Дактиль
Олжас Жанайдаров
Биыл «Драма.KZ» драматургия фестивалі Қазақстанда бесінші рет өтті. Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал, Ақтөбе қалаларынан 9 драматургтің пьесалары шорт-листке енді. Фестиваль пайда болғалы бері төрт жыл ішінде не өзгерді, қазіргі драматургтер не жазып жүр және олардың пьесаларын режиссерлер не үшін сахналауға асықпайтыны жайлы фестивальдің жетекшісі – Олжас Жанайдаров «Дактиль» журналына сұхбат берді.
– Биылғы фестивальге драматургтерден жалпы саны 53 шығарма келіп түсіпті. Сол шығармалардың қаншауында карантин тақыбыры қозғалған немесе қайсысында карантиндік көңіл-күй сезіледі?
– Пандемия, карантин, ковид тақырыбы автордың шығармашылығында қайткенменде бой көрсетеді, зерттейді, өйткені үлкен масштабтағы, бүкіл әлемді жайлаған оқиға драматург шығармашылығын айналып өтпейді. Мысалы, Малика Илахунованың «Смена» («Ауысылым» ред.) атты пьесасы осы тақырыпқа тікелей қатысты. Автор ауруханадағы бір күнді, ондағы дәрігерлердің жұмысын суреттейді. Ауыр шығарма, дегенмен драма мен эмоцияға толы десек болады. Меніңше, соңғы жылдардағы осы тақырыпта жазылған, Қазақстанда ғана емес, жалпы посткеңестік кеңістіктегі ең сәтті пьеса. Нұрайна Сәтбаеваның «Грехопадение свинки Пеппы» («Шошқа Пеппаның күнәсі») атты пьесасын айтсақ болады. Пандемия кезеңінде ай-күні жетіп, перзентханаға келген әйелдер туралы. Былтырғы фестивальге қатысқан Ольга Малышеваның «FREE HUGS» пьесасын айта кеткен жөн. Карантин кезіндегі бойжеткеннің өмірі жайлы сыр шертетін монопьеса. Басты кейіпкер карантиндегі өз сезімдерімен, қандай қиыншылықтарға тап болғаны жайлы, жалпы бұл ситуация жайындағы ойларымен бөліседі. Данияр Сүгірәліновтің былтыр қатысқан «Второй шанс» («Екінші мүмкіндік» ред.) пьесасы да пандемия тақырыбын жанай қозғайды. Бұл пьесада болашағына, бизнесіне карантин әсер ететін кәсіпкердің оқиғасы баяндалады. Пандемия енді басталған кездегі оқиғаны суреттейді ғой, ал ол кезде болашақтың қандай боларын ешкім болжай алмады.
– Қазақстанда драматургтерге гонорар төлеу мәселесі ақсап тұр. Бұрынырақта, авторлық құқықты қорғайтын ұйым арқылы еңбекақыларын алып жүр еді, үш жылдан бері, коррупциялық шу шыққалы бері, ақшаларын ала алмай жүргені жайлы facebook әлеуметтік желісінде жазбалары тарады. Ресейде гонорар мәселесі қалай және автордың гонорарын төлеу бойынша нақты жүйе бар ма?
– Ресейде де бұл проблема бар. Бұл жерде нақты екі себеп бар. Біріншісі – көзқарастық, екіншісі – ұйымдық-экономикалық. Көзқарастық проблема мынаған байланысты: посткеңестік кеңістікте заманауи драматургтерге (әсіресе аты танылмаған, жас драматургтерге) тұтынушылық көзқараспен қарамайды, яғни пьеса – жалпыға ортақ дүние ретінде санайды. Театр, режиссер шығарманы алады да, жұмысқа кірісе береді. Авторға хабарласу керек-ау, рұқсатын сұрау керек-ау, келісімшартқа отыру қажет-ау деген ой қаперіне де кірмейді. Бұл авторға деген, пьесаға деген көзқарастан туындайтын проблема. Мысалы, сіз пьеса жазсаңыз, оны сахнаға қоятын болып жатса, соған дән риза болуыңыз керек, қай-қайдағы ақша жайлы айтпай дегенге саятын ұстанымда секілді көрінеді. Ал дәл осы жағдай актермен, режиссермен болсыншы?! Театр оларға төлеп үйренген. Қоғамның санасында драматургтердің де еңбекақысын бағалау керек деген ұғым орнықпады әлі. Ол да тірі адам екені, оның да аузы бар екені, өзін және отбасын асырау керек екені ескерілмей келеді. Ол күнін сонымен көреді ғой. Уақыт өте келе мұндай қасаң көзқарастың мәселесі оң шешімін табатынына сенемін. Ал ұйымдық-экономикалық себебіне келер болсақ, бізде Батыс елдеріндегідей агенттік институт жолға қойылмаған. Бұл – драматургияға ғана емес, жалпы әдебиетке қатысты мәселе. Батыста енді-енді дарамутргияға қадам басып келе жатқан автордың өзі агенттермен жұмыс істейді; агент келісімшарттармен, театрлармен байланыс орнатумен, продюсерлермен, театрдың барлық қызметкерімен етене жұмыс жасайды. Бізде өкінішке орай, агенттер жоқ, болса да, өте аз, сондықтан осы жұмыстың бәрін автордың өзі істеуіне тура келеді. Бірақ, шығармашылық адамының бәрінің бірдей қолынан келе бермейді ғой, сол үшін де көп жағдайда өзінің пайдасы қарастырылмаған келісімшарттардың, қарым-қатынастардың құрбаны болып жатады. Мысалы, Ресейде ақын-жазушы, драматург, композиторлардың құқығын қорғайтын «Ресей авторларының ұйымы» деген ұйым бар, бірақ бұл өзі қайырсыз, бітпейтін бюрократиялы структураға негізделген ұйым. Иә, олар мыңдаған авторлармен, мыңдаған тұтынушылармен жұмыс істейтіні, әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөле алмайтыны түсінікті. Авторлармен жұмыс жасауға олардың да құлшынып тұрғаны шамалы. Мұндай ұйыммен ұзақ уақыт бойы нәтежиесіз сүйретіліп жүре беруге болады. Сол үшін де көптеген драматургтер бұл ұйыммен бірге жұмыс жасаудан бас тартты. Қазақстанда да осыған ұқсас ұйым бар екенін білемін, бірақ ол да – Ресейдегідей бітпейтін бюрократиялы структура екенін, олардан жауапты жылдап күтетінін, «әңгімесі көп», әрі көп уақытыңды алатыны маған мәлім. Сондықтан да, қайткен күнде де театрлармен қарым-қатынасты автордың өзі құруына тура келеді. Әрине, авторға осының бәрімен айналысу өте қиын. Автордың рұқсатынсыз оқылым (читка) жасап, тіптен спектакль қылып қойған жағдайда автор оны білмеуі де мүмкін, білген күннің өзінде не істейтінін бағамдай алмай қалады. Бүгінгі таңда мұндай ситуацияларда не істеу керегі жайлы инструкциялар бар, дегенмен оның оңтайлы шешімін табу үшін мінез, күш-жігер, уақыт керек. Тіптен болмаған жағдайда, сотқа шағым түсіруге болады, әйткенмен авторлардың басым көпшілігі мұндайға барғысы келмейді. Мұндай жәйттар автордың моральдық және материалдық жағдайына кері әсерін тигізетіні анық. Осындайда көмек қолын созатын драматургтердің бірлестігі болғаны жақсы. Ресейде ондай бірлестіктер, кәсіподақтар бар, әйтеуір бір-біріне әр түрлі жағдайда не істеу керегін түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісіп жатады. Ал Қазақстанда драматургтер бірлестігі енді-енді қалыптасып келе жатыр, әзірге өз құқықтарын қорғауға және ситуацияға ықпал жасайтындай қауқары жоқ. Дегенмен, драматургтер құқығын қорғайтын кәсіподақ керек-ақ. Авторлар жалғыз күрескеннен гөрі, топтасып құқықтарын қорғаған ыңғайлы.
– Жақында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры бір жоба жасады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен режиссерлер мен драматургтерді шақырып, оқылым жасап, пьесаларды талқылады. Жобаның басты мақсаты – жас, заманауи драматургтер мен жас режиссерлерді таныстыру, сосын режиссерлер өздеріне ұнаған пьесаларын алып, өз театрларының сахнасына қою болатын. Жас режиссерлер пьесаларды спектакльге айналдыруға ешбір кедергі жоқ екенін айтты, бірақ, ең қызығы – заманауи драматургия олардың басым көпшілігінің көңілдерінен шықпады. Сіздіңше мұның себебі неде және осы мәселені қалай шешуге болады?
– Бұл бір қызық жағдай екен, әдетте жас режиссерлер заманауи пьесаларды қоюға құлшынып тұратын. Ал танылған, толысқан, «мэтр» атанған режиссерлер сол – Чеховты, Шекспирді т.б. классиканы қоюға бүйрегі бұрып тұрушы еді. Қазақстандағы жас режисерлер не үшін заманауи драматургияға қызықпайтыны түсініксіз. Бәлкім, жалпы Қазақстанда театр процесі жас болған соң, заманауи драматургияға көңіл бөлетін, жаңа мәтіндерден қызықты дүниелер іздейтін әдет қалыптаспаған шығар? Бір шетінен, оқу орындарында, өнер ордаларында режиссерлерге классикалық немесе шетелдік пьесаларды сахналауын тапсырма қылып беретіндіктен, сол бір екпінмен кететіндіктен, заманауи қазақстандық драматургия бойынша жұмыс жүргізілмегендіктен шығар. Ең болмаса, студенттер заманауи пьесадан бір-бір үзінді қойса, мысалы... Бәрібір, Қазақстандағы заманауи драматургия өте жас. Иә, Кеңес кезінде танылған отандық классиктер бар, сосын арада бір үлкен үзіліс болды, енді тәй-тәй басып жаңа драматургия келе жатыр. Әзірге Иван Вырыпаев немесе Павел Пряжко секілді кеңінен танылған жұлдыздар, жас авторлар үлгі тұтатын драматургтер жоқ. Әрине, бұл уақыттың мәселесі, он жылдан соң, бәрі өзгеретініне сенемін. Заманауи драматургияға деген режиссерлердің көзқарасын өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қайткенменде, 50-100 жыл бұрын жазылған шығармалар қазіргі заманның тамырын дөп тауып, суреттей алмайды ғой, олар өз заманы, өз замандасы жайлы жазды. Ал бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін тек дәл қазір жазу үстелінде отырған драматург қана бере алады. Егер сіз дәл бүгінгі күнді сахнада көрсеткіңіз келсе, заманауи автордың пьесасын қоюыңыз керек, әйтпесе қоғам мен уақытқа қалай жауап бермекшісіз?
– Биыл келіп түскен пьесалардың ішінде саяси астары бар шығармалар бар ма? Авторлар бұл тақырыпты қаншалықты қозғаған және былтырғы, оның алдыңғы жылғы пьесалармен салыстырғанда қандай да бір айырмашылықтар бар ма? Мысалы, бұрынырақта «Мен ояндым» және «Молчание баранов» («Қойлардың «бейбіт» өмірі» ред.) сынды пьесалар болып еді.
– Иә, бір-екі жылдың алдында митинг тақырыбына арналған «Мен ояндым» пьесасы болған. Биыл тікелей саяси ситуацияны негізге ала отырып жазылған шығарма түскен жоқ. Бірақ, бәрібір де, автор қазіргі заманды бейнелеп отырған соң, жанамалап болсын жалпы Қазақстандағы жағдайды қозғайды. Малика Илахунованың «Смена» («Ауысылым») пьесасы ковидпен күресіп жүрген дәрігердің ауруханадағы жұмысы жайлы, ешбір саяси астары жоқ, дегенмен, автор нақты бір ауруханадағы жағдайды баяндап отыр. Оқып отырып, мұның бәрі қоғамда, мемлекетте орын алып жатқан әлдебір олқылықтардың салдары екенін түсінеміз. Саяси астары жоқ десек те, әлеуметтік астары бар екені анық. Болмаса, Нұрайна Сәтбаеваның «Грехопадение Свинки Пеппы» («Шошқа Пеппаның күнәсі») пьесасын алайық. Саясаттың мүлдем қатысы жоқ пьеса, бірақ перзентханадағы оқиға арқылы-ақ қоғамдық, әлеуметтік проблемаларды көтерген. Тағы, София Гордеева-Уфимцеваның «Нейтральные» («Бейтараптар» ред.) атты заманауи пьесасы бар. Кез-келген әдіс-тәсіл, айла, қараулықпен болсын, адам теңдігіне қол жеткізгісі келетіндер жайлы, тіптен, сол бір мақсат ситуацияны абсурдқа дейін апарады. Бұл шығармада әр түрлі елден келген кейіпкерлер қоғамның берекетсіздігімен бетпе-бет келеді. Қаласаңыз, мұны саяси астары бар шығарма деп қабылдаңыз.
– Сіз үшін пьесада ең бастысы не: образ ба, сюжет пе, идея немесе тақырыптың актуалдығы ма? Драматург ретінде осылардың қайсібірін басты назарда ұстап отырып, жазасыз?
– Автор ретінде менде бәрі болғанын, әрі жақсы болғанын қалаймын. Дегенмен, мен релисттік бағытқа жақынмын, шығармаларымның басым бөлігі осы бағытта жазылған. Фантастика, абсурд, өлеңмен жазылған пьеса немесе постдраматургия емес, менікі – сюжеті бар, басы, ортасы, шарықтау шегі бар, басты кейіпкер (кейіпкерлер) қандайда бір келеңсіздікке тап болатын, соны шешуге тырысатын дәстүрлі пьеса. Маған оқиға маңызды. Меніңше, әлдебір оқиғаны көрерменге, оқырманға қызықтырып айтып беру керек, бірақ сол бір оқиға желісінің ішіне терең ойларды сала алу – аса маңызды. Әрине, неше түрлі пьесалар бар ғой, мысалы, суперинтеллектуалды, бірақ адамның ішін пыстыратын мәтінер болады. Яки, шытырман оқиғалы пьесалар болады, бірақ мәні, астары жоқ, жеңіл оқылады, тез ұмытылады дегендей. Ал мен автор ретінде екеуінен де жақсы нәрселерді алып, біріктіре отырып жазылған шығармаларды құп көремін: өте қызықты оқиға бір қарағанда, үңілген кезде, астарында терең әрі жаңа ойлар жатса деймін.
Соңғы кездері өзіме фольклор мен мифология қызық болып жүр. Мысалы, менің «Алдар» атты пьесамның басты кейіпкері – ертегідегі Алдар Көсе. Шындығында, мен ертегі кейіпкері Алдар Көсенің оқиғасын жазып отырмын, бірақ бұл – бүгінгі Алдар Көсе. Сөйте тұра, Мәскеудегі мигранттардың мәселесін көтеретін реалисттік бағытта жазылған пьеса, ал басты кейіпкердің архетипі – Алдар Көсе екенін көзіқарақты оқырман ғана байқайды. Шығармада сондай астар бар, әрі бұл өте маңызды. Маған мифологияға, фольклорға, эпостарға қатысы бар және қандайда бір мәдени астары бар нәрселер ұнайды. Меніңше, сол нәрсе – шығарманың салмағын арттырады. Шығарма жалаң сюжетпен ғана шектелмей, астарына мәдени құндылықтарды сыйдыры алса, оның көлемі мен тақырыптық аясы кеңейеді. Студенттеріме де осыны айтамын: «шығармаңыз «салмақты» болсын десеңіз, әлдебір мифпен немесе мәдение мұрамен байланыстырыңыз» деп. Мысалы, сіздің пьесаңыз екі ғашық жан туралы болса, оны әлдебір мифпен немесе классикалық туындымен неге үйлестірмеске? Бәлкім, қазіргі заманның Ромео мен Джулиеттасын көрсетерсіз? Әрине, сіз мұны көзге күйік болмайтындай етіп, астарына саласыз, бірақ көзіқарақты адамдар оны байқайды және бағалайды.
– Биыл фестивальдің бес жылдық мерейтойы десек болады. «Драма.kz» -тің алдағы жоспары қандай?
– Әрине, әрмен қарай бастаған ісімізді жалғастырамыз. Қазақстанда драматургия дамуы үшін, көп авторлар шығуы үшін, олардың шығармалары жылдан-жылға сапалы болуы үшін, әйтеуір, елдегі театрларда заманауи авторлардың пьесалары көбірек сахналануы үшін барымызды саламыз. Өйткені дәл бұл кезеңде даму үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек. Төрт жыл ішінде біз Қазақстанда драматургия бар екенін, оның сапалы екенін дәлелдедік; енді келесі кезеңде сол сапалы жұмыстар сахнадан көрінуі үшін жұмыс істеуіміз керек. Иә, біз пьесаның оқылымын ұйымдастырамыз, әрине бұл авторларға көп көмектеседі, әсіресе драматургияда өз мәтініңді сыртынан қарау – өте маңызды. Бірақ, авторлар шығармаларының тірілгенін, сахнадан толыққанды қойылым болғанын көргісі келеді. Біз пьесаларды сайтымызға жүктеп қоямыз, театрларға жіберіп тұрамыз, ал ендігі қадамды – театрлар жасауы керек.
Бұл тұрғыда, мен оптимисттік көзқараспен қараймын. «Драма.kz»-тің дәл қазіргі шақта өткеріп жатқанын, кезінде «Любимовка» (Ресейдегі ең негізгі драматургтер фестивалі) басынан кешкен еді. Осыдан жиырма жыл бұрын Ресейде де заманауи авторларды ешкім керек қылмай, театрда сахналамай жүрген. Бірақ, сосын жағдай өзгерді. Қазақстанда да солай боларына сенемін.
Әрине, бізге көбірек пьесалар жібергенін қалаймыз. Орта есеппен жылда 45-50 шығарма келіп түседі. Былтырғы жылы 71 пьеса келіп, рекорд қойды. 100 пьеса келгенін қалаймыз, өйткені саннан сапа шығады. Сапалы мәтіндер көбейсе, бәлкім фестивальді үш күн емес, төрт-бес күнге созар ма едік? Бағдарламада 9-10 пьеса емес, 15 туынды тұрар ма еді? Мысалы, «Любимовка» 8 күн болады, 30-40 пьесаның оқылымы өтеді. Өйткені ол жаққа жылына 700-800 туынды келіп түседі.
Тұрақты түрде қаржыландырып тұрса дейміз. Әзірге бұл жоба драматургияға жанашыр жандардың энтузиазмімен жасалып жатыр. Демеушілік болғанын қалаймыз. Әйткенмен, бізге өзіміздің дербестігіміз қымбат. Бізге мәтіннің сапасы ғана маңызды, ал басқа кретерийлерге сүйенбейміз.
Жалпы, біраз дүние жасалды. Онлайн-трансляция пайда болды, енді фестивальдегі барлық оқылымдарды біздің YouTube-каналымыздан тікелей эфирден көруге мүмкіндік бар. Пьесаларды электронды жинақ түрінде «іKitapДҮКЕНІ» қосымшасынан оқуға мүмкіндік бар. Яғни, біздің сайтта ғана емес, электронды кітап түрінде шығып жатыр. Тапсырыс берсеңіз, кәдімгі қағаз кітап күйінде шығарып береді. Бізді қолдайтын театрлардың да саны артып келеді. Ең алғашқы фестиваль Лермонтов атындағы театрда ғана өтсе, қазір үш театрда өтеді: Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, АРТиШОК театры, Лермонтов атындағы театр. Фестивальге келетін көрермендердің қарасы көбеюі үшін, Қазақстанда фестиваль туралы көпшілік жұрт білуі үшін, тоқтаусыз әрмен қарай дами береміз.
Олжас Жанайдаров – родился в Казахстане в 1980 году, в 1987 году переехал в Москву. Окончил Российскую экономическую академию им. Г.В. Плеханова. Обучался в сценарной мастерской Александра Молчанова. Драматург, сценарист, преподаватель. Арт-директор Фестиваля молодой драматургии «Любимовка». Руководитель Фестиваля современной казахстанской драматургии «Драма.KZ». Преподаватель драматургии школы-студии МХАТ. Номинант театральной премии «Золотая Маска» в номинации «Лучшая работа драматурга», победитель различных международных и национальных драматургических конкурсов. Пьесы переведены на английский, немецкий, французский, казахский, башкирский, польский, чешский, турецкий, китайский, монгольский и другие языки. Постановки осуществлялись в театрах Москвы, Санкт-Петербурга, Уфы, Новосибирска, Екатеринбурга, Челябинска, Астрахани, Улан-Удэ, Петропавловска, Алматы, Астаны и других городов.