Дактиль
Ұмтыл Зарыққан
Мойынымдағы қызыл галстугым жан-дүниемді шоқтай қарып,
төбемнен төңкеріле көшкен бұлттарға
емірене қарағаным есімде.
Бұлттар жөңкілген сайын,
тынысым тарыла түсетіндей,
жел гулеген сайын,
әнұран қыстыға түсетіндей,
бәрібір
аяулы еді
сол бір балалық.
«Мойындарыңдағы қызыл галстук – қаһарман бабаларымыздың ыстық қанына боялған» дейтін сонда жетекшіміз,
«ыждағатпен күтіп,
махаббатпен тағыңдар» дейтін тағы.
Қан жауған ұрыс даласын елестете алды ма екен сонда
менің кішкентай ғана
көзімнің алды.
«Бабаларымыздың қаны?..»
ол қайсы бабаларымыз екен?
мойынымызға қызыл қанын жүктеген.
Бір мүшел аттап үлгірмеген кілең жеткіншектер
жуа алармыз ба оны
таңдайымыздағы сүтпенен?
«Бабаларымыздың қаны...»
әр күні кеште қиялға бататынмын
«менің мойынымдағы қайсы қаһарманның қаны екен?» деп,
«қайсы бабаларым тұр екен деп жол қарап?»
Сосын талықсып барып түс көретінмін
түсіме ылғи қызыл галстукты құлындар кіретін
олар мектепке қарай құлдыраңдап бара жататын
мойындарынан күп-күрең қаны
сорғалап.
Осыншама сәтсіздіктер мен қателіктерден кейін
ішіңдегі бар қоқыстан арылып
өмірге қайтадан қарауға болар ма?
Өзің өмір деп ат қойған жалғыз ауыз жұпыны бөлмеңді
қайтадан жасақтауға
болар ма?..
Айталық,
терезелерін күн түсер жаққа ауыстыра алмағаныммен,
қараңғы пердесін сырып,
қабырғаларына
ашық түсті тұсқағаздар жапсырсам деймін,
едені кереметтей жарқырап кетпесе де,
жүргенде табаныма батпаса деймін
іштей...
Әрине...
ең маңыздысы есік қой.
Маңызды болғанда
құлыптың сылдыры мен топсаның шиқылы жүйкеме тимесе болғаны да,
одан гөрі
сырттағы адамның жүрісі де,
тіпті есік қаққаны да,
іштегі менің бар жоғым да,
тірі, әлде өлі екенім де,
білінбесе...
Осыншама сәтсіздіктер мен қателіктерден кейін
осындай үйдің кілтін қай ұста соға алар екен?
Жазмыш па,
әлде тағдыр ма?
Қанша шимайлағаныңмен, сәтсіз шыға беретін әуендей
сол екеуін
қойшы...
Біз сол күні Алматы шаһарын ақтық сапарға аттандырып салуға жиналдық,
қаланың көнетоз аспанын сілкілеп, сілбі жаңбыр үн-түнсіз себелеп тұрды, алдымызда асыл сүйегі үш буылып, қаһарлы қала жатыр.
Ғұндардың құлаған жылқысы секілді.
Біз оның
тұмсығын көкке білеп күмбірлеп кісінегенін,
жер тарпып оқыранғанын,
жұлдызды аспан астында сауырынан сағым ойнап
жосыла жортқанын,
елестете алмаймыз енді.
Алдымызда асыл сүйегі үш буылып қаһарлы қала жатыр,
оның суып бара жатқан демінен
өз бейнемізді аулап,
бір сәт түршіге алмаймыз неге? –
Болат тұяғы тиген бос топырақты қолымызға алып,
көз жасымызды сүрте алмаймыз неге?
Жаназадан жалғыз өзім қайтып бара жатқан жолда,
құлағыма балапандарына асыққан алып Шыңырау құстың
қанатының сусылы келді...
өзімді алып айдаһар баяу жұтқандай,
өзімді алып айдаһар баяу құсқандай,
бір ауық күйде қалдым.
Артыма қайрылып қараймын,
Алматы көмусіз жатыр.
Қайрат Айтбаевқа
Ішімдегі әлдебір дүние үзіліп кеткен сынды...
жандүниемді жарып шыққан осы бір дауыс,
дауыс ішінде булыққан нала,
наланың үмітке,
үміттің махаббатқа
Махаббаттың ғадауатқа ұласар тұсы, –
тоғыз перне үстінде тербеліп,
қос ішек бойымен шайқалар,
бейістің көкқанат құсы.
Алдымда жөңкілген дала,
артымда құлан жортпас құба дүз,
мен сол құба дүзге жалғыз құлынын қалдырып,
бейуақта кісінеген құландаймын бүгін.
Шанақтай аспанның астынан саудырап,
сансыз жұлдыздар сүңгісін қадайды маған –
ол да бір құласаң құтылмас жылым.
Мыңжылдар балбалтас бауырына орап,
қырық жыл киіз құндақта қымтап,
сартап болған сағынышын туған жер төсіне арқалап,
құлаған жылқыдай
сарығым басылар бір күн.
Отты теңізді кешіп өткендей осы бір күйден соң
маңдайым бұрқырап,
ажалға айтармын үкім.
Ажал...
түнімен күлге аунап шыққан көрттей
қос қабырғамды қарпиды менің.
ащы жусанның көкбұйра нілінде –
балқиды демім.
Дүн-дүние түп көтеріле көшкендей
біздегі далалық құлазу.
Басылмай қалды ақыр бір перне,
айтылмай кетті ақыр бір арзу.
Ішімдегі әлдебір дүние үзіліп кеткен сынды...
Қайда?..
қайраулы қалың қолды кейін қайырар
қара домбырамның мысы –
күміс қауырсындарыңмен жебей көр енді
Тәттіекемнің жаралы құсы.
Осыдан он неше жыл бұрын
Үрімжінің ескі көшелерінің бірінен
көнетоз тағаның сынығын тауып алғаным есімде.
Қолыма алып ұзақ қарадым және,
қайсы тұлпардың тұяғынан түсті екен деймін іштей,
қайсы ұстаның қолынан шықты екен деймін тағы,
ұстаған қолдарым қалтырамаса да,
көзіме булығып жас келмесе де,
кеуде тұсымды марғау бір кек тырнағанын сезем.
Сол сезім бойыма күш бітірді ме,
тағаны құлаштап жол шетіндегі қорымға лақтырдым.
Сәлден соң:
уысымда қып-қызыл Айдың сыңғыры ғана тұрды.
мына өлең саған арнап жазылмаған еркем,
мына гүлдер саған арнап үзілмеген көркем,
авторы белгісіз ежелгі өлеңдер сияқты,
қайда құярын білмейтін еріншек өзендер сияқты,
мен де саған арналмағанмын,
көкем.
бәрінен қажыған сәтіңде
санаңның тұңғиық түбінен түнеріп қарайды саған,
бір шыны у
құнығып іше алмайсың,
қотарып төге алмайсың,
ортайып қарайсың әлемге.
бір сәт
қап-қара перде сырылғанын сезінерсің,
күңгірт жазулар оянғанын түйсінерсің,
өзің де шымырлаған у-ға айналарсың сосын
бірте-бірте
қым-қиғаш жолдардың бәрі тұңғиық орманға бастайды,
ең қуатты ойларымның дені сүркейлі тұманға жетелейді.
бір тал шөптің ыңылы да,
бір үзім желдің уілі де арбайды мені
қарашадағы шық жонған дала тәрізді.
иә
кәнігі дала
бар наласын ішіне бүккен.
мен сол кәрі даланы көтеріп,
дімкәс орманды арқалап,
ауыр теңіздерді кешіп,
өксіген толқындар үстінде
келемін.
бәрі басынан басталатындай ма,
меңіреуден біреу қол созатындай ма...
бұл дүниеге жат адам болып жаралғаныңды сезіну қандай қиын...
алып таулардың басынан құлаған күнәң
жандүниеңді көмкеріп,
көзіңнің алдында
Ай сарғайып,
түн теңселіп,
мені күте-күте талыққан жолдар
жатыр, әне,
күзгі атыздай өртеніп
мен ол жолға шықсам,
қайта алмайтынымды білем
мен ол жолға түссем,
қайрылып қол соза алмайтыныңды сезем.
ол да бір-екі рет кешіп өтуге келмейтін өзен...
Ұмтыл Зарыққан — ақын, «Боз жусан бүр жарғанда», «Қоңыр көлеңке» жыр жинақтарының авторы, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты.