Дактиль
Сандуғаш Қиқымова
Суық тым.
Ізіңді суыттың,
Сонда да дей алман
Ұмыттым.
Мұз болып, сынбасын демесең,
Жылдам кеп, жылытқын!
Ызғарлы
Ойларым жаныңа жүз барды.
Сана мен сезімдер шайқасып,
Басқадан қызғанды.
Болмысым өзгерсін демесең,
Доғарғын шекара бұзғанды!
Хат жолдап, ем алдың ба?
Әлде, мүмкін
Мекен-жайын шатастырып алдым ба?
Мүмкін саған ұнамады
Ақталғаным алдыңда,
Тыныш жүрсің, сарсаңыңа салдың да.
Жауап сенен келмеді...
Сен жақ кең бе?
Тар мұнда...
Нәзігім дей сал,
Нәзіктеу саған сөйлейін,
Орының сенің төр дейін.
Кешір дей салшы,
Кешірім сұрап үйренем
Сөздерсіз жанды түйреген.
Таң самалым де,
Бұрқырап тұрсам, суынам,
Мейіріміңе жылынам.
Қылықтым дей сал,
Жалған демесін сөзіңді,
Өзгертем бір күн өзімді.
Құшағын айқара ашқан,
Сезімі толқындай тасқан,
Жүрегі жаралмай тастан,
Махаббат ашуын басқан,
Көздері кеппеген жастан,
Өмірі өлең мен дастан,
Көңілі көгілдір аспан,
Мама-ау, сен маған әлемсің!
Жұлдыздар, айтыңдаршы,
Кірпіктер неге көзді қорғайды
Шаң жуытпай?
Қара түн неге сырды қозғайды
Таң жуытпай?
Селт еткен сезім неге арбайды
Таңғы шықтай?
Сенгендер кейде неге алдайды
Қалдым ұқпай!
Жұлдыздар, айтыңдаршы...
Айтпасаңдар,
Аспаннан қайтыңдаршы.
Сандуғаш Қиқымова — Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін филология мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда француз тілінің мұғалімі қызметін атқарады. Өлеңдері алғаш рет жарияланып отыр.