Бек Ноғайбайұлы

657

Жалғанның жанарынан сырғанап

***

Толқын шашты аймалай жел есті ме,

Алақаның ол сенің емес мүлде.

Ренжіткен жоқпын сірә, мен ешкімді,

Ренжіген және жоқпын мен ешкімге.

Жарқ етіп жұлдыз ақты, сен көрдің бе?

Мені іздеп бұл шаһардан сенделдің бе?

Орындалса кәне деп, арман айттым,

Зымыраған сол шоқты мен көрдім де.

Кінәлап жүрсің бәлкім, қара түнді,

Сол түн еді қайырған қанатыңды.

Кілт тоқтап қалғандай-ақ, уақыт сайқал,

Мен жоғалтып алғалы сағатымды.

***

Кеше түнде біз шынайы бір күлдік,

Өбістік те әрісінен іркілдік.

Пәк сезімнің мәңгілігін қаладым,

Тек қызығым болмасын деп бір түндік.

Бәрі айтылды, оқылды да жыр біткен,

Ішімізде қалмағандай сыр тіптен.

Сол кештен соң өлең жазып отырмын,

Сен жерініп кеткендейсің тірліктен.

Біз күнәға батпаған сол бал түні,

Тәнім өлмей, аман қалды жан тірі.

Қарашы әне, періштелер ұшып жүр,

Қандай суық қарғалардың қарқылы...

***

Қайран көңіл дос болмады кімдерге,

Жайған құшақ ал кімдерді жылытты.

«Бақыттымын» деп жар салып жүргенде,

Ақпан келіп оны менен суытты.

Сенген досым кетті үмітті ақтамай,

Тұлпар емес, жабы болды мінгенім.

Күллі арудың мінездері мақтадай,

Мұңлы арудың мұңы тәтті білгенім.

Бәрі алдамшы, ақиқат ол төрт мезгіл,

Жаз, қыс, көктем, күз деген.

Көңілдердің көшесінде көктем жүр,

Сағыныштан бірін-бірі іздеген.

Жауған қардан лебі еседі көктемнің,

Жыл құсым да келіп қалар кідірмей.

Қарашада қар боп еріп кеткенмін,

Үр қызының ерінінде білінбей.

***

Оралмасын білем енді өткен күн,

Оралмасын және білем бақыттың,

Келерінен күдіктенем көктемнің,

Көздерінен үміт көрем уақыттың.

Естілердей алыстардан шырайлы үн,

Кескілердей сол үн мына жүректі,

Қаhарынан қатты қорқам Құдайдың,

Сондықтан да көп түрмеймін білекті.

Бөлме іші көрінбейтін көк тұман,

Оңашада өз-өзімді кемірдім,

Шың басында мұңға батып көп тұрам,

Жылғасында жылап алам өмірдің.

Жанған кезде қарашада қаңсып от,

Алған кезде жан-тәнімді мұң қамап,

Кетерімді білемін мен тамшы боп,

Бұл жалғанның жанарынан сырғанап.

Бек Ноғайбайұлы

Бек Ноғайбайұлы — 1997 жылы Қарқаралы ауданы, Теректі ауылында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі. Ұлт-азаттық көтерілісінің батыры – Кейкі Көкембайұлының құрметіне шығарылған төс белгісінің иегері. Қызылорда облысы, Қорқыт ата университетінің құрмет орденімен марапатталған. Қоғам қайраткері Ж.А.Тәшенов атындағы 2020 жылғы «жылдың ең үздік ақыны». Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon