Дактиль
Мейір Оразғалиев
Кесенеге бара жатқан жолға қарап,
кесенеден қайтып келе жатқан жолға қарап,
Түк те түсінбедiк,
Түк те түсінбейтiндей түсінбедiк,
Оқыстан шыңғырған ойлардың «Өзім» екеніне,
Өркениеттің «еркіндік» екеніне
«бостандық» тiлiмен басымды изедiм.
Баяғы жүрген iздерiмдi жыл айналып iздегенде
Асфальт салып тастапты.
je t'aime
Marilyn Monroe
...былай болсын,
Мен ше, Мен. Бейтанысың да, танысың да емеспін!
Өлең де жазбаймын, тіпті, өмірімнің жазуын да өзім жазбаймын.
«Сонда, кім жазады оны?» – дегің келді ме,
қызықсың!
бұл — сұрақ емес, сауал да.
«Біздің қателеріміздің себебі — Құдай емес», деген сөйлемді қайтеміз?!
Біз емеспіз! – дей салайық.
Сіз, италиянша тілдесе алмайсыз, мен де французша тілдесе аламын.
Мифқа толы тарих та, аңыз да-өтірік.
Біз де өтіріктің ақиқатымыз.
Мен де ештеңе демеймін
ұйықтайын,
конец фильма!
Ақымақ екенімді білемін,
Адамдардың неге соғады жүрегі?!
Құдайлардың ғапыл дертіне,
Сіз ғана алданасыз.
Мәңгіліктің жоқ екенін жапон қағаз салфеткасына шимайладым.
өтірікке сенуді, өтірік айтуды үйрендім,
Өмірден үйренгенім осы.
Саған өтірік айтуды үйретейін бе бикешім?!
Бұл менің бос уақытымда жазған сөздерім,
Мені ақымақ қылған өздері.
сандырақтау үшін сандырақ керек.
қантсыз кофенің ащы дәмінен жиіркену,
өмірден жиіркенуден де жиіркенішті.
Алжыған шалдың әңгімесіндей -
адасқақ ойларым алжыды,
Баяу ағады қан жылым.
Жарты өмірім ұйқыға кетсе де,
оянуға уақытым жоқ!
Идиот...
Мен мас емеспін.
мас болғым да келмейді.
Сұлу адамдар сұлу өліммен өлмейді.
Сол жайлы ойладым.
Ол да мен жайлы ойлады.
Семейде жаңбыр жауып тұр.
Жаңбыр жаумаған Семейде.
өзімді тани алмадым, сен өзіңді танымайсың.
Мамамды сағындым.
Мамам мені мен сағынғаннан да сағынды.
мейлі,
бәлкім, біз қоштасулардың салтымен өзімізді жұбатамыз.
Қоштасқан сайын, дәстүрлі кездесулерді күтеміз.
Оған айтыңыз сүйетінімді,
Ол менің сүйетініме сенбейді.
Ол менің мамам секілді.
ауылға келмейтініме сенбейтінім секілді,
өзіне бармайтыным секілді.
Ауылға барсам, мамам менің маңдайымнан сүйеді,
Түркістанға барсам, ол менің ерінімнен сүйеді.
Мен оның ерінінен сүйемін.
Я думаю о тебе!
Осы тұрған сәтiм —
Сел шайған терезелердің айғыз жасы
Өркениетке мас болған ғасыр.
Осы тұрған сәтiм —
Жазылмаған, жазылмайтын тағдыр жазуы секілді.
Шылым шегуге зауқым соқпаса да,
шегемiн.
Түйсік пен танымның тағдырлас рухы секілді.
Сағат 00:00-ден кейін,
Сағат 00:00-ге дейiн,
Сол қызбен түскен жалғыз суретке телмiремiн.
Осыдан басқа жұмысым жоқ қой енді менің!
Мейір Оразғалиев — ШҚО, Тарбағатай ауданы, Комсомол ауылында дүниеге келген.Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенті.