илейсің. Сосын барып пісіруге болады.

Дилфизо. Істей алмайтын сияқтымын, қолымнан келмейді. Мұндайға үйренбеппін.

Донада. Қолыңнан келеді. Мұқият қарашы.

Дилфизо. Өзім істеп көрсем бола ма? Білгенімше?

Донада. Көр. Бар құпиясы сонда ғой. Артынан соң, оның құпиясын шешуге бас қатыруға болады.

Дилфизо. Қалай?

Донада. Бас жағыңа жастап жатсаң, түсіңде аян береді.

Дилфизо. Жақсы аян ба?

Донада. Аян ғой, әйтеуір.

Дилфизо. Ал саған қандай аян беріп еді?

Донада. Соғыс...

Дилфизо. Ал мен бейбітшілікті көргім келеді.

Донада. Мен де. Бірақ адамдар бәрібір соғысады.

Дилфизо. Байып кету үшін соғысады.

Донада. Жоқ, өздерімен-өздері болу үшін соғысады.

Дилфизо. Шаршадың ба? Әкел маған.

Донада. Жоқ, үйреніп қалдым.

Дилфизо. Құр тұра алмаймын, көмектесуім керек. Қолқабыс етсем, жақсы түс көріп, жаным жайланып қалады.

Донада. Бәрі аман-есен, дастархан жайнап тұрған, соғыссыз, бейбіт, жақсы түс көр.

Дилфизо. Айтқаның келсін.

Донада. Мен монах боламын деп ойлағанмын. Бала күнімде сен өте сұлусың деп жиі айтатын, бірақ қымтап, монахтар сияқты киіндіріп қоятын. Сырт көзден, сұқ көзден сақтағысы келетінін бала болсам да, түсінетінмін.

Кішкентайымнан қолдың күшімен жұмыс жасауға баулыды. Тігін, кесте тігетінмін, нан жабатынмын, арқамды ауыртпай, көп су таситынмын. Егер мен серт беріп, монах болып кетсем, қара жұмыс істемеуші едім. Менің орныма қарапайым адамдар сол жұмысты істеуші еді. Бірақ мен солай үйреніп қалдым. Иә, ауыр болды, бірақ маған ұнайтын. Кейде монах әйелдер үйге келіп, мені бірнеше айға монастырьге алып кететін. Сол бір сәттерде монастырьде біржолата қашан қалады екенмін деп күтіп жүруші едім. Ешкім жоқта, анам маған «монастырьде өмірім жақсы болатынын, ол жер қай заманда да қауіпсіз болатынын, Құдайға жақын адамдар қан төгіс майданнан да аман қалатынын» сыбырлап айтушы еді.

Ес білгелі, соғыс тоқтаған емес. Өлтірмесе де, тонап кетеді, тонамаса, қиратып кетеді. Жаңалықтардан бір басшыны өлтіргенін, орнына жаңа біреу келгенін, сосын оның мерт болғанын естиміз. Соғыс бір сәтке де тоқтаған емес.

Мен онға толғанда әкемді өлтіріп кетті. Нақты не болғанын білмеймін, жалпы ешкім нақты білмейді. Сосын анам отбасымызды сақтап қалу үшін, әпкемді өзінің жиеніне, біздің жиен ағамызға тұрмысқа беретін болып шешті. «Әулетіміз бірлікте болып, жерді сақтап қалу үшін сондай қадамға бардым» деп айтты.

Марқұм әпкемнің денсаулығы нашар, әлсіз еді өзі. Үйлену тойынан соң бірнеше айдан соң қатты ауырып, көз жұмды. Сөйтіп, әулетіміздің бірлігін сақтап қалу үшін, біздің отбасымыз қорғансыз болып қалмас үшін, жиен ағама мен тұрмысқа шықтым. Ол маған әпкемнің тойындағы орамалды басыма тақты. Кеуде тұсыма таңбасы бар танамоншақты түйреді.

Қатты ыңғайсыздандым, оның үстіне бойымды біртүрлі үрей биледі. Қайткенменде мен бар-жоғы он бестемін, ал ол болса бақандай жиырма үште, еңгезердей жігіт. Бала күнімнен танысам да, ол маған жат еді. Бірте-бірте мен оны жақсы көріп кеттім. Маған сондай бір қамқорлықпен, ілтипатпен қарайтын. Жақсы еді. Алайда, ара-тұра, егер монах болып, Құдай мен адамдарға қызмет етіп кетсем, өмірім қандай болар еді деп ойлайтынмын.

Сосын ішіме бала біткенде, Құдай туралы ойлауды да қойдым. Тұңғышымыз шетінеп кетті. Бес жыл бойы құрсақ көтермедім. Құдай бұйыртпады. Жиырма екімде егіз ұл таптым. Бір жылдан кейін Кеннетті тудым. Ол өзі шала туған, кіп-кішкентай, аурушаң. Шүкір. Оң аяғы осындай болып қалды. Ақсақ. Бірақ мұқият қарамасаң, байқалмайды. Әйтеуір, ұл ғой, мұрагер, ат ұстар.

 

Жаз. Дилфизо

Аздап самал жел соққанымен, қапырық. Далаға шықсаң болды, пора-пора терлейсің. Әлдеқайдан шәуілдектің үні естіледі, тура Киматшох дүниеге келген күнгідей.

Киматшох. Бір ретте анамның орамалын алып, басыма тағып алдым. Сондай әдемі орамал болатын. Анам маған ұрсып, сосын жылап қалған.

Кеннет. Неге?

Киматшох. Өйтуге болмайды, ұлдар орамал тақпайды деді. Неге екенін түсінбедім бірақ.

Кеннет. Өйткені ұлдар орамалға жақын болмауы керек. Ұл балалар атты жақсы көру керек. Сосын төбелесті.

Киматшох. Ал мен жай ғана анама ұқсағым келген. Әкеме де ұқсағым келетін, бірақ оның қандай болғаны есімде жоқ.

Кеннет. Менің де есімде жоқ.

Киматшох. Әкем қашан келеді деп анамнан сұрап едім, ертең деді.

Кеннет. Ертесі келді ме?

Киматшох. Жоқ. Тағы сұрадым. Ертең деді.

Кеннет. Түсінікті.

Киматшох. Мен күнде әкемнің ертең келетінін білемін.

Кеннет. Бүгін келсе ғой...

Киматшох. Иә, шіркін. Бірақ ертең келеді.

Кеннет. Ертең көрейік.

Киматшох. Ертең тура бүгінгідей болады.

Кеннет. Егер кеше бүгін болса, бүгін деген ертең ғой.

Киматшох. Иә, әкем келуші еді. Оның қандай болғаны есіме түсуші еді.

Кеннет. Әкең келсе, ал сен танымай қалсаң ше? Бөтен біреудің әкесі болса ше?

Киматшох. Танитын едім. Сен ше?

Кеннет. Танимын.

Киматшох. Мен де танушы едім.

Кеннет. Ол қайда?

Киматшох. Білмеймін. Анам жұмыс істеп жүр дейді.

Дилфизо. Үйде жұмыс көп: күніне екі рет тамақ пісіресің, нан жабасың. Бір жапқанда отыз нан жапсаң, бір аптаға жететін. Күйеуіме, оның бауырларына, әке-шешесіне қызмет етемін. Бәрі солай өмір сүреді, біз де сөйттік. Өз шаруашылығымыз болды.

Кенже келінді түсіргеннен кейін, біз бөлек шықтық. Үй енді кішкентай, бірақ өзіміз салдық. Өзіміз өсіретін жеміс-жидек, көкөністерді сатып, күн көретінбіз. Бастапқыда ақша жететін. Бір жылы еккеніміз шықпай қалып, күн көріс қиындап кетті. Қыздарды мектепке беру керек, ақша керек дегендей. Күйеуім қолынан келгенше, шамасы жеткенше ақша тапты.

Еркектер жұмыс іздеп сыртқа кететін болды. Жылына бір-екі рет қана келіп кетеді. Күйеуім де кетті солармен. Ақша жіберіп тұрды. Қомақты емес, бірақ әйтеуір бұл жақтан табатын ақшадан көбірек. Ұн, май алуға шамамыз жететін. Электрге төлеймін. Ешкімнен кем де, артық та емес, ел қатарлы өмір сүрдік.

Кейде кітап оқитынмын. Мұқабасы жаңбырдан кейін көгеріп кеткен кітаптар. Мұқабасына қарамай-ақ оқитынмын. Келбетті, кербез, дәулетті ханзадалар мен ханшайымдар туралы ескі ертегілерді оқып отырып, өмірім сондай болса деп армандайтынмын. Мейлі, менікі олай болмаса да, қыздарымның тағдыры сондай болғанын тілеуші едім. Қыздарыма мен сияқты болғыларың келмесе, оқыңдар деп айтатынмын. Күндердің күнінде күйеуімнің артынан көшіп кетеміз, сол жақта жақсы өмір сүреміз деп ойлайтынмын. Электр тогын үнемдемей-ақ өмір сүріп, мұқабасы әдемі кітаптар оқимыз деп...

Мен күн батқанша ғана кітап оқимын. Қараңғы түссе, жарықты сөндіріп қоятынмын. Үнемдеу керек. Балалар сабақ оқығанда ғана қосамын. Олар оқуы керек.

Сонсоң, қаражатымыз азая бастады. Біраз уақыттан соң, ол ақша жіберуді мүлде қойды. Бірақ күнде іс-түссіз жоғалды. Не хат жазбайды, не қоңырау шалмайды. Таныстардан сұрастырып көріп едім, көптен бері оны ешкім көрмепті.

Жаным қиналып кетті. Оған не болды, өлі ме, тірі ме хабарын біле алмай, сары уайымға салынып кеттім. Сол аралықта түсіме қайта-қайта өлген қойдың етін шұқып жеген қарғалар кіре берді. Оянған соң, «түс түлкінің боғы ғой» деп қоя саламын.

Бірақ, оның тірі екенін ішім сезетін. Еркектер сол жаққа барған соң, басқа әйел тауып алып, шаңырақ құрып, жоғалып кететін жағдайлар болып тұратын. Сол маңнан үй салып, басқа әйелмен балалы-шағалы болып, тәп-тәуір жағдайын жасап, өз отбасынан хабарсыз кететін.

Ол бізді біржолата тастап кеткенін түсіндім.

 

Жаз. Донада.

Толассыз жаңбыр жауып тұр. Бірер уақытқа тоқтағанымен, аздап самал жел соққанымен, дала ылғал. Далаға шықсаң сол ылғалды денең бірден сезеді. Әлдеқайдан шекілдеуіктің үні естіледі. Тура Кеннетті туған күнгідей.

Кеннет. Бір ретте мамамнан ине-жіп алып, тігіп көргім келді. Ол менен тартып алды да, қатты ұрысты.

Киматшох. Неге?

Кеннет. Ер балаларға олай істеуге болмайды деді. Неге екенін түсінбедім.

Киматшох. Өйткені ұлдар тігін тігуді жақсы көрмеуі керек. Ұлдар ат пен төбелесті жақсы көруі керек.

Кеннет. Ал мен мамама ұқсағым келген. Әкеме де ұқсағым келген, бірақ оның қандай болғанын есіме түсіре алар емеспін.

Киматшох. Менің де есімде жоқ.

Кеннет. Мамамнан әкем қашан келеді деп сұрап едім, ертең деді.

Киматшох. Келді ме?

Кеннет. Жоқ. Сосын тағы сұрадым. Тағы ертең деді.

Киматшох. Түсінікті.

Кеннет. Мен енді әкем ертең келетінін біліп жүремін.

Киматшох. Бүгін келсе ғой.

Кеннет. Иә, шіркін. Бірақ ертең...

Киматшох. Ертең көрейік.

Кеннет. Ертең де бүгінгідей болады.

Киматшох. Егер кеше бүгін болса, бүгін деген кешегі ертең ғой.

Кеннет. Әкем келер еді. Оны көрсем, оның қандай болғаны есіме түсуші еді.

Киматшох. Ол келсе, бірақ сен танымай қалсаң ше? Бәлкім басқа біреудің әкесі шығар?

Кеннет. Танимын. Сен ше, танитын ба едің?

Киматшох. Әрине.

Кеннет. Мен де танушы едім.

Киматшох. Ол сонда қайда?

Кеннет. Білмеймін. Мамам соғыста деп айтты.

Донада. Күйеуім соғыста. Оныкінің жанында менікі үйдің ішіндегі кәкін-шүкін жұмыс қой. Үй шаруашылығымен айналысу, күту, келгенде – қарсы алу. Бала қара, сосын, қазан-ошақтың жанында күйбеңдеп тіршілік ет. Бірақ мен жұмыстан ешқашан қашқан емеспін. Нан пісіре аламын, өзіме киім тіге аламын. Сұлыдан, болмаса, бидайдан ұн ұнтақтаймын. Диірмен тастардың ортасына салам да, қолым талғанша айналдыра берем, айналдыра берем. Сосын тағы айналдыру керек. Күйеуіме қара қарғадан тұмар жасап бердім, жебеп жүрсін деп.

Оны жарым деп өзім таңдамасам да, жақсы көретінмін. Түнімен ұйықтамай, уайымдап, күтіп жүруші едім. Соғыстан қайтпай қалғандар қаншама. Әкем де, бауырларым да оралмады. Патшалардың өзі бірінен соң бірі ауысып жатты.

Ұлдарымды да кез келген жағдайға дайын, мықты қылып тәрбиеледім. Уақыты келгенде ел мен жерді, отбасын солар қорғайтын болады. Ол үшін білімді, көзі ашық, әділ, адамдармен келісе алатын, өз сөзі мен ісіне жауап бере алатын болуы керек. Ұл болса да, қыз болса да, осы маңызды. Егер қыз туған болсам, оны да солай тәрбиелеуші едім. Бәлкім, қыз тусам, кейін ханшайым болып өсер ме еді.

Кейде кітап оқитынмын. Ішіндегі кей әріптері көгеріп көрінбей қалса да, әйтеуір сөзді құрап, оқушы едім. Баяғының батырлары туралы, олардың ерлігі жайлы ескі жыр-дастан. Кітаптағы кейіпкерлер сияқты, жауменен арпалысып жатқан күйеуім елестейді, оқып отырып. Менің ұлдарым да өскенде сондай жаужүрек батыр болады. Олар туралы да осылай жыр-дастандар жазылады.

Кітапты күн батқанша ғана оқитынмын. Майшамды босқа жақпас үшін. Ол балаларым сабақ оқығанда керек.

Күйеуім қайда кетсе де, қашанда аман-есен оралатын, болмаса, қай жерде жүргенінен көршілерлерден, ары-бері өткен жолаушылардан хабар беріп отыратын және оның қайда, не істеп жүргенін біліп жүруші едім. Міне, бірнеше аптадан бері одан мүлде хабар жоқ. Уайымдап жүрмін. Күніміз не болады, нан қалай табамыз, бала-шаға...

Жаным қиналып кетті. Оған не болды, өлі ме, тірі ме хабарын біле алмай, сары уайымға салынып кеттім. Сол аралықта түсіме қайта-қайта өлген қойдың етін шұқып жеген қарғалар кіре берді. Оянған соң, «түс түлкінің боғы ғой» деп қоя саламын.

Бірақ оның тірі екенін ішім сезетін. Еркектер сол жаққа барған соң, басқа әйел тауып алып, шаңырақ құрып, жоғалып кететін жағдайлар болып тұратын. Ондай еркектерге бұрынғы отбасы керек емес болып қалады. Сол жақта үйі бар, әйелі, тіптен бәлкім мұрагері де...

Ол бізді біржолата тастап кеткенін түсіндім.

 

Күз. Дилфизо.

Құр жүрген ешкім жоқ. Бәрінің айналысар ісі көп. Қаласаң қарап тұр, болмаса көмектес. Бір жерде пеш жанып жатыр. Ыс сасиды, тура Дилфизо күйеуін соңғы рет көрген күнгідей.

Дилфизо. Көктемнен бастап қоңыздарды кептіріп қою керек еді. Айнадай жып-жылтыр, әп-әдемілерін ұстап алу керек. Бір жерге салып, қамап, өлгенін күту керек. Сосын майдалап турайсың. Сонда қазір ашық көк қанатың болушы еді.

Донада. Көк қарға болмайды ғой.

Дилфизо. Көк қарғасы несі?

Донада. Қолдап, қорғап жүретін. Қауіпті ескертетін. Шейіт болмай, аман оралатын.

Дилфизо. Дұрыс айтасың. Тауыстың қанаты қолдап қоршап жүреді. Көкпеңбек. Әп-әдемі. Сосын қып-қызыл анар, мынау, ішіңде тұрса... Балалы боласың.

Донада. Болған.

Дилфизо. Менде де болған.

Донада. Күйе жағып қоямын. Қарға қолдап-қоршап, аман есен оралуына жәрдемдеседі.

Дилфизо. Тірі оралуы үшін... Мен неге екенін енді түсіндім. Анар өзі қызыл, бірақ онымен жіпті боясаңыз сары түс шығады. Ал қызыл болу үшін, арнайы тамыр керек.

Донада. Саусағыңа ине кіріп кетсе, қызыл болады.

Дилфизо. Оймақ тағып алсаң, ине кірмейді.

Донада. Көрсетші.

Дилфизо. Міне былай. Мынаған тағасың, сосын итересің. Ауырмайды. Жақында үйрендім. Бұрын саусағымды ине тесіп-тесіп тастап еді. Кір жуғанда, ыстық сумен күйдіргендей ашытатын.

Донада. Қолымнан келді.

Дилфизо. Осылай бәрі оңай болса ғой.

Донада. Үнемі бәрі оңай бола бермейді. Бірақ Құдай жәрдемдеседі.

Дилфизо үндемейді.

Донада. (Әндетіп)

И каркнул ворон: летим куда?     /Сонда Қарға «қайда ұшамыз» деп қарқ етті.

Нужна на завтрак нам еда!           /Бізге таңғы асқа тамақ керек еді.

Вон там, на зелёном поле лежит /Әне, анау көк шалғында жатыр,

Убитый витязь, щитом накрыт.   /Қалқанның астында өлі жауынгер еті.

У ног его верные псы лежат,        /Аяғына оралып, жатыр екен адал иті

Его, как живого, они сторожат.   /Тірі деп ойлай ма, күзеткен қожайынын?

И соколы реют вокруг него,         /Сұңқарлар жүр айнала ұшып

К нему не подпустят они никого. /Мәйітке ешкімді жолатпай.

 

Дилфизо. Ұзақ уақыт бойы одан бірде бір хабар болмады. Балалар қайта-қайта әкеміз қайда деп сұрай береді. Не дерімді білмеймін, өйткені оның қашан келетінін, енді қалай күн көретінімізді өзім де білмеймін. Туыстарымнан бірдеңе сұрауға қысылдым. Солайша, балалармен өзім қалдым. Анда-санда біреуге көмектесіп шай-тұзымызды ажыратамын. Біреуге тамақ дайындап берем, біреудің үйіне көмектесем. Кейде ақшалай береді, кейде азық-түлік береді.

Оның адам өлтіріп қойғанын естідім. Өлтіргенде, құрылыста жазатайым оқиға болған ба, бірдеңе. Бірақ күйеуімнің кесірінен солай болды деп оны айыптапты. Енді оны соттап жатыр. Соты ұзақ болып кетті. Не болатыны түсініксіз.

Бауыры барып қайтқан. Күйеуімді тапқан, сөйтсе, оны түрмеге қамап тастапты. Жеті жыл берген. Ешқандай хабар ала алмай отырмыз. Жападан-жалғыз қалдық.

Күйеуі тірі жесір атандым. Ондай күйеуді неғыламын? Кешкі базарда ондай еркектер бес сомонидан тұр.

Бірақ... Сонда да оның кісі өлтіргеніне сенбедім. Ол ондай адам емес. Өйте алмайды ол.

 

Күз. Донада

Құр жүрген ешкім жоқ. Бәрінің айналысар ісі көп. Қаласаң қарап тұр, болмаса көмектес. Бір жерде от жанып жатыр. Ыс сасиды, тура Донада күйеуін соңғы рет көрген күнгідей.

Донада. Жаңғақтарды алып, қабығымен өртеп жіберу керек. Сосын соның күйесімен жіптерді әдемі, қап-қара түске бояуға болады.

Дилфизо. Қара тауыс болмайды.

Донада. Тауысы несі?

Дилфизо. Тауыстың қанаттары көк түсті, әдемі болады. Бәле жаладан сақтайды. Шейіт болмай, аман оралуына жәрдемдеседі.

Донада. Дұрыс айтасың. Қарға қолдап-қоршап жүреді. Қап-қара.

Қаражидек мына ішіңде тұрса... Балалы боласың.

Дилфизо. Балаларым болған.

Донада. Менде де...

Дилфизо. Егер әлгібір қоңыздарды жинап, кептіріп, майдалап турасаң, көк түске бояуға болады. Қанаттары қолдап-қорғап, аман оралуына септеседі.

Донада. Тірі болуы үшін. Мен енді түсіндім. Қаражидек қара болғанымен, онымен жіпті боясаң, қызыл түс шығады.

Дилфизо. Егер саусағыңа ине кіріп кетсе, қызыл түс шығады.

Донада. Саусағыңды матап ал, ине кірмейді.

Дилфизо. Көрсетші.

Донада. Міне былай. Мына жерге сұқ, мына жерін байлайсың, енді итер. Мүлде ауырмайды. Жақында үйрендім. Бұрын саусақтарымды ине тесіп бітіп еді. Қолыңды суық суға салсаң, ыстық сумен күйдіргендей ашитын.

Дилфизо. Қолымнан келді.

Донада. Бәрі осылай оңай болса ғой.

Дилфизо. Үнемі оңай бола бермейді. Бірақ Алла жар болады.

Донада үндемейді.

Дилфизо. (әндетіп)

Ворон к ворону летит,                  /Қарға қарғаға ұшады,

Ворон ворону кричит:                  /Қарға қарғаға айқайлап:

Ворон, где б нам отобедать?        /Қайдан қарын тойдырсақ болады?

Как бы нам о том проведать?       /Қайда барсақ болады? -дейді

Ворон ворону в ответ:                   /Қарға қарғаға жауап қайтарады:

Знаю, будет нам обед;                  /Бір білерім, біздің несібеміз бар

В чистом поле под ракитой         /Айдаладағы ағаш астында

Богатырь лежит убитый.              /Қаза тапқан бір батыр бар

Кем убит и отчего,                        /Кімнен, неден тапқан ажалын

Знает сокол лишь его,                   /Сұңқары ғана хабардар

Да кобылка вороная,                     /Иә, қап-қара төбеті мен    

Да хозяйка молодая.                     /Жап-жас әйелі бар.

Донада. Ұзақ уақыт бойы одан бірде бір хабар болмады. Балалар қайта-қайта «әкеміз қайда?» деп сұрай береді. Не дерімді білмеймін, өйткені оның қашан келетінін, енді қалай күн көретінімізді өзім де білмеймін. Туыстарымнан бірдеңе сұрауға қысылдым. Солайша, балалармен өзім қалдым. Тамақ жасаймын. Үй жинаймын.

Мен оның шетелге қашып кеткенін естідім. Енді оған іздеу салып жатыр. Көзін құрту үшін іздеп жатыр. Енді не болары бұлыңғыр. Жоқ, не болары анық: оны тауып, өлтіретін шығар.

Артынан бауыры кеткен. Тапты ма, таппады ма, білмеймін. Ешқандай хабар жоқ. Жападан жалғыз қалдық.

Күйеуі тірі, жесір әйел атандым. Ондай күйеудің не керекгі бар? Ондай еркектің базардан жиырмасын сатып алуға болады. Жанындағылардың бәрін сатып кетіп, жалғыз өзі қашып кетті дегенге сене алмаймын. Ол ондай емес. Оның қолынан ондай іс келмейді.

 

Қыс. Дилфизо.

Күш қалмады. Лампа бірер секундқа жыпылықтады да, лып етіп, біржолата өшті. Мынау қар да, улеген жел де, өңменіңнен өтетін қара суық та, Дилфизомен мәңгілік қалады.

Киматшох. Же.

Кеннет. Бұл не?

Киматшох. Жұмыртқа.

Кеннет. Бұл жұмыртқа емес. Жұмыртқа деген домалақ, сосын ақ болады. Мен тек ағын жеймін.

Киматшох. Бұл қуырылған.

Кеннет. Мен ағын ғана жеймін.

Киматшох. Өзің біл.

Кеннет. Жегім кеп тұр.

Киматшох. Жемейсің бе?

Кеннет. Жоқ.

Киматшох. Онда маған берші.

Кеннет. Жоқ, өзіме.

Киматшох. Мамам әкем өліп қалған дейді.

Кеннет. Енді не істейсің?

Киматшох. Өмір сүремін.

Кеннет. Немен?

Киматшох. Құстар қайтіп өмір сүрсе, солай да. Әкемді – сатқын дейді.

Кеннет. «Сатқын» деген не?

Киматшох. Өз сөзінде тұрмайтын адам.

Кеннет. Сөзінде тұрмайтынның бәрі сатқын бола ма?

Киматшох. Иә, бәрі.

Кеннет. Әкемнің өлгені рас болса, мамам жылар еді.

Киматшох. Ол жылаған жоқ.

Кеннет. Демек тірі ғой иә?

Киматшох. Демек жақында менде жаңа әке пайда болады.

Дилфизо. Енді оны жақында кеп қалады-ау деген алдамшы үмітімді үзгелі, бәрібір жеті жылдан ерте келмейтінін білгелі, кішкене тынышталып қалдым. Түрмеден тірі шыға, жоқ па, ол да белгісіз. Аман болып, босап жатса, үйге немен, қайтіп келеді? Түрмеде отырғаны үшін жұмысқа да алмайды, ал менде оның жолына беретін ақша жоқ. Өзіміз күнімізді көреміз енді. Бұрын ілініп-салынып күн көрдік, сөйтіп ары қарай да бірдеңесін қыламыз.

Күйеуімнің бауыры ерсі қылық шығара бастады. Жынды болып қалған ба? Күнде кеп алады да, отырады, кетпей. Қуып шыға алмаймын.

Бір ретте маған «әйел болсаң да, бәрін өзің істеп жүрсің, олай болмайды» деп қалғаны бар. Біреулер, «күйеуі түрмеде жатқанда, басқа еркектермен сөйлесіп жүр» дегенді шығарыпты. Қайдағы еркектер? Балаларымды бағып-қағудың ғана қамымен жүрген жоқпын ба? Бәлкім, біреу көмектесейін десе, жәрдемін қабыл алар ма едім, бірақ өйтетін кісі болса ше?

Мен туралы неше түрлі өсек жүрді, жұрт аузында. Не демеді дейсің. Күйеуімнің бауыры кеп алып, мен үшін ұялатынын, әулеттің атына кір келтіріп жүргенімді айғайлап айтып, дуалдың есігін тарсылдататын. Үйде ешкім жоқ секілді, үндемей, есікті ашпай қоямын.  Бірақ менің үйде екенімді, тығылып отырғанымды біледі.

Сол күні ол тағы келді. Мас деп ойладым да, есікті ашпадым. Дымымды шығармай отырдым. «Тағы қайда қаңғып жүрсің? Өлтіремін!» деп айғайлап жатыр, есіктің артында. Есікті сындырды да, мені ұра бастады. Еденге құлап түстім. Қорғанамын деп, біресе қолыммен бетімді жабам, біресе ішімді. «Мен туралы жұрттың айтқаны өтірік. Мен ештеңеге кінәлі емеспін! Ұрма!» деп жалынып жатырмын. Кимат естіп қойып, жүгіріп кеп, оған тап берді. Күйеуімнің бауыры қолына пышақ алып, ішіне ұрып кеп жіберді.

Орнымнан атып тұрғаным сол еді, менің тамағымды тіліп жіберді. Тура қойды бауыздағандай. Тамағымды ұстап едім, ыстық қан атқылап, мойнымнан төмен қарай ағып жатыр екен. Киматтың «мама, мама!» дегенін ғана естідім...

Кимат. Модарҷон!

Ең соңында ойыма орала берген сөз: бәрі сенің кесірің, Мақсұт. Бәрі сен бізді тастап кеткеніңнен.

 

Қыс. Донада.

Күш қалмады. Соңғы майшам лып етіп, біржолата өшті. Мынау қар да, улеген жел де, өңменіңнен өтетін қара суық та, Донадамен мәңгілік қалады.

Кеннет. Же.

Киматшох. Бұл не?

Кеннет. Жұмыртқа.

Киматшох. Мен қуырылған жұмыртқаны жегенді жақсы көремін.

Кеннет. Бұл кәдімгі жұмыртқа. Мен ағын ғана жеймін.

Киматшох. Мен бәрін жей беремін.

Кеннет. Жегің келе ме?

Киматшох. Иә.

Кеннет. Мен сарысын жемеймін.

Киматшох. Онда маған берші.

Кеннет. Мамам әкем өліп қалған дейді.

Киматшох. Енді не істейсің?

Кеннет. Өмір сүремін.

Киматшох. Немен?

Кеннет. Құстар қайтіп өмір сүрсе, солай да. Әкемді – сатқын дейді.

Киматшох. «Сатқын» деген не?

Кеннет. Өз сөзінде тұрмайтын адам.

Киматшох. Сөзінде тұрмайтынның бәрі сатқын бола ма?

Кеннет. Иә, бәрі.

Киматшох. Әкемнің өлгені рас болса, мамам жылар еді.

Кеннет. Ол жылаған жоқ.

Киматшох. Демек тірі ғой иә?

Кеннет. Демек жақында менде жаңа әке пайда болады.

Донада. Бәрі күйеуімнің қашып кеткенін сөз қыла бастады. Бірге жүрген, жақтастарын сатып кетті, сол үшін де іздеу салып жатыр дейді. Жаңа патшаны құлату үшін бұрынғы патшаның баласымен бірігіпті деседі.

Олай болуы мүмкін емес. Қазіргі патшамен ешқашан қастасқан емес ол. Керісінше. Жайдан-жай сатып кетуі мүмкін емес. Егер сатып кеткені рас болса, демек ол бізді де сатып кетті деген сөз. Бізді тастап, өзі қашып кетті. Хайуан да олай істемейді ғой. Өз үйірін тастап кетпейді. Енді өзіміз өмір сүреміз. Бұрын қалай күн көрдік, солай бірдеңе қыламыз.

Бейтаныс біреулер келетін болды. Бір күні үйге бейтаныс біреу кіріп келді де, «тезірек қашуың керек» деді. Үйде қалсаң, өміріңе қауіп төнеді деді. Қорқып кеттім, бірақ қаша алмайтынымды түсіндім. Қайда, не үшін қашатынымды білмедім. Жаман ештеңе жасағаным жоқ. Ешкімге зияным тиген жоқ.

Күйеуім жасаған шығар. Сатқын болса, сатқын шығар. Оған мына бейуаз біздің не қатысымыз бар? Әрине, егер күйеуімді өлтірмек болса, біздің де көзімізді құртуы мүмкін екенін түсіндім. Ешкімге зиянымды тигізбей, тек жақсылық жасауға ұмтылатын ақ пейілім менің отбасымды бәле-жаладан, жамандықтан сақтайды дегенге соңына дейін сендім. Сақтамады. Бұл әлемде тек жауыздық қана бар екен және үнемі жақсылықты жаншып отырады екен.

Олар екеу еді. Күйеуімнің қайда екенін сұрады. Мен қайдан білемін? Қаншама уақыттан бері оның түрін де көрмедім ғой. Күйеуімді сыртынан боқтап жатыр, айыптап жатыр. Күйеуіме өзімнің де өкпем бар ғой, бірақ әлгі екеуі артық кетті. Сосын маған тіл тигізе бастады. Соның бәрін Кеннет естіп қойып, әкесі мен шешесінің ар-намысы үшін екеуіне бас салып еді, екеудің біреуі оның ішіне пышақ сұғып алды.

Орнымнан атып тұрғаным сол еді, менің тамағымды тіліп жіберді. Тура қойды бауыздағандай. Тамағымды ұстасам, ыстық қан атқылап, мойнымнан төмен қарай ағып жатыр екен. Кеннеттің «мама, мама!» дегенін ғана естідім...

Кимат. Màthair!

Ең соңында ойыма орала берген сөз: бәрі сенің кесірің, Макдуф. Бәрі сен бізді тастап кеткеніңнен.

 

Кез келген, тіптен ұзаққа созылса да, қыстан соң, әйтеуір көктем келеді. Бадам міндетті түрде гүлдейді. Күндердің күнінде Дилфизо сені әйтеуір кешіреді, Мақсұт.

Кез келген, тіптен ұзаққа созылса да, қыстан соң, әйтеуір көктем келеді. Жаңғақтал міндетті түрде гүлдейді. Күндердің күнінде Донада сені әйтеуір кешіреді, Макдуф.

 

Бірақ ешқашан ұмытылмайды.

 

Ольга Малышева

Ольга Малышева — казахстанский драматург, театральный обозреватель, арт-менеджер. Автор проекта читок современной драматургии #читкиточка, куратор инклюзивной театральной лаборатории «Действие буквально». Драматург более десятка спектаклей в Казахстане. В формате читок и эскизов пьесы были представлены в Узбекистане, Таджикистане, Кыргызстане, Украине, России, Эстонии, Норвегии, Швеции, Румынии, переведены на казахский, английский и румынский языки.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon