Мехриддин Өтегенов

460

Отты сөздер

***

Мен торғаймын,

Қанатын суға малған, отқа малған.

Ұясы қырық бөлініп, жатта қалған.

Сайрағаным өзімнің үнім емес,

Кешегі халық әні жаттап алған.

Жанымды аясаңшы дірдектеген,

–Дүние, – дейсің бе, –іштей кім кетпеген.

Құдайдың жаратқаны екеуміз де,

Бізге һәм қарасаңшы құрметпенен.

Үсті-үстінен қайтара қырсық ұрды

тасқа соғып сындырдым тұмсығымды,

уыстай жан иесі саған келді,

сенен өзге ұғады кім сырымды?

Шырылдап айнала ұштым төбеңізде,

Мейіріңді төкпейсің неге бізге?

Қалтыратты қаңтардың сары аязы,

Қар астына көміліп өлеміз бе?

Мен торғаймын,

Қанатын суға малған, отқа малған,

Ұясы қырық бөлінген, жатта қалған.

Сайрағаным өзімнің үнім емес,

Кешегі халық әні жаттап алған

***

Келші бауыр,

Терезеден телмірейік екеуміз.

Сырып тастап жетім көздің жасы сіңген пердені,

Біздер де ертең ан-о-о-у тұрған аспан жаққа кетерміз,

Айта алмастан ең бақытты халықпыз деп жердегі.

Дауысташы,

Кім бұрылар біздің ғаріп өлеңге,

жан бағудың қамы оларды бұрылтпайды сенем мен.

Мемлекеттің аяғы ауыр, ал құлағы кереңдеу,

Қара халық – дәм бұйырып күн ұзартқан өлермен.

Қарашы әне, мазарларды топырағы кеппеген,

Ол кешегі қан-қаңтардың шикі піскен жемісі.

Түсімді ылғи екі басты аждаһаны көп көрем,

Құдайыма жалбарынам, сақташы деп ел ішін!

Келші бауыр,

Терезеден темірейік екеуміз,

Сырып тастап жетім жанның қаны сіңген пердені.

Біз бұл елге өзінен де жақынбыз һәм бөтенбіз,

Бауырым-ау, не деп кеттім,

Түсіндің бе сен мені?

қорғасын

бұл қиялдан туған сөз еді...

I

Қазақстан топырағына біткен қорғасын,

алғаш алып пештерде балқыды,

сосын, от ішіндесудай ақты қорғасын,

топыраққа «қош», – деп айтты қорғасын...

II

Балқыған қорғасын қалыпқа құйылды,

оққа айналды қорғасын.

Қорықшысы сезінді өзін бұл елдің,

Қорықшысы сезінді өзін бұ жердің.

«Тыныш жұртты күзетемін», – деді,

«тыныштықты күзетемін», – деді, қорғасын.

III

Бірақ, кешегі сары аяз қаңтарда

қару жатырына біткен қорғасын,

ұңғыдан от шаша қайта балқыған еді,

және атылмаған да еді, жауға қарай.

IV

Заулаған сұр қорғасындар,

қара тасқа қадалмай,

бүлдіршін деп қарамастан қорғасын,

бойжеткен деп қарамастан қорғасын,

бозбала деп қарамастан қорғасын,

боз самайға қарамастан қорғасын...

Кеуделерді тесіп өтті қорғасын,

жүректерді осып өтті қорғасын.

V

Қар бетінде қан қатты.

Қара халық қан жұтты...

VI

Қорғасын:

«Тыныш жұртты күзетемін», – деді,

«тыныштықты күзетемін», – деді, қорғасын...

Сүйектен болған қақпа

Бұл қақпа – сүйектен болғанда,

кешегі құлдардың сүйегінен бекіген қақпа-дүр!

Көлеңкесінде тоңып сірескен халықтың,

көбелектей ұмтылуын көрдім жарыққа...

Күн астындағы бояуы жоқ мекен,

көк астындағы баяны жоқ мекен, – деймін мен.

Табан астын жермен шектеді Тәңірі,

төбесін көкпен шектеді Тәңірі.

Алдынан сүйектен болған қақпамен шектеді,

кешегі күннің белгісіндей, мызғымас қақпамен!

Қап-қара тот басқан құлпын жібітпекке,

өзегіне қанымызды құйдық,

көз жасымызды құйдық егіліп.

Ертеңнен үмітті жанымызды да қидық.

Қақпа алдында қаншама іздер жоғалды.

Іздердің жоғалмасына сендік біз.

Қаншама ана жаулығын көзіне басты,

қаншама боздақ жаулыққа айналды,

қос жанары құрғамай қойған өлкеге,

Не деп басу айтайын?

Не жұбаныш қылайын?

Таң шапағын көрмегелі қашан бұ халықтың?

Батар күнді көрмегелі қашан бұ халықтың?

Естір сөзі жөргек емес,

кебін болған-ды,

кебінге ораулы өмірді айтты сұм-қақпа!

Қанат бітіп, құсқа айналып кетпейтінімізді қарашы,

қанат қағып, ұшып өтпейтінімізді қарашы!

Бірақ,

қақпа бағанасы шаңырыққа сүйеулі,

шаңырақ астында көр қазудан қолы тимеген,

халықтың сүйегі...

Кейінді ықпал

Кеше алаң отты сөздер жазылған плакаттарға толған-ды,

қызуы халықтың кеудесіне құйылған Отты сөздерге!

Үндемеу мен көнбістік өз шегіне жетіп болғанда,

плакат ішінде ғана қалғысы келмеді Отты сөздердің!

Бұл елде еркіндік сөзі неліктен мағынасыз?

Бұл елде халық сөзі неліктен зат есім ғана?

Көбелектей отқа ұрынған халық, ертеңнен үмітті еді.

Қанаты күйіп отқанын қарашы.

Қанатын қиып отқанын қарашы, үміттің.

Қираған ғимараттар арасында қаншама сөздер қалды екен?

Жоғалған адамдардың кеудесінде қаншама сөздер болды екен?

Бүгін алаңда отты сөздер жазылған плакаттардың күлі ұшуда,

плакат ішінде ғана қалып кетті отты сөздер.

Мехриддин Өтегенов

Мехриддин Өтегенов — ақын, аудармашы. Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы университет түлегі. Өлеңдері көптеген Республикалық басылымдар мен әдеби порталдарда жарыққа шығып тұрады.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon