Орал Арукенова

668

Көпір

(әңгіме)

Есен оны көрмей тұрып сезді. Әншейінде түсіне кірсе де, өңіне кірсе де, қуанатын. Анасы қайтыс болғалы, қасқыр түсіне жиі кіретін болды. Есен оны жақсылыққа жориды. Анасы «түсті қалай жорысаң, солай болады» деуші еді. Қорқынышты түстерінде қасқыр оны құтқарып жүрді, бірде батпақтан суырып алса, бірде құбыжықтардан қорғайтын. Ол Есеннің қорғаушысына айналғандай. Кейде оның барын өңінде де сезуші еді. Кез-келген қауіпті, не болмаса күмәнді сәттерде қасынан қасқырдын көлеңкесі сап ете қалатын. Қазір де, оның өзеннің арғы бетінде жағалай жүгіріп бара жатқанын көрді. Қабыршақ мұз кезіп бара жатып, Есен жаққа қарап қояды. Осыдан бір ай бұрын ғана Есен қасқыр оны қорғап жүр деп сенетін, енді күмәнданайын деді. Ол Жұлдыз әпкесінің қаладағы үйінде қонақта болғанда, алғашқы түні, қасқырдың көлеңкесі көрінбегенше ұйықтай алмай шыққан. Таңертеңмен тұрған бойда суретін салды. Соңғы кезде осы әдетін жиі қайталайтын.

– Бұл не? – деп сұрады Жұлдыз.

– Қасқыр, – деп жауап берді Есен.

Жұлдыздан тыныштық кетті, бір күннен кейін ине салушы дәрігерге апарды. Бармас бұрын, әпкесінің жездесімен ой бөліскенін есітіп қалды.

– Қорқынышты түстер көрем дейді. Түсіне қасқыр кіріпті, суретін де салды. Түн ұзаққа дейін ұйықтай алмай шықты. Оның дөңбекшіп жата алмағанын, ас үйде дәптерлерді тексеріп отырғанда естідім. Ал таңертең қасқырдың суретін салыпты, қасқыр болғанда, құртқасы екен, өзі солай деді.

– Өзімен сөйлесіп көрдің бе?

– Нинаға апарсам ба екен деп отырмын.

– Оның дұрыс.

– Өзім де инеден кейін есімді жинадым. Маған да мамам қайтыс болғаннан кейін, жайсыз түстер көріп, түн ортасында ояна беруші едім.

– Инені неше рет салғызып едің? – деп сұрады Бенуа.

– Құлағыма бар болғаны үш-ақ рет салды, вуаля – сап тиылды. Бір жылдан бері тыныш ұйықтаймын.

Құлағына ине салғаны несі? Есен қорқайын деді. Түнде тағы да ұйқысы қанбады. Бірақ бекер қорыққан екен. Нина апай ұнады – көңілді екен. Оның кабинетінде, шымылдықтың ар жағында етпетінен жатқан екі еркекті байқады. Арқаларына түгелдей ұзын жіңішке инелер салынған екен. Еркектер қимылдаған сайын, арқаларындағы инелері жел тұрғанда дірілдеген сымдар секілді көрінгені Есеннің күлкісін келтірді. Жұлдыз оған таңғалып, Нина болса көзін қысты. Есен креслоға рахаттана жайғасып, көзін жұмды. Бір-екі минуттан соң, Нина оны айнаға қаратты. Есен тағы күліп жіберді. Екі ұп-ұзын инені байқатпай, құлағының жарғағына қалайша салды екен? Жұлдыз Есенді ем-шараға апта бойы апарды. Ұйқысы қалыпқа келгені сонша, таңертең тұрғысы да келмейтін болды. Бірақ әлі де қасқыр түсіне жиі кіретінін Жұлдыздан жасырды. Тек Нина апайдың: «қасқырдың түске кіруі жаман ырым, баланы психотерапевтке көрсету керек» деп айтқанын құлағы шалды.

Мектептегі балалар онсыз да Есеннің үндемейтініне және оның қара күшіне қарап, «псих» деп атаушы еді. Бірде дене шынықтыру сабағында жамбасқа алып лақтыру әдісін үйреніп алған ол, сотқар, мылжың әрі суайт Төлегенді бар күшін салып, лақтырып жібереді. Сөйтіп сазайын берді. Төлеген болса матрацтан ары асып, бірнеше рет аударыла түсіп, залдың екінші жағынан бір-ақ шықты. Еденге иығымен құлап, қолын шығарып алыпты. Сондағы оның бақырғанын естісең.

– Қолым! Ойбай, қолым-ай! Қолымды сындырды! Өлдім-ау, иығым ауырып барады! Ойбай, қолым! Ойбай, иығым-ай!

Еденде ойбайлап жатқан Төлегенді көріп, Есен күлкісін жасыра алмады. Залға мектеп директоры жұлқына кіргенде ғана әрең тынды. Директор лезде-ақ фермадан азық-түлікке келген әкесін шақыртты. Әкесі өзі көп сөйлемейтін кісі, Есенге ұрыспады. Тек жолда келе жатқанда ғана мырс етіп:

– Күшіңе ие бол, балам. Абай болмасаң, өзге жұртты майып етерсің, – деді.

Содан бері балалар Есеннен қорқақтайтын болды, өздері тиіспейді, сыйлағандарын барынша байқатады. Төлегенді біраз уақытқа дейін «Ойбай, қолым! Ойбай, иығым!» деп мазақтап жүрді.

Жұлдыз психотерапевтке апармады, есесіне Бенуа жездесі қасқырлар туралы күшті фильмге ертіп барды. Өзінің бала кезінде қасқырларға қызығатындығы туралы, олар жайлы көп оқығандығы, қасқырлардың әдет-қылығын зерттеу үшін Сібірге ғылыми экспедицияға барғаны жайлы әңгімелеп берді. Бенуа жездесінің ұлты француз болғанымен, қазақша тәп-тәуір сөйлейді. Жұлдыз екеуі халықаралық мектепте француз тілінен сабақ береді.


***

Күмәні сол, қасқыр соңынан жортып келе жатқаны – қорғағаны ма, қуғаны ма? Бір сағаттай болды. Қой да маңырағанын қояр емес. Оны бүйірінен де түртті, жекірді де. Болар емес.

Есен қойды көршісі – Амантайдың бесік тойына апара жатқан беті еді. Алты қыздан кейін Амантай ұлды болды. Ұлынын атын Алпамыс қойып, қолындағы бірнеше қойын сойып, тойлап жатқанына бірнеше апта өтті. Ұлын бесікке жатқызар сәт келгенде, еті таусылған. Сиырын союға әйелі келіспепті, ал жабағыны соғымға қалдырды. Соңында Есеннің әкесінің фермасынан үлкен қой алатын болды. Жабағыны Алпамысты қырқынан шығаратынға дейін сақтайтын болды. Есеннің қойды аттың үстіне өңгеріп алып келе жатқан түрі. Өзеннің арғы бетінде ілесіп қасқыр келеді.

Бір кезде құртқа көзден жоғалып, қой да тынышталды. Есенге қасқыр елес боп көрінгендей болды. Біраздан кейін, қой қайта мазасызданды. Астындағы аты да пысқырынып, жұлқына бастады. Талдардың ар жағынан Есен үш көлеңкені байқады. Құртқа мен екі ірі көкжал жағалаудың бойында бірде көзден таса боп, бірде қайта көрініп, жортып бара жатты. Есен шынымен-ақ қорқайын деді. Ауылға дейін бес шақырымдай жол, онша алыс та емес, бірақ алдында көпір бар. Қасқырлар сол көпір арқылы Амантайдың қойына лезде жетіп алады. Бірақ Есен бұған дейін де бірнеше көпірден өткенін, қасқырдың осы жағалауға өтуге бір де бір рет талпыныс жасамағанын еске түсірді. Бірақ жаңағы екі қасқыр – бөлек мәселе. Олар қойды алып кеткенше, маза бермейтіні белгілі.

Алдынан көпір де көрінді. Ол екі жағаны тұтастырған үлкен жуан мұздаққа ұқсас. Көпірге соңғы кезде туристер көп келіп, жақындағы тау қайнарынан су алатын болды. Үлкен көліктерге есептелмеген көпір шыдамай, шашырап, құлай бастады. Күзде көпірді бұзып, жаңа көпір салуға кіріскен еді, бірақ аяқтай алмады. Бір жағынан көпірдің темір конструкциясың жаяу жүргіншілерге арналған тақтайлармен жаба салды. Туристерді бұл жағдай тоқтатпады, олар көліктерін бергі жағаға тастап, суға әр түрлі ыдыстарын алып, жаяу баратын болды. Ол жәйт желтоқсанға дейін созылды, көпірге баратын жолды қар көшкіні басып қалғанша. Тақтайлардың біршама бөліктері құлап қалды да, көпірдін кей жерлерінде үңірейген тесіктер пайда болды.

Қасқырлар көпірге бет алды. Болмай бара жатқан жағдайда, қойды бауыздап, қасқырларға лақтырып жіберермін деген ниетпен Есен пышақты ыңғайлап қойды. Басқа амал қалмады. Бірінші болып көпірге ірі сұр көкжал ілінді, бірақ бірден сырғып, артқа қарай домалап кетті. Сонда да тырмысып, алға жылжу үшін көкжал мұзға жатып алды да, көпірдің ортасымен баяу еңбектей бастады. Артынан көпірдің үстіне құртқа да шықты. Тағы біреуі жағалаудан бұларға қарап тұр. Есен шоқырақтап, ауылға қарай жөнелді. Қасқырлар қуып жетсе, қан жіберіп, бауыздалған малды лақтырып жіберуге бел буды. Көпірден асып бара жатқанында құлағы жантүршігерлік қыңсылды шалды. Есен атты тежеп, артқа қарады. Ірі сұр көкжал төменде сарқыраған суда тырбаңдап жатыр, ал құртқа бөренеге жармасып, ауада қалықтап тұр екен. Есен атты кері бұрды. Ерден секіре сала үстіндегі тоны мен қолғабын шешіп, қарға лақтыра салды. Қойды аттан түсірді де, көпірге қарай ұмтылды. Құртқаға ақырындап жақындады. Көпірдің жақтауына арқасын сүйеп, жүрелеп отырды да, қасқырды алдыңғы аяқтарынан екі қолдап ұстап, өзіне тартты. Құртқа ауада бір қалықтап, тырнақтарымен алақанды батыра басып, шайқалды да, темір кермеге өрмелеп шықты. Сәл жатып, Есенге ит секілді кінәлі көзімен қарады да, қыңсылап, жағалауға қарай өрмелеп кетті. Көпірден түсе бере қарға құлап, бір аунады да, орнынан тұрып кетті. Ат осқырынып, тулады. Қой маңырап, орманға қарай жүгірді де, омбы қарға құлап, тырбаңдап жатты. Есен қарқылдап күліп, орнынан тұрды. Ешқандай қорқынышсыз көпірдің үстімен батыл жүріп кетті. Бір мезгілде тайып кетіп, темір арқаудан ұстап үлгерді. Темір тайғақ болса да, Есен тастай ғып, ұстап тұр. Алақандағы мұз ерісе, қолмен тартылып, қайтадан көпірдің үстіне шығып аламын деп ұйғарды. Төмен қарағаны сол еді, сарқыраған өзен көкжалды алысқа әкетіпті. Енді ол бір түйір сұр жүн болып, толқындардың үстімен секіріп бара жатқандай боп көрінді. Қолдағы мұз ери бастады. Есен кермеге аяғын салды да, көпірдің үстінде енді шыққысы келіп еді, қолдарын жаза алмады. Темірге жабысып қалған. «Сабыр сақтап, ойды жинақтап алу керек» деген Есен, сол кезде ғана суықты сезді, свитері мен жейдесі сырылып кетіп, арқасынан өзеннің ызғары өтіп барады. Күн биікте құлақтанып тұр. Аяз күшейгендей. Оң қолын жазғысы келіп еді, онысы алғашқы қимылдан-ақ қатты ауырды. Терісі аязда қатқан темірге жабысып қалыпты. Есен жағаға көз тастады. Ат тынышталыпты, қой омбыдан шыққан, екеуінің көздері енді бұның жағында екен. Ал құртқа болса, ақырын басып, көпірдің үстімен Есенге жақындады. Міне, ол жанына келіп, темір аспаға жатып алды да, оның қолдарын бірінен кейін бірін жалай бастады. Артынан Есен саусақтарын жазды.

Орал Арукенова

Орал Арукенова — казахстанский прозаик, поэт, литературовед, переводчик. Пишет на казахском и русском языках. Живет в Алматы. Публиковалась в альманахе «LiterraNOVA», на казахстанском литературном портале «Әдебиет», в журналах «Эсквайр», «Тамыр», «Простор», «Нева» (Россия), «Za-Za Verlag» (Германия), в сборниках современной казахстанской прозы. Проза и стихи переведены на немецкий и английский. Дебютная книга «Правила нефтянки», выпущенная издательством Meloman Publishing в 2018 году, получила награду независимого литературного конкурса «Алтын Қалам» в номинации «Литературный дебют года».

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon