Нұрайна Сәтпаева

737

Шошқа Пеппенің күнәсі

Драма

Аудармашы орыс тілінен Айжарық СҰЛТАНҚОЖА

Қатынасушылар:

Пери – Перинаталды орталықтың паталогия бөлімінің науқасы, 17 жас

Сабина – науқас, 25 жас

Женя – науқас, 45 жас

Марта – науқас, 33 жас

Бас медбике – паталогия бөлімінің бас медбикесі

Шеф – Сабинаның нақсүйері, жасы келген ер ад

Эдик – Шефтің көмекшісі, жас жігіт

Аула сыпырушы– егде тартқан әйел

Тамақ таратушы

Перидің жігіті

1 сахна

Таңертең. Аурухананың аула сыпырушысы аула сыпыруда.

АУЛА СЫПЫРУШЫ(әндетіп). ПУСТЬ МАМА УСЛЫШИТ, ПУСТЬ МАМА ПРИДЕТ, ПУСТЬ МАМА МЕНЯ НЕПРЕМЕННО НАЙДЕТ… (Анашым естісін, анашым оралсын. Жан анам мені де, адаспай табарсың.)

Эдик пен артынан Шеф кіріп келеді.

ЭДИК. Шэф, мұнда.

ШЭФ. Қане, қайда өзі?

ЭДИК. Қазір. Сабина!

ШЭФ. Әй, ақырын, бәрін оятасың. Телефонына хабарлассаңшы.

ЭДИК. Жақсы, жақсы. (Қалтасын ақтарып.) Телефоным машинада қалып кетіпті

Екінші қабаттың терезесінен Сабина көрінеді.

ЭДИК. Шэф, мен телефонымды алып келейін.

Шэф басын изейді. Эдик кетеді.

ШЭФ. Бала қалай?

САБИНА. Өзіңіз келіп, неге әуре болдыңыз? Эдикті жібере салмадыңыз ба? Біреу-міреу көріп қалса қайтесіз?

ШЭФ. Енді, мұндай жаңалық болып жатқан кезде, қалай келмеймін? Әпшуі көріне ме?

САБИНА. Иә, УЗИ-де ұл деп айтты.

ШЭФ. Анық па екен? Қателеспеп пе?

САБИНА. Анық! Мұнда жаңа құрылғылар екен.

ШЭФ. Жақсы. Тек менің көңілімді қалдырушы болма! Сыйлық алып келдім.

Шеф қалтасынан қорапша шығарады. Сабина кетіп қаладаы да, аздан соң қайта көрініп, төмен қарай жұқа арқан түсіреді.

ШЭФ. Мынауың не?! Шықпаймын!

САБИНА. Сізге емес, сыйлыққа.

ШЭФ. Ааа, бәсе.

Шэф қорапшаны арқанға байлайды. Сабина арқанды тарта бастайды. Бірінші қабаттың терезесінен бетперде киген әйел пайда болады да, қорапшаны ұстап алып, арқанды кесіп жібереді.

ШЭФ. Е-е-е! Не істеп жатырсың? Қайтар! Кімге айтып тұрмын?!

Шеф терезенің жақтауына қарай тартылады. Бетпердедегі әйел қайшысын құлатып алады. Шэф аяғы тайып кетеді де, терезенің астына басын ұрып, жерге құлап түседі. Терезеден маскалы ПЕРИ көрінеді де, кетіп қалады; оның ізімен маска киген Марта жүріп өтіп, тығылып қалады; артынан бетперде киген Женя көрінеді де, ол да қорқып тығыла жөнеледі.

САБИНА. Эдик!

Аула сыпырушы жүгіріп келеді.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Адам құлап қалды! Көмектесіңдер! Медбике!

Аула Сыпырушы көмекке шақыруға жүгіріп кетеді. Эдик жүгіріп келеді. Шефке еңкейе қарап.

ЭДИК. Не болып қалды?

САБИНА. Білмеймін, терезеге шығам деді де, құлап түсті.

ЭДИК. Мә... мынаның... Басында... қан...

САБИНА. Құдайым-ау... Тамырын тексерші. Тірі ме?..

ЭДИК (кеудесін тыңдап) . Жоқ секілді.

САБИНА. Енді қалғаны осы еді...

ЭДИК. Екінші қабатқа шығам деді ме?

САБИНА. Жоға. Біреу менің сыйлығымды ұрлап кетті. Қайшымен кесіп алды, ойлашы? (Кенеттен.) Шашынан кішкене кесіп алшы! Тез!

ЭДИК. Қайшы? (Жерден қайшыны алып, Шефтің басынан бір тұтам шашын кесіп алып, қалтасына жасырады.)

САБИНА. Біреу-міреу келіп қалмай тұрғанда, басқа жаққа алып кет.

ЭДИК. Қалай? Еңгезердей қылып, мынаны көтере алмаймын... Оның үстіне, бәрі кеш сияқты.

САБИНА. Эдик! Енді, бірдеңе қылсаңшы!

ЭДИК. Ана жерде, таксист тұрған, шақырайын.

САБИНА. Тез! Бол!

Эдик жүгіріп кетеді. Кресло каталкамен Аула сыпырушысы және Бас медбике жүгіріп келеді.

САБИНА. Бас медбике (старшая)!

Сабина терезеден кетіп қалады.

БАС МЕДБИКЕ. Қайда? Кім? Ар жағын ұста.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Ауырын-ай тегі.

БАС МЕДБИКЕ. Ух... қане-қане...

2 сахна

Сабинаның палатасы. Сабина терезеден кетіп, төсекке жата қалады. Бетперде киген Марта кіреді.

МАРТА (сыбырлап). Сабина ... Сабина ... Ұйықтап жатырсың ба?

Сабина ұйықтап қалған кейіп танытады. Марта бетпердесін шешіп, халатының қалтасынан оралған бір затты шығарып, босанатындарға арналған сөмкеге салады. Сосын ол да төсекке жатады. Палатаға жуылған киімдерін кеудесіне қысып, жалаңаш Пери кіреді.

ПЕРИ (сыбырлап). Сабина... Марта...

Сабина да, Марта да, ұйықтап жатқан кейіп танытады. Пери заттарын тумбочкаға қояды да, жастықтың астынан қамшы алып шығады. Содан кейін ол жұқа көрпеге оранып, іш киімі мен көйлегін радиаторға жайып, төсекке жатады.

Бас медбике босану сөмкесін алып кіреді, артынан Женя кіреді. Медике жарықты қосады.

БАС МЕДБИКЕ. Қара, Женя, мынау, сенің төсегің.

ЖЕНЯ. Жарықты жақпай-ақ қойыңыз. Адамдар ұйықтап жатыр ғой.

БАС МЕДБИКЕ. Ештеңе етпейді. Күні бойы ұйықтайды бұлар. Жатыстарын қарашы өздерінің.

ЖЕНЯ (жан -жағына қарайды). Біз төртеуміз бе сонда? Бір немесе екі бөлмелі палаталар жоқ па?

БАС МЕДБИКЕ. Болса, жатқызар едім. Бөлімшенің жартысын «Ковидиоттарға» беріп тастады, енді қысылып отырмыз. Карантиннің аяқталғанын өзіміз де күтіп жүрміз. Дәретхана дәліздің соңында.

ЖЕНЯ. Душ ше?

БАС МЕДБИКЕ. Душ бұзылып қалған, әлі ешкім жөндеген жоқ. Біздің сантехник ковидпен жатыр.

ЖЕНЯ. Қалай сонда? Душ жоқ болса, жата алмаймын...

БАС МЕДБИКЕ. Үйреніп кетесің. Сүртініп тұр... Тамақты палаталарға әкеп береді. Бөлімшеден шықпаймыз. Сырттан әзірше заттар қабылдауға рұқсат жоқ.

ЖЕНЯ. Жағдай шынымен қиын екен.

БАС МЕДБИКЕ. Қазіргі уақыт соғыс кезі секілді ғой. Карантин деген осы. Неге үрпиіп қалдың? Жағдайды емес, (Ішін көрсетіп.) Кішкентайды ойлау керек.

ЖЕНЯ (тыныш дауыспен) . Мен оны үнемі ойлаймын. Тіпті есімнен ауысатын шығармын.

БАС МЕДБИКЕ. Жарайды, мен кеттім. Сөйлесіп тұратын уақыт жоқ. Егер бірдеңе керек болса, кезекші бөлімнен табасың.

ЖЕНЯ. Рахмет.

Бас медбике кетіп қалады. Женя жарықты өшіріп, заттарын жайғасыра бастайды.

ПЕРИ. Кешіріңіз. Қыздар ұйықтап жатқанда киініп алайын деп едім. Киімімді бере саласыз ба? Батареяда жайылып тұр.

ЖЕНЯ (таңданып). Әрине. (Радиаторға барады.) Әлі кеппепті. Дымқыл.

ПЕРИ. Ештене етпейді. Қазір алты болады, бәрін тұрғызады.

ЖЕНЯ. Міне. Өзіңіз ұстап көріңіз.

Пери киінеді. Женя төсекке отырады.

ПЕРИ. Мен – Перимін!

ЖЕНЯ. Женя.

ПЕРИ (күрсініп) . Мен жақында босанамын. Қырқыншы апта. Сізде ме? Бірден босану сөмкесімен түсіпсіз.

ЖЕНЯ. Иә. Отыз жетінші апта.

ПЕРИ. Сөмкені қайдан сатып алдыңыз? Марта «Мамонтенка»-дан алдарыпты. Ойлаңызшы, мультфильмдердің музыкасы дүкенде күні бойы ойнап тұрады екен. (Ән айта бастайды.) ПУСТЬ МАМА УСЛЫШИТ, ПУСТЬ МАМА ПРИДЕТ, ПУСТЬ МАМА МЕНЯ НЕПРЕМЕННО НАЙДЕТ… (Анашым естісін, анашым оралсын. Жан анам мені де, адаспай табарсың.) Сол жерден сүйкімді башмақай көрдім. Кіп-кішкентай.

ЖЕНЯ. Әр түрлі дүкендерден жинадым.

ПЕРИ. Сөмкең қызғылт екен. Яғни қыз.

ЖЕНЯ. Иә. Ал сенікі?

ПЕРИ. Білмеймін. Узист айтпайды, тек қан жолдарын қарайды. Білу үшін ақша төлеу керек екенсің.

ЖЕНЯ. Тәртіптері қызық екен.

ПЕРИ. Мен қатты қорқамын. Бірінші рет. Сіз қорықпайтын шығарсыз. Қанша балаңыз бар?

ЖЕНЯ (пауза). Бұл тұңғышым.

ПЕРИ. Ааа... Сізді қартайған деп ойласам ... ой, яғни жасы үлкен деп.

ЖЕНЯ. Иә дәл солай. Қырық плюс...

ПЕРИ. Неге кеш босанып жатырсыз?

ЖЕНЯ. Сәтін солай салып тұр. Сенің жасың нешеде?

ПЕРИ. Он жеті.

ЖЕНЯ. Құдай... Сен өзің баласың ғой.

ПЕРИ. Бірақ менің жігітім бар. Студент. Оқып жатыр. «Локдаунның» кесірінен келе алмай қалды. Карантин қашан бітеді деп ойлайсыз?

ЖЕНЯ. Білмеймін, мүмкін жазда, күн ыстық болғанда. Меніңше, вирустар ыстықтан өледі.

ПЕРИ. Оған дейін қай заман? Жігітім келмей, жалғыз босанып қалсам, қайтем? Ұшақтар ұшпаса, үлгермейді ғой.

Марта төсектен тұрады.

МАРТА. Иә. Ұшақтар ұшпайды. Пойыздар жүрмейді. Жолдар жабық. Ол балдырғанға мініп келе жатыр, үш аяқты. Байқұс жете алмай... Жоқ мүмкін, Форест Гамп сияқты жүгіріп келе жатқан шығар. Жүгір Форест, жүгір! (Күледі.)

ПЕРИ. Марта! Сені ме! Сен осы!

Пери кетіп қалады. Сабина төсекке отырады.

САБИНА. Неге өйтесің? Кішкентай ғой әлі.

МАРТА. Қайдағы бала? Таза байтал ғой. Қамшымен сабау керек.

САБИНА. Енді жарты күн жылайды.

МАРТА. Жүйкемді жеп бітті осы қыз бар ғой. Жалықтым. Біреумен сөйлесе қалса болды, отырып алып, шылғи өтірікті бөсе жөнеледі. Сен болсаң отырасың, ғашық жігітінің шекараны жауып тастағаны үшін келе алмағанын жүзінші рет тыңдап.

САБИНА. Мүмкін рас шығар, сен қайдан білесің?

МАРТА. Соған сенесің бе? Қойшы! Түріне қарасаңшы. Қызғылт ночнушка киген ұқыпсыз, ботқадай қыз. Кім қарайды дейсің оған. Жүрген бір шошқа Пеппа.

САБИНА. Өз адамын тапқан да.

МАРТА. Ия, одноразовый стакан ретінде қолданған.

САБИНА. Болды. Жетеді, қойшы. Тыңдағым келмейді. Мен Ғаламнан тек позитив алғым келеді.

МАРТА. Енді мен де соны айтып отырмын ғой. Түрін көрсем болды, жыным ұстайды.

САБИНА. Бұл жерде ешқайсымыздың түріміз жетісіп тұрған жоқ. Инстаграмда ғана ғой ол, аяғы ауыр әдемі няшкалар.

МАРТА. Бірақ енді соншалық нашар емес шығармыз.

ЖЕНЯ. Қыздар, шыныменде, мұндай жағдайда қалай жатамыз? Душ жоқ, дәретхана ортақ. Расында шошқа болып кетесің ғой.

МАРТА. VIP бөлмеде душ бар. Бас медбикеге айтсаң, кіргізеді.

ЖЕНЯ. Қызық. Ол маған душ жоқ деп айтты ғой.

МАРТА. Ақшасын берсең, табылады.

ЖЕНЯ. Шын ба?

МАРТА. Иә. Ақша ғой, бастысы.

Арбамен тамақ таратушы кіреді. Оның артынан Пери.

ТАРАТУШЫ. Қыздар! Таңғы ас.

ПЕРИ. Таңғы асқа не?

ТАРАТУШЫ. Саған бәрібір емес пе? Арпа. Шай. Шұжық қосылған нан. Тездетіңдер. Күтетін уақыт жоқ.

МАРТА. Мен жемеймін.

САБИНА (тамақтың алюминий шелектеріне қарайды, тыжырынып). Жемеймін.

ПЕРИ. Маған салыңызшы. (Таратушы ботқа салады.) Тағы бола ма?

ТАРАТУШЫ. Жоқ! Басқа палаталарға әлі тамақ берілмеді.

Пери тостаған ботқасын, бір стақан шайды алып, өз тубмочкасына барады. Таратушы Женяға бір кесе ботқа мен бір стақан шай береді. Тумбаға бір табақ нан, май, шұжықтың тілімдерін қояды да, шығып кетеді.

ЖЕНЯ. Иә, түрі қорқынышты екен. Шұжық сарғыш. Шәй болса, құсып кеткен.

МАРТА. Былыққан бірдеңе. Ішсең, бес секундта жан тәсілім ететін секілдісің.

ЖЕНЯ. Жемейтін секілдімін.

МАРТА. Дұрыс. Бас медбикеге тапсырыс беруге болады. Бір сағат ішінде әкеледі.

ПЕРИ (ауызытолы тамақ; Женяға). Мен сіздің порцияңызды жесем бола ма?

ЖЕНЯ. Мархабат.

МАРТА. Жарылып кетпеші, әйтеуір.

САБИНА. Тапсырыс берсе болады. Бірақ, бағасы екі есе. Амал жоқ. Передачаларға тыйым салынған. (Пауза.) Айтпақшы, таңертең аулада шу естімедіңдер бе? Не болғанын кім біледі?

МАРТА. ПЕРИ. ЖЕНЯ. Жоқ! Жоқ! Жоқ!

МАРТА. Мен дәрі салдыруға кеттім.

ПЕРИ. Маған УЗИ-ге түсу керек.

ЖЕНЯ. Мен кезекшіге барып, тамаққа тапсырыс беріп келейін.

Марта, Пери мен Женя асығыс кетіп қалады. Ұялы телефон шырылдайды.

САБИНА (телефонда). Осында ма? Қазір.

Сабина шығып кетеді.

3 сахна

Аурухана ауласы. Аула сыпырушы аула сыпырып жүр.

АУЛА СЫПЫРУШЫ(міңгірлеп) . Күн жылынғандағы жұмыс: төңіректі сыпыру және қоқыс жинау. Тротуар плиталарының арасындағы шөпті алып тастау. Қоқыс жәшіктері мен олар орнатылған жерлерді тазарту.

Эдик шығады, артынан Сабина келеді.

САБИНА. Жағдайы қалай?

ЭДИК. Қалай? Қалай? Алақандағыдай. Комада жатыр. Басымен қатты құлаған секілді.

САБИНА. Дәрігерлер не дейді?

ЭДИК. Ештеңе. Гука оны жансақтау бөліміне әрең жатқызды. Ковидтен барлығы бітеліп қалған.

САБИНА. Ол қалай?

ЭДИК. Жылайды. Әкесін қатты жақсы көреді. Оған қоңырау шалып, қолдау көрсетіп қойсаң қайтеді? Қанша дегенмен сені құрбым дейді.

САБИНА. Ой, жоқ. «Мен біледі» деп айтпа! Ол әкесі екеуміз туралы білмейді...

ЭДИК. Жарайды. (Пауза.) Бұл ковид бәрін есеңгіретіп тастады ғой. Мен науқастар мен қарттар ғана өледі деп ойлаушы едім. Табиғи сұрыпталу секілді. Бүгін ауруханаға барғанымда, көріп, жаман болып қалдым. Жастар көп, біздің қатарластар. Жаппай қырылып жатыр. Қалада орын жоқ, жедел жәрдем құры сандалып жүреді, науқастарды тапсыра алмайды, өйткені ешқайда қабылдамайды. Оттегі баллондарының бағасы екі мың доллар! Амал жоқ шефке сатып алдым. Минздрав жеке көліктердің жүруіне де тыйым салып тастаған, автобустар кешкі алтыға дейін ғана жүреді. Сол автобустарға адамдар кептеліп алады да, жұқтырады. Бас дәрігер қай жерімен ойланады осы?

САБИНА. Қорқытпашы! Біз ауырып қаламыз ба деп, қорқып жүрміз. Бетімізден маска түспейді.

ЭДИК. Қаланы жауып тастаған. Қала маңындағы адамдар жұмыссыз қалды. Темір қоршаулардың жанында кіруге рұқсат сұрап тұр. Сұмдық енді, концлагерь секілді тура. Суреттерді көрдің бе? Оған қоймай, кіреберіске не үшін екенін, танктер қойып қоған.

САБИНА. Болды! Естігім келмейді! Өз проблемаларым жетеді.

Эдик қалтасынан сөмке шығарады.

ЭДИК. Міне, шашы. Бірақ, қажет болмай қалуы да мүмкін.

САБИНА. Есімнен мүлде шығып кетіпті. Рахмет. (Қалтасына тығып қояды.) Қандай сыйлық бар? Жаңа iPhone ба? Мен сұраған.

ЭДИК. Білмеймін. Бірақ жақында Favori-ден зергерлік бұйымға шот жаптым. Аз ақша кеткен жоқ.

САБИНА (ойланып). Демек, білезік немесе сақина.

Бас медбике кіреді.

ЭДИК. Бас медбике келе жатыр. Кездесуге келіскенмін.

Сабина кетіп қалады.

ЭДИК. Тағы да сәлеметсіз бе.

БАС МЕДБИКЕ. Сәлеметсіз, сәлеметсіз.

ЭДИК. Менің сұрағым келгені... Болған жағдайды ешкімге айтпасаңыз. Қажетсіз сұрақтар туындайды...

БАС МЕДБИКЕ. Сұрақтар менде де пайда болды... Жұрт танитын адам... Кімге келді?

ЭДИК. Білмеймін. Маған айтқан жоқ. Біреуі терезеден қарады. Бетперде киген. (Пауза.) Қалай енді? Сізге сене аламын ба?

БАС МЕДБИКЕ. Әрине, сене аласыз...

Эдик ұялы телефонын шығарады.

ЭДИК. Карточкаңыз осы нөмірге байланған ба?

БАС МЕДБИКЕ. Әлбетте.

Эдик ұялы телефонына сандарды теріп. Көрсетеді.

ЭДИК. Мұндай сомаға қалай қарайсыз?

БАС МЕДБИКЕ. Жеткілікті.

ЭДИК. Тағы бір шешілмеген мәселе бар.

БАС МЕДБИКЕ. Қандай?

ЭДИК. Мәселе былай болып тұр. (Пауза.) Бастық сыйлық әкеліп еді, түсінесіз бе?

БАС МЕДБИКЕ. Жоқ, түсінбедім.

ЭДИК. Оны жоғарыға беріп жатқанда, бірінші қабатта біреу арқанды кесіп тастады. Бағалы зат. Табуымыз керек. Рахметіңізді айтамын.

БАС МЕДБИКЕ. Түсіндім.

ЭДИК. Сол кезде оқиға орнында аула сыпырушы болған.

БАС МЕДБИКЕ. Қазір. (Сыпырушыға.) Ей, мұнда кел!

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Шақырдыңыз ба?

БАС МЕДБИКЕ. Жаңадан келгенсің бе? Мен сені бұрын көрмеппін.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Бүгін бірінші күн.

БАС МЕДБИКЕ. Бұрынғы тазалаушы қайда кетті?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Білмеймін. Қазір мен аула сыпырушымын. Оның орнына.

БАС МЕДБИКЕ. Құдай біледі, Ковид жұқтырды. Үнемі артқы бөлмеде сантехникпен бірге ішетін. Екеуі де маскасыз жүретін. Оған айттым, өзінше – іште спиртім бар, ешқандай инфекция жұқпайды деп еді. Оған өмір бойы маска тағып жүру керек. Бүкіл ауланы бықсытып. Сен ше? Ішпейсің бе? Үрлеші қане.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Ішпеймін. Әкем ішкен, содан кейін ішкім келмейді. Бұрын әкем жұмыс істеген зауытта бәрі ішетін.

БАС МЕДБИКЕ. Болды, болды. Сенің өмірбаяның бізге қызық емес. Сен оданша сұраққа жауап бер. Таңертең жігіт құлап түскенде бірінші қабатта біреуді көрдің бе?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Әйелді ме?

Эдик пен Медбике бір-біріне қарайды.

ЭДИК. Әйел ме? Танисың ба? Түрі қандай?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Денелі. Екі қабат.

БАС МЕДБИКЕ. Ой құдай! Онысы түсінікті ғой! Бұл жерде бәрі сондай! Перзентхана емес пе енді?!

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Білмеймін енді. Мен жүкті емеспін. Сіз де.

БАС МЕДБИКЕ. Құдай сақтасын! Тфай-тфай. Әңгіме біз туралы емес қой. Жаңағы әйелдің түрі қандай, шашы қандай?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Маска киіп тұрған. Басқа ештеңе есімде жоқ.

БАС МЕДБИКЕ. Қорлағаны-ай мынаның. Бұрынғы дворник жақсырақ еді. (Эдикке.) Көрдіңіз бе, қандай адамдармен жұмыс істеуге тура келетінін. Нервің шыдамайды.

ЭДИК. Сыйлық ұшты-күйлі жоқ деңізші, енді.

БАС МЕДБИКЕ. Олай қобалжымаңыз. Табамыз.

ЭДИК. Жарайды, мен кеттім. Байланыста болайық.

Эдик кетіп қалады.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Тоқтай тұрыңыз! Есіме түсті.

БАС МЕДБИКЕ. Не тағы?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Ол қызғылт көйлек киген болатын.

БАС МЕДБИКЕ. Ах, бәлем! Пеппа!

Медбике асығыс кетіп қалады. Аула сыпырушы жұмысын жалғастыра береді.

4 сахна

Палата. Пери терезенің жанында тұр.

ПЕРИ(ән айтады). МЫ БЕРЕМЕНЯШКИ – ВОТ ТАКИЕ НЯШКИ, МЫ БЕРЕМЕНЯШКИ – ПРОСТО ВЫСШИЙ КЛАСС… (Біз жүкті әйелдер – өте сүйкімдіміз, біз жүкті әйелдер – сондай кереметпіз...)

Бас медбике кіреді. Айналаға қарап.

БАС МЕДБИКЕ. Жалғызсың ба?

ПЕРИ. Иә. (Терезеде талшын бұтақтары соғылады.) Қараңызшы, талшын бізбен амандасып жатыр. Атам екеуміз күз келгенде саябақта талшын бүрлерін жинайтынбыз.

БАС МЕДБИКЕ. Қалғандары қайда?

ПЕРИ. Олар КТГ-ға кетті. Тап-таза, жып-жылтыр болып.

БАС МЕДБИКЕ. Біраз болды ма?

ПЕРИ. Жоқ, шамамен бес минут бұрын. Шақырайын ба?

БАС МЕДБИКЕ. Керек емес. Сенімен асықпай сөйлесуге уақыт жетеді, демек.

ПЕРИ (аянышты). Тағы ма?

БАС МЕДБИКЕ. Бүгін таңғы бесте қайда болдың?

ПЕРИ. Палатада. Ұйықтап жаттым.

БАС МЕДБИКЕ. Көзіме тура қара. Қайталап сұраймын. Таңғы бесте қайда болдың?

ПЕРИ. Осында.

БАС МЕДБИКЕ. Қысқасы. Бағалы зат жоғалды. Сенің ұрлағаныңды көрген куәгерлер бар. Шыныңды айтасың ба, жоқ па?

ПЕРИ. Сіз қалай олай ойлайсыз? Мен діндар отбасынанмын. Әкем намаз оқиды!

БАС МЕДБИКЕ. Бірақ ол сенің некесіз көтеріп қалуыңа кедергі болмады ғой.

ПЕРИ. Ол келеді, біз үйленеміз.

БАС МЕДБИКЕ. Ия, тәпішкесін тырпылатып жүгіріп келе жатыр екен. (Пауза.) Қане, тұр!

Пери орнынан тұрады. Медбике оны тінти бастайды. Пери шыңғырып жұлқына бастайды.

ПЕРИ. А-а-а!

БАС МЕДБИКЕ. Не шошқа сияқты шыңғырып жатырсың? Қыздар сені шошқа Пеппа деп бекер айтпапты. Өзі күледі ғой тағы.

ПЕРИ. Маған күлкілі емес. Жіберіңізші. Бала кезден қытықтағаннан қорқамын.

Бас медбике төсекті ақтара бастайды. Қамшыдан басқа ешнәрсе таппайды.

БАС МЕДБИКЕ. Мынаусы несі тағы?

ПЕРИ. Қамшы. Атам жасаған. Түйенің терісенен, мықты.

БАС МЕДБИКЕ. Бұны палатада ұстауға болмайды.

ПЕРИ. Қайтарыңыз! Қамшы баланы жын-періден қорғайды.

БАС МЕДБИКЕ. Өй, бұл кімге керек дейсің? Мә.

Пери қамшысын жастығының астына жасырады. Медбике жан-жағына қарайды.

БАС МЕДБИКЕ. Аула сыпырушы қателескен сыңайлы. Мейлі. (Пауза.) Сен оданша маған не шешкеніңді айтшы. Отказной жазу керек, бас тартам деп. Сол жерден бірден алып кетем, көрмейсің де. Бірінші рет емес, бұрыннан істеп жүрмін, бәрін өзім қатырамын.

Пери бұрылып, қолын ішіне басады.

ПЕРИ. Ұл ма, қыз ба?

БАС МЕДБИКЕ. Саған білудің қажеті жоқ. Бай отбасына барады. Ұлыңды үлде мен бүлдеге орап ұстайтын болады. Тфу, сен де бір...

ПЕРИ. Ұл екен ғой...

ПЕРИ баланың қозғалғанын сезгісі келіп, қатып қалады. Медибке үстінен төніп тұр.

БАС МЕДБИКЕ. Не жұмысың, не үйің жоқ. Тіпті шығаратын жөргегің де жоқ қой. Қызғылт көйлегіңе орап шығарасың ба? Ұлың өскенде саған рахмет айтады деп ойлайсың ба?

ПЕРИ. Менің жігітім…

БАС МЕДБИКЕ. Ол жайлы естігім де келмейді.

ПЕРИ. Жақында атам ауруханадан шықса, мені алып кетеді.

БАС МЕДБИКЕ. Ол ковидпен ауырып жатыр. Жастардың өзі мертігіп жатыр, ол болса шал.

ПЕРИ. Бақаларда еш шаруам жоқ. Менің атам мықты!

БАС МЕДБИКЕ. Ол сені Аллаға аманаттап, аттанып бара жатыр. Сен болсаң бүлдіретінді бүлдіріп болдың.

ПЕРИ. Мұны маған неге айтып жатырсыз? Онсызда жетісіп жүргенім шамалы. Атам жазылып шығады, осыдан көресіз!

БАС МЕДБИКЕ. Көреміз. Бірақ жаңағы мәселені шешетін болсаң, созбай, қазір шеш.

Пери төсекке жатып, басын көрпемен жауып алады. Женя, Сабина және Марта кіреді.

БАС МЕДБИКЕ. Айтыңдар, Пери бүгін таңертең палатада болды ма? Шамамен сағат бестерде.

ЖЕНЯ. Мен кіргенде осында болған.

БАС МЕДБИКЕ. Ол түсінікті. Мен сені кейінірек алып келдім ғой. Сабина, неге үндемейсің?

САБИНА. Білмеймін, мен ұйықтап жатқам.

БАС МЕДБИКЕ. Түсінікті.

Марта Периға қастанып қарайды.

МАРТА. Пеппа болған жоқ. Бестен кейін келді.

БАС МЕДБИКЕ. Қарай көріңдер. Жаңа ғана ант-су ішіп жатыр еді...

МАРТА. Қасиетті шошқа Пеппа.

Пери төсектен атып тұрады.

ПЕРИ. Иә, мен аз уақытқа сыртқа шықтым.

БАС МЕДБИКЕ. Не үшін?

ПЕРИ (кінәлі дауыспен). ВИП палатадағы душқа бардым. Күндіз ақылы, ал менің ақшам жоқ.

ЖЕНЯ. Дәл солай. Ол киімдерін де жуып шықты.

БАС МЕДБИКЕ. Ендігәрі VIP бөлмені құлыптап жүру керек. Сені күнә жасаудан сақтау үшін. Жақсы, қазір менде обход. Кейін сөйлесеміз. Міне, қол қой.

Бас медбике қалтасынан бір парақ қағазды алып, тумбочканың үстіне қойып, кетіп қалады.

МАРТА. Ол сенен не сұрады?

ПЕРИ. Бір құнды зат жоғалыпты.

МАРТА (үрейленіп). Нақты не?

ПЕРИ. Білмеймін. Тіпті мені тінтіп, үсті-басымды түртіп тұрып тексерді. Саусақтары қарындаш сияқты, қатты. Ауыртады.

ЖЕНЯ. Оның өйтуге қақысы жоқ. Өзіңді басындырма.

ПЕРИ. Мен одан қорқамын... Босанатын кезде, көмектеспей қойса тағы.

ЖЕНЯ. Ол оның міндеті.

САБИНА (күңкілдеп). Түсінікті. Біреуін сызып тастаймыз.

МАРТА. Түсінбедім?

САБИНА. Жәй, өз ойларым ғой.

ПЕРИ. Мен кезекшіден барып, тамақ сұрап қайтайын.

МАРТА. Абайла, қарның жарылып кетпесін.

САБИНА. Қойшы болды!

Пери кетеді.

ЖЕНЯ. Шынында да, бұл сұмдық.

Марта Перидің тумбочкасының жанына барады, қағазды оқиды.

МАРТА. Осындайларға қаның қайнамайын десе де, қайнайды. Менде мысалы бәрі орнымен. Өмірді жоспарлауды менен үйрену керек. Мектепті бітірдім, универге түстім, ВТ – телекомға жұмысқа кірдім, тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен үй, машина алғаннан кейін барып, бала көтеремін деп келістік. Уақытын дұрыс таңдадық, міне жасадық. Ал біздің мына Пеппаға қарасаң, мектеп бітірмей жатып, көтеріп қалған. Болашаққа деген ешқандай жоспары жоқ. Салақ. Не ойлайды деймін де, сонда?

САБИНА. Онда сенің не шаруаң бар?

ЖЕНЯ (күрсініп). Марта, адамдар әр түрлі болады: жақсысы мен жаманы, ақылдысы мен ақымағы, бірақ бәрінің сен секілді өмір сүруге қақысы бар.

МАРТА. Қойшы сол топасты.

Барлығы өз орындарына тарайды.

5 сахна

Аурухана ауласы. Аула сыпырушы жұмысын жасап жатыр.

АУЛА СЫПЫРУШЫ (бұрқылдап) . Шамдар мен орындықтарды сүрту. Тоғанның қақпағын, канализация қақпағын, газ және өрт құдықтарының қақпақтарын тазалау.

Сабина шығады. Оның артынан Эдик келеді.

САБИНА. Түсінбеймін, сен осы әдейі істейсің бе?

ЭДИК. Түсінбедім. Не жайлы айтып тұрсың?

САБИНА. Сен шашты жай қия салғансың. Ал негізінде тамырымен жұлу керек болған.

ЭДИК. Бір уыс қып жұлып алуым керек пе еді? Не болды саған? Гормондарың ойнап жүр ме?

САБИНА. Болды, ұмытшы.

ЭДИК. Жоқ, шынымен. Баған сайын біртүрлі болып барасың.

САБИНА (ойланып). Оның жаңа қолданылған орамалын ала аласың ба? Немесе жуылмаған көйлек пе?

ЭДИК. Сен не қуып кеттің? Есің дұрыс па? Ана жақта басқа дәрі беріп қойған жоқ па?

САБИНА. Маған естелік үшін керек.

ЭДИК. Тыңдашы, ол саған не үшін керек? Күйлеген маймылды не істейсің? Сен секілді оның қанша қатыны бар екенін білесің бе?

САБИНА. Сен жайша айтып жатырсың ба? Ол бізге пәтер, көлік береді. Мен баламның малай болғанын қаламаймын.

ЭДИК. Енді осылай сөйлей бастадың ба? Не деген...

САБИНА. Мен ата-анам сияқты өмір сүргім келмейді. Мұғалім мен жүргізуші, адал еңбегімен күнін көрген кісілер. Олар ат сияқты, таңертеңнен кешке дейін қара терге түсіп жұмыс істейді. Әлі бір бөлмелі пәтерде тұрады, әр тиынды үнемдейді. Онымен кездесе бастағанда мен әкеме ұялы телефон, анама шаңсорғыш алып бердім. Олардың қуаныштан жылағанын көрсең...

ЭДИК. Сен олардың балаларын көрмедің ғой. Майбеттердің. Бір рет Гуканы бір жерден алып кетуге келсем, туған күні өтіп жатқан жиені өзінің сыныптасын шкафка кіргізе алмай, ақырып жатыр екен. Ана бала көнбейді. Гука жүз доллар берем деп еді, ана бала қарапайым отбасынан болса да, көнбей қойды. Сенікі де сондай жынды болады.

САБИНА. Болды қойшы, болымсыз әңгімелерден шаршадым.

ЭДИК. Не болып қалды? Су әкелейін бе?

САБИНА. Мен палатаға кеттім. Бас медбикені шақыртшы. Маған сыйлық керек. Ақша керек!

ЭДИК. Мен қарызға берейін.

САБИНА. Айлығыңнан ба? Жетпейді.

ЭДИК. Не үшін қажет саған?

САБИНА (ойланып) . Оның ұл бала екеніне сенімді болғым келеді. Бас медбикемен келісіп қойдым. Генетика орталығына сілтеме (направление) жазып беретін болды. Мұнда бір қыз «кордо»-ға жазылыпты, мен де жазылдым. Карантинде барлық жер жабық, аса қажеттілік болмаса.

ЭДИК. Неге ұл деп айттың? Егер қыз болса ше? Қанша қызы бар екенін білесің бе?.. Тек Гука ғана заңды. Ұл оған мұрагер қажет. (Пауза.) Қорқынышты адам. Сені өлтіреді немесе мүгедек етеді. Ұл бала болсын деп тіле.

САБИНА (үмітсіз). Құдай-ай не жаздым, сонша!

Сабина мен Эдик кетіп қалады. Бас медбике шығады.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Қайырлы күн.

БАС МЕДБИКЕ. Эй, мұнда кел. Қане ойланшы, мүмкін басқа адамды көрген шығарсың? Есіңе түссе, ақша аласың.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Қазір міне қарап тұр едім, есіме түсті! Бір әйел қарады да, қашып кетті.

БАС МЕДБИКЕ. Қызғылттағы ма?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Жоқ! Ол жас болатын. Бұл шамамен қырыққа жуық.

БАС МЕДБИКЕ. Мұнда бәрі жас. Дегенмен... Бір үлкен әйел бар... Дәл сол түні тіркелген.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Сол, сол.

БАС МЕДБИКЕ. Тексеріп көрейік.

Екеуі де кетіп қалады.

6 сахна

Палата. Кереуеттерде Марта, Сабина, Пери отыр. Медбике кіреді.

БАС МЕДБИКЕ . Женя қайда?

ПЕРИ. УЗИ-ға кетті.

БАС МЕДБИКЕ. Жақсы.

Ол Женяның сөмкесін шығарады да, ішін ақтара бастайды.

МАРТА. Мұныңыз не сіздің? Жұрттың сөмкесін ақтарған дұрыс деп ойлайсыз ба?

БАС МЕДБИКЕ. Бұл қалалық аурухана, ақысыз бөлім. Мұнда бастық мен.

МАРТА. Қайдағы ақысыз? Сіздерге біздің салықтан айлық төленеді.

БАС МЕДБИКЕ. Егер ұнамаса, жеке клиникаға барыңыз. Ешкім ешкімді ұстамайды.

МАРТА. Мен кетер едім. Тек «локдаунға» байланысты олар қабылдауды тоқтатты. Бізді сіздермен контактіде болғанымыз үшін қазір бұл жерден жібермейді де.

ПЕРИ (сыбырлап). Марта, үндеме. Ашуына тиесің. (Ән айтады.) МЫ БЕРЕМЕНЯШКИ – ВОТ ТАКИЕ НЯШКИ… (Біз жүктіміз – біз өте сүйкімдіміз...)

Бас медбике сөмкеден қорапша шығарады.

БАС МЕДБИКЕ. Мәссаған... Адамдарға таң қаламын... Женя Құдайдан қорықпай ма осы?! Өмірге даун ауруымен сәби әкелейін деп жатқанында шатағы жоқ, істеп жүргені мынау.

САБИНА. Неге жаман сөз айтасыз?

ПЕРИ. Бізді қоқытып...

БАС МЕДБИКЕ. Сендер неден қорқасыңдар? Мен кеш көтеретіндер жайлы айтып жатырмын. Жүріп-жүріп, жасы келгенде бала дейді. Айттым Женькаға, аборт жасат дедім... Жоқ... Туып алады да, сосын ауру балаларын үкіметке бақтырып қояды.

МАРТА. Сіз не, елбасы ма едіңіз? Шырылдап кеттіңіз ғой, тегі. Кейде анализдер де қате шығуы мүмкін.

БАС МЕДБИКЕ. Көреміз. Дәрігерлер сирек қателеседі.

МАРТА. Қателескенде қандай!

БАС МЕДБИКЕ. Нақты білу үшін оған биопсияға баруға тура келді. Қазір кеш, барлық мерзім аяқталды. Ештеңе етпес! Мен оны бір жерге тіркетемін. Мұндай балаларды шетелдіктер қуана алады. Ақымақ емес пе.

МАРТА. Не болып кетті бұл өзі? Неғылған сандырақ.

БАС МЕДБИКЕ. Біраз күн бұрын ауруханада бағалы сыйлық ұрланған болатын. Міне, табылды.

САБИНА. Мүмкін ол оны үйден әкелген шығар?

БАС МЕДБИКЕ. Әрине, әрине. Женя ондай ақымақ әйел емес... Әсіресе, кесарево жоспарланса, зергерлік бұйымдарды операция алдында шешіп тастайды.

Женя кіреді.

ЖЕНЯ. Түсінбедім.

БАС МЕДБИКЕ. Сол, мен де түсінбей тұрмын.

Медбике қорапты ашады.

ЖЕНЯ. Сіз менің сөмкемді ақтаруға қандай құқығыңыз бар? Мен заңгермін және бұл үшін сізді жауапқа тарта аламын. Бөлім бастығы қайда?

БАС МЕДБИКЕ. Болды, жетер. Бұған не дейсің?

ЖЕНЯ. Ол менің анамның білезігі!

Медбике палатанан шығып барады.

ЖЕНЯ. Білезігім!

БАС МЕДБИКЕ. Көрсету керек, мүмкін ұрланған шығар.

САБИНА. Не істеп жатырсыз? Қорапты қайтарып беріңіз! Маған ол мынадай қолданылған әшекей бермейді.

БАС МЕДБИКЕ. Ах! Демек, бұл сен екенсің ғой! Сонша өзінше болып едің. Тоқал.

Сабина қорапты медбикенің қолынан жұлып алады.

БАС МЕДБИКЕ. Сенімен енді бөлек сөйлесетін боламыз.

Медбике кетіп қалады.

ЖЕНЯ. Сөзім жоқ.

САБИНА. Мән берме.

МАРТА. Бөлімше меңгерушісі мен дәрігерлер ауырып қалыпты. Интерндерді алып келген. Сол үшін бас медбике басынып отыр. Естімедіңдер бе? Барлық жаңалықтардан көрсетті. Орталықтың директорын ковид үшін орнынан алып тастаған. Өздерімен қоймай, пациенттерді де жұқтырған. Қалай ұялмай, қызармай, өздерін дәрігер деп атайды. Ондайларды соттау керек.

САБИНА. Медбике қуып кетті, қайдағы-жоқты айтып.

ПЕРИ. Ол маған шетелдіктер туралы айта береді. Бөтен адамдармен балаға жақсы болатын секілді.

ЖЕНЯ. Қандай шетелдіктер?

ПЕРИ. Ол сіздің балаңыз науқас екенін айтты...

САБИНА. Пери!

МАРТА. О, топас...

ЖЕНЯ. Оның жұмысы қанша осы? Жасыма бола сондай диагноз қойған. Скриннингте қырықтан асқандардың бәріне сондай диагноз қояды. Менің де басым үлкен, мұрным кішкентай. (Көрсетеді.) Көрдіңдер ме? Кішкентайым маған ұқсаған.

САБИНА. Көңіліңізді түсірмеңіз.

ЖЕНЯ (жансыз дауыспен). Менде қауіп жоғары – отыз бестен бір. Нәтижелерді алғалы өмірім өмір емес, тозаққа айналып кетті. Көлікте отырамын да – еңіреп жылаймын, кафеге кірсең де, төсекте жатсаң да – сол. Тоқтата алмаймын. Жындануға шақ қалдым. Анығын білгім келіп, генетика орталығына бардым. Кірсем, қаптаған іші үлкен әйелдер, әрқайсысының баласының өмірі қыл ұшында. Тестті ақыры жасатпадым, түсік тастау қауіпі жоғары болғнаы үшін. Осыдан балам туылсын... Мен оны бәрібір жақсы көретін боламын.

САБИНА. Түсік қаупі бары қалай? Тест қауіпсіз емес пе еді?

ЖЕНЯ. Уайымдама, саған ол керек емес. Тек жасы келгендерге ғана.

МАРТА. Не деген сұмырай адам! Дәл әлсіз тұстан тисіп.

Сабина қорапты Женяға береді. Женя білезікті тағады.

ЖЕНЯ. Анамнан қалған жалғыз зат. Операцияға өзіммен алып кіргім келген... Мен оны кисем, анам мені қолымнан ұстап тұратын сияқты. (Пауза.)

ПЕРИ. Менде қамшыны алып, атам оны қалай өріп отырғанын есіме түсіремін. Малдас құрып отырып, ақырын әндететін. (Әндетіп.) Бипыл-бипыл ...

МАРТА. Демек, сендер отбасыларыңмен әнші екенсіңдер ғой. (Күліп.) Атаң бипл-бипыл десе, сен қасына отырып алып, «Беремяшки-няшки»-ді айтып отырдың ба?

ПЕРИ. Менің атам Затаевичтің өзіне «Бипыл» әнін айттып берген. Балалық шағында.

МАРТА. Кімге?

ПЕРИ. Қазақ фольклорының зерттеушісі.

МАРТА (күледі). Ааа, ондай болса, әңгіме басқа.

Пери жылап жібере жаздап, төсегіне кетіп қалады.

САБИНА. Қойсаңшы, болды, жетеді ғой.

ПЕРИ. Шынымен де.

МАРТА. Жыныма тиесің. Әулиесініп, атам діншіл, отбасым иманды, ойбай, өзінше Аллах маған көмектеседі дейсің.

САБИНА. Сенгісі келсе сене берсін? Сенің қай жеріңе батып бара жатыр?

МАРТА. Қасиетті шошқа Пеппа.

САБИНА. Марта, жетер болды.

Марта Сабинаның қасына келеді.

МАРТА. Қымбаттым, бізге ешнәрсе айтқың келмей ма?

САБИНА. Не туралы?

МАРТА. Не туралы екенін, өзің жақсы біліп тұрсың.

САБИНА. Марта, мазаны алмашы. Сенімен салғыласатын шамам жоқ.

Сабина да шығып кетеді.

МАРТА. Тымпиып алып... Үндемегеннен үйдей бәле шығады деп бекер айтпайды.

ПЕРИ. Сабинка онымен бірге болуы мүмкін емес... Кәрі, оған қоса сеп-семіз... Мүмкін ағайы шығар.

МАРТА (күледі). Иә, көкесі, көкесі. Ммм... Сонымен сен оны жақыннан көрдің бе? Тірідей... Күмәнді сенің сөздерің ше...

ПЕРИ. ВИП палатаға бара жатқанмын, көшеден шуды естіп қалдым.

МАРТА. Ммм, иә... (Пауза.) Отказнойға қол қоясың ба?

ПЕРИ. Қойғым келмейді.

МАРТА. Мерзімің жақындап қалды ғой.

ПЕРИ. Қапырық. Дем алатын ауа жоқ. (Терезеге жақындап.) Мұржалардың түтінін қарашы, аспан қап-қара.

МАРТА. Алматының қара аспанын көліктерден көріп еді, енді машиналар тоқтағанда әкімнің айтар уәжі қалмады. ТЕЦ-тен ғой бәрі. Ақшаға халықты сатып кететін экологтар құрысын.

Терезені бұтақтардың соққаны естіледі. Женя терезеге жақындайды.

ПЕРИ. Байқұс талшын. Қураған жапырақтары әлі түспепті. Жаңасы түлемейтін шығар.

ЖЕНЯ. Жас талшын. Күзде жапырағын толық түсіре алмаған ғой. (Пауза.) Қол қойма, үлгересің әлі.

ПЕРИ. Аллам бір белгі берер ме екен... Атам да түсіме кіріп ақылын айтса болар еді.

ЖЕНЯ. Ұйықта, сонда түсіңе міндетті түрде кіреді.

ПЕРИ. Бас медбике атам мен үшін кепіл болған дейді.

ЖЕНЯ. Ол қалай?

ПЕРИ. Алладан менің күналарымды аманат қылып алған дейді.

ЖЕНЯ. Ештеңе түсінбедім.

ПЕРИ. Атам менің күнәларымды өз мойнына алып, маған түзу жолға түсуге уақыт берген. Мені күнәларым үшін Құдай жазаламасын деп. Қазір енді ол менің кесірімнен ауырып жатыр.

ЖЕНЯ. Медбике сандырақтай береді. Әр адамның өз тағдыры бар, оған сенің қатысың жоқ.

ПЕРИ. Шын ба?

ЖЕНЯ. Шын. Сонша жыл өмір сүріп, мұндай нәрсені бірінші рет естіп отырмын.

ПЕРИ (терезеге қарайды). Маған белгі керек. Кез келген... Қар жауар ма еді – аппақ болып, дәл бала кезімдегідей. Тайғанақ, жып-жылтыр...

МАРТА. Сәуірде қар жауа ма?

ПЕРИ. Жауады. Атам мен туғанда жауған дейді. Ал менің туған күнім сәуір айында.

МАРТА. Ол, қашан болды? Он жеті жыл бұрын ба? Жаһандық жылыну туралы естуің бар ма? Гуглдан «Грета Тунберг» деп терші. Кішкене, әлем жайлы хабарың болсын.

ЖЕНЯ. Марта!

МАРТА. Иә, бірақ, дұрыс айтасыңдар. Оқып алып, жады толып қалып жүрсе тағы. Керек емес.

Пери кетеді. Сабина кіреді.

ЖЕНЯ. Марта, әңгіме қазір ол туралы емес.

МАРТА (пауза). Күлмеңдер, бірақ мен шынында оған қызығамын. Шынымен! (Пауза.) Мен секілді жылдап дәрігерлер мен емханаларға жүгірмеген. Барлығы шетінен керемет дәрігерлер, бірақ ешқайсысы неге туа алмайтынымды айта алмап еді. Қайдағы жоқ БАД дегендерді ішесің, ине қою, сүлік...

САБИНА. Асқазанға ма?

МАРТА. Қайдан... (Іштің төменгі жағын көрсетеді.) Ішіне...

САБИНА. Дәл ішіне ме? Сұмдық.

МАРТА. Ия... Әр етеккіріңді аңдумен жүресің. Пайдалы бірнәрсе бар ма деп, сағаттап «бейбиолог»-тарда отырасың. Ол жерде де қыртпалар жетеді. Біреуі қызыл труси ки дейді, біреуі әулиеге бар дейді. Мына біздің Пеппа секілді, жоспарлай бермей, тезірек көтеріп, аналардың қатарына қосылуды армандайсың. Бірақ нәтижесіз. Ал анау болса, бах – бұтын ашты, болды. Бірақ рет.

САБИНА. Бір-ақ рет емес шығар, енді.

МАРТА. Бір-ақ рет болмаса, сонша әулиесінер ме еді?..

ЖЕНЯ. Байғұсты аяймын, шынымен. Жап-жас.

Барлығы өз орындарына кетеді.

7 сахна

Аурухана ауласы. Аула сыпырушы.

АУЛА СЫПЫРУШЫ (міңгірлеп). Күн суытқандағы жұмыстар: құбырлардың астындағы мұзды жару, өрт пен газ құдықтарының қақпағын мұздан тазарту.

Эдик шығады. Артынан Сабина келді.

САБИНА. Енді менің кім екенімді бәрі біледі! Масқара болдым.

ЭДИК. Оны кім жайып салды?

САБИНА. Өзім, байқамай аузымнан шығып кетті. Енді палатаға кіре алмаймын.

Эдик Сабинаны құшақтай түсіп.

ЭДИК. Уайымдама. Алғашқы және соңғы рет көретін адамдарың ғой. Шыққаннан кейін ұмытып кетесің.

САБИНА. Егер мына ковид болмаса, ақылы палатада жатып, ешкімді көрмес те едім.

ЭДИК. Шыдай тұр енді.

САБИНА. Бүгін мен тест туралы білдім, «кордо» жайлы. Түсік тастау қауіпі бар екен. Ойлашы!

ЭДИК. Жасамай-ақ қой, онда. Ана бабуин комада әлі біраз болатын секілді.

САБИНА. Ұзындығы шынтаққа дейін жететін инені кіндігіңе сұғып қан алады.

ЭДИК. Сенің бе?

САБИНА. Менің емес, баладан алатын болып тұр ғой сол.

ЭДИК. Сұмдық қой. Жасамай-ақ қой.

САБИНА (күрсініп). Амал жоқ. Процедура бес минутты алады. Сұғады, сосын болды.

ЭДИК. Мейлі, өзің білші. Менің қатысым жоқ.

САБИНА (қатал). Қатысың болғанда қандай! (Қорқып.) Маған бару керек.

Сабина шыға беріс жаққа беттейді. Эдик оның қолынан ұстап қалады.

ЭДИК. Тоқтай тұршы!

САБИНА. Жібер!

ЭДИК. Сөзіңді бастаған екенсің, аяғына дейін айт. (Пауза) Бәсе, шаш не үшін керек десем. Бір-ақ реттен бе, сонда?

САБИНА (кекетіп). Бес минут жеткілікті. Ұл бала. УЗИ көрсетті. Бірақ кімдікі?

ЭДИК. Менікі (пауза). Бабуиннан тек қыз туады.

САБИНА. Менің қорқатыным да сол.

ЭДИК. Менде ақша бар. Ұлым үшеумізге жетеді.

САБИНА. Қайдағы ақша? Қиялдағанды қой. Егер бастығың комадан шықпаса, сен мүлде жұмыссыз қаласың. Сосын қайыршылар отбасы боламыз.

ЭДИК. Шэф менің атыма депозит ашып, отыз мың салып қой деген.

САБИНА. Доллар ма? Жайша?

ЭДИК. Балаға.

САБИНА. Неге сенің атыңа? Неге менікіне емес?

ЭДИК. Ол әлі сенбей жүр.

САБИНА. Неге? Өз баласы екеніне ме? Құдай-ай!

ЭДИК. Жоға. Қорықпа. Ұл бала екеніне күмәні бар болған.

САБИНА. Қорыққаннан туып жібере жаздадым. Ол ақша бәрібір енді сенікі емес. Гуканікі.

ЭДИК. Ой, ол ақша Гукаға Малдивыға бір барғанға ғана кетеді. Байқамайды да.

САБИНА. Ол бірнеше рет қоңырау шалған.

ЭДИК.Сомен?

САБИНА. Телефонды алмадым.

ЭДИК. Құрбы деп айтады-ау осы сені біреулер. Соның счетына Англияда оқып келдің емес пе?

САБИНА. Кайдағы құрбы? Малай. Қызының іші пыспасын деп, әкесі маған да тіл курстарын төлеп берген. Өз қызы түк оқымайды. Тамағын, бәрін мен дайындайтынмын. Қайта ресторанға апарғанына рахмет, бірақ музей, театр дегенді атымен білмейді, тек қана клуб пен шопинг. Мен болсам, қасында жүрген жай қызметшісімін: «Пальтомды ұсташы», «Пакетті көтерші», «Зонтикті ашшы» дегенін тыңдап жүретін... Жетеді маған.

ЭДИК. Риза болмайсың ба, Лондонда бір жыл тұрып, тіл үйреніп алдың.

САБИНА. Жарайды, оның бәрі өткен іс... Телефонды көтеріп, кел десе, не деймін? Інің өмірге келгелі жатыр деймін бе?

ЭДИК (пауза). Ол біледі.

САБИНА. Нені?

ЭДИК. Сенімен әкесі туралы.

САБИНА. Неге айттың?!

ЭДИК. Айтпадым. Гука сені фотодан көріп қалған.

САБИНА. Бізде бірге түскен фото жоқ. Сен айтқансың.

ЭДИК. Шефті суретке түсіргенде очкиінен шағылысып тұрсың.

САБИНА. Шын ба?

ЭДИК. Иә.

САБИНА. Сол үшін екен ғой, қоңырау шалғаны.

ЭДИК. Өлтірем деп жүр. Мінезін білесің ғой, әкесі тура.

САБИНА. Тауып алмаса болды.

ЭДИК. Тапса да, жете алмайды. Көліктерге тыйым салып қойған.

САБИНА. Онда сен қалай жеттің?

ЭДИК. Велосипедпен.

САБИНА. Ааа... Оның мамасы біле ме?

ЭДИК. Жоқ. Оған бәрібір. Тыныш қана Бабуиннің өлімін тілеп жатқан шығар.

САБИНА. Оны да түсінуге болады. Әйелін адам құрлы санамайды.

ЭДИК. Осы қатындықтарыңды қоймайсыңдар. Шеф оның жағдайын түгел жасап берді. Не десе де. Онсыз кім болар еді, қазір? Ешкім емес. Мен де сені қамтамасыз етем. Алғашқы капитал бар.

САБИНА. Жұрттың ақшасына ма?

ЭДИК. Сенің қашаннан тегі ұятың оянып қалған? Осыған дейін тымпиып жүріп, соның ақшасын жаратушы едің ғой.

САБИНА. Ол менің жастығымның ақысы болатын. Ал қазір бәрі басқаша, бала бар. Түсінбейсің сен.

ЭДИК. Әрине, мен сияқты бейшара қайдан түсінсін.

Едик кенеттен өзінің басынан бірнеше шашын жұлып алып, Сабинаға береді.

САБИНА. Құдай-ай! Осыншама не жаздым екен?!

Сабина кетеді. Медбике келеді.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Әпке!

БАС МЕДБИКЕ. Не керек. Көзіме көрінбе. Өлгенше ішіпсің ғой.

Сыпырушы шыға беріс жаққа беттейді.

БАС МЕДБИКЕ. Тоқтай тұр!

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Иә.

БАС МЕДБИКЕ. Маған телефоныңды берші.

Сыпырушы ұялы телефонын береді.

БАС МЕДБИКЕ. Өшіп тұр ғой.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Иә, өшіріп қойғанмын. (Телефонды қосады.) Бөтен адамдар звондап жатыр.

БАС МЕДБИКЕ. Дұрыс, алаяқтар көп. (Телефонды қарайды) Желі жоқ. (Кідіріс.) Байланысты бұғаттап тастаған.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Қалайша?

БАС МЕДБИКЕ (дауысын бәсеңдетеді, жан -жағына қарайды). Республика алаңына адамдар қайтадан жиналып жатыр дейді. Митинг. Сондықтан интернетті өшіріп тастаған сияқты. Жас жігіттер мен қыздар көп. Не болып кетті өзі? Бір жігітті автозакқа көтеріп алып кетіп барады, ана жігіт: «Солтүстік Корея» деп айғайлап жатыр. Бір шал, «бәрін қамай алмайсың» дейді. Қорқынышты. Қиын болып кетті ғой. Саяси белсенді біреу, соның жүкті әйелінің басын жарыпты, миы шайқалған, қазір осында жатыр. Халықты ашындырды ғой, әбден.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Жарайды, мен қарапайым адаммын. Менің шаруам – аула сыпыру.

БАС МЕДБИКЕ. Иә, мен де ол жаққа бармаймын, бірақ көзбен көріп, құлақпен естіп жатырмыз ғой. (Пауза.) Оған қоса мына ковид те... Өлсең, ит сияқты көме салады. Жетістіріп жерлемейді де. Жетісін, қырқын беру жоқ. (Пауза.) Айтпақшы, Сабинаның «жігіті» тірі ме екен?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Алдында кім болғанын есіме түсірдім.

БАС МЕДБИКЕ. Ой бастамашы болды. Біресе анау, біресе мынау. Қанды ішіп болдың. Жүрген Мисс Марпл. Оданша барып ауланы сыпыршы.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Бұл жолы нақты. Шашы қысқа.

БАС МЕДБИКЕ. Марта! Ол бірақ оңай жолатпайды. Бірнәрсе болса, кеңірдегіңнен алады. Жүр менімен барасың, куәлік етесің.

Екеуі шығып кетеді.

8 сахна

Палата. Кереуеттерде Женя, Марта, Сабина мен Пери жатыр. Медбике Сыпырушымен бірге кіреді. Медбике Мартаға нұсқайды.

БАС МЕДБИКЕ. Осы ма?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Иә.

БАС МЕДБИКЕ. Қорапты қайтар.

МАРТА. Қандай қорап?

БАС МЕДБИКЕ. Өтірік ақымақ болма. Куәгер саған нұсқады.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Мен сені терезеден әлгі еркек өлгенде көрдім.

САБИНА. Өлгені несі? Ол тірі ғой.

БАС МЕДБИКЕ. Бұл кәдімгі, кісіге қасақана қастандық болуы мүмкін! Сен оның басынан ұрып, қорапты алып кеткен шығарсың. Қазір ол кісі комада жатыр.

МАРТА. Қай-қайдағы сандырақты айтасыз. Маған өз ақшам жетеді. Мен сендерге шошқа Пеппа емеспін. Мен алдымен жағдайымды реттеп алып, сосын барып көтердім.

ПЕРИ. Міндетті түрде маған тиісу керек пе?

БАС МЕДБИКЕ. Ол жерде болмағаның рас болса, балаңның өмірімен ант ет.

МАРТА. Иә, саған. Қазір.

БАС МЕДБИКЕ. Олай болса менде басқа амал жоқ...

Бас медбике кенеттен Мартаның сөмкесіне жүгіріп келіп, оны ақтара бастайды. Марта сөмкені тартып алуға тырысады.

МАРТА. Тарт! Тарт деймін қолыңды! Хабалка! Жындысың ба?

Сөмкенің ішіндегі заттар шашылып, еденге Фраксипарин шприцтері құлайды.

БАС МЕДБИКЕ. Процедуралық бөлмені тонаған сен екенсің ғой. Мен медбикелерге ұрсып жүрсем.

Марта еденге құлап, шприцтерді жинай бастайды.

МАРТА. Мен оны сатып алар едім. Фраксипарин сатылымда жоқ. Ешқайда жоқ! Күйеуім бүкіл қаланы аралап шықты.

БАС МЕДБИКЕ. Енді болмайды да. Ковид протоколындағы дәрі ретінде тағайындала салысымен, олар бірден жоғалып кетті.

МАРТА. Мен баланың тұншығуына жол бере алмаймын! (Пауза.) Бұрынғыдай.

БАС МЕДБИКЕ. Саған ақысыз құяды ол дәріні!

МАРТА. Жақында шығамын. Үйде неменемді құятын едім? Сендерге сат деп қанша айттым.

БАС МЕДБИКЕ. Мен дәрілерді сатпаймын. Ұры!

МАРТА. Маған бәрібір! Балам үшін мен бәрін жасаймын!

БАС МЕДБИКЕ. Жауап бер! Жігітті өлтірген сен бе?

САБИНА. Оны жөніне қалдырыңдаршы! Әлгі неме өзі терезеге шығамын деп, құлады. Сыйлығы да, өзі де құрып кетсінші, сол бәленің.

Марта ішін ұстайды.

МАРТА. Ауырып барады! Мама!

БАС МЕДБИКЕ. Өтірік жасама. Саған әлі ерте.

МАРТА. Дәрігер шақырыңдар, мен туамын! Мама!

БАС МЕДБИКЕ. Сен туады деп дәрігерлердің бәрі күтіп жүр еді, иә.

Пери Мартаны қолықтап ұстап тұр.

ПЕРИ. Ол шын айтып тұр!

Медбике Мартаның ішін ұстайды.

БАС МЕДБИКЕ. Оған тиіспеңдер!

Медбике палатадан жүгіре жөнеледі, артынан асыға сыпырушы шығып кетеді. Женя мен Сабина Мартаны төсекке отырғызады.

ЖЕНЯ. Марта, дем ал, дем ал!

МАРТА. Мама! Мама!

САБИНА. Құдай-ау! Бұл қалай?!

ПЕРИ. Құдайға дұға ет, ол көмектеседі.

Арба сүйретіп Медбике кіріп келеді.

БАС МЕДБИКЕ. Көтермеңдер! Өздерің туғалы жүргенде! Кел, кел алтыным. (Мартаға көмектеседі.) Отыр. Ақырын. Кеттік. Дәрігер қазір тексереді.

Медбике сыпырушы екеуі Мартаны алып кетеді/

ПЕРИ. Қалай ойлайсыздар? Бәрі жақсы бола ма? Женя, сіз білесіз ғой, айтыңызшы.

ЖЕНЯ. Білмеймін. Әлі ерте, тым ерте. Өкпесі әлі ашылмаған. Тағы бір-екі апта қажет. Оныкі кім?

САБИНА. Ұл.

ЖЕНЯ. Eh. Қыздардың жаны сірірек. Неге екені білмеймін, әрқашан қызды армандаппын.

САБИНА. Тым болмағанда біреу қыз болғанын қалайды екен.

ПЕРИ. Бас медбике көмектесетін шығар, иә? Дәрігерлердің барлығы интерндер, ал ол кісінің тәжірибесі көбірек.

ЖЕНЯ. Көмектеседі. Қәне әлгі әнің қандай еді?

ПЕРИ. Мы беременяшки вот такие няшки… мы беременяшки просто высший класс… (Біз жүкті әйелдер – өте сүйкімдіміз... біз жүктіміз, сондай кереметпіз...)

ЖЕНЯ. Біз жүктіміз, біз өте сүйкімдіміз, Бәрі жақсы болады. Көресіңдер. Ұйықтаңдар.

САБИНА. Қандай оптимист жансыз.

ЖЕНЯ (күрсініп). Соңғы күшімді сарқып, Сабинка...

Барлығы өз орындарына кетеді.

9 сахна

Түн. Палата. Сабина, Женя, Пери ұйықтап жатыр. Марта кіреді. Қолында жүкті әйелге арналған сөмке. Еденге отырып, сөмкені қолында тербете бастайды. Барлығы оянады.

МАРТА (ән айтады). ПУСТЬ МАМА УСЛЫШИТ, ПУСТЬ МАМА ПРИДЕТ, ПУСТЬ МАМА МЕНЯ НЕПРЕМЕННО НАЙДЕТ… (Анашым естісін, анашым оралсын. Жан анам мені де, адаспай табарсың.)

ЖЕНЯ (сыбырлап Периға). Медбикені шақыр.

САБИНА. Марта, тұр! Еденде отыруға болмайды. Суық тиеді.

МАРТА (ән айтады). ВЕДЬ ТАК НЕ БЫВАЕТ НА СВЕТЕ, ЧТОБ БЫЛИ ПОТЕРЯНЫ ДЕТИ. (Жалғанда болмайды себебі, баланы жоғалту дегенің.)

ЖЕНЯ. Марта, жалынамын. Төсекке жатшы.

МАРТА. Женя! Айтшы, мұның бәрі түс деші! Балалар анасынан ерте өлмеуі керек қой. Бұл әлемде бір нәрсе дұрыс емес. Қашан? Қай жерде мен қателік жібердім? Мен бәрін жоспарлап едім ғой.

Сабина Мартаны құшақтап алады.

САБИНА. Жаным сол, шыдашы.

МАРТА (өлі дауыспен). Олар шынтақтарымен ішімді басты... Бала көрінбей қойды... Сосын дәрігер кенеттен менің аяғымды басыма көтеріп еді... Ол тығын сияқты ұшып шықты...

САБИНА. Құдай сақтасын!

МАРТА (өлі дауыспен). Өлердей ауырды... Бірақ олар маған нашар күшеніп жатырсың деді... Сорлы шеше болдым... Дыбысыңды шығарма деді...

Пери кіреді. Оның артынан медбике келеді.

МАРТА. Міне, біздің Пеппа шошқамыз! Қасиетті Пеппа шошқасы! Сен әлі құдай бар дегің келе ме? Жарайды, мен өмір бойы күнә жасап келген шығармын, бірақ менің баламның кінәсі не? Бір күн өмір сүрмеді. Күнәсіз баламен неге олай жасайды? Сен оны танисың ғой, сұрашы, неге?

ПЕРИ. Марта, өтінемін...

МАРТА. Дегенмен, сенде енді мен сияқты қара тізімдесің. Бір рет сүрініп кетсең болды, біттің. Солай емес пе, Пеппа? (Пауза.) Бірақ бір жақсы жаңалық бар, енді сенің есуас әндеріңді тыңдамайтын боламын. (Ән айтады.) МЫ БЕРЕМЕНЯШКИ – ВОТ ТАКИЕ НЯШКИ… МЫ БЕРЕМЕНЯШКИ – ПРОСТО ВЫСШИЙ КЛАСС. (БІЗ ЖҮКТІ АНАЛАРМЫЗ – СОНДАЙ СҮЙКІМДІМІЗ... БІЗ ЖҮКТІ АНАЛАРМЫЗ – СОНДАЙ КЕРЕМЕТ!)

Марта сөмкесінің алып, теребетеді. Медбике келіп, Мартаның басына қара орамал байлады. Сөмкені тартады.

БАС МЕДБИКЕ. Бос бесікті тербетпе, жаман ырым.

МАРТА (ән айтады). ПУСТЬ МАМА УСЛЫШИТ, ПУСТЬ МАМА ПРИДЕТ, ПУСТЬ МАМА МЕНЯ НЕПРЕМЕННО НАЙДЕТ… (Анашым естісін, анашым оралсын. Жан анам мені де, адаспай табарсың.) ВЕДЬ ТАК НЕ БЫВАЕТ НА СВЕТЕ, ЧТОБ БЫЛИ ПОТЕРЯНЫ ДЕТИ… (Жалғанда болмайды себебі, баланы жоғалту дегенің.)

БАС МЕДБИКЕ. Қане, жүр. Саған мұнда қалуға болмайды.

Медбике сөмкені жұлып алады. Сөмкеден сәбидің башмақайлары түсіп қалады. Марта оларды қолына алып сүйіп, жан-жаққа лақтыра бастайды.

МАРТА. Сөмкені Пеппаға беріңдер. Ішінде бәрі де бар, ұсақ-түйекке дейін. Оның баласының еш кінәсі жоқ.

БАС МЕДБИКЕ. Жарайды, жаным. Кәне. Жүр.

Медбике Мартаны алып кетеді. Сабина, Женя, Пери үшеуі тізе бүгіп, дұға етеді.

(Қатарынан.)

САБИНА. Мен ғаламға сенемін. Балам маған сенеді, ал мен оған сенемін. Босану тез және жеңіл өтеді. Бәрі жақсы болады.

ЖЕНЯ. Қасиетті Матрона ана! Дені сау баланы дүниеге әкелуге жәрдем ет! Сенен жалынып көмек сұраймын!

ПЕРИ. Иа, Алла, бір өзің сақтай гөр! Бір өзің қоғап жебей гөр! Мен енді жаман болмаймын! Енді мен тырысамын…

Медбике кіреді.

БАС МЕДБИКЕ. Отбой! Төсектеріңе жатыңдар! Не болған сендерге? Әбден естеріңнен ауысқансыңдар ма? Сабина! Женя! Мынау ғой мейлі, су ми, ал сендерге не жоқ?

Женя, Сабина, Пери өз орындарына тарайды.

ПЕРИ. Медбике!

БАС МЕДБИКЕ. Жатыңдар енді. Біреуін тыныштандыра алмай жатқанда, сендер де бөлімшені бастарыңа көтеріп. (Күрсініп.) Ол қалай кіріп кеткен бұл жаққа? Жаңа көріп жүрегім тоқтап қала жаздады. Босанғандарға бұл жерде жүруге болмайды.

ПЕРИ. Біздің балаларымыз, өлмейді ғой иә?

БАС МЕДБИКЕ. Оны қайдан шығардыңдар?

САБИНА. Мартаныкі өліп қалды ғой!

ЖЕНЯ. Ол болса жас, сап-сау!

ПЕРИ. Ковидтен емес пе?

БАС МЕДБИКЕ. Болды, паниканы тоқтатыңдар! Мұндай жағдай болып тұрады! Бұл жәй бөлімше емес, патология бөлімі.

Медбике палатадан шыға бере, тоқтайды.

БАС МЕДБИКЕ. Мен мұнда не үшін келіп едім? Есіме түспей тұр. Жарайды, бәрің жатыңдар.

Медбике жарықты сөндіріп, кетіп қалады. Пери сөмкені төсегінің астына қояды.

10 сахна

Таң. Палата. Пери кереуетке баланың заттарын қойып жатыр. Сабина мен Женя кіріп келеді.

ПЕРИ. Қараңдаршы, қандай әдемі! Кеудешелер мен қалпақшалар сондай әдемі! Жұп-жұмсақ. Қандай бақыт! Рахмет саған, Марта.

Женя мен Сабина бір-біріне қарайды.

ЖЕНЯ. Тиіспе, құрсын.

ПЕРИ. Неге? Жоқ, сендер бақыт туралы дұрыс түсінбей қалдыңдар, мен Марта туралы айтып жатқаным жоқ. Енді менің баламның киетін киімі бар. Жалаңаш емес. Бақыт деп жатқаным сол.

ЖЕНЯ. Бұны неғыласың? Таста.

Женя мен Сабина төсекке қойылған заттарды алып, сөмкеге қайта сала бастайды.

ПЕРИ. Марта бұларды маған өзі қалдырды ғой!

ЖЕНЯ. Жоқ, мұнда әкел! Сабина, көмектесші.

САБИНА. Ақымақ Пеппа. Айтқанды тыңдасаңшы. Болмайды. Жаман ырым.

ПЕРИ. Ақымақ, ақымақ. Жетер енді, болды. Мен ақымақ емеспін, мектепте үздік оқушы болғанмын. Бәрін әдейі істеймін. Атам тыныш жүруді үйреткен, сонда ешкім тимейді дейтін! Баламды қызғылт көйлекке орап шықым келмейді. Жек көремін. Негізі талғамым жаман емес, тек ақшам жоқ... және менің атым – Пеппа емес, Пери! Пери! Қойыңдаршы!

Женя мен Сабина сөмкені тартып жатыр. Пери оларға сөмкені бергісі келмейді. Медбике кіріп келеді.

БАС МЕДИКЕ. Кеше не үшін келгенім енді есіме түсті.

Медбике сөмкені алып, есікке беттейді. Пери артынан қалмайды.

ПЕРИ. Қайтарыңызшы, өтінемін!

БАС МЕДИКЕ. Бұны неғыласың. Керегі болады дейсің бе? Бір ай киеді ал балаң, сосын не істейсің?

ПЕРИ. Жігітім жақында келеді.

БАС МЕДИКЕ. Босқа үмітенуді қой (пауза). Анаң телефон шалды. Сені алып кетуге келісті. (Пауза.) Баласыз...

ПЕРИ (дірілдеген дауыспен). Әкем мені, намаз арасында қамшымен сабайтын. Анам аурухана іздеді, бірақ карантинге байланысты аборт жасататын жерлер жабылып қалды. Егер атам үйде болса, ол мені қорғайтын еді. Ол қамшысын мені сабау үшін жасаған жоқ қой.

БАС МЕДИКЕ. Өзіңді періште қылып көретпе. Сенің де күнәң жетерлік.

Хабарламаның дыбысы естіледі. Пери қолы дірілдеп тумбочкадан ұялы телефонды алады.

ПЕРИ. Жігітімнен! Сендер сенбеп едіңдер!

Пери хабарламаны оқиды да серейіп, телефонын тастай салады. Медбике телефонды көтеріп.

БАС МЕДИКЕ(хабарламаны оқиды). Семіз шошқа. Қанымды ішпе. Маған хабарласпа да, жазба да.

ПЕРИ (әлсіз). Мен тіпті қой да бола алмаймын. Шошқамын. Шошқа.

БАС МЕДИКЕ. Міне, енді бәрі шешілді.

ПЕРИ. Жоқ! Мені Атам алып кетеді.

БАС МЕДИКЕ (дауысы өзгеріп). Алып кетпейді. Атаңның дәм-тұзы таусылыпты. Анаң айтты. Алдыңгүні жетісін өткізіпті.

ПЕРИ. Ата! Жоқ! Өтірік айтасыңдар!

Пери медбикені итеріп жібереді. Ол оны ұстап тұрады.

БАС МЕДИКЕ. Сенің көңіл-күйіңді түсіргіміз келмеді.

ПЕРИ (жылап). Ата... Ата...

Пери кетеді. Женя мен Сабина оның артынан жүгіреді.

БАС МЕДИКЕ. Бармаңдар, жылап алсын.

САБИНА. Неге айттыңыз? Жүрегін жаралап...

ЖЕНЯ. Сізде жүрек жоқ екен! Мейірімсізсіз!

БАС МЕДИКЕ. Мейірімсіз дейсің бе?

САБИНА. Иә, онымен қоймай залымсыз!

БАС МЕДИКЕ. Ал оны баласымен шығардық дейік. Ауруханадан шығарылады ал, сосын не? Қайда барады?

ЖЕНЯ. Аналар үйі бар! Сонда тұрады. Жұмыс табады.

БАС МЕДИКЕ (жансыз дауыспен). Тиын тебен үшін... Таңның атысы, кештің батысы ат құсап жұмыс істейді... Пәтер жалдайды. Көрші әжейге баласын қаратып қояды. Ол оны орындықтың аяғына байлап, бағады. Қыс болады, пеш істен шығады. (Пауза.) Бала үйдің ішінде жанып кетеді... Көрші әжейің көз жазып қалады...

САБИНА. Не?! Қайдағы пеш? Сіз не айтып отырсыз?

ЖЕНЯ. Сіздің өз балаңыз болмаған соң, осындай сұмдықты шығарып отырған шығарсыз.

БАС МЕДИКЕ. Балам жоқ... Жер-жебіріме жетіп болдыңдар ғой! Пештің бұзылғанына мен кінәлімін бе? Үй иесі кінәлі! Оған ешнәрсе болған жоқ. Тек штраф жазып берді.

САБИНА. Құдай-ай!

Медбике сөмкені алып, есікке беттейді.

БАС МЕДИКЕ. Жүрегіңіз жоқ дейсіңдер ме?.. Залым... Құрып кетіңдерші бәрің... Бәріңді жек көремін...

Медбике кетіп қалады.

САБИНА. Оның айтқаны мүмкін дұрыс шығар? Мен өзім де қорқамын: асырай аламын ба? Локдаунның бітетін түрі жоқ. Жұмыс жоқ.

ЖЕНЯ. Асырайсың! Күзге дейін бәрі ауырып шығады да, бәрі бұрынғыдай болады. Пери де асырайды.

САБИНА. Қайда? Қайда кетті енді ол?

ЖЕНЯ. Байғұс. Барып, ертіп келу керек.

Пери кіріп келеді. Жалаңаш, қолында дымқыл көйлек. Оны радиаторға жаяды. Тумбочканың қасына барып, параққа қолын қояды. Артынан төсекке барып, көрпемен басынан асыра жамылып жатып қалады.

11 сахна

Таң. Палата. Пери төсекте жатыр. Төсек басында Женя мен Сабина тұр.

ЖЕНЯ. Пери, тұр! Осылай жата бересің бе? Балаңа зиян.

ПЕРИ. Ешнәрседен мән қалмады.

САБИНА. Көңіліңді олай түсірме. Сәбиіңнің заттарын алып береміз.

ЖЕНЯ. Мамонтенкаға тапсырыс береміз. Ертең кешке дейін жеткізіп береді.

САБИНА. Одан да Ути-Пути жақсы.

ЖЕНЯ. Иә, Ути-Путидан. Тезірек болады, дүкендері де жақын.

Терезеге бұтақтардың соғылғаны естіледі. Сабина терезеге жақындайды.

САБИНА. Қар! Қар жауып жатыр!

ЖЕНЯ. Қандай қар?

Женя терезеге жақындайды.

САБИНА. Сәуірде қар жауды. Кеше ғана он бес градус көрсетіп тұр еді.

ЖЕНЯ. Пери, мұнда кел! Дәл сен тапсырыс еткендей. Мінеки, белгі саған.

ПЕРИ. Бұл жай жаңбыр аралас қар ғой.

ЖЕНЯ. Қарашы сонда да. Аула мен скамейка аппақ қар.

САБИНА. Жылдам жауып жатыр. Енді бүкіл қаланы басып қалады. Аула сыпырушыға қарашы, қалай сыпырады өзі. Тура машинаның терезесіндегілері секілді. (Күліп.) Вжик-вжик. Вжик-вжик.

ЖЕНЯ. Біреу келді. Саған емес пе?

САБИНА. Эдик па? Жоқ, ол емес. Эдик костюм мен пальто киіп жүреді қашанда. Ал мынау қалың күртешесі мен бейсболка киген... Үш күннен бері көрінбейді.

ЖЕНЯ. Пери, мұнда кел. Қарашы, қандай әдемі.

ПЕРИ. Мен тыныш қана жата тұрсам бола ма? Семіз шошқа Пеппада шаруларың болмасын.

Аула сыпырушы кіреді.

АУЛА СЫПЫРУШЫ (міңгірлейді). Қалыңдығы екі сантиметрге дейін жаңадан түскен қарды сыпырып, үйінділерге жинау. Мұзды уақытта аулаға құм себу... Тыңдаңдаршы. Анда бір жынды менің сыпыртқымды тартып алды. Жұмыс жасатпай, қайдағы бір Периді іздеп жүр.

ЖЕНЯ. Пери?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Иә!

САБИНА. Естідің бе? Саған келді.

ЖЕНЯ. Қызыл күртешеде ме?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Иә, дәл өзі.

Сабина терезені ашады. Көшеден Перидің жігітінің дауысы естіледі.

ПЕРИДІҢ ЖІГІТІ. Пери! Пери!

Пери орнынан тұрады. Терезеге барады.

ПЕРИ. Кет!

ЖІГІТ ПЕРИДІҢ. Ертерек келе алмадым. Түрмеде болдым.

ЖЕНЯ. Өмір күннен күнге қиындап барады.

ПЕРИ. Не үшін?

ЖІГІТ ПЕРИДІҢ. Мен митингке бардым! Автозакқа сап әкетті.

ЖЕНЯ. Оған максимум он бес тәулік еді ғой.

САБИНА. Қуады ол.

ПЕРИ. Өтірік айтпа! Максимум он бес күн ол жерде!

ЖІГІТ ПЕРИДІҢ. Ковидпен ауырып қалдым! Сен камерада қандай адамдар отырғанын білсең. Ол жерден бірден жансақтау бөліміне түсіп, қимылдай алмай жаттым.

САБИНА. SMS туралы сұра.

ПЕРИ. Реанимациядан SMS жібердің бе?

ЖІГІТ ПЕРИДІҢ. Қандай?

ПЕРИ. Өтірік айтпа!

ЖІГІТ ПЕРИ. Ааа... қарындасым жазыпты! Қызғанған ғой!

Пери тумбочкаға қарай жүреді.

ПЕРИ. Мұнда жатқан парақ қайда?

САБИНА. Бас медбике алып кетті.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Пери, оған сыпыртқыны бер деп айт. Жұмыс істеу керек.

Пери есікке қарай жүреді. Медбике кіреді.

БАС МЕДБИКЕ. Дендерің сау ма? Терезені жап! Далада қыс.

ПЕРИ. Қағазды қайтарыңыз.

БАС МЕДБИКЕ. Неге?

ПЕРИ. Мен ойымды өзгерттім.

ЖЕНЯ. Күйеу жігіт келді, ойлаңызшы?

САБИНА. Ал сіз сенбеп едіңіз.

БАС МЕДБИКЕ. Е, сендер «имандай» сеніп едіңдер. Жоқ, айналайын. Қағаз іске кірісіп кетті.

ЖЕНЯ. Қалай сонда? Ол әлі босанған жоқ қой. Келісімшарттың негізі жоқ.

БАС МЕДБИКЕ. Енді неғыл дейсің? Адамдарға уәде беріп қойдық.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Оған сыпырғышты берсін деп айт! Далада қар жауып жатыр, ал мен мұнда тұрмын.

БАС МЕДБИКЕ. Күте тұрыңызшы. Мазаны алмай.

ПЕРИ. Мінеки, алыңыз...

Пери тумбочкадан қамшыны алады, сабын бұрап алады.

БАС МЕДБИКЕ. Маған қамшының не керегі бар? Су ми. Аяныштысың тура.

ПЕРИ. Мынаны алыңыз! Сақина. Қымбат сияқты.

АУЛА СЫПЫРУШЫ (таңғалып). Сақина?

БАС МЕДБИКЕ. Тоқта! Мұны қайдан алдың?.. Сабинка, сенің сыйлығыңды біреу иемденіп алған сияқты ғой?

САБИНА. Маған көрсетіңіз... Керемет, арзан емес. (Киіп көреді.) Тар екен, саусақтарым ауырып кетті.

БАС МЕДБИКЕ. Кіп-кішкентай болып, мына сұмырайды қара! Ұры!

ПЕРИ. Мен ақшаны кейін қайтарар едім. Бөліп... Шын айтам, Сабина.

БАС МЕДБИКЕ. Ұят емес пе? Әкең намаз оқиды, ал сен...

САБИНА. Жетеді. Сақинаны алып, қағазды қайтарыңыз.

БАС МЕДБИКЕ. Жоқ. Болды, кешіктіңдер.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Қане мен көрейінші.

Аула сыпырушы сақинаны алып мұқият қарайды.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Сақина платинадан жасалған, айналасы бриллиантпен безендірілген. Ені 3,7 миллиметр. Таза салмағы 2,86 каратт. Менің дүкенімнен алынған.

БАС МЕДБИКЕ. Біздің Мисс Марплдың бағалы тастардан хабары бар екен ғой.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Сіз менімен қалай-қалай сөйлесесіз? Сіз кім едіңіз? (Артына қарайды.) Мен қайдамын өзі. Шубам қайда?

Сырт киімін шешіп теріс айналдырады.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Адасып кеттім. Жауынның астында қалған сияқтымын.

БАС МЕДБИКЕ. Саған не жоқ. Сақинаны қайтар.

САБИНА. Қолыңызға ие болыңыз, мадам. Сақинаны бізден сатып алған иесіне қайтарамын.

БАС МЕДБИКЕ. Біздені несі? Тағы ішіп алғансың ба?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. «Фавори» зергерлік салонында. Ол туралы естімеген шығарсыз. Бізге сіз секілділер келмейді. Өйткені сіз біздің контингент емессіз.

САБИНА. Сіз Ляляның анасысыз ба?

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Иә. Оған қоңырау шалыңызшы. Мені бұл жерден алып кетсін.

САБИНА. Қазір нөмерін тауып алайын. (Телефонмен.) «Фавори» салоны ма? Сіздердің апайларыңыз... Иә... Бірінші перинаталды ауруханада. (Сыпырушыға.) Қазір, Ляля келеді.

АУЛА СЫПЫРУШЫ. Мен шыға берісте күтемін. Мына жердің иісі жаман екен. (Шығып кетеді.)

БАС МЕДБИКЕ. Бұл өзі не болды?

САБИНА. Кім ойлаған?.. Зергерлік салонының қожайыны. Қызы екеуі ең керемет жерлерде жүреді. Қартайғанда есі ауыса бастапты. Алып кететін адам келмейінше, оны жібермесін деді.

БАС МЕДБИКЕ. Басынан біреу қойып қалған шығар. Қой құрсын, барып кешірім сұрайын.

ПЕРИ. Мен ше? Қағазды қайтарыңыз!

БАС МЕДБИКЕ. Сенімен, мәселе шешілді. Айттым ғой жаңа саған. Болды, басты қатырма.

Кетіп қалады.

ПЕРИДІҢ ЖІГІТІ. Пери! Пери!

ПЕРИ. Енді не істейін? Ол мені кешірмейді. Оны қуып жіберші, Сабинка.

САБИНА. Жо-жоқ. Енді мені араластырма.

ПЕРИ. Онда өзім айтамын.

Пери терезеге жақындайды. Сабина мен Женя оны екі жағынан ұстайды.

САБИНА. Не істегелі жатырсың?

ЖЕНЯ. Ешнәрсе айтушы болма. Бір амалын табамыз. Сен әлі босанған да жоқсың.

Пери төсекке келіп қамшы мен көрпені алады.

САБИНА. Мынау асылғалы жатыр! Женя!

ЖЕНЯ. Пери!

Пери көрпенің бір ұшын төсекке байлайды да, екінші басын сыртқа лақтырып терезеге қарай жақындайды.

САБИНА. Есінен ауысқан ба? Женя, бірдеңе істеші.

ПЕРИ. Мен бұл жерден қашып кетемін. Көрпемен төмен сырғып түсемін.

ЖЕНЯ. Ақымақ болма, Пери. Мен заңгермін, саған көмектесемін, уәде беремін!

САБИНА. Жібермеңдер! Мама, қазір құлайды!

ПЕРИ. Ішім!

Пери ішін ұстайды.

ЖЕНЯ. Тек уайымдама.

САБИНА. Басталды ма?

Сабина шығып кетеді. Пери ыңырси бастайды.

ЖЕНЯ. Жүр, ары-бері жүр!Дем ал, терең дем ал!

ПЕРИ. Мен оны ешкімге бермеймін! Бермеймін! Ол менікі!

Медбике жүгіріп келеді, Периді алып кетеді. Қараңғы. «Мама для мамотенка» мультфильміндегі ән естіледі.

Қара орамал таққан Марта пайда болады, жерге отырады. Ақ орамал тағынған Женя мен Сабина келіп, Мартаның қасына отырады.

Бала ұстаған Пери көрінеді. Жерге отырады. Бас медбике келіп, Перидің басына ақ ормал тағып, баланы алып кетеді. Пери Орамалды жұлып алып, мойнына байлайды да, жатырдағы балаша жерге жата қалады. Қараңғы.

12сахна

Палата. Марта кіріп төсекке отырады.

МАРТА. Мен мұнда үш жылдан кейін келдім. Оған дейін «жоспалаушы» мен «көтерген»-дердің тізімінде болып, барлығын басынан бастап қайта өткеріп, ақыры финалға жолдама алдым. Бұл жолы еш дайындықсыз, бір де бір башмақайсыз келдім. Дәл шошқа Пеппа секілді. Күлкілі. Сол бір ақымақ қызға күліп жүріп, өз басыма түседі деп кім ойлаған?.. Бірақ жүзеге асты. (Пауза.) Алғашқы рет жеңімпаз атанып, Ева атты бас жүлдеге ие болдым (Пауза.) Қасымда жатып, бетімді жанаған кіп-кішкентай, тәп-тәтті алақанының иісін сеземін. Оның тынысын сезген сайын, маған тағы бір мүмкіндік берілгенін түсінемін. (Пауза.) Денсаулық сақтау министірлігі арқылы Медбикелердің әрекетіне шағымданып көріп едім, әлі жауап жоқ. Шынымды айтсам, оларды жұмыстан босататынына сенбеймін. Олардың әрекетінен зардап шеккен мен ғана емесімді білемін, бірақ жас аналар босанғаннан кейін, олармен күресуге шамасы да қалмайды ғой. (Пауза.) Қыздардан Сабинамен ғана кейде хабарласып тұрамын. Күшті қыз, ашық-жарқын. Ал Пеппа болса, неге екенін білмеймін, әлі жыныма тиеді.

Сабина кіреді де, Мартаның қасына отырады.

САБИНА. Мен тест жасаудан бас тарттым. Кенеттен ол да маған маңызсыз болып қалды. Марта мен Перидің жағдайынан кейін ұйықтай алмадым, тек жылай бердім. (Пауза.) Бала соныкі болып шықты. Тура, көшірмесі, бірақ ол Тамерланчик жайлы ести де алмады. Сол кеткеннен есін жимады. (Пауза.) Эдик үйленді. (Пауза.) Кімге деп ойлайсыздар? Жоқ, маған емес. Гукаға. Иә, мен де таң қалдым. Шеф қайтыс болғаннан кейін, күні-түні соның қасынан шықпай жүрген, ол да Эриктің етегінен ұстаған сияқты. Айтпақшы, мұрагер болудан бас тарту үшін, олар маған «золотой квадраттан» екі пәтер мен көлік алып берді. Осылай тұрып жатырмын. Пәтердің біреуін жалға берем, оған қоса ағылшын тілінен балаларға сабақ беремін, жүріп тұруыма жетеді. Жақында Эдик хабарласты, жақсы көремін дейді (Пауза.) Тоқалым бол дейді. Сенесіз бе? Гукаға айтам деп қорқытып, жөніне жібердім. Қорыққаннан бұтына жіберіп қоя жаздады. Сондағы түрін көрсеңіздер ғой. (Күліп.) Оны қойшы, жарайды. Қыздардан Женяны жиі есіме аламын. Баласы аурушаң болып туады деп қорқытқан кезде жылағаны есімде. Фейсбук, Инстаграммнан іздеп таппадым, сөйтіп бір күні «Делфиненок»-тың бассейнінде кездейсоқ жолығып қалдық. Қызының түрін көргенде бәрі түсінікті болды, екеуміз де жыладық. Жұрттың бәрі қарап тұр, біз болсақ еңіреп жылап отырмыз...

Женя кіріп, Сабинаның қасына отырады.

ЖЕНЯ. Тесттің нәтижесі келгенше, жынданып кете жаздадым, саусақтарын қайта-қайта санап, түріне қайта-қайта қараймын. Мәскеуге де бардық. Қазір Ульканың сап-сау екені бір қарағаннан-ақ түсінікті. Әрине кеш жүріп, тісі де бір жарым жасында, кеш шықты, бірақ қазір қатарластарын қуып жетті. Өзі сондай пысық, алфавитті жатқа айтады. (Пауза.) Менің бір түсінбейтінім, неге перзентханаларда әйелдерді жек көретін адамдар жұмыс жасайды екен?.. Әйелдерді жек көретін әйелдер. Мен кәдімгі ересек адаммын, онымен қоса заңгер бола тұра, өз-өзімнен зорлық пен дөрекіліктің алдында қауқарсыз болып қалдым... Туайын деп жатып, құқығыңды қорғау өте қиын... Жан-дүнием де, денем де әлі толыққанды орнына келген жоқ. (Пауза.) Әлгі медбикені кешірмеймін! Адам не себепті сондай арсыз болып кетуі мүмкін?..

Бас медбике кіреді. Бөлек төсекке отырады. Аула сыпырушы кіреді. Еденді сыпырады.

АУЛА СЫПЫРУШЫ (міңгірлеп). Қолмен немесе арнайы құрылғылардың көмегімен ауланың шөбін, газонды, сәндік ағаштарды шабу. Құдық пен тоғанның қақпақтарын тазалау, еріген су ағатындай етіп жер қазу.

БАС МЕДБИКЕ. Сәл болмағанда түрмеге түсе жаздадым. Женя бір жерден заң тауып алыпты. Немқұрайлық үшін жұмыстан шығарып жіберді, бап бойынша. Қайта Құдай сақтады. Тура сол кезде біздің перзентхана меңгерушісін ковидке арналған дәрі-дәрмектерді сатқаны үшін түрмеге жапты. Мен қайта оңай құтылыппын. Бір жыл жұмыссыз жүрдім, содан соң, үй күтушісі болып жұмысқа орналастым. (Сыпырушыны көрсетеді.) Міне мынаның үйіне. Мінезі жаман. Жас кезінде зауытта аула сыпырушы болып жұмыс істеген, кейіннен Қытайдан тауар тасыған, сөйтіп көтерілген. Қартайып, алжыған. Ол сыпыртқыны көрсе, есінен алжасады. Өзін аула сыпырушымын деп ойлайды, басқа сыпырушылармен бірге ішіп кетеді. Өз контингентімен дейікші. (Күледі.) Мен бәрін бірден түсіндім. Лялка жұмысқа кеткенде, қолына сыпыртқыны берем де, өзім бассейнде жатып, коньяк ішемін. Түскі астан кейін басқа күтуші келеді. Ол келер алдында мен оған әлгі сақинаны көрсетемін, есін жинап алады. Солай, күннің жартысында үй иесімін мен, қалған уақытта ол. Ақшасын жақсы төлейді, маған жетеді. Ал Женяны иттің етінен жек көремін, ақымақ шошқа Пеппаны одан да бетер жек көремін...

Пери кіреді де, Женяның қасына отырады.

ПЕРИ. Білмеймін, бірақ неге екенін, мен ешкімге жақпадым. Мартаға да, Сабинкаға да, тамақ таратушыға да, әсіресе бас медбикеге... Мүмкін, олар үшін менің деңгейім төмен, бейшара адам шығармын... Женя мені құтқарып қалды. Заң бойынша, босанған әйел алты ай ішінде өз ойын өзгерте алады екен... Мен тұрмысқа шықтым, ұлымыздың есімін атасының құрметіне Әлтайыр деп қойдық... Әкеммен сөйлеспеймін. Анам бала қарасуға келіп тұрады. Анам әйтеуір, «сенің жолың болды» дей береді. Мені «шошқа Пеппа» деп, балшыққа белшеден батқандай келеткеткендері дұрыс болған дейді. Кеше оған есікті ашпай қойдым. Шаршадым... (Пауза.) Перзентхананы есіме алғым келмейді... Кейде Әлтайыр мамонт туралы мультфильм көріп отырғанда ғана есіме түседі... Екіншісін туып алғым-ақ келеді, бірақ ол жаққа қайта баруға қорқамын... Тағы да сол азапты бастан кешу... ине... окситоцин... эпизиотомия... Өзіңді қайтадан бейшара сезіну... Сол бір уақыт шынымен қорқынышты күндер болды, анам айтпақшы, қарғыс атқан күндер. Бірақ қазір де жетісіп тұрғаны шамалы... Коронавирустың бесінші толқыны басталды... Жаңа штаммдар... Маскалардың орнына панорамалық респираторлар. (Пауза.) Бірақ, ең бастысы, менің өмірімдегі ең жақсы адам жанымда... Мен оны қалай сүйетінімді айтып жеткізе алмаймын... Ол да мені жан-тәнімен сүйеді... Әлтайыр, қайдасың? Жалаңаяқ жүрсің ғой! Мультфильмді қой, болды!..

Пери кетеді. «Мамонтеноктың анасы» атты мультфильміндегі ән естіледі.

Соңы

Нұрайна Сәтпаева

Нұрайна Сәтпаева — Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «жүйе инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алматы Ашық Әдеби Мектебінде А.Гатинаның дәрісін тыңдаған. Ресейлік және ТМД елдерінің жас жазушыларының «Липки» халықаралық форумының, СЭИП фонды ұйымдастырған балалар жазушыларының форумының, О.Жанайдаровтың драматургиялық лабораториясының қатысушысы. «Данко» премиясының лауреаты. «Литодрама» конкурсының лауреаты, «Большая ремарка» конкурсының финалисті, Волошин фестивалінің, «Любимовка», «Баденвайлер», «Автора на сцену», «Аврора» конкурстарының жартылай финалисті. «Нева», «Сибирские огни», «LiterraNova», «Новая Юность» секілді журналдарда шығармалары жарияланған. СИЭП фондының қолдауымен «АСТ» баспасынан шыққан әңгімелер жинағына шығармалары енген.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon