Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Бақытбек Қадыр

Әйнек қабырға

(новелла)

Расында, бұлай болады деп күтпеген едік! Бәрі де біз ойлағаннан мүлде басқаша болып шықты. Жаңадан құрылған шағын компаниямыз ә дегеннен-ақ дүркіреп, тасы өрге домалайды деп еш ойлаған жоқпыз. Үш айда түскен табыс орталықтан жаңа кеңсе жалдап алуға қаптал жетті. Әдемі әйнек ғимараттың ең биігінен, күншығыс жағынан кең әрі жарық кеңсенің бірін таңдап алдық. Жаңа орын бұрынғыдан гөрі жайлы, жұмысқа қолайлы екені бірден білінді. Таңертең көкжиектен көтерілген күн сәулесі әйнектен өтіп, бойға қуат дарытқандай әсер қалдырады.

Ал бұлтты не жаңбырлы күндері боз тұман мақтамен тұмшалап алғандай, бейне бір қала екіге бөлінетін-ді. Мұндай кезде бұлттың үстіне жүргендей күй кешесің. Лифтімен төмен түссең, айнала күнгірт, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілік. Жоғарыға көтерілсең, тып-тыныш өмір, тып-тыныш әлем. Бұл бұлттың ар жағы.

Әйткенмен көбіміз бұлттың ар жағында не жасырынып жататынын біле бермейді екенбіз...


***

«Дызд-дызд». Мені телефон оятты. Көзім ілінген кезде фильм де тоқтап қалыпты. Қозғалыс тоқтаса жарық та өшеді. Кабинетте бәрі ақылды. Тіпті ұйықтап қалғанымды сезген орындығым да, ақырын ғана жайылып төсек болғандай. Ал бұл кезде қызметтестерімнің бірі де жоқ. Қазір сәл қозғалсам яки дыбыс шығарсам, жарық жанар еді. Бірақ, мен әнкі-тәңкі болып, зіл тартып алған басымды ақырын ғана көтердім. Және неге олай ұрланып қимылдағанымды өзім де аңғармадым.

Бақсам, көрші кабинеттің жарығы әлі жанып тұр. Кабинеттің негізгі жарығы емес, үстел шырақтың өлеусіреген сәулесі ғана көлбейді. Іште ер мен әйел. Жігіт түрегеліп, үстелге сүйеніп тұр. Қыз орындықта. Сағат – 21-ден 40 минут асыпты. Тек тыныс алғаным болмаса, қыбыр еткем жоқ. «Қазір мен қозғалсам, жарық жарқ етіп жанады. Әйнектің ар жағындағы екеудің әңгімесін бөліп жіберермін. Әрі ыңғайсызданып қалар. Тіпті оларды аңдып отырғандай болармын» деген ой келгеннен кейін, тапжылмай отыра бердім.

Жігіт – компания директоры Арсылан, қыз – сол компанияның есепшісі Әсел. Әңгіме баяу өрбіп жатқандай. Жігіт жымиып еді, қыз қолын ербеңдетіп сөйлеп кетті. Маған екеуара әңгіме іскерлік кеңеске ұқсамайтындай көрінді...


***

Ғимараттың іші әйнек қабырғалармен бөлінген. Мұнда өте сыпайы әрі іскер адамдар жүреді, бәрі де классикалық үлгіде киінген. Мұндағы тыныс-тіршілік те бір ырғақ, бір қалыпта қозғалады. Атмосферадағы ауаның тығыздығына байланысты ма, әйтеуір бәрі де баяу.

Жаңа кеңсеге келгелі бір аптаға жуық кеш қайтып жүрдім. Көрші кабинетте Әсел үнемі жалғыз отыратын. Оның аққұбаша өңіне қарап, қаймыжық ерінін өпкім келетіндей. Бірақ... ол тау-тау қағазға көміліп отыра беретін. Робот секілді. Бір күні ол кешкісін кабинетке өзі келді. Мен де жалғыз отырған едім. Осы сәтті пайдаланып қалсам керек...

– Здравствуйте... Прошу прощения, могу войти?

– Сәлеметсіз, иә, кіріңіз.

– Мне нужна ваша помощь.

– Да... Қандай көмегім керек?

– Я потеряла файл. Вы разбираетесь в компьютере?

– Кешіріңіз, есіміңіз?

– Асель!

– Кем работаете здесь?

– Я бухгалтер.

– Да. А я менеджер.

– Ой, очень рада!

– Мен де сізбен танысқаныма қуаныштымын.

– Неге үнемі кеш қайтасыз?

– Жұмыс көп. Ал сіз ше?

– У меня тоже много дел.


Жоғалған файлын іздеп отырып, компьютерін біраз ақтарып шықтым. Жан-жақтан хаттар легі толассыз келіп жатты. Дәл жанымда жақын тұрып дем алғанының өзі денемді тітіркендіріп, ерекше сезімге бөледі. Оның ту сыртымнан көзін маған қадап тұрғанын да сезіп отырмын. Әсел де соны сезгендей сызылып, «Спасибо» деп жылы сөзімен өзіне қаратты. Сол жылы лебізі іші баурыңа кіріп, елітіп алады екен. Әселмен танысу осылай болған-ды.


***

Арсылан орнынан қозғалды. Айналып директордың креслосына отыра кетті тербеліп. Әсел орнынан тұрып, юбкасының етегін түзеп, бастыққа жақындап келді де, алдына қарай еңкейіп, үстелдегі бокалды алды. Ерні қыбырлап, сөйлеп жүрген сияқты. Бұрыштан су құйып, бастыққа алып келді, бірақ бокалды ұстап тұрып, бір нәрсе айтты. Сосын барып, бастыққа бокалды ұсынды. Екеуі бір-біріне жымиып күлді.

Бір сәт өзім туралы ойладым. «Мұным не отырыс? Неге мен олардан жасқануым керек? Мүмкін олардың бір бөтен әрекетін жасырын көргім келетін шығар? Мүмкін... Неге олар ыңғайсызданып қалады деп қозғалмауым керек? Маған бәрібір емес пе?» деймін. Бірақ, бәрібір қозғалуға батылым бармады.

«Арсылан болса, үйлі-баранды адам. Анау-мынау емес, жап-жас бухгалтер қызбен осынша кеш қалып... күні-түні бітпейтін не әңгіме екен? Олар, керісінше, осы әрекетінен ыңғайсыздансын. Ал жарық жанды делік. Сонда олар мен жайлы не ойлайды?»

Тым-тырыс отыра бердім. Тіпті қараңғыда тапжылмай отыра бергенім өзімнің ұстамдылығым шығар деп те ойладым.


***

Алғаш танысқаннан кейін де, Әселмен әсерлі болмаса да, қысқа-қысқа әңгімелесіп жүрдім. Лифтіде, шығаберісте, шылым шегетін орында, дәлізде, автотұрақта. Там-тұм әңгіме. Бірақ, арамызда бір тартып тұратын көрінбес жіп бар тәрізді, әйткенмен магниттің кері тартылысы секілді теуіп тұратын сезім де бар. Біреуі басым түссе, екіншісі жоғалатыны сөзсіз. «Не бар, не жоқ қылайын» дедім де, бір күні кешкісін «бір жерде отырып, әңгімелесіп бой сергітіп қайтайық» дедім. «Сосын бірде барармыз» деді. «Мүмкін уақытсыз уақытта айтылған ұсыныс болған шығар» деп алғашқы сәтсіздікке мойымадым. Айтқандай-ақ, ертеңінде әдеттегідей жұмыстан кеш қайтайын деп жатыр едім, ол тағы да өзі келді. Бұл жолы қолы бос емес екен. Үйден маған арнап кекс жасап ала келіпті.

– Кеше шайға шақырып едің ғой, давайте кекспен шай ішейік? – деді.

Кексі тәтті, бірақ майлы екен. Ірімшік қосыпты.

– Кекс керемет бопты. Рақмет, – дедім.

– Ой, спасибо!, – деді, бойын әйелге тән қуаныш билеп.

Ол әлдебір нәрселерді орысшалап айтып отырды. Мен «Да, ну, конечно, хорошо» деп қолпаштап қоямын. Әйткенмен, ойым басқа жақта... «Бұл неге кенеттен кекс әкеле қалды? Мүмкін... Бірдеңе десем бе?» деп іштей тындым.

Кекске тойып алып, лифтпен төмен түсіп, фойеден өтіп, сыртқа шықтық. Қала көшесінде күн мен түн араласып кеткендей. Қым-қуыт, у-шу. Әлдебір митинг өтіп жатыр екен. Милициялар, журналисттер көрінеді. Екеуміз демонстранттарға үнсіз қараған күйі шығаберісте шылым шегіп тұра бердік. Сосын жолдың арғы бетіндегі кафеден грузин шарабын іштік...

Бір қызығы, содан кейін онымен кездесіп қалғанда көп сөйлеспей, тек «аман-сәлем» деп, тіпті кейінгі кезде бас изеп қана өте шығатын болдық. Есімде қалғаны сол жұма күні шарапты біраз сілтеп алғанымыз... Соңғы кездері оның менен қашқалақтағаны ашуыма тиді. Менен қатты суитындай ештеңе істеген жоқпын. Іштік... Кекс жедік... Болған-біткен сол. Бірнеше ай өткенде ол келе жатса, теріс айналып кететінді шығардым. Ол да сөйтетінін сезетін едім.


***

Ортада қараңғылық пердесі тартылған. Олар мені көре алмайды, мен оларды көріп отырмын. Менің олардан артықшылығым да сол шығар.

Жігіт: оған әлдебір нәрсені айтып, жалынышты жүзбен қарады.

Қыз: басын шайқап, келіспейтінін айтты.

Жігіт: айтарға сөзі таусылған адамдай, оған бір нәрсені қайталап түсіндіргендей болды.

Қыз: бәрібір дегенінен қайтпады, екі қолын көтеріп, қарсылық білдірді.

Әйтеуір бір нәрсеге келісе алмай отырғаны анық. Бірақ не нәрсеге керілдесіп отырғаны белгісіз.

Қыз: орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып еді.

Жігіт: «Сядь!» деген дауысы қатты шыққаны сонша, маған анық естілді.

Қыз: амалсыз маңдайын ұстап, сылқ етіп орындығына отыра кетті.

Жігіт: бастықтың міндетін пайдасына асырып, тағы да дауыс көтере сөйледі.

Қыз: маңдайын ұстаған күйі үнсіз қалды.

Екеуі ұзақ тәжікелесті

Ал мен іштей оны қызғанатын сияқтымын. Ол тағы да дауыс көтерсе, ортаны бөліп тұрған әйнек қабырғаны сындырып, атып шығатындаймын.

Кенет терезеден патыр-пұтыр кезек-кезегімен атылған салют әлгі екеуінің назарын бұрып әкетті. Әлгінде ғана үнсіз қалған екеуі біресе салютке қарап, біресе бір-біріне қарайды. Біз әлдеқашан ұмытқан бір мереке олардың есіне түскендей.


***

Ғайыптан тайып Арсыланға «директорлық» қонбай тұрғанда тіпті де елеусіз ғана бір қызметкер-тұғын. Әлде ондай «кішкентай» адамдарды біз де елеп-ескермейтін шығармыз, әйтеуір сол жаңа кеңсеге келген алғашқы апталардың бірінде онымен кездейсоқ танысып қалғаным есімде. Бетпе-бет келіп, соқтығысып қала жаздағандықтан да, ол бірден «Салам» деп болбыраған қолын ұсынған. Қолының жұмсақтығын онша ұнатпасам керек, қолын қаттырақ қысып сілкіп қалып, аты-жөнімді айттым. Жөн білістік.

– Да, мы земляки, – деді.

– Иә, бір өңірден екенбіз.

Үйлестіруші болып істейді екен. Сол бір өңірдің адамы болғанымыз ғана аздаған жақындық сыйлағаны болмаса, әңгімеміз жарасып кеткен жоқ, одан кейін де жараспайтындай сезілді. Тек аман-сәлем. Оның өзі кейде, көңіл соқса ғана. Әйтеуір қашан көрсең, сол жақтағы есік жақ бұрышта елеусіз ғана отыра беретін, көзі көгеріп. Көбіне-көп құлаққап түспейтін басынан, соған қарағанда күні бойы ұзын-сонар мағынасыз сериал көретін болуы керек деп топшалайтынмын. Расында солай болып шықты.

Арсылан директор болып, қызметі өскелі Әселге талақша жабысып алды. Күнде оны жұмыстан кейін алып қалып, кабинетінде ұстайтын да отыратын...


***

Терезеде қала оттары жарқырайды. Көшедегі түрлі-түсті неон шамдары жамырап, жылт-жылт етеді. Әйнекті ұрған жаңбыр тамшылары домалап, сырғып, түрлі-түсті бояулар ағып тұр. Ал қабырғаның ар жағындағы екеуін сарғыш жарық жеп барады... Қара жаңбыр тамшылары әйнекті тесіп өтіп, оларға оқтай қадалардай...

Жігіт сейфтен грузин шарабын алып, екі бокалға толтыра құйды. Екеуі де қағып салды.

Бақытбек Қадыр

Бақытбек ҚАДЫР — жылқы жылы туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған. «Жасыл шатырлар» атты әңгімелер мен эсселер жинағының авторы. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты (2020).