Жансая Тұрмағанбет

686

Қазыбек Аманжолдың «018 автобус» пьесасына рецензия

Мағыналы, салмақты дүние жазам деген таудай миссияны арқалап, құлаш-құлаш мәтін арқылы ақыл айтудан әрі аса алмайтын, сол әдісін пьесаның тәрбиелік функциясы деп қарастыратын арзанқол дүниелердің қасында бұл пьеса дараланып тұратыны анық.

Жол. Автобус. Жолаушы. Бір қарағанға, онша бас қатыратындай «предлагаемые обстоятельства» емес шығар. Дегенмен, мұнда біз бен сіз сүретін пафоссыз өмір бар.

Қазыбек Аманжол кейіпкерлерге өз замандасы ретінде жан бітіруге, мінез бояуларын пайдалануға, әрқайсысының әлеуметтік ерекшелігін білдіре отырып, көркем әдеби кейіпкерден гөрі, оқырманы мен көрерменіне жақын тірі адам жасауға ұмтылғаны анық байқалады. Иә, драматургияда – мінез аса маңызды фактор. Кей драматургтер алпауыт алып тақырып көтеремге салып, кейіпкер деген бейбақты тек өзінің идеясын айқайлатушы ретінде ғана көрсететіні бар. Оған осы жылғы фестивальге үміткер пьесаларға қарап-ақ анық көз жеткіздік.

Рас, антагонист, протагонист деген классикалық ұғымдарды заманауи драматургия түбегейлі жоққа шығармағанымен, шетке ысырып келе жатқандай. Драматург Қазыбек Аманжол да пьеса қатысушыларын жағымды, жағымсыз тарап деп бөлмей, өмірді қаз қалпында қабылдауды, оқырманына да сол принципімен жеткізуді ұстанған.

Пьесада өзекті тақырыптар, заманауи мәселелер турасындағы өткір ойлар репликалардан менмұндалап тұрды. Әр буынның ойлау жүйесі, ауыл мен қала, оқыған мен қараңғы, адамдық пен надандық мәселелерін көтеруге тырысқан. Бір ескерерлігі, драматург мақсаты мораль оқу емес, әр кейіпкердің өз шындығын өзіне қалдырған. Бұл үрдіс бүгінгі қазақ драматургиясына ауадай қажет. Сондай-ақ, көбісі қозғауға тартқыншақтайтын дін мәселесін, оған деген көзқарасты батыл көтерген. Сөйте тұра, мынау дұрыс, мынау бұрыс деген ойға меңзеу әдісін қолданбаған.

Драматургияның негізгі өзегі – конфликт десек, дәл осы пьеса үшін сол дәннің құнары аздық ететіні байқалып отырды. Оны жас драматургтің тырнақалды туындылары ретінде қарап, ақтағымыз-ақ келеді. Осы ретте, автордың драматург деген кәсіби мамандығының жоқ екенінің кемшін һәм артық тұсы бар. Әрине, драма теориясын әліппе етіп, жазылу құрылымына, Аристотельдің «Поэтикасына» тікелей сүйене жазбаса да, осы аталғандардан хабары болуы, сол бар хабарын кәсіби түрде көрсете алуы маңызды. Дей тұрғанмен, баяғы соқпақпен жүруді тағы құптамаймыз. Сол себепті де, пьесаның бір артықшылығы деп оның жауыр болған ережелерді бұза жаруға тырысқандығында деп түйдік. Оның үстіне, Қазыбек Аманжол өзі актерлік жолда жүргендіктен, «оқу үшін ғана» жазылған пьесаларға қарағанда, өз туындысында актерлік ойынға мүмкіндіктер ұсынуға талпынған.

Бастысы, жас драматург «18 автобуста» он сегіз мың ғаламның басты кереметі – адам өмірінің өлшемі, өкініші, өзегін көрсетуге тырысқан. Тырыса түскей.

Жансая Тұрмағанбет

Жансая Тұрмағанбет — Т.Қ.Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» мамандығының 1 курс магистранты.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon