Дана Жантемирова

679

Абыздардың сыйлары

(аударма О.Генри)

Бір доллар сексен жеті цент. Бар болғаны осы. Бұның алпыс центі бір центтік тиындармен. Әрқайсысы үшін ет сатушысы, бақалдағы саудагер, көк сатушысымен қаншама рет саудаласып, оның бұл үнемшілдігіне олардың үнсіз ұнатпағанынан құлақтарының қызарғанын айтсаңшы. Делла ақшасын үш рет қайта санап шықты. Бір доллар сексен жеті цент. Ертең — Рождество. Қолынан келер бір-ақ амал — ескі кереуетіне жалп етіп, өксіп жату. Делла дәл солай істеді де. Бұдан шығар философиялық түйін, өмір дегеніңіз – көздің жасы, күрсіну мен күлкіден тұрады, ал бұның ішінде күрсіну жиі кездеседі. Үй иесі аталған стадиялардың бәрін өтіп жатқанынша, үйдің өзіне көз жүгіртейік. Аптасына сегіз долларға түсетін жиһазы бар шағын пәтер. Үй іші — сорақы қайыршылықтан бұрын, айқын да үнсіз кедейлік. Төмендегі кіреберіс есікте тесігіне бірде-бір хат сыймайтын хат-жәшік пен бірде-бір тірі жан дыбыс шығара алмайтын электр қоңырауы. Мұның бәріне қоса «Мистер Джеймс Диллингем Юнг» деген жазуы бар карточка, ал ондағы «Диллингем» - кеңінен жазылған сөзі иесі аптасына отыз доллар алған шағынан қалған. Енді міне, иесі аптасына жиырма доллар ғана тапқанында, сол «Диллингем» сөзінің әріптері солғын тартып, «Д» дегенге дейін қысқарсақ па екен біртүрлі ойға батқан сияқты. Мистер Джеймс Диллингем Юнгтың өзі үйіне келіп, жоғарғы қабатқа көтерілгенінде, оны әдетте бұдан бұрын Делла есімімен таныстырылған миссис Джеймс Диллингем Юнгтың «Джим!» деген қуанышқа толы дауысы мен жылы құшағы қарсы алатын. Ал бұл, шынын айтса, өте сүйкімді көрініс.

Делла көз жасын тыйып, бетін опа жағатын мамықпен сүртіп алды. Терезе алдында мұңға батып, ол сұр үйдің алдында тұрған сұр дуалдың үстімен серуендеген сұр мысыққа қарап тұрды. Рождество ертең-ақ, ал Джим үшін сыйлығына бір доллар сексен жеті центі ғана бар! Бірнеше айдан бері әр центін ұқыптылықпен үнемдеп жинастырған еді, алайда қол жеткізгені — осы. Аптасына түсетін жиырма доллармен бұдан өзге шықпас та еді. Шығындары ойлағанынан көп. Шығын ақшамен ылғи да солай ғой. Джимнің сыйлығына бар болғаны бір доллар сексен жеті центі ғана бар! Оның Джимі! Джимнің сыйлығын ойластырып қаншама жанға жағымды сәттерін өткізді! Әлдебір айырықша, сирек кездесетін, аса қымбат нәрсе, Джимнің өзіне лайық, құнды нәрсе болуы қажет. Екі терезе аралығында трюмо тұрған еді. Сегіз долларлық жиһазы бар пәтердегі аралық қабырғадағы трюмо айнасына қаранып па едіңіз? Өте жүдеу де қимылы ширақ адам ғана трюмоның тар ғана жармаларында ауысып отыратын кескіндерінен өзінің сырт келбеті жайында толық суретті елестете алады. Тұла бойы нәзік қана Делла бұл өнерді әбден игеріп алған. Терезе қасында тұрған жерінен атып тұрып, ол айнаға қарай ұмтылды. Көзі жайнап кетті, тек жүзі жиырма секундтай уақытқа бозара қалды. Шашындағы түйреуіштерін шапшаң қимылымен алып тастап, шашын жайып тастады. Айта кеткен жөн, Джаймс Диллингем Юнг ерлі-зайыптылардың мақтануға лайық екі қазынасы болатын. Бірі — Джимнің атасы мен әкесінен мұра қалғын алтын сағаты, екіншісі — Делланың шаштары. Әйгілі Саба ханшайымы қарама-қарсы үйде тұрса егер, Делла басын жуғасын, мәртебелі ханымның әшекейлері мен қымбат киімдерін құнсыздандыру үшін тарқатқан шашын әрине терезе алдында кептірер еді. Ал Сүлеймен патшасы дәл сол үйде швейцар қызметін атқарып, әйгілі қазыналарын сол үйдің жертөлесінде сақтаса, егер Джим әлгі патшаның қызғанышынан сақалын жұлып тұрғанын көру үшін қасынан әр өткен сайын әдейі тоқтап, сағатын қалтасынан шығарып жүрер еді. Делланың тамаша шашы қоңыр сарқырамадай жылтырап жатты. Қолаң шашы тізесінен төмен түсіп, денесін тұмшалап тұрды. Ол сәл абыржып, асыға-асыға шашын қайта жинай бастады. Ол біраз күмәнданып тұрды, көне қызыл кілем үстіне бір-екі тамшы жасы үзілді. Иығына ескі қоңыр жакет жамылып, басына ескілеу қоңыр қалпағын киіп, белдемшесімен сілтеп қалып, көзіндегі кеуіп үлгермеген жылтырағымен көшеге төмен қарай жүгіре түсті. Ол «M-me Sophronie. Шаштан жасалған түрлі бұйымдар» маңдайшасы бар есік алдына келіп тоқтады. Екінші қабатына жүгіре шығып, әзер демін алып:

— Шашымды сатып аласыз ба? — деп сұрады ол кіре сала.

— Иә, мен шаш дегенді сатып аламын, — жауап берді мадам. — Қалпағыңызды шешсеңіз, тауарды көрейін.

Тағы да қоңыр құлама жылтырай бастады.

— Жиырма доллар, — деді мадам, үйреншікті қимылмен шашын ұстап көріп.

— Тезірек онда, — деп келісті Делла.

Келесі екі сағат қызғылт қанатта қалықтаумен өтті — мезі болған метафора үшін ғафу етерсіз. Джимге арнағалған сыйлықты іздеумен Делла барлық дүкендерді аралап шықты. Ақыры іздегені алдынан шықты. Бұл заттың Джим үшін жасалғаны күмән туғызбады, тек оған лайық сый еді. Өзге дүкеннің ешбіреуінде де бұған ұқсас ешнәрсе табылмады. Бұл, жылтырынан бұрын, құнды нәрселерге тән сипаттағы нағыз сапасымен көзге түсетін қарапайым да жарасымды суреті бар ақ алтыннан жасалған сағаттың бауы еді. Бұл бұйымды тіпті сол сағатқа әбден лайық деуге де болатын. Соны көре сала Делла ол сағат бауы Джимге арналып жасалғанын бірден түсінді. Ол Джимнің өзіне ұқсаған-ды. Қарапайымдылық пен абырой — екеуіне тән айырықша қасиет. Делла кассаға жиырма бір доллар төлеп, қалтасында қалған сексен жеті центімен үйіне асықты. Мына сағат бауымен Джим қай жерде болсын уақыттың қанша болғанын ұялмай қарай алады. Сағаты керемет бола тұра, Джим оған ұрлана қарайтын, себебі ол сағаты түкке тұрғысыз былғары баумен байланған еді.

Үйде Делланың сабырсыздығы бәсеңдеп, шаруақорлық пен көрегендікке жол берді. Шаш бұйралайтын қысқышты шығарып, газды қосты да, ол жомарт махаббаттың кесірінен туған бүліншілікті түзетуге кірісті. Ал бұл, құрметті достар, аса ауыр жұмыс. Қырық минуттың ішінде оның басы сабақтан қашып кеткен бұзақы балаға ұқсатқан кішкентай ғана бұрымдарға толды. Делла айнадағы суретіне ұзақ та сын көзбен мұқият қарады. «Ал, — деді ол өз-өзіне, — Джим мына түрімді көре сала, бірден өлтірмесе, Кони-Айленд хорындағы қыздарға ұқсатар. Бірақ басқа амалым болды ма? Қолымдағы бір доллар сексен жеті центпен өзге амалым болды ма?!»

Сағат жетіге қарай кофе даяр болса, газ плитасында қызған таба қой етінен дайындалған котлеттерді күтумен тұрды. Джим ешуақытта кешікпеуші еді. Делла ақ алтын сағат бауын қолына қысып, есікке жақын жерге үстелге отыра кетті. Біраздан соң ол жолдасының қадамдарын естіді де, бір сәтке бозарып кетті. Күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйегіне қатысты қысқа ғана дұға оқып, құдайға сыйынатын әдеті болатын, бұл жолы да ол асыға сыбырлай бастады: «Жаратқан ием! Мені ұнатпай қалатын жағдайдан сақтай гөр, өтінемін!» Есік айқара ашылы, Джим кіріп келді. Жүдеу ғана жүзін уайым басқан еді. Жиырма екі жасында отбасының отағасы болу оңай емес! Үстіндегі пальтосын ауыстыратын уақыт таяп қалған-ды, ал қолы қолғапсыз тоңып жүретін. Джим бөденені сезген сеттердей есік алдында қылшиып қалды. Оның көзі Деллаға түсіп, әлдебір түсініксіз түрмен тұрып қалды, және сол бір әлпеті Делланы зәресін ұшырды. Түрі сол мезетте әбден орынды болар деген не ашу, не таңырқау, не жазғыру, не үрейді білдірмеді. Көзін айырмай Деллаға қарап тұрған Джимнің түрі сол оғаш әлпетін өзгертпеді. Делла орнынан атып тұрып, Джимге ұмтылды.

— Джим, жаным, — деп айқай салды ол. — Қарамашы былай маған! Шашымды қидырып сатып жібердім. Себебі Рождество қарсаңында саған арнаған сыйлығым болмаса, шыдамас едім. Шашым қайта өседі ғой. Сен ашуланбайсың ғой бұныма? Өзге амалым болмады. Шашымның тез өсетін ерекшелігі бар. Рождество мерекесімен құттықтасаңшы мені, Джим, және бұған бірге қауанайық. Саған дайындаған айырықша сыйлығымның қандай керемет екенін білсең ғой!

— Сонда шашыңды қидырдың ба? — деп сұрады Джим, манадан бері басындағы ауыр жұмысына қарамастан, алдындағы шындықты түсіне алмаған кісіше.

— Иә, қидырып, сатып жібердім,- жауап берді Делла. — Бірақ сен мені бұрынғыдай сүйесің ғой? Шашым қысқа болса да, мен сол қалпымын.

Джим аң-таң күйі бөлмелерін қарап шықты.

— Демек бұрымдарың жоқ қой енді? — деп сұрай берді ол дегенінен қайтпай.

— Іздеме, таба алмайсың, — деді онысына Делла. — Айтап тұрмын ғой: сатып жібердім шашымды. Джим, бүгін — сочельник. Маған мейірімді болшы, себебі бұны сен үшін істедім. Шашымның талдарын санауға да болатын шығар, — сөзін жалғастырған Делланың жұмсақ дауысы қатаң бола қалды, — бірақ саған деген махаббатымды ешкім, ешкім де өлшей алмайды! Котлеттерімді қуарайын ба, Джим?

Осы сәтте Джим есін жиды да, Делланы құшағына алды. Сыпайылық танытып, өзге нәрселерге назар аударсақ. Мыналардың қайсысы көп екен — аптасына сегіз доллар ма, әлде жылына бір миллион ба? Математик пен данышпан сізге қате жауабын береді. Сонау абыздар аса қымбат сыйларын әкелсе де, арасында бір нәрсе жоқ еді. Алайда бұл көмескілеу тұспалды кейінірек түсіндіре жатармыз.

Джим қалтасынан түйіншекті шығарды да үстел үстіне тастай салды.

— Делл, мені қате түсінбе, — деді ол. — Саған деген сезімімді ешбір шаш сәні, шашыңның ұзын не қысқа болуы өзгерте алмайды. Мына бір орамдағы затты көрсең, алғашында абдырап қалғанымның себебін өзің түсінесің.

Шапшаң да нәзік саусақтар орамның жібін тарқатып, қағазын алып тастады. Масаттанған дауыстан соң, өкінішті-ақ, бірақ әйел затына тән көңіл-күйдің ауыспалы заңына сәйкес — өксік пен күрсіну дыбыстары естілді. Және бұл жағдай үй иесін қолындағы жұбататын барлық амалды пайдалануына мәжбүр еткізді. Үстел үстінде тарақтар жатты — шашты артынан және екі жақ бүйірінен ұстайтын тарақ жиынтығы. Бұл тарақтарды Делла Бродвейдегі витринаның бірінде көріп, көптен бері қызығып қарап жүрген. Тасбақа сауытынан жасалып, шеттері жылтыр тастармен — қоңыр шаштың түсіне келетін — безендірілген тамаша тарақ жиынтығы. Бағасы тым қымбат еді, Делла бұны білетін, сондықтан да әр көрген сайын жүрегі орындалмас арманынан зарығатын. Енді міне, тарақтары қолында, тек бұлар әшекей бола алатын құлан шашы жоқ. Дегенмен ол сыйлығын кеудесіне қысып, көз жасын жасыра күлімсіреді де:

— Джим, шашымның тез өсетін ерекшелігі бар! — деп үн қатты. Кенеттен ол күйген мысықша атып тұрды. — Құдайым-ай! — Джим оған арналған сыйлығын әлі көрмеді ғой! Ол алақанында жатқан ақ алтын сағат бауын ұсынды. Күңгірт қымбат металл өзінен шашылған шаттық сәулесіне бөленіп нұрлана түсті.

— Джим, керемет емес пе? Мына бір кереметті тапқанымша, күллі қаланы аралап шықтым. Енді сағатыңа күніне жүз рет қарасаң да болады. Сағатыңды әкелші. Бірге қалай жарасатындарын көргім келеді.

Алайда Джим өтінішін орындау орнына тақтай төсекке жайғасты да, жымиып қана қойды.

— Делл, — деді ол, — сыйлықтарымызды қоя тұрсақ дұрыс болар, әзірше өз сәтін күтіп жата тұрсын. Біз үшін тым қымбат болар осы күнде. Саған мына тарақтарды алу үшін сағатымды сатып жібердім. Котлеттеріңді енді қойса да болар.

Әулие сәби алдына сыйларын әкелген абыздар аса данышпан болғаны белгілі. Рождество алдында сыйлық ұсыну әдетін солар бастаған. Абыздар данышпан болғандықтан, сыйлары да данышпандықпен таңдалып еді, тіпті қажетінше ауыстырып алу мүмкіндігі де қарастырылған да шығар. Сіздерге бұл арада сегіз долларлық пәтердегі екі ақылсыз баланың хикаясын айтып бердім. Бұл екі ақылсыз жан сыйлықтары үшін өздерінің баға жетпес қазыналарын құрбан етті. Бүгінгі күннің данышпандарына айтарымыз, барлық сый берушілердің ішінде бұл екеуінің данышпандығы асып түсті. Сыйлықтарын ұсынатын және сыйларын алатындардың ішінде дәл осындайлар ғана данышпан деуге лайық. Барлық жерде, әрқашан. Бұлар — абыздардың өздері.

Орысшаға аударған Евгения Калашникова.

Орыс тілінен аударған Дана Жантемірова.

Дана Жантемирова

Дана Жантемірова — жазушы, аудармашы. Ы.Алтынсарин атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік әдеби шығарма конкурсының жеңімпазы (2021 жыл). О.Генридің новеллаларын, Александр Гриннің әңгімелерін, Анастасия Цветаеваның «Старость и молодость» повесін қазақшаға аударған және Мәди Айымбетовтың шығармаларын орыс тіліне тәржімалаған. Көкшетау қалалық «Қала тарихы» музейінің жанын ашылған «BookPArnas» ашық әдеби клубының мүшесі. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Көркем аударма» аталымында.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon