Мира Сембайқызы

729

Мессенжер

Әңгіме

Күнделікті әдетке айналды ғой. Таң атар-атпастан жарыққа әлі үйренбеген көзімді сығырайтып аша салып, дүниенің хабарынан құр қалғандай әлеужеліні бір сүзіп шығам, түн ортасында біреу маңызды хабарлама қалдырғандай месенжерді ақтарам. Бүгін де әлеужелі хабарларын ойсыз сырғытып отырып, «Бұл адамды танитын шығарсыз» деген жолдағы сүйкімді қыздың суретіне көзім түсіп кетті. Арнайы эффектімен түскен бе, әлде шынымен табиғаты солай ма, қыз аршыған жұмыртқадай аппақ екен. Қыздың сүйкіміне арбалып қалдым ба, достық жібере салыппын.

Күндізгі қарбалас тірліктен кейін кешкісін үйге шаршап келдім. Анамның интернетке кірсең жылтылдап шыға беретін жарнама секілді, басып қалсаң басқа әңгіме басталып кететін «қашан үйленесің, өстіп жүре бересің бесін» тыңдап, дайын тамаққа тойып алдым. Анамның жарнамасын өткізіп жіберіп, бөлмеме барып смартфонымды құшақтай төсегіме құладым. Кейде әлеужеліге не үшін, не іздеп кіретінімді білмеймін. Әйтеуір бір қарап шықпасам бірнәрсе жетпей тұрғандай болады. Мессенжердегі хабарламаларды да қарадым, бәлендей ешнәрсе жазылмапты. Сол - «қалайсың, не істеп жатырсыңнан» басқа түк жоқ. Топтарда да сол баяғы мыжыған әңгіме. Таңертең достық жіберген аппақ қыз достығымды қабылдапты, қасымды кердім. Таңқалдым ба, қуандым ба, білмеймін. Онлайн отыр екен. Месенжеріне жаздым.

– Сәлем.

– Сәлем.

– Танысып қояйық, атым...

– Жарайды. Мен...

– Танысқаныма қуаныштымын.

– Неге?

– (ойланған смайлик) Қуануға болмай ма?

– Білмеймін))

Әңгімеміз жарасып кетті. Күнде сөйлесетін болдық. Әдептен аспай әрнәрсені әңгіме етеміз. Саясатты сөз еттік, дін туралы айттық, өзіміз жайлы әңгімелестік. Қыздың жауаптары үнемі ұтымды шығады, зерек екені көрініп тұр.

– Әлеуметтік желіге не үшін кіресің?

– Бұл күнделікті әжетіңді өтейтін жер ғой, кірмесең болмайды...дәретхана секілді, – деп, қарқылдап күлген смайликпен қосып жібердім де, ұялып қалдым. Дереу өшіріп едім, оқып үлгерді. Сыпайы күлген смайлик жіберді.

– Ал мен, мұнда адам іздеп кірем.

– Таптың ба?

– Таптым.

– Ол кім екен, білуге бола ма?

– Сен. Қызық, мессенжер бізді өзгертіп жіберді, иә?

-Неге олай ойлайсың?Б.зЮ

– Біз қазір күлмейміз – күлген смайлик жібереміз, жыламаймыз – жылаған смайлик жібереміз. Тіпті ашулана да алмаймыз, ашуланған смайликті жымиып отырып жібере саламыз. Өстіп-өстіп эмоциядан жұрдай болмасақ болды.

Күні бойы қызды ойлап жүретінді шығардым. Жұмыс кезінде смартфон ұстауға рұқсат етпегендіктен күні бойы ойлануға уақытым бар. Кешкісін үйге келе салып, мессенжерді ашам. Бірақ ол ешқашан бірінші болып хабарлама жазған емес. Тек мен жаза бастағанда ғана онлайнға шығады. Бір-екі рет видеоқоңыраумен сөйлестік. Профиліндегі суреті шын екен, ешқандай эффект қолданбапты, табиғатынан аппақ қыз. Сүйкімді. Биязы. Ақылды. Ұнатып қалған секілдімін.

Бүгін де видеоқоңырау шалдым. Біраз сөйлестік. Бір кезде:

– Қазір келем, отыра тұр, –деді де, арғы бөлмеге шығып кетті. Күтіп отыра бердім.

– Сәлем! – Экранға бес-алты жас шамасындағы кішкентай қыз жақындады. Сіңілісі ғой деймін, қатты ұқсайды екен.

– Сәлем!

– Сіз кімсіз?

– Мен... Ал сен кімсің.

– Мен... тәтемнің сіңілісімін. Ойыншықтарымды көресіз бе?

– Көрейін.

Кішкентай қыз қолындағы қуыршақтарын, жұмсақ ойыншықтарын маған көрсете бастады.

– Ойыншықтарың қандай әдемі.

– Иә, тәтем әперген. Біздің үйге келгенде сіз де ойыншық әкеп беріңізші, иә?

– Жарайды, – дедім сасқанымнан. Үйіне баруды ойламаппын.

Басқа бөлмеге шығып кеткен ол келе жатыр еді, сіңілісі:

– Ой, мен кеттім. Тәтеммен сөйлесе беріңіз, – деп, қолын бұлғап, кетіп қалды. Мен де қолымды бұлғап, жымиған күйі қала бердім.

– Неге қолыңды бұлғап отырсың?–деді ол келе сала күліп.

– Сіңіліңмен қоштастым.

– Сіңіліммен? – Маған біртүрлі түсінбей қарады.

– Қазір ғана келіп ойыншықтарын көрсетіп кетті ғой.

– Менің сіңілім жоқ... Үйде жалғызбын.

– Қалай сонда? Жаңағы қыз кім?

– Білмеймін. Сіңілім болған... Бірақ біраз уақыт бұрын көлік апатынан қайтыс болды. Алты жаста еді... менен аумайтын өзі... – Көзіне жас толып кетті.

Сонда қалай? Өз көзіммен көрдім ғой, сөйлестім ғой. Қос қолыммен басымды қысқан күйі отырып қалдым. Денем түршігіп кетті. Жаңағы кішкентай қыз кім сонда? Бұл сұраққа ол да жауап бере алмады.

Түсініксіз осы оқиғадан кейін екі күндей мессенжерге жоламадым. Тек үшінші күні, демалыста аппақ қыздың үйіне бармақ болдым. Алдында мекен-жайын сұрап алғам, алыс емес, жақын маңдағы ауылдардың бірінде анасымен ғана тұрады екен. Жексенбіде бір шоқ гүл мен бір қорап Мерсиді (шоколад жақсы көрем деген) алып, қыздың ауылына тартып кеттім. Таксимен лезде жеттім. Ауылдың шетіне таман орналасқан жер үй екен. Қоршауы бұрынғы ағаш қоршаулар, ауланың бәрі көрініп тұр. Есігінің алдында ешкім көрінбейді. Иті де жоқ сияқты. Ағаш есікті ашып, ақырын ішке кірдім. Батылдығымды жинап, үйге де жақындап, сыртқы темір есікті қақтым. Есік ашылып, арғы жақтан орта бойлы, жүзі жылы әйел кісі шықты. Анасы сияқты, ұқсап тұр.

– Сәлеметсіз бе.

– Сәлемет пе.

– ...бар ма? – дедім сасқанымнан бірден қызды сұрап.

Әйел селк етіп, тіксіне қарады.

– Қызыңыздың досы едім.

– Қашаннан бері?

– Бір айдай болды...

– Балам, сен қателесіп тұрған боларсың.

– Жоқ. Қызыңыздың аты... ма?

– Иә.

– Онда сол қыз. Маған осы мекен-жайды берген.

– Қарағым, менің екі қызым болған. Екеуі де бір жыл бұрын көлік апатынан қайтыс болды. Басқа қызым жоқ... – деді де есікті жауып, кіріп кетті. Төбемнен біреу бір шелек мұздай су құйып жібергендей болды. Не болып кетті өзі? Гүл мен шоколадты тастай салып көшеге қарай жүгіріп шықтым. Жүрегім атқақтап аузыма тығылды. Тілерсегім дірілдеп, көшенің шетіндегі тасқа отыра кеттім.

– Балам, бір жерің ауырып отыр ма? – деген дауысты естіп басымды жұлып алдым. Манағы үйден шыққан әйел екен деп шошып кеттім. Дауысы ұқсап кетті. Жоқ, басқа кісі екен. – Мына жерде басыңды салбыратып отырғаныңа бір сағат болды ғой. Ауырып қалмадың ба?

– Жо-жо-жоқ, бәрі дұрыс.

– Анау үйге не үшін келдің?–деп қыздың үйін иегімен көрсетті. – Мен сол үйдің көршісімін.

– Бір қызды іздеп келгем. Аты...

– Ойбай-ау оны қалай іздеп келесің? Олар отбасымен бір жыл бұрын көлік апатына түсіп қайтыс болған. Шешесі мен екі қызы.

– Не? – Көзім атыздай болып, үй жаққа жалт қарадым. Бағана мен келгенде есігінің алды тап-тұйнақтай, гүлдер өсіп, жайқалып тұрған үй дегенім тозығы жеткен, терезелеріне тақтай шегелеп тастаған, қоршаулары сынған үй екен. Жынданып кететін шығармын деп ойладым. Жоқ. Орнымнан тұрып, әлгі кісіге алғыс айтып келген жағыма қарай кеттім.

***

Осы оқиғадан соң, біраз уақыт смартофонымды қолға алмадым. Қорықтым. Сөйлесіп жүрген қызымның профилі де, нөмірі де жоғалып кетті. Іздемедім де. Батылым жетпеді. Ақпарат ағыны, қарабалас тірлік кейде сені ешнәрсеңе қарамай, қақпақылдап алып кетеді ғой. Мен де еріксіз сол ағынға ілестім. Есімді жидым. Бірақ содан кейін әлеужеліде өзім танымайтын адаммен сөйлеспейтін болдым. Ал кейде өзіме сұрақ қоямын:

– Мен осы тірімін бе?

Мира Сембайқызы

Мира Сембайқызы — жазушы, ертегіші, «Мейірімді шаңсорғыш» кітабының авторы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon