Тоқтарәлі Таңжарық

383

Қоныр көлеңке

Құлазу

Үнсіздік пен айқайдың арасындағы

жалғыз аяқ соқпақ... —

ұзыннан ұзаққа шұбалған.

Бейне, ашылмаған Қиял кітабының ішіне

Бір нәзік қол жасырып,

Жалғыз тал емен жапырағындай қуарған.

Алыс сапарға шақыратын жолдар,

Қатал уақыт илеуіндегі бір түн —

Бір ғасыр!

Көз алдыңда билейді сонда

Өткенің мен Болашағыңның сұлбасы.

Немесе көктемгі бәйшешектей

Шықпай жатып солады арманыңның бүршігі.

Сосын отырасың жалғыз құлазып

Өз-өзіңнен тұншығып.

Көзіңді ашсаң да, жұмсаң да

көкірегіңе шер түнер...

Құстар ұшады қанаттарының сусылдарымен мұң аулап.

Сол ұлы құлазу қасіретінің дертінен

Менің де, сенің де, оның да жанары суалар...

Өртелген мешіт

...Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?

Үйі өртелді Алланың.

(Түсім емес, өңім бұл).

Жанарымда боталап жазулардың елесі,

Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.

...Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,

Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.

Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,

Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.

Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,

Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.

Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,

Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.

Өртке сүңгіп барамын...

...Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,

Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.

Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,

Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл...

Мен түсімде ажал құшыппын деймін...

Мен түсімде ажал құшыппын деймін,

Төрт маусымға да ұқсамайтын өзге шақ екен.

Көкірегіме күлгін сәуле тамшылап,

буға айналып, қалқып барады...

Көкке қадалған көзім ештеңені көрер емес.

«Дүние сонша қараңғы ма еді?!» деген ой

және бір сәбидің тоқтаусыз шырылы маза бермейді,

Маза бермейді толассыз құйған нөсер.

Мен Анамды, сосын Сені еске алыппын.

Түсімде кенет ажал құшыппын деймін...

Молданың дұғасын әлдебір тұстан талып жеткен

Көкектің даусы бұза бергендей...

Қаралы жиын көпке созылған жоқ.

Ешкімнің жоқтау айтпағанына қуандым,

Тек Сенің жоқтығың жаныма батты...

Көр топырағын лақтырған күректердің шықыры жүйкеме тиеді.

Мазардан алыстаған топтың аяқ дыбысы марш сияқты...

Ұзаған сайын қара жер дүрсілдеп, қабырғам қайысты.

Мен түсімде ажал құшыппын деймін,

Моламның үстінде жалғыз жауқазын өкситін көрінеді.

Жалғыз шыбықтан сыңсыған үнге балқимын бір сәт.

Зейнебін іздеген Көкектің даусы тыншымайды.

Мен жалғыз емеспін...

Менімен бірге жалғыз қоңыр көлеңке түнейді.

...Міне, қабірдің іші аппақ парақтарға толды.

Сенің жазған хаттарың секілді:

Оқығым келмеген емес,

Оқуға дәтім жетпеген хаттар... өртеніп жатты...

...Әне, атпен біреу келеді,

маза бермейді олар, ән салып өтеді.

«Бұл не, ата?» — дейді сәби былдырлап,

«Бұл – бақсының моласы...» — дейді Жолаушы...

Қоныр көлеңке

Сен қайдасың, қоңыр көлеңке?

Ояу жүрсем де түс көргендей

Сені сағынам.

Кәрі еменнен саулаған жапырақты иіскеймін,

Бірін бірі шимайлаған

жолдардың өткелінде тұрып.

Қаңыраған көшелерді жалғыз кеземін

Иен аралдай көкірегім құлазып,

Әлі жаттамаған дұғаларды күбірлеймін.

Ашқылтым түс көріп ұйқымнан оянсам,

Ойымнан әлдебір әуен сарыны кетпейді —

Жорылмаған түсім секілді,

Болжанбаған сағынышқа шомамын.

Мүлгіген бақта мұңлы әуенді ыңылдап,

Мен иіскеген жапырақты

маңдайыңа басып,

Көлеңкеңнен көлеңке өрбіп,

Мен кешпеген өзендерді кешіп,

Мен жаттамаған дұғаларды күбірлеп,

Сен қайда жүрсің, қоңыр көлеңке?!

Ұйқассыздық

Мына ескі сарайды құстар мекендейді.

Бөренелер ежелгі сәнін еске салғанымен,

Өрмекшінің торы өткенін шимайлап тастаған.

Кептер мен қарлығаштың қауырсындары

Дөдегелердің қуысынан жерге түседі.

Оларды жел баяу қалқытып,

Белгісіз қиырларға ұзатып салуды шешкендей.

Сары ауыз балапандар шиқылдап,

Жем іздеп кеткен аналарын күтеді,

Тіршілік бәрінен қымбат.

Аңқиған есіктер мен терезелер

Бізге әлдебір қимас көзбен сыр шерткендей,

Бірақ олар емес, біз солай қиялдаймыз.

Жел кеулеген жақпардан ішке үңілсең

жүрегің лоблиды,

Саңғырыққа толы босағаны аяйсың.

Қираған пештің қалқасында өскен

Сарғыш саңырауқұлаққа күйе жұқпаған.

Мүк басқан ағаштар жаңбыр суымен көгеріп,

Еден тақтайлары иесіз қалудың не екенін паш еткендей…

Бәлкім бізге жұмықкөздерімен қараған марғаулармен тілдесерміз,

Олар бұрыштар мен қуыстар жайлы ертек айтар.

Шырмауық ораған жетімгүлдердің аянышты халіне назар салма,

Бәрібір біз құтқара алмаймыз…

Көзіңе жас алма, інім, кері қайталық.

Анамыз алыс сапарға шықсаңдар,

Арттарыңа бұрылмаңдар дейтін.

Бұлұғым өшпестей мөрленген.

Біз туған үйдің

Біз тұрған үйден әлдеқайда ыстық екенін сезбейді қазір ешкім,

Және ешкім біздің әулет тарихын баян ете алмайды.

Ол — тек біздің шежіре, көкірегімізге жерленген…

Тоқтарәлі Таңжарық

Тоқтарәлі Таңжарық — ақын, «Түн парақтары» жыр жинағының авторы, «Еуропа ақындарының конкурсының» аясында өлеңдері поляк тілінде Польша елінде жарыққа шықты (2014 жыл).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon