Дактиль

Казахстанский литературный онлайн-журнал

Дәулет Жадырасын

Урания

Алматы. Жол

Дедің сонда үйге апарар жол қашық,

Жүрек ғашық, көз де ғашық, жан ғашық.

Сенің үйің алыстасын, о мейлі,

Жеткізбесін жолдарға жол жалғасып.

Алдымда кіл бүрлеп жатты гүл-үміт,

Артыма бір қарамадым бұрылып.

Жанарыңның ұшқынымен тұрды-ай бір,

Жан жүрегі Алматының жылынып.

Беу, Алматы, кең Алматы, нән шаһар,

Бірақ, бірақ бола көрме сонша тар.

Созылшы-ай бір, керілші-ай бір, Алматы,

Мына сапар болу үшін мол сапар.

Мына сапар үзілмесін, үздірме,

Қайту жайлы ойламайық біз мүлде.

Есебінен жаңылыссын Уақыт,

Есептелсін бір секунді жүз күнге.

Бітті қиял. Шорт кесілді жол кенет.

Өзімді өзім алдап тұрдым сенбе деп.

Қош айтысып кіріп кетті үйіне,

Ең ізгі жан, ең әдемі, ең керек.

Тамырынан жұлып алып зұлым қол,

Гүл-үмітім нәзік еді, үзілді ол.

Сен не деген тап-тар едің, кең қала,

Сен не деген қып-қысқа едің, ұзын жол.

Санақ

Ішім пысып, өткен түн, болашаққа қарадым:

Жер бетінде қалудың себептерін санадым,

Жебеу етіп жаныңа, Жер бетінде қаларлық,

Ондай себеп аз екен, саусақпенен санарлық.

Ішім күйіп, содан соң, тағы ойланып қарадым:

Жер бетінен кетудің себептерін санадым.

Жер бетінен кетуге табылады қанша мұң?

Санамадым, санауға жетпей қалды саусағым...

Split personality

Барар жерін білмейтін жүргінші едім,

Бір күн күдік жеңеді бір күн сенім.

Ұрттап-ұрттап аламын,

О, сол шақта,

Жапырағы жұлынған гүлдің шерін.

Көкжиекте ақырғы шұғылаға,

Ұқсаймын да басымды бұғып алам.

Әлдебіреу күрсініп, шылымының

Қызыл шоғын үрлейді құбыладан.

Қадам бассаң қарсы алар қақпан оқыс,

Іңір келді, ібіліс шаттана түс!

Көп бояумен әрлеген көңіл-күйім,

Ақшам туса қайтадан — ақ-қара түс.

Көшелерден іздеймін көңілді ырғақ,

Сағат тілі барады өмірді ұрлап.

Қоштасу да қоштасу көз ашқалы,

Әне, тағы біреу тұр қолын бұлғап.

Ойлар, ойлар қоршады оянғалы,

Құр сүлдерім сол баққа аяңдады.

Көз жасыммен суарам шөбін, гүлін,

Мұңлы әуенді жаңғыртып қоям-дағы.

Сосын кері қайтады құр сүлдерім,

— Жо-жоқ, мен жыламадым, күрсінбедім

деймін де, домбыраға салып қоям,

Жан мұңын, жүрегімнің дүрсілдерін.

Қайта ішімнен оянып бұрынғы адам,

Айтып отыр екенмін ыңылдап ән.

Мен — Гүлмін, жапырағы жұлынбаған,

Құдайым, не болды екен бүгін маған?..

Урания

Мүлде басқа мекеннен, мүлде бөлек,

ұшып келді нәп-нәзік бір көбелек.

«Ересекке» жетпеген «қуыршақ» ол,

Мен де ол кезде бір үйдің құлыншағы.

Қанаттарын қағады қатаймаған,

Сол сәт көздің ішінде от ойнаған.

сол сәт жүйкем ішінде «жеңіл» өлең,

ееең бейкүнә сезіммен еміренем:

Айқара ашық қаңырап алақаным,

Көбелегім көлбеңдеп баратады.

О, не деген кірпияз жаратылыс!

(Өкініштің отына жанатын іш).

Аңсарымды аулауға алыстағы,

Талай мәрте келетін тор ұстағым.

Көбелегім көзіме көзін қадап,

Суыратын жанымның сөзін мадақ.

(Айналдырар денесін демде өлікке,

Қатыгез деп ойлай ма пенде біткен?),

Мендік арман сүйсініп ара-тұра,

Бар болғаны иіскеу қанатынан.

Қона алмасын сезсем де, текке құрып

О, менікі тозбайтын неткен үміт.

Бала күннің елесі — балаң әдет.

Ол есіме түскенде болам әлек.

Періштелер үркиді иығымнан,

Көбелегім-көркемім қона ма деп.

Дәулет Жадырасын

Дәулет Жадырасын - 1999 жылы, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылында дүниеге келген. Республикалық, облыстық, қалалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.