Жадыра Шамұратова

689

ЙОГА

Новелла

Астананың қақ ортасындағы шынылары жарқыраған, бірнеше қабаттан тұратын сәулетті жаңа ғимарат кісіден босамайды. Стоматология, тіл үйрету курсы кабинеттері, косметика, болмаса дәрілік заттар сатумен айналысатын желілік маркетинг орталықтары дейсің бе, самсаған есіктен бірі кіріп, бірі шығып жатады. Жаңа жұмысқа орналасқаныма көп бола қоймаған еді. Кездескенде жылы жымиып, басын изеп, кейде баяғыдан танитын адамша оң қолын көтере мәз болып амандасатын әйелді көрген сайын, «бұл кісі таныс па, қайдан көрдім?» деп ойлап жүрдім. Бес рет пе, сегіз рет пе, білмеймін, қарсы келіп қалсақ, мен бас изеп үлгергенше, ол қоғам мәжбүрлі-мәжбүрсіз үйретіп, бүгінгі күні дағдыға айналған сәнді жымиысымен оң қолын көтере амандасып өтеді.

Жасы елудің үстіндегі, қысқа қидырған шашын ақ сұрға боятып, қасын «қиылтып» әрлеген, адамды жатырқамай, өзі бастап сөйлесіп кететін әйел тура қасымдағы кабинетте отыратын болып шықты. Бір күні «өзімдікінің тетігі жасамай қалды» деп, шәйнек сұрап алып кетті. Шәйнекті қайтарған кезде қолына тәтті пирожное мен кәмпит ұстай келіпті. Тәтті жемейтінімді айтқаныммен, ол шын көңілмен ұсынып қоймағасын, екеуара бір шыныдан шай іштік. Одан кейін де келіп жүрді, өзім бұл жерге әлі үйренісе қоймағандықтан, көршімнің хәлімді сұрап кіріп-шығатыны маған да ұнамды еді және бұл әйелдің адамды тартатын бір қасиеті барын байқадым.

Мен отыратын жердің терезесі жоқ. Шамасы бос қалған бұрышты текке тұрмасын деп кабинет қылған болу керек. Тар. Астанада әрбір шаршы метр алтыннан қымбат. Таңертең келгеннен терезесі жоқ, ауа кірмейтін қуықтай жерде, жасанды жарықтың астында мониторға қарап отырғаннан кеште шекең тырысып, көздің түбі суалып, ауыра бастайтыны бар. Жұмысым өте елеусіз болғандықтан, қажет кезде бастығыма есеп беретінім болмаса, менде ешкімнің шаруасы жоқ. Күн ұзаққа тық-тық еткен клавиатураның ғана дыбысы шығады. Содан ба, көрші апай әр кіргенде ел көшіп келгендей болып, тыныштықта мүлгіп тұратын кабинетімнің бұрыш-бұрышына дейін қуанып қалатындай. Ол амандаса кіріп, екі аттап қарама-қарсыдағы айнаға барады.

– Кеше шашымды боятып едім, қалай, жарасып тұр ма?

– Бәсе, бір өзгеріс бар сияқты, – деймін оның шашының баклажан түсін енді байқап.

– Бір өзгеріс деймісің? – дейді ол езу тартып. –Қатырасың! Сары шаштың баклажан түске айналғаны үлкен өзгеріс емес пе? Ал, маникюрім ше? – Ол жұмыс үстеліме жақындап келіп, өте әдемі әрленген, шие түстес жылтыр тырнақтарын алдыма тосады.

– Әдемі екен.

Мен шынымен сүйсінем. Басы сүйір біткен ұзынша, жылтырата боялып, үстіне ұсақ жапырақшалар салынған тырнаққа ғана емес, сүйріктей саусақтар мен жасы елуден асса да, бір әжім түспеген, терісі тегіс, аппақ қолдарға қарап қызығамын да, өзімнің тырнақтары төртбұрышты біткен, әжімсіз болса да, қысқа болғандықтан, сүйкімсіздеу көрінетін саусақтарыма көз салып өтем.

Әйел менен бір мүшелден артық үлкен болса да, ерекше күтінетін. Терісі босаң тартса да, әжім түсіп үлгермеген мойнынан, бет-әлпетінен байқауға болар еді. Қашан көрсем тойға баратындай болып жүреді. Болымсыз айлықпен күн көретін мен сияқты қарапайым адам бренд киімді қайдан айырып жатсын, бірақ, әйелдің үстіндегі киімнің қымбат екендігін шамалаймын. Әрі ол киімдер жиі өзгеріп тұратын, соған сай туфлиі мен сөмкесі, әшекейлері өзара үйлесім табатын. Киімді жай шүберек дейтіндер қателеседі-ау деймін, киім – адамның ішкі дүниесі, мінезі, көңіл-күйі десек, әйелдің киім киісінен оның бойындағы таусылмайтын күш-қуаты, өмірге деген құштарлығы аңғарылып тұратын.

Кейде ол түскі үзілісте «косметологқа жазылып қойып едім» деп, асығып бара жататын да, жол-жөнекей құрқылтайдың ұясындай кабинетіме соғып, айнаға қарап, мұрнының үстінен пудрамен бір жүріп өтіп, ерніне ылғалдандыратын далап жағып, шығып кететін. Сол кезде оның соңынан өзіне сенімді, алғыр әйелдерге ғана үйлесетін қымбат әтірдің өткірлеу иісі қалып қоятын. (Бұл иіс ұнамайды, басыма тиеді, маған әлдеқайдан ескен самал тәрізді жеңіл, мұрынды қытықтайтын нәзік иістер ұнайды). Осы кезде желдеткіш жоғы есіме түседі.

Өзінің бірсыдырғы жұмысынан жалыға ма, кейде қасыма келіп, есікті ашып қойып, өз кабинетін қарап отыратыны бар. Құр отырмай, ағзаны қажетсіз қалдықтардан қалай тазалауға болатыны туралы тегін кеңес береді. Осынша ағыл-тегіл кеңесті ақысыз тыңдап отырып, бірде-біреуін пайдаланбайтынмын. Өйткені, аш қарынға сұйық май мен алма шырынын араластырып ішіп, бауырға грелка басып жату туралы ойлағанның өзіне жүрегім көтерілетіндей. Ал аптасына бір рет ашығып, тек жалғыз йогурт пен алма жеу дегенің оңай көрінгенімен, өзімді қинағым келмейтін. Өзінің бойы ұзын, артық салмағы болмаса да, аптасына екі рет спортзалға баруды міндет санап, ал күнде кешкісін йогаға асығады. Бұған да қаншама ерік-жігер керек екенін түсінгенімнен шығар, оның әдемілігін сақтап қалуға деген құлшынысына риза болам. Жалпы, өзін күтетін әйелдерге іштей бір құрметім бар. Жинақы, бойы-басын күтетін әйелдер бәріне ұнайды. Тек көршімнің келген сайын йоганың пайдасы, бүкіл ғаламнан келетін ақпараттарды алуға көмектесетін энергетикалық орталық есепті чакралар туралы айта беретіні ғана жалықтырар еді. «Сен неменеге қабағыңды ашпайсың, ол –¬зиян, біріншіден маңдайыңның үстіне әжім түседі, екіншіден, егер адам үнемі жағымсыз ойда болса, чакраларын жауып тастайды» дейтін ол. Бұдан әрі қызғылт, жасыл, сары, күлгін бе, әйтеуір, ұзын саны жетеуден тұратын чакралар, олардың қасиеті туралы айтатын. Бұл менің миыма ауырлау болды ма, бірін ұқсам, бірін ұқпайтынмын. Осыны аңғарған көрші апай миы сабақ алмайтын суми оқушыдан жалығып, «саған ұстаз керек» дейтін шаршап.

– Бүгін менімен йога орталығына барсаңшы, әрі-бері жүрем дейтін емес, осы ғимараттың ішінде. Ол жерде жиырмадағы жас қыздар да, сен сияқты отыздан асқан келіншектер де бар, танысасың, – дейтін.

– Ой, апай, қайдағы йоганы айтасыз? Қазір автобус күтіп, одан иін тірескен жұртпен жағаласып, қаланың екінші шетіне жетуім керек, баланы балабақшадан алып, жолай дүкенге соғып, одан үйге жетіп тамақ пісіріп, мектеп жасындағылардың сабағын тексеріп... – деп шұбырта жөнелгенімде ол кісінің басы ауырғандай қабағы кіржиіп кетеді.

– Сенікі дұрыс емес, не ол бітпейтін... Бәріне үлгеруге болады. Сен сияқты келіншектер бәріне уақыт табады. Байқаймын, өзіңе мүлдем көңіл бөлмейсің. Бұл қазақ әйелдерінің кемшілігі. Әйел өзін жақсы көріп, өз жағдайын өзі ойламаса, оны біреу ойлайды деймісің? Еркекке тамағы пісіп, балалары қаралса болды... Айтшы, «әйелінің үнемі сергек, әдемі болуы үшін не керек?» деп ойланатын еркек бар ма? Ай, білмеймін-ау, – деп бір тоқтап, аз-кем тыныстап алып, сөзін қайта жалғайды:

– Әйел тек бала туып, тамақ жасап, одан жұмысқа жүгіру үшін жаралмаған. Әйел өзінің жан түкпіріне үңіліп, әйелдік қасиеттерін ашып, энергия ағынын реттеуі тиіс. Сонда ғана ол жеке адам ретінде іштей рухани өсіп отырады. Әйел өзін сыйлап, құрметтей бастағанда ол да айналасына өзінен бірдеңе бере алады. Энергия береді. Ол энергия басқаларды да шабыттандырады. Бірақ, ол жерде де өзінің мөлшері бар, оның бәрін біліммен реттейді. Сен кімнен кемсің? Жарқырап киін, спортпен айналыс, йогоға бар. Қағазға көміліп отыра берме! Кім бағалап жатыр оны, денсаулық өзіңе керек! Мына отырыспен... қимылсыз, компьютер алдында ұзақ отыратындардың ғұмыры қысқа болады, ғалымдар зерттепті. Және де осы жаста әйел өзін табуы керек, ертең балалар өседі, кетеді жан-жаққа, сол кезде қалай қартайғаныңды білмей қаласың.

Әңгімесінің соңы үнемі осылай аяқталатын. Кейде йога орталығындағы ілтипатты, әдемі адамдар туралы, йогадан кейін өтетін даналық сабақтары туралы айтатын. Көршімнің қазақ әйелдерінің өз қадір-қасиетін сезінбеуі, өздерін төмен бағалауы туралы айтқандарынан мені бейшара санап, мүсіркегендей бірдеңені байқадым ба, бұл ішімдегі бір қарсылығымды оятты ма, тақырып осыған ауысқанда салқын тартып кете беремін. Оны ол да байқап, көп бөгелмейді.

Бірде таңертеңгілікте ол кабинетіме басын сұғып амандасып, бүгін туған күні екенін айтты.

– О, құтты болсын туған күніңіз!

– Рахмет. Түсте дастарханға кел, құрбыларым келеді. Келмей қалма.

– Мен... басқа жоспарым бар еді...

– Сөзді қой, келетін бол!

Шағын дастарханда бөтен екі әйел отыр екен. Олар мені жылыұшырай қарсы алды. «Намашкар» – деп екі қолын беттестіре кеудесіне ұстап жарқылдай амандасты, славян тектес жастауы. Ал қазақ әйелдің жасы көршім шамалас. Ашық-жарқын адамдар, әңгімені де жақсы айтады, әзілдері де орнымен. Негізі біреуді тыңдаған қызық, адамның сыртқы бейнесі мен айтатын ойлары бір-біріне қаншалықты жақын, не алшақтығы туралы ойлап, өзі үшін қызық тақырыпты айтқан кездегі түр-әлпетінің сәт сайын өзгеріп отыратынын бақылаудың да бір рахаты бар... Олар өздері ілім деп ұққан сол даналық сабақтарының ішкі мағынасын емес, үнемі сыртқы тұрпатын ғана айта беретін сияқты көрінді. Жұмысты сылтауратып ерте кетіп қалдым.

Әдеттегі күндердің бірі болатын. Көршім екеуміз ертемен есік алдынан кездестік. Қалтасы қара былғарымен әдіптеліп, жағасының астындағы түймелігі әдемі тастан жасалған қымбат сұр шуба киіп келген көршім аса көңілді көрінді.

– Мына күннің суығын-ай, – дедім бойым жылынбай. Ауа температурасы – 35-тен кем емес еді.

– Астананың күні осылай болады енді, – деді менің үстімдегі былтырғы күртеме көз салып тұрып. – Жылырақ киініп жүр, – деді қамқор дауыспен.

– Ал, біз жақында жылы жаққа барамыз, аз уақытқа болса да, Астананың аязын ұмыта тұрамыз. Үндістанға баратын болдық.

– Ааа, керемет қой! – деп таңғалдым. Үнді киноларын көріп өскен ұрпақ үшін бұл бір ертегі елі сияқты болып елестейтіні бар.

– Ой, айтпа, жолым болды. Йогаға барып жүрген адамдардан құралған топ. Өткенде саған қанша рет айттым, сонда менімен баруың керек еді, – деді ол шынымен менің бармайтыныма өкінген түрмен. – Йога орталығының арқасында арзан турмен қыдыратын болдық. Тіпті, тегін десе де болады. Қалаларына, кинодан көретін көрікті жерлерге барамыз. Ашрамда боламыз.

– Ашрам деген не?

– Ол өзіңмен өзің болып демалатын жер. Қалай десем екен... – Ол ойланып қалғандай болып тұрды да, жауабын тапты. – Ол монастырь сияқты. Ешкім кедергі келтірмейтін, тек өзің және Құдай болатын жер.

– А-а-а...

(Елестетіп көрмекші болдым. Оңаша бір жерде өзің отырасың, сосын қасыңа үнділердің құдайы келеді. Киноларда көретін, өздері біресе жылап тілегін айтып, біресе тілегімді орындамадың деп ұрсып жататын тас құдай ма... Ол өзі қандай болады екен? Тас құдайға айттың не, айтпадың не?.. Қалжыңдап бірдеңе айтайын дедім де, көршім өкпелеп қалар дедім).

Арада біраз уақыт өткенде көршімді көрдім. Ол бұрынғыдан да сұңғақ тартып, жасарып кеткендей көрінді. Тіпті менен жиырма жастай үлкендігі де байқалмайтындай. Бұл жолы құлағына кинода үнді қыздары тағатын қоңырау тәріздес сырға тағып, мойнына жібек шарф байлапты. Бұрынғы қысқа шаштан гөрі иығына төгілген ұзындау шаш жарасып, қыр мұрынының әдемілігін аша түседі екен. Жүзі сондай жылы, жайдары. Жарқыраған жанарынан, шырайлана түскен әлпетінен ішкі қуаты маздап жанып, өмірдің әр сәтінен ләззат алып жүрген адамның кейпі көрінеді. Әйтеуір, маған солай сезілді.

– Мұхитты көрдік, – деді ол мені көрген бойда әсерін айтуға асығып. – Мұхит дегенің шеті мен шегі жоқ бір ғажап.

– Үндістан сапары көңіліңізден шыққан сияқты ғой.

– Әрине! – деген ол қасын көтеріп, екі қолын жайып. – Ұнағанда қандай! Осындай сәтті бұйыртқан тағдырға ризамын! Қандай керемет жерлерді, керемет сұлулықты көрдік! Әйтпесе, осы уақытқа дейін не көрдік дейсің бізді! Өмір өтіп кетуге қалыпты ғой.

Осыны айтқанда біртүрлі өзін аяп кеткендей болды. Ол Делиді, Аграны, Тәж-Махалды көргенін жыр қылып айта бастады. Гоаға барған кезде Көктем фестивалі – Холлиге тап келіпті.

– Е-е, анау үстеріне бояу шашатын мереке ме?

– Ия, бояуы біраз уақытқа дейін кетпейді екен, ал киім содан кейін пайдаға аспайды.

– Елге келгенде қатты қуанған шығарсыздар? Бөтен жақта бәрібір бірдеңе уайымдап жүретін сияқты адам...

– Не уайымдайтыны бар? Елдің бәрі барып-келіп жатыр.

– Не деген тәуекелшіл адамсыз, алдыңыз да, бөтен жаққа кете салдыңыз. Қалай қорықпайсыз? – дедім ішімдегіні жасыра алмай.

– Ой, сен де бір... Менің күйеуім құсап қара аспанды төндіріп... Дым позитив жоқ екен сенде!

– Енді... адасып кетсеңіз, болмаса бір жағдай болып, сол жақта қалып қойсаңыз... Құдай сақтасын, қисая кетсең, өздерінің салтымен өртеп жіберетін шығар. Қасыңыздағы адамдар қандай екенін де білмейсіз...

Жас кезінде Оралдан ұзап шықпаған, отыздан асқанда барып Астанаға келген адамға жердің қиян шетіндегі Үндістанға барып келу туралы шешім қабылдау үшін тағы бір он жыл керек шығар. Менің ақырзаманды төндіргеніме көршім ішек-сілесі қатып күлді.

– Қыз-ау, несіне қорқасың? Осы сенде комплекс көп, оны жеңу керек. Әйтпесе мақсатыңа жете алмайсың. Өзің оқыған адамсың, мына сөзің не? Ауылдан шықпаған біреу құсап. Бұндай сөзді басқа біреуге айтпай-ақ қой, әйтпесе, күледі ғой. Адам мына дүниеге ашық болу керек, сонда бүкіл дүние сені жатырқамайды. Қалай деуші еді әлгі, жарнамаларда айтатын бір сөз бар еді ғой, ия, «әлем сенің табаныңның астында» демей ме! Қорқатын түгі де жоқ, топпен бардық қой, бақандай отыз адамды жау алсын ба?! Ішінде экстрасенс те, өзімізге медитация үйреткен қыз да, жай адамдар да болды. Сен байқайсың ба, қазір басқа дәуір келді, адамдар өзінің жаратылысын түсінуге, дүниенің сырын ұғуға талпынады, өмірдің әлдебір ақиқатын тануға ұмтылады. Оның бәрі дұрыс, өмірдің мәнін іздемесең, таппасаң, ұйықтап, оянып, жұмысқа барып жүргенде уақыт күтпейді.

Менің ары қарай тыңдауға шыдамым таусылып бара жатқанын байқап, «жарайды, жұмысыңды істе» деп, кетіп қалды.

Келесі келген кезінде қолына Үндістан сапарында түскен суреттерді ала келіпті. Түс мезгілі, асығыс емес едік. Соңғы жылдары қолтелефонға түскен сәбидің алақанындай ғана фотосуреттерге көз үйреніп қалған ба, сапалы қағазға шығарылған бояуы қанық, жып-жылтыр фотолар өте әдемі көрінді. Қабырғасына құдайларының суреті салынған храмдар. Тағы бір сәулеті бөлек храм... Тағы бір... Үйшік пе, немене?..

– Біз үйшіктерге орналастық. Күн сайын 11-12 сағатымыз медитацияға кетті.

– Сонда соншама уақыт не істейсіздер?

– Бір орыннан қозғалмай, көзіңді жұмып, ойыңды бір жерге шоғырландырып, дененің сезімталдығын бақылайсың.

– Көзіңді ашсаң ше?

– Қойшы, ашуға болмайды. Тіпті бір-біріне қарауға болмайды, сол үшін адамдар бір-біріне емес, қабырғаға қарап отырып тамақ ішеді. Он күн бойы ешкіммен сөйлеспейсің, шынымен жақсы болып қаласың. («Басқа басқа, әңгімелескенді жақсы көретін бұл кісіге он күн үндемеу – қиын болған шығар», дегенді ішімнен ойладым.)

– Мынау Путтапартиге келген кезіміз. Қарашы, табиғатына сөз жоқ, ағаштары гүлдеп тұр.

– Путти...

– Путтапарти. Туристік қала.

Ондай жердің атын бірінші рет естіп тұрғасын басымды изей беремін.

– Мынау гуру, мантра оқып отыр.

Ақ шашын артына жинаған, ақ сақалды, қызғылт киім киген индус қарияны айнала қоршай отырған топ кісі. Бір фотода славян тектес әйел қолын маңдайына апарып амандасып жатыр, өзі аппақ киім киіп алыпты.

– Бұл біздегі Әйелдер академиясын басқарады. Керемет мықты әйел. Бұрын балалар дәрігері болған, қазір қайырымдылық фондының президенті. Осы Астанада тұрады. Ол өмірден өзін қалай тапқаны туралы айтып еді, бейдауа дертке ұшырап, депрессияға түсіп, ақыры Тибеттен бірақ шығады. Тибетке барып, ілім үйренгеннен кейін, сырқатынан жазылып, өмірге қайта келген.

Мен көршіме қадала қарап қалдым ғой деймін, ол менің көзімдегі «ол әйелдің айтқаны шын-өтірігін кім біледі, ол өзі сектант емес пе?» деген сұрағымды қапысыз оқыса да, елемей сөзін жалғастыра берді.

– Ол жақта шынымен де басқа әсерде боласың. Бір ғана нәрсесі ұнамады: кереует болғанымен, төсеніш, жастық, жамылғы бермейді. Қайта мен өзіммен сүртінетін үлкен орамал алып шыққаным тәуір болды.

– Сонда қалай ұйықтайсың?

– Алғашында қиын болды, бірақ бұл адамды шыдамды қылу үшін керек екен.

– Ал, тамағы... Ұшынып кеткен жоқсыздар ма?

– Сенің де айтпайтының жоқ екен. Тамағы жақсы, нағыз дұрыс энергия беретін ас. Ащы бұрыштарды көп қосады. Айтпақшы ласси дегендері біздің айранға су қосатын шалапқа келетін сияқты. Таңертең парата береді, ол картоп езіп жағылған шелпек, оған қоса жеміс пен масала шайын береді. Түсте бұршақтан жасаған сорпа, кепкен жеміс пен бұрыштар қосқан күріш ботқасы. Кешкіге бұқтырылған көкөніс пен салат, жеміс. Айтып тұрмын ғой, диеталық тамақ. Тек ет, балық, жұмыртқа жеуге болмайды.

– Өздері салақ, көшелері қоқыстан көрінбейтіндей лас дейді ғой. Әлгі бір өзендеріне, Ганга ма еді, қайтыс болған адамның күлін шашып, сосын өздері сол суға түсіп, кірлерін жуып, соны ішіп жүретінін видеодан көргем.

– Түу, қандайсың... Адамды жиіркендіріп жібердің ғой, – деп қабағын түйді көршім. – Ия, тазалық жағы нашар, айналаң айқай-шу, базарға барсаң, ығы-жығы, алдыңнан алақан жайған қайыршылар, бұралқы иттер... Рикшилер шығады, саудагерлер затын ұсынып, жүргізбейді, бірақ ол жер расымен бөлек екен, үйреншікті жүйеден шығып, басқа планетаға түскендей боласың, ол жақтағы кеңістік өте, өте... Жаныңа бір тыныштық пен рахат табасың. – Көршім теңеу таппай қалғандай болды. – Сенің не ойлағаныңа дейін сезіп қоятын сезімталдығы сондай, не ойласаң, сол орындалуы мүмкін. Сондықтан ол жерде жаман ой ойлауға мүлдем болмайды.

– Сізге ұнағаны көрініп тұр, жасарып, жайнап кетіпсіз, – деп, орнымнан тұрдым. Түскі үзіліс аяқталған еді.

– Өзің де байқаған шығарсың, мен соңғы кездері қатты шаршап жүр едім, үйде де қиын болып кетті, ал Ашрамға барғанда бірте-бірте шаршағаным басылып, жайбарақат күйге еніп, ішімде махаббат пен мейірім толып келе жатқандай болды.

Арада бірнеше ай өткенде басқа жұмысқа ауысуыма байланысты ол жерден кетіп қалдым. Апайды да көрмейтін болдым.

***

Уақыт өте берді. Алматыға жетпесе де, он жыл бұрынғымен салыстырғанда Астана да үлкейді, халқы да көбейді. Ескі танысыңды бір қалада тұрып та, ұзақ уақыт кездестірмеуің әбден мүмкін.

Бірде оқу ғимаратынан шығып, Шапағат жақтағы аялдамада №52 автобусты күтіп тұрған едім. Күн суық. Орындығында бомж ұйықтап жатқан жылы аялдаманың ішін күлімсі иіс алып кеткендіктен, қаншама адам тоңған күйі сыртында күтіп тұра бердік. Зарықтырып жеткен автобус келгенде бәрі лап қойды. Бір қарапайымдау киінген қартаң әйел есікке жақындап, «бұл сол жағалауға бара ма?» деп сұрады. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Мен есікке жақын тұр едім:

– Барады, барады.

Маған оның даусы таныс көрінді. Бірақ, жүзіне қарап, кім екенін қапелімде есіме түсіре алмадым. «Қайдан көрдім, қайдан көрдім?»

Әйел автобусқа мініп, мен түрегеліп тұрған жердегі орындыққа отырды. Осы кезде барып есіме түсті дағы, амандастым. Бұл – баяғы көрші апай еді. Ол маған ұзақ қарап барып, таныды.

– Мен көргенде жап-жас едің, қалай өзгеріп кеткенсің? – деді. Мән бермеуге тырыстым, соншама күтініп жүрген кісінің өзі де қатты өзгергенін көріп отырмын ғой. Хәл-жай сұраса бастадық. Қайда жүргенімді, бұрынғы жұмыс орнынан біреуді көретін-көрмейтінімді сұрады.

– Сен де сол жағалауға барамысың?

– Ия, бірақ, «Француз үйінен» түсіп қалып, №10 маршрутқа мінемін.

– Неге өйтесің? Екі автобусқа мініп... Ақшаң көп пе?

– Сол ыңғайлы, тез барады, әрі... мына автобус ескі, солярканың иісі шығып тұрады, – дедім.

– Онда мен де сөйтейін.

Республикаға бұрылғанда екеуміз де түсіп қалдық. Ол таблоға қарады. Біз күткен автобус жеті минутта келмек.

– Бұған мінбейік, келесіні күтейік.

– Неге? Күн суық қой.

– Сен асығыс па едің? Бұрын асығатын едің, ендігі балаларың өскен шығар... Кішкене сөйлесейік те.

Оның баяғыша әңгімелескісі келіп тұрғанын байқадым да, асығыс емес екенімді айттым. Екеуміз сәл алға жүріп, сосын оңға бұрылып, шайханаға келдік.

– Йогаға барып жүрсіз бе?

– Жоқ, – деп басын шайқады. – Ол жерге бармағаныма неше жыл.

– Жай сұрағаным ғой, сізге йога қатты ұнайтын сияқты еді. Есіңізде ме, талай мені де шақырып едіңіз.

– Сөйттім бе? – Ол біртүрлі қыбыжықтап, қипақтап қалғандай көрінді. – Шақырсам, шақырған шығармын.

Даяшы арасына тәтті ірімшік салып, үстіне қаймақ құйған жылы құймақ пен шай әкеліп кетті. Ұзатпай ыстық бәліш те келді. Екеуміз бір-бірімізге қарап отырмыз. Көршім баяғы жарқылдаған мінезін қайта тапқандай. Тәшкен шайды сораптап қойып, әңгімесін бастады.

– Сол жағалауға құрбыма бара жатырмын. Ауырып жатыр ғой, қасында ешкім жоқ, – деді.

– Сіздің туған күніңізде болған апай ма? Аты... Жәния ма?.. Тәуір болып кетсін.

– Ну и память у тебя! – деп сүйсіне басын шайқады. –Қалай ұмытпайсың! Мен сені онымен таныстырғанымды ұмытып кетіппін. Баяғыда ЖенПИ-де бірге оқыдық. Біраз жыл арамыз үзіліп қалып еді, Астана бәрімізді жан-жақтан жинады ғой, осы жақта қайта табыстық. Ол күйеуі екеуі Астанаға көшіп келгеннен кейін, аяқ астынан күйеуі жүректен қайтыс болды да, жалғыз ұлымен бөтен қалада қалды. Жаңа орта, үйренісіп кете қоймаған кезі, әсіресе, ұлы ауырып қалғанда әрең кірген жұмысынан айрылып қалам ба деп, қатты қиналдым дейді. Біз көшіп келгенде қатты қуанды, байғұс. Сол қайғыдан шыға алмай жүрген кезінде бір жақсы адамдарға кезігіп, өмірді қайта бастағанын айтып еді. Ол жерде йогамен айналысатын орталықтар, өзін жаңа заманға сай дамытқысы келетін әйелдер үшін арнайы тренингтер бар екенін де содан естіп-білдім. Бірде «біздің орталық жетім балалар үшін қайырымдылық концерт береді, барайық» деп, қоймаған соң, екеуміз бардық. Қазіргі «Мариотты» білесің ғой, соның ішінде концерт өтті. Сол күні әйнек үстімен жүретін, жанып тұрған шоқты қолымен ұстап, орындықтардың арқалығына жатса да, құламайтын адамдарды көріп, Құдайдың адам баласын өте ерекше қабілетті етіп жаратқан шеберлігіне тамсанып, адам мүмкіндігінің соншама зор екеніне көзім жетіп, әсерленіп оралдым. Менің әсерленгенімді байқаған құрбым мені йогаға ертіп апарды. Йога тек аяқ-қолыңды созу емес қой, әр жаттығудан кейін адамның жетістікке жету мүмкіндігі туралы айтылады. Саған айтайын, олар мұны қатты меңгергендері сондай, ұйытып тастайды. Жалпы ойға алған мақсатқа жетудің қиын емесін, адам өзінің сана тереңінде бұғып жатқан қабілеттерін оятуы тиіс екенін, ол үшін алдымен жан-дүниесін тазартып, өзімен жұмыс істей білуі қажет екенін айтып жатқан кезде бүкіл сөзі саған арналып жатқандай болады. Бұл орта жастан асса да, жас кезінде арман еткендерінің бірде-біреуіне қол жеткізе алмағандарға қатты әсер ететін болу керек, мен де өмірімді өзгерткім келді. Сол жерге барсам, бір керемет болатын сияқты. Сөйтіп армандарыма қол жеткізуге көмектесетін семинарлар мен жеке консультацияларға қатыса бастадым. Оның бәрі ақша, білесің. Бірақ, бұл өзін ақтайтын ақша екеніне сенуші едік. Ол жерде әртүрлі жастағы әйелдер болды. Осы жерге келген соң ғана өзін іздеп тапқандар сахнаға шығып, өзінің басынан өткенді, табысқа жету құпиясын айтатын. Шетінен жас, әдемі, білімді қыз-келіншектер. Олар өзін іскер, табысты, ең бастысы өзіне сенімді болу жолында, қабілеттерін дамытамын деп келген. Бизнесте табысқа жетем деп келген. Жеткен. Өз жан-дүниесімен үйлесімділікте болу үшін келгендер де болды. Арқасүйер ешкімі болмай, жалғыз қалған, әлдебір таңғажайыпқа сеніп келген әйелдер де көп. Олар о баста психолог көмегіне жүгініп келген де, бөгеліп қалғандар. Менің құрбым солай келген, кейін ол өзінің ұлын да 14 жасында йогаға әкелді.

– Есіңізде ме, сіз маған да өзіңді таны, дамытуың керек деп айта беруші едіңіз ғой, сол кезде өзіңіз қатты беріліп жүрдіңіз-ау деймін.

Ол маған жанарын қадаған күйі жымиған болды.

– «Сол өзіңіз мақтаған тренингтен жетістікке жеттіңіз бе?» деген сұрағыңды түсіндім, – Мұны жайбарақат айтты. – Бастапқыда маған жаңа таныстар табу, өмір, уақыт, ғалам жайлы ойлану, ішкі жан-дүниеңе үңілу деген шынымен де қызық көрінді. Өзімді басқаша көріп, тани бастағандай едім. Оның үстіне, жаңа айтқанымдай, бізге тренинг өткізетін әйел білімді, өте шешен, тамаша психолог болатын. Өзінің алдына келген адамды сол бойда баурап алатын. Тренинг сайын «Әрбір әйел – сүйікті болуы тиіс» деп бастайтын. Өзі өте сұлу, тұла бойы күтім көрген адам басқаларға да үлгі болуға лайық қой, оның өзін ұстауы да, даусы да ерекше. Біз оның әр сөзін жерге түсірмей қағып алуға тырысатынбыз. Сұлу тренер бізге өзіміздің өзгелер байқай бермейтін әдемілігімізді, тартымдылығымызды ашуға, жастығымызды қайтарып, денсаулығымызды қалпына келтіруге уәде беріп, үміттендіретін. Біз орталықта ұсынған сусыннан ақырын ұрттап отырып, оның сөзіне титтей де шүбә келтірмейміз. Бізге қарап тұрып, «қазақтың қыздары мен әйелдері өте тартымды, өте нәзік, олардың сезімталдығына сөз жоқ, олардың гейша сияқты қасиеті бар, ендеше олардың өздеріне сенімді болып, өмірдің рахатын сезінуге де мүмкіндіктері толығымен жетеді» деп, біршама көтеріп тастайтын. Бізге келетін гуру де кәдімгі Үндістанның орманында, не таудың аңғарында өмір сүретін данагөйлер сияқты әсер қалдыратын, оның соңынан медитация, його, мантраларды қайталаймыз. Сол кезде Будданың өзі қолданған, ақыл-ойды тазартып, азаптан құтылып, толық бақытқа қол жеткізетін Випассан туралы айтқан әңгімелері санаңда өзінен өзі ұмытылмастай жазылып, медитация техникасынан соң, бақытқа жетуге деген құштарлық билей бастаушы еді.

– Гуру демекші, Үндістанға барғандарыңыз есімде, фотолар көрсеткенсіз.

– Ия, Үндістанға сапар шегіп келдік. Бірақ, мен ішімнен мұндай сапарға ендігәрі қайтып бармаспын деп түйдім.

– Неге? Сізге ол жер ұнап еді ғой.

– Ия, басында әсерленгенім рас. Бірақ, ашрамға баруға дайындық керек. Ол жақта мен өзімді белсенді қатысушы, оқушы ретінде көрсеткен болуым керек, Астанаға қайтып келгеннен кейін шығармашылық топқа шақырды.

– Шығармашылық топ дейсіз бе, шығармашылықпен айналысатындар қатыса ма?

– Жоқ, өзі солай аталады. Ол топтың ішіне бастапқыда төрт ашрам кірді. Сарыарқа ауданынан үш пәтерді, Алматы ауданынан бір үлкен пәтерді жалға алған, ал ең басты үй – ескі ауданның шеткері бөлігінде болды. Бір ашрамда 7-8 адамнан болады. Кіші ашрамда жас қыздар болды, солай дәрежесіне қарай көтеріле береді. Біз жүрген жерімізде жас қыздарға үгіт айта бастадық. Осылайша құрбым екеуміз оларды йогаға, сонымен бірге құдай ілімін үйрететін мектепке шақырдық. Басқа жұрт үшін йога-орталық аталғанымен, өз іштерінде Сотиданандана деп атайды екен. Ол кезде біз өзіміздің не іздеп, не мақсатпен жүргенімізге мән бермедік. Ондай жерге тек әлсіз адамдар келеді деген жай сөз. Йогаға барып жүріп, қаншама адаммен таныстық. Ол жерде қызмет баспалдағымен көтерілуге көмектесетін тренингтер жиі өтеді, Ресейден келіп өткізеді. Қатысушылар арасында табысқа жеткен, осы Астанадағы білдей мекемелерді басқаратындар да болғаны есімде. Іскер, табыскер болғысы келетіндерге бірінші, екінші бағдарламада нағыз көшбасшы болу идеясы сіңіріледі. Бұл үшін несие алып, біреуден қарыз алып қатысқандарды да білем. Одан бөлек эро-йога, био-стриппластика... айта берсе көп. Әлі күнге сол тренингтерге баратындар бар, соған кеткен ақшасына іштері ашымайды, сен түсінбейтін шығарсың, мен оларды түсінем, тренингте отырған кезде бірдеңе шегіп алғандай отырасың, бәрі оңай сияқты көрінеді. Эзотерикада мәлім «топтық биоөріс» деген терминге арбалғандар көп. Оның ойдан шығарылған ғылым екенін қазір түсінемін. Ол кезде... «Көрмегенге – көсеу таң» демей ме?.. Мысалы, «махаббат пен тұрмыс: бақыттың кілті» деген тақырыпта екі жұптың арасындағы жан жақындығы, сыйластық, оның уақыт өте келе беки беретіні, осындай жарасты неке, оның табысқа жетудегі пайдалы жағы туралы айтылады, «егер сіздің осындай серігіңіз болмаса, вебинарға қатысыңыз» деген жарнамаға бола келгендер қаншама?.. Қазір де инстаграмда толып жүрген қаншама курстар, тренингтер бар ғой. Аты өзгере беретін курстарда әйелдің тереңде бұғып жатқан күш-қуат көзін ашу тәсілдерін ай күнтізбесіне сай жоспарлап, еркектерді қалай арбауды үйретеді. Бұл тренингтердің, семинарлар мен вебинарлардың мақсаты не болғанын кейін түсіндім. Бұларға шаңырақтың бүтіндігі, ер адамның орны, әйелдің өз орны деген ұғымдарды күл-паршасын шығарып, қирату керек болған екен. Бұлар адамға табиғи күш-қуат дарытып, ерекше күшті қылып шығаруды мақсат еткендіктен, алдымен отбасынан, жақындарынан алыстатып, әсіресе, балалардан алшақтатуды көздейді. Артынша өзіне тиесілі мүліктен де бас тартады. Өзінің қадір-қасиетіне көзі жетіп, бағасын көтеруге тырысқандар ақыры ажырасып жатты, өйткені, мұнда отбасы деген ұғым жоқ. Бұл тренингтер адамгершілік деген ұғымды таптап өтуге үйретеді, табысқа жету үшін жақындарыңды сатып, бәрінен, тіпті ар-ұжданнан аттап кетуге болады дегенге дейін барады. «Ал егер жетістікке жетпесең, өзің кінәлісің, демек, өзіңмен дұрыс жұмыс жүргізбегенсің» деп шығады. Мен ол жерде екі жыл ғана жүрдім, бірақ, кейде ондағы ежелгі таныстарды көріп тұрамын, жылдар өте келе күйеуге шығуды армандағандардың әлі де жалғыз жүргенін, қарыздан көз ашпағандардың әлі байымағанын білемін. Өзімнің пәтерім, көлігім болсын деп армандаған әйелдер әлі жүр автобуста. Мысалы, мен... Тек арада екі жыл өткенде барып, олардың кейбір айтқандары ақылға қонымсыз көрінді. Мысалы, жоғары білімнің пайдасыздығы, мектептегі алгебраның қажетсіздігі, басқа діндердің зияны... Бұл көңілімде күмән қалдырды. Ал, жарна құйылып жатты. Мұның секта екендігіне күмәнім қалмады. Осы жөнінде құрбыма айтқанымда, ол да өзі секем алған нәрселерді жасырмады. Біз кезінде өзімізге ұнаған йога орталығының денсаулық пен сұлулықтың орталығы болудан қалып, сектаға айналғанын байқамаған екенбіз. Бұл сектада бала тууға болмайды, мұндағылардың бәрі бала мен жақындарынан бас тартқанын да кейін түсіндік. Біз олардан қаштық, аулақ кеттік. Бастапқыда бізді жібергілері келмеді, бірақ, біз олардан құтылдық. Дұрысы, солай ойладық. Бірақ... Құрбым өз ұлының осы сектаға тартылып жүргенін айтып, уайым жеді. Өзі ол жерден кеткенде ұлының да есін жиғызбақ болған еді. Он төрт жасынан бастап алған ілімі балаға өтіп кеткен бе, құрбым ұлын қайтара алмады. «Шамбаланың» алдында дәрменсіздік танытты. Өзі уайымнан ба, үмітсіздіктен бе, сырқатқа шалдықты. Анау ғой... Жазылмайтын ауру. Өткен жолы біреуден біреуге айтып жүріп, ұлымен сөйлесіп, «шешеңнің жағдайы ауыр» деп шақыртып едім. Обалы не керек, ұлы келіп, шешесінің түрін көріп, солқылдап жылап, кешірім сұрап, сектадан кеткенін, жаңа өмір бастайтынын айтты. Біз оның сөзіне сендік. Сүлімдей әп-әсем жігіт. Дипломы бар. Оның сектадан кетем дегеніне қуанған шешесі пәтерді ұлдың атына жазып, жиған-тергенін қолына ұстатты, жазған. Бірақ, неше күн болды, әлгі соры қайнаған сол күйі қарасын батырды. Мен білсем, ол қайтадан сектаға кетті-ау... Сектадағылар ол жігіттің кететінін біліп қойып, қамап тастауы да мүмкін. Пәтері бар екенін білсе, одан айырылмайды... Ой, несін айтасың... Құрбыма қиын болды...

Оның әңгімесін тыңдап отырып, зер салдым. Оншақты жыл ішінде адамның осынша өзгеріп кеткеніне таңғалмауға болмайды. Сәндене киініп, аяғын кербез басатын апайдың шашы сиреп, бояуы оңып, ақ шаштары көрінеді. Әйел адамның шашының қақ төбеден бастап ағаратыны несі екен, неге желкеден бастап ағармайды осы? (Өзімнің шашымның да кекілден жоғары тұсында ақ талдар көбейген.) Оның езуінен төмен қарай сызық тартылып, бет-жүзі де сарғыш тартыпты. Саусақтарында маникюр жоқ, құлағында сырғасы да жылтырамайды.

– Бұл апайға не болған деп қарап отырсың ғой,–деген ол күлімсіреп, салмақты қалыпқа түсті. –Қызымның отбасы дұрыс болмады, қазір менің қолымда, оның өзін, баласын асырауым керек, күйеуім... Басқа отбасы бар... Зейнетақы алам ғой, бірақ, бәрі қымбат, ештеңеге жетпейді.

– Құжатпен жұмыс істейтін, болмаса еден жуатын бола ма, қосымша жұмыс туралы естісең, айта салшы,–деді ол телефон номерін беріп жатып.

Біз жылы қоштастық. Ол менімен бірге №10 автобусқа отырғысы келмеді, №52-ші автобусты күтем деді.

– Сау болыңыз, апай!

– Сау бол. Айтпақшы, баяғыда йогаға шақырып, мазаңды алғаным үшін кешір... бақытты бол! – деген ол, оң қолын бұлғап, баяғыша жымиды.

Жадыра Шамұратова

Жадыра Шамұратова — жазушы, аудармашы, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданында туған. Республикалық бірнеше әдеби конкурстардың жүлдегері. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 2004 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінде Камал Смайылов атындағы арнаулы сыйлыққа ие болған. 2019 жылы «Қазақ пен қала» проза конкурсының ІІ орын иегері. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде, республикалық «Алтын Орда» газетінде, БҚО драма театрының әдебиет бөлімінде, республикалық «Заң» газетінде (меншікті тілші), республикалық «Тұмар» журналында әдеби қызметкер болып жұмыс жасаған. 2017 жылдан ҚР Ішкі істер министрлігі ҚР ІІО Медиа орталығы, «Сақшы» газетінің бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылы «Аударма» баспасынан Әлем әдебиеті сериясымен шыққан бірнеше кітапқа редакторлық еткен.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon