Валерия Крутова

312

Лида

(Новелла. Қазақша аударма)

Босануға ешбір дайындықсыз жетіп баратын пенде болса, ол – әйел. Көтеншегі жыртылғанша күшеніп, қанға шыланып, есінен танып, бөтен кісілердің көзінше нәжісі атқылап... Жан ұшыра шыңғырып, жанындағылардың бәрін қарғайды. Айғайлап, жамбас бұлшық еттерін қысып алғанда, жарық дүниеге келе жатқан, көптен күткен сәбиіне қауіп төнетінін де ескермейді. Сол бір сәтте, әйелдің сана көкжиегінде ақыл-таңы атып келе жатқанда, жанын қинаған ауыр азап біртіндеп жылыстап, сәлден соң қауқарсыз әйелді тағдырымен біржолата осында тастап кететін қасірет жыпылықтай көзін қысады да, тайып тұрады.

Осындай сәтте әйелден асқан күшті адам жоқ, өйткені адамға ауыр азаппен өмір сыйлап тұрып, өмірден күдерін үзбейді. Әрі, үймелеген үрей мен бөтен кісілердің айтқан ақылдарының ортасында қараусыз қалатын да – әйел.

Егер, Ольга Давыдова өзін не күтіп тұрғанын білсе, бәлкім, босаңсыған картопқа ұқсайтын, құлақ тұндырар, адамға тән емес дауыспен іңгәлайтын – Лиданың анасы болу бақытынан бас тартар ма еді?.. Лида маусымның он екісі күні түс ауа дүниеге келді. Ольга айқайлап, өзінен соңғы демін шығарып жатқанда ма, әлде, тұңғышын шығарып жатқанда ма, шақырайған күн күйеуі – Савелийдің «копейка» көлігін күйдіріп тұрған. Перзентхананың маңайындағы автотұрақтан да, ағаштардың саясынан да орын таппаған күйеуі көше соңындағы дүкеннің алдына, алдыңғы дөңдегелектерін тротуарға асып, тоқтаған болатын. Ары-бері өткен жүргіншілердің кейбірі «копейканы» арт жағынан айналып өтеді, біреуі дүкеннің сұр тамын қиғаштай жағалап өтеді, бірақ бәрі де Савелийді ала көзімен сүзіп қарайды.

Болашақ әке атанатын кісі осыншама уақыт бойы неліктен бос отыр деген сұрақ туындайды. Әйтпесе, сол уақытын бір бөлмелі пәтердің бұрыш-бұрышындағы, қуыс-қуысындағы шаң-тозаңды тазалауға арнаса болар еді, ең болмаса, кеудесін кернеген шаттықты достарымен жууға да болар еді-ау. Мас болғанша ішіп... Бірақ, Савелий арасында бір телефоны қосылып тұр ма екенін тексеріп қойғаны болмаса, қимылсыз отырды.

Он сегіз сағат ішінде ол күн қайнатып, жылытып жіберген суынан бір-екі рет ұрттады да, айнала тыншыған сәтті пайдаланып, дүкеннің бұрышын дымқылдатып, жұрт көзінен жасырына дәрет сындырды. «Үйге дейін шыдау керек» дегенге Савелийді шешесі үйреткен. Бала күнінде бірде-бір бұтаны, бірде-бір тасты зәрімен былғамаған. Шешесі үнемі бөтелке немесе жол «горшогын» алып жүрер еді. Есейе келе мектепте де, үзіліс кезінде адам құсап әжетханаға бара алмай, үйіне жүгіретін. Бағына орай, үйі жүз метрдей жерде ғана орналасқан-тын; кейін офисте де ол «ішіндегісін» үйіне әкететін, әрі осы бір әдетті бойына сіңірген шешесіне жол-жөнекей кейіп, жағымсыз сөздерін жаудырып бара жатушы еді.

Ал бұл жолы осы бір аймақтан ұзап кете алмады. Тіптен, қоғамдық әжетхана да емес, кәдімгі көшенің қақ ортасында, елу екінші перзентхананың жанында тұрып, рахаттана дәрет сындырды. Көлігіне жайғасқан соң, маңдайынан шіпілдеп аққан терді сүртіп отырып, «бөтелкеге дәрет сындырғаны дұрыс болар ма еді» деп ойлады.

«Босандым» деген алғашқы хабарламаны ол он сегіз сағат өткенде барып, алды. «Палатаға ауыстырды. Бәрі жақсы» - деген хабарлама жиырма бір сағаттан кейін келіп түсті. Ол «Копейкасын» оталдырды да, үйіне кетті. Ақырындап, жылдамдықты көбейтпей, баяу жүріп отырды, аяқ-асты перзентханаға шақырып қалуы мүмкін екенін ескеріп...

Әйтеуір, үйіне аман-есен жетті. Ешқандай хабарлама келген жоқ. Савелий киімін ауыстырып, душ қабылдап, шәугімге шай қойып, үй-ішін реттеуге кірісті. Телефонын қолынан тастаған жоқ. Құдай сақтасын, «аяқ-асты»...

«Аяқ-асты» – осыдан бес жыл бұрын орын алып еді. Толғағы келген, ол кездегі әйелі – Иринаны перзентханаға жеткізіп салып, өзі таң атқанша достарымен гаражында тойлатып еді. Тойлап-тойлап, ертесі бірақ оянған Савелий, өшіп қалған телефонын тауып алып, токқа сұғып, қуаттап, қосқан сәтте оның ескі гаджеті қайғыдан күңірене дірілдегендей тоқтаусыз дызылдап, ашу араласқан, өзегі өртеніп, төзімі таусылған хабарламалар жұлқылай берді. Баласы дүние есігін ашпай жатып, шетінеп кетіпті. Қайғыдан қан құсқан әйелі осыншама уақыт бойы Савелийге хабарласуға тырысқан. Савелий әрбір «алынбаған қоңыраудан» ток соққандай шошып еді... Қалай тірі қалды екен?

Үш күн өткен соң, кешкі тыныштықта балаларының өлімі жазылған анықтама қағазын қолдарына ұстап алып, Ирина екеуі перзентханадан ұры секілді тығыла шықты да, ажырасу туралы анықтаманы алу үшін ЗАГС-ке бет алды. Ирина айтқанынан қайтпай қойды. Күйеуінің бір тәулік бойы алаңсыз, немқұрайлы, жауапкершіліксіз жатқанын ақыры кешіре алмады. Өкініш өзегін өртеп, қайғыдан қабырғасы қайысып, палатада жападан жалғыз қалып, қайта-қайта күйеуіне қоңырау шала берген, шала берген, ал Савелий ұлды болғанын тойлап жүрген. Шетінеп кеткен ұлының...

Ирина оның шексіз қиялын ақыры кешіре алмады. Савелийдің сол күні қалай тойлатқанын бүге-шігесіне дейін өзіне баяндап берді, құдды бір өзі сол жерде болғандай. Томатқа малынған шпроттан ауыз тиіп қойып, гаражды сасытып қуанышын «жуғанын»... Иринаның бар ақыл-есі баласын өлім аузынан құтқаруға тырысқан дәрігерлермен бірге перзентханада емес, гаражда болып еді сол сәтте, өйткені гаражда не болып жатқанын сезді ол.

Савелий телефонын тағы бір рет тексерді. Тыныш. Ол Ольгаға жүрек смайлик жіберді де, артынша тап-таза қылып жуып-шайып қойған бөлмені фотоға түсіріп, «дайындалып жатырмын, қыздар» деп хабарлама жазды. «Біз ұйықтап жатырмыз» деген хатпен қоса, ұсқынсыздау, мыжырайған, мақта қалпақ киген бурятқа ұқсайтын сәбиінің бұлыңғыр суретін алды.

«Сұп-сұлу», – деп жауап берді Савелий.

«Саған тартқан».

Савелий күлді. Жеңілдегендей болып... Адам кеудесіне осыншама көп ауа сыятынын сонда барып байқады. Әдеттегіден, әлдеқайда көп ауа... Үйдің ішін хлор иісі алып кеткенін аңғарып, желдетіп алу керек екенін ойлады. Ольга кетерінде баланың барлық киімін үтіктегенін, бірақ жаңа комодқа салып үлгермегенін аңдады. Сосын, Ольга асығып жүріп, коридорда медициналық картасын тастап кеткенін байқады. Дәрігерлер оны қалайша сұрамаған?.. Есіне түсті... Жиырма бір сағат бойы «Копейканың» ішінде пысынап отырғаны. Өмірінде бірінші рет үйінде емес, көшенің бұрышына дәрет сындырғаны... Адамның құсқысын келтіретін жып-жылы суды ішкені, әрі ары-бері өткен жүргіншілердің қарағандары. Осы бір сәттерді ойынан шығарып тастай алмады, душта шайынғанда да кеткен жоқ. Бейне бір жабысып қалғандай. Бірақ, онша жиіркенішті емес секілді соның бәрі, өйткені олар да білді: Савелийдің Лида есімді қызы өмірге келгенін. Иә, түрі ұсқынсыздау, анау ауланы шаңдатып жүрген шуылдақтарға ұқсамайды әзірге. Жүргіншілер соны түсінген сыңайлы көрінді, өзінше, олардың көзінде жек көруге қарағанда, түсіністікпен қарау басым сияқтанып... Әке атанып жатқан адамға не дейсің? Уайымдап жүр де.

Жо-жоқ. Әкесі уайымдап жүрген жоқ. Ол уайымдап бітті ендігі... Енді, әйтеуір, көлігінің сыртына «қызымды өмірге әкелгеніңе рахмет!» деген ақымақтау наклейка жабыстырып алса, болды.

– Кешіріңіз, сізде Лида деген жазуы бар наклейка жоқ па?

Валерия Крутова — жазушы, XVII және ХІХ СЭИП фондының ұйымдастыруымен өткен жас жазушылар форумының қатысушысы, LiterraNova альманахына (2018 жыл) және «Дорога без конца» әңгімелер жинағына шығармаларына енген. 2021 жылғы «Данко» әдеби сыйлығының финалисті

Аударған: Алишер РАХАТ, жазушы, драматург

Валерия Крутова

Валерия Макеева (псевдоним Валерия Крутова) — родилась в 1988 году. Прозаик, детский писатель. Постоянный автор литературных журналов «Дружба народов», «Юность». Публиковалась в литературных журналах «Автограф», «Лиterraтура», «Формаслов». Детские рассказы из сборника «ФтаройБэ» были прочитаны артистами в проекте «От пяти и до без конца», подготовленном МДТ-театр Европа (творческий руководитель Лев Додин). Лонг-лист литературной премии ФИКШН35 (2020). Финалист литературной премии «Данко» (2021).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon