Аяла Біржанқызы

808

Күзгі ноталар

Күзгі ноталар

Ойларыңның түбіне жетпейсің бе?

Қимасаң да, жаныңнан кет дейсің бе?

Естіп қалсаң үнімді, шыныңды айтшы,

Сен... Елең етпейсің бе?!

Көрсеткенде қыс дауыл, аппақ қарын,

Жүрегіңді кезбейме, мұң мен сағым?

Қағаз-қалам ұстаған сәттеріңде

Елестей ме... жырларым?

Ұмыттың...

Жалған айтқан жарай ма?

Көлеңкем көрінеді қай айдында?

Қыз көргенде кірпігін жасқа малған

Мен екен деп... қарайсың ба?

Ай астында әлдилесе қою түн,

Жырларыма жан бітіріп, сырлы үн.

Түстеріңе енемін бе, білмеймін,

Кеш ұйықтадым мен бүгін...

Өткен уақыт қағама екен есігін?

Естілгенде өзгелерден есімім.

Өткен үшін, мені кешір, өтініш

Ал мен сені баяғыда кешірдім!

***

Бетпақтық... артыма қарамай!

Белгісіз өмірге көндім де...

Белгілі бағыты желдің де...

«Ұнаттым, ол рас» дей алмай,

«Ұмыттым» дей салдым, сездің бе?..

Жоқ... Жүрегің өзге үшін соғады!

Сезеді, жүрегім себебі,

Ол сені таңдады, теңеді!

Тастайын жүректі жібітіп,

Ал жібу – қолыңнан келмеді!

Неге екен? Сен кім-ең соншалық?

Түндерге отырмын мұң шағып.

Оралмас шақтарым, жүрегім...

Сезімім шарпыды от алып...

Оралма, енді сен маған!

Айыпты тағдырға мен таңам!

Өзгертуге өткенді болмайды,

Жазылар менің мұң-жарам.

Оралып, қайтпаймын ендігі,

Өткенді жадымнан өшіріп,

Ойлама ол жүр деп өкініп!

Мен қазір бастаймын барлығын!

Жақсыны жаңаға көшіріп...

Бейнеңді, бәрін-бәрін өшіріп...

***

Теңіз көңіл тасиды толқындатып,

Жағалауын соққылайды еріксіз.

Ойларым жүректі өртеп, алқымдап

Жылап тұрып, күлу – неткен көріксіз?

Өбіп жатыр самалымен өмір-мұң.

Қандай жанға бақыт мәңгі сезілер?

Тәлейімен таласқандай көңілім,

Найзағайдай шатырлайды сезімдер.

Күлген бейне жазып жалған дастанды,

Ойға батам әлем ұйықтап жатқанда...

Қияшыңдай бұлтқа сүртіп жастарды,

Күнді күліп қарсы аламын ақтаңда...

Сағымдалып, жұлдыз баяу аққандай.

Дала салқын, қала сұлу балконнан.

Ал, жүректе жарылып жатқандай,

Жарылыстар қуаттырақ атомнан.

***

Жарар! Міндетті емес ешкім!

Уақыт ше? Иесі келместің!

Қызғану үшін де, білемін...

Мен ешкім емеспін...

Түнімен кезетін елесің,

Білемін, ол да сен емессің!

Сендегі ойларда жүруге,

Мен ешкім емеспін...

Ай деген білемін емес Күн!

Жанардан сыр ұқсаң сенерсің,

Сырыңды айтуға тағы да,

Мен ешкім емеспін...

Анық қой тағдырда келмесің,

Мен саған «ұнатам» демеспін!

Сезімге жауап қатуға,

Сен де ешкім емессің...

Құлаудан қорқамын сенбессің...

Тағы анық жүрекке көнбесім.

Сен маған әлемсің, ал саған –

Мен ешкім емеспін....

Аяла Біржанқызы

Аяла Біржанқызы — ақын, редактор. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ тілі және әлем тілдері факультеті, филология мамандығының 2-курс студенті.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon